Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2779 0 пікір 21 Шілде, 2009 сағат 08:25

Мемлекет қаржысын талан-таражға салған қай әкім?

Үкіметте кеше дабыл қағылды. Министрлер Кабинетінің экономикалық және әлеуметтік «қанатындағы» биік лауазымды тұлғалар бірауыздан Мәсімов Үкіметінің «Дағдарысқа қарсы бағдарламасының» қарапайым бұқараға бағытталған бөлігін - «Жол картасын» жүзеге асыруда қаржылық жөнсіздіктерге жол беріліп жатқандығын жариялады. Бәрінен бұрын әсіресе, осы іске басымен жауапты тұлға - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың даусы басым шықты. Министр ханым тіпті «тағдырлы» қаржыны талан-тараж еткен аймақ әкімдіктерінің нақты органдарының атын атап, түсін түстеді. Министрлердің неге мазасызданғанын біліп, аймақ басшыларының қалай ақталғандығын мұқият тыңдаған Кәрім Мәсімов әкімдерге демалыс уақытына қарамастан бел жазбауды бұйырды.

Үкіметте кеше дабыл қағылды. Министрлер Кабинетінің экономикалық және әлеуметтік «қанатындағы» биік лауазымды тұлғалар бірауыздан Мәсімов Үкіметінің «Дағдарысқа қарсы бағдарламасының» қарапайым бұқараға бағытталған бөлігін - «Жол картасын» жүзеге асыруда қаржылық жөнсіздіктерге жол беріліп жатқандығын жариялады. Бәрінен бұрын әсіресе, осы іске басымен жауапты тұлға - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың даусы басым шықты. Министр ханым тіпті «тағдырлы» қаржыны талан-тараж еткен аймақ әкімдіктерінің нақты органдарының атын атап, түсін түстеді. Министрлердің неге мазасызданғанын біліп, аймақ басшыларының қалай ақталғандығын мұқият тыңдаған Кәрім Мәсімов әкімдерге демалыс уақытына қарамастан бел жазбауды бұйырды.

- Мен бәріңіздің назарларыңызды қаржылық жөнсіздіктерге аударғым келеді, - деді кешегі Үкіметте өткен бейнеселекторлық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова, - «Жол картасының» ресми жеткізушілерінен 25 шағым келіп түсті. Олардың барлығын тиісті органдар қарады. Қазіргі кезде бұндай жағдайдың төрт фактісі тіркеліп отыр. Бұған жол бергендер: Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы, Ақтөбе облысының әлеуметтік бағдарламалар, жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы, Қызылорда облысының энергетика, коммуналдық шаруашылық басқармасы, Жамбыл облысының Талас аудандық әкімдігінің білім беру басқармасы, - деді ол. Гүлшара Әбдіхалықова сондай-ақ «Жол картасының» жастарды өндірістік тәжірибеге тартуды, бұрынғыдан келе жатқандарына қосымша әлеуметтік жұмыс түрлерін ашуды қарастыратын бағыттары бойынша кейбір аймақ басшылықтарының лайықты деңгейде іс тындыра алмай отырғандығын ашық айтты. «Жастар тәжірибесі», «Әлеуметтік жұмыс орындары» бойынша қамту жоспардағыға қарағанда 70 пайыз ғана, - деді Г.Әбдіхалықова, - Біз «Жол картасы» бойынша жұмысқа тартылғандарға 6 ай жалақы төлеуге тиіспіз, қазір қалғаны 5-ақ ай. Сондықтан шілде аяқталғанша, қалған 30 пайызды жұмысқа орналастырып болуымыз керек. Әйтпесе, тағы да қаржының игерілмеуі орын алады. Осы орайда өнеркәсіптік облыстар алаңдатады: Шығыс Қазақстан облысында - 45%, Қарағанды облысында - 51%, Маңғыстау облысында - 58%, Алматыда небары - 12%, ал Астанада әлеуметтік жұмыс орындарына тұрғызу бар-жоғы екі-ақ пайыз!
Осы тұста «Жол картасын» орындауда ақылға сыймас бір кереғарлық орын алғандығы әшкереленді. Мәселен, әкімдер жаңа жұмыс орындарын өздерінен талап етілген көлемде ашқан, бірақ ол қызметті атқаратын адамдарды таппаған, сөйтіп, жаңа жұмыс орындары «вакансия» түрінде бос тұр екен! Кәрім Мәсімов биылғы сәуірдегі шешімімен, орталық органдардағы вакансия атаулыны қаламының ұшымен бір сызып, құртып еді. Ал әкімқаралар керісінше, оларды осылайша «балалатып» жатқандай. Осыған қатысты деректі Гүлшара Әбдіхалықова ханым хабарлады. Оның айтуынша, 13 шілдедегі жағдай бойынша, аймақтарда «Жол картасы» аясында 238 мың уақытша жұмыс орны ашылған. Яғни жоспар 94%-ға орындалған. Алайда «ашылған жұмыс орындарына 177 мың адам ғана» немесе «74% ғана тартылған»! «Яғни қазіргі кезде 61 мыңдай адамды кем алған» деді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік- қорғау министрі бұл жағдайдың «объективті себептері» де барлығын айтты. «Атырау, БҚО, Павлодар облыстарын қоспағанда, барлық жерде жоспарланғандағыдай, жұмысшылар саны әлі толық қамтамасыз етілмей отыр. Бұл жағдай жұмыс қолының тапшылығымен де байланысты. Тіркелгендердің жартысынан астамын әйелдер құрайды, ал олар ауыр жұмыстарға бармайды. Жұмыссыздардың құрылымындағы 60 пайыз - кәсіби білімі, орта білімнен басқа білімі жоқтар. Сол себепті, оларды «Жол картасына» жолдауға қиналамыз» деді Гүлшара Әбдіхалықова. Әйтсе де, министр ханымның мойындауынша, «екі қолға бір күрек» іздеп, сабылған жандардың өздері үшін қаншама ел қаржысы жұмсалып ашылған жаңа жұмыс орындарына тұра алмауына аймақ басшыларының «недоработкалары» кері әсер етіп тұрған көрінеді. Министрліктің «қара тізіміндегілердің» көшін Кулагин басқаратын Қостанай өңірі бастап тұр: Кулагиндер өздері жаңадан ашып қойған жаңа жұмыс орындарын тек 32 пайызға ғана жұмысшылармен толтырған! Оның соңынан ШҚО келеді: Бердібек Сапарбаевтар жұмыссыздарды жаңадан жасаған жұмыс орындарының тең жартысымен (50%) ғана жарылқапты. Бұл көрсеткіштер Маңғыстау облысында - 56%, Алматы облысында 58% көрінеді.

Тағы бір жайт: қадірлі қауым мемлекеттің миллиардтап қаражат бөліп, қаншама жұмыссыздың қолына сөмке ұстатып, партаға отырғызғанын «көк жәшіктегі» жарнама-роликтен жақсы біледі. Қазіргі кезде осылайша 41 мың адам қайта даярлықтан өтіп жатыр. Соның 5 281-і ендігі бітірген, бірақ мемлекет соның тек 4 734-іне ғана жұмыс тауып берген.
Қаржы министрі Б.Жәмішев те бір «сырдың» бетін ашты. Әкімдер «қаржың да, өзің де бар бол!» дегендей, «дағдарысқа қарсы қаражаттың» бір бөлігін кері қайтарып жатқан көрінеді. Жергілікті басшылардың «жүрегін айнытып» отырғаны - «Жол картасының» әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, жастар тәжірибесіне, кадрлерді даярлауға және қайта даярлықтан өткізуге бағытталған бағдарламалары. «Бірқатар облыстар бұрынырақ жоспарланғанына қарағанда, бұл бағдарламаларға деген қажеттілік кем болатындығын мәлімдеуде» деді ол.

- Болат Бидахметұлы, қандай облыстар сізде ең үлкен алаңдаушылық туғызуда? - деп нақтылады Премьер К.Мәсімов.
- Атап айтқанда, Қарағанды облысынан осы бағдарламаларды жүзеге асыруда қанша соманың қажетсіз болып қалатындығы жөнінде нақты болжам бар, - деді Болат Жәмішев. - Бұл облыста қабылданбаған міндеттемелердің сомасы 3,9 миллиард теңге. Оның 968 миллионы қайта даярлау және біліктілікті көтеруге келеді. Тиісті хатты олар ендігі жолдады. Денсаулық сақтау объектілерінің күрделі және ағымдағы жөндеуінен 1,2 миллиард теңге қабылданбаған міндеттеме шықты. Басқаларына келсек, ШҚО мен ОҚО-да - 3,4 миллиард теңгеден, Алматыда - 2,3 миллиард теңге, Алматы облысында - 1,9, Астана қаласында - 1,7, Жамбыл облысында - 1,6, Павлодар облысында 1,5 миллиард теңге.
Бұл дерек Кәрім Қажымқанұлын қайран қалдырды. Мән-жайды білу үшін Үкімет басшысы «осы жақтан шу шықпаса екен» дегендей, алдымен назарын Алатаудың бөктеріндегі әсем шаһарымызға аударған. «Барлық байқаулар өткізілді, 396 жобаны жүзеге асыру басталды. 19 мыңдай жұмыс орны ашылды. Бұл жүз пайызға жуық! 8 миллиард 254 миллион теңге игерілді. Болат Бидахметұлы айтқанға келсек, бұл жерде 680 миллион теңге конкурстардан үнемделген қаржы. Жалпы алғанда, бізде барлығы «нормально». «Жол картасын» іске асыруда, Кәрім Қажымқанұлы, басқа проблема жоқ!» деп тыныштандырды Алматы әкімі А.Есімов.
- Яғни Ахметжан Смағұлұлы, сіз Алматыда жағдай бақылауда деп санайсыз ғой?! - деп нығарлады Үкімет басшысы К.Мәсімов.
- Толығымен менің бақылауымда! - деп сендірді Ахметжан Есімов.
- Құрметті әріптестер! - деді жауапты министрлер мен әкімдерге қайрылған Кәрім Қажымқанұлы. - Бізде жылдың жылы маусымы қалмады деуге болады. Сондықтан бірінші кезекте ақша алынған барлық білім нысандарына көңіл бөліңіздер. Олардағы жұмыстар 1 қыркүйекке дейін бітетін болсын. Тұтастай алғанда, мұқият болыңыздар! Арқаны кеңге салмаңдар! Бұл мәселелерді күн сайын бақылауда ұстайтын боласыздар, - деген Кәрім Мәсімов әкімдердің «күнге шуақтап», «қалғымауын» қадағалауды өзінің орынбасары Ербол Орынбаевқа қадап тапсырды.
Тұтастай алғанда, Үкімет «Жол картасының» іске асуы деңгейін жоғары бағалап отыр. Кей жерде жұмыс қолы жеткілікті еместігіне қарамастан, барлық нысандарда жөндеу жұмыстары жүруде. Вице-министр Е.Орынбаевтың айтуынша, «дағдарысқа қарсы шаралар еңбек нарығындағы жағдайға оң ықпалын тигізген». Ал Статагенттік осының арқасында жұмыссыздық деңгейінің 6,9%-дан 6,7%-ға дейін төмендегенін хабарлайды. «Жергілікті атқарушы органдардың жыл басындағы 136 мыңға тарта жұмысшының жаппай жұмыстан босатылуы жөніндегі пессимистік болжамдары әзірге ақталмауда» дейді Ербол Орынбаев.

 

 

Айхан ШӘРІП,

«Айқын» газеті, 21.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352