Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 3521 0 пікір 30 Наурыз, 2022 сағат 16:06

Голощекин және репрессияның екі толқыны

Басы: «Алаш партиясы әділдікке жақ, жебірлерге жау болды»

Голощекин билікте тұрған кезде ұлт қайраткерлеріне қарсы бағытталған саяси репрессиялардың жоғарыда аталған екі толқыны өтті және екеуі де жасандылық сипатымен ерекшеленеді.

Маркс пен Энгельстің «Коммунистік партия манифесінде» жазылған жұмысшыларда отан болмайтыны жайындағы тұжырым  биліктегі большевиктер секілді ойлайтын Қазақ партия ұйымының жетекшісі Филипп Голощекиннің санасына да бекем ұялаған-тын.  Сондықтан да ол отанға бөлінушілікті мойындамайтын жұмысшы (пролетариат) диктатурасының ұлтқа бөлінушілікті де жоятынына кәміл сенсе  керек. Сол себепті өзі, яғни Қазақ Республикасының бас көрікшісі, Совет Одағы көлемінде орныққан пролетариат диктатурасының көрігін кең дала төсінде қыздырып, революциялық іс-шараларды  орталық губерниялардағыдай үлгімен жүзеге асырғысы келеді, алайда ондай әрекеттеріне қазақтың ұлт қайраткерлері  кедергі келтіруде. Ендеше бұдан былай тиімділігі төмен үгіт-насихатты доғарып, оларға енді революцияның қаһарлы қаруын жұмсау керек. Сол арқылы мәжбүрлеу, жазалау тәсілдерін батыл да кеңінен қолдану қажеттігі анық. Бұл үшін өзі секілді мәскеулік эмиссарлар дөңгелентіп отырған арнайы қызмет жұмысын тиімді пайдалану ләзім. Құпия полиция Қазақстанда совет өкіметі орнағалы ұлт қайраткерлерін мұқият қадағалап, бақылауда ұстап жүруді міндетке айналдырған болатын. Енді Голощекин оған жаңа міндеттер жүктеді... Архив құжаттарына көз салайық...

Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың (ОГПУ) Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігі (ПП) Мәскеуге жіберген және Мәскеуде орталық ОГПУ жүргізген тергеулермен толықтырылған «Байтұрсынов Ахметті, Дулатов Міржақыпты (Мир Якубты) және 44 адам ішіндегі басқаларды айыптау жөніндегі № 78754 істі» қарап шыққан ОГПУ Шығыс бөлімі 2-бөлімшесі бастығының көмекшісі Павлов айыптау қорытындысын жазып, 1930 жылғы 12 наурызда қолын қойды (қорытындыға «келісемін» деп ОГПУ ШБ бастығының көмекшісі Соболев, «бекітемін» деп ОГПУ ШБ бастығы Дыков қол қойған). Айыптау қорытындысында алдымен қазақ ұлттық мемлекеттігін жаңғырту тарихына назар аударылған. «Ақпан революциясынан кейін Қазақстанда «Алаш» деген атпен қазақ интеллигенциясын біріктірген ұлтшыл партия пайда болды» деп бір түйіп, «Алаш» партиясы серкелерінің бастамасымен 1917 жылғы желтоқсан айында жалпықазақ съезі шақырылғанын айтқан. Сосын съездің «Қазақстан (Киркрай) автономиясын жариялағанын» және «Алаш-Орда» деп аталған үкіметті сайлағанын еске алған. Одан әрі алашордашылардың орыс ақгвардияшылдарымен бірлесіп cовет өкіметіне қарсы жасаған әрекеттеріне шолу жасалады. «Колчак пен ақтар үкіметтерінің талқандалуы» алашордашыларды совет өкіметімен бейбіт келіссөз жүргізуге мәжбүрледі, сонда «оларға контрреволюциялық қызметін кешірген амнистия қолданылды» дейді. Осыларды тізе келе, Павлов: «Осы сәттен «Алаш-Орда» өзінің партиялық және үкіметтік ұйым ретіндегі қызметін доғарды», – деп хабарлайды. Сосын айыптауының негізгі бөлігіне өту үшін: «...бірақ контрреволюциялық өзегін сақтап қалды да өзінің антисоветтік қызметін жалғастырды», – деген байламын айтып алады.

Содан соң айыптаушы «таптым» деп тақырып қойып, мынандай дәлелдерін келтіреді: «антисоветтік қызмет», құдды «Байтұрсынов пен Ермеков 1921 жылдың басында Мәскеуде, сонда жүрген Валидовпен келіссөз жүргізген» шақтан басталған. Олар «құпия ұйым құру қажеттігі туралы келіскен» көрінеді. Ұйымның орталығы ретінде Орынбор таңдап алыныпты.

Айыптау қорытындысында: «Ұйымға Байтұрсынов, Бөкейханов, Омаров Елдес, Болғанбаев, Әділов Дінмұхамед және басқалар кірген. 1921 жылғы қыстың соңында Дулатов пен Досмұхамедов Халилдің бастамасы бойынша осындай ұйым Ташкентте құрылды. Осы екі ұйым арнайы өкілдері арқылы Бұхарада жасырын жағдайда жүрген, ортаазиялық контрреволюциялық ұйымды басқаратын Валидовпен байланысып тұрды» делінген.

«Валидов ұйымының» басшыларымен болған келіссөзден кейін, «Алаш-Орда» ұйымының өкілі Әділов Ферғанада әрекет етіп жүрген «Жанұзақовтың басмашылық шайкасына» құдды «қазақ басмашы жасағын құру мақсатымен» жіберіліпті.

Зәки Валидов пен Мұстафа Шоқаев шетелге қашқаннан соң «алашордашылар» бірінші кезекте олармен шетелге оқуға жіберілген жастар арқылы құпия байланыс орнатқан екен.

Сосын совет өкіметімен ашық күресу тактикасын кеңес аппаратына (әсіресе Наркомпрос пен баспасөзге) және партияға кіріп алу тактикасына ауыстырыпты. «Жастардың басын айналдыру» саласына неғұрлым көбірек көңіл бөлсе керек. Мәскеудегі жасырын «Алқа» әдеби үйірмесі Орынбор, Қызылорда және Ташкентпен байланыста болған, өз идеяларын қазақ баспасөзі арқылы насихаттауға мән беріпті.

Не керек, тергеу материалдары бойынша іске тартылғандардың: «1) 1921–22 жж. астыртын ұйым құрғаны; 2) Шекарадан тыс жүрген Валидовпен байланыс орнатқаны; 3) Күш дайындауға бағытталған қызметі (жастардың басын айналдыру – «Алқа» үйірмесі, байлармен байланыс орнату және т.с.с); 4) Совет өкіметіне қарсы, оны құлату мақсатымен қарулы көтеріліске дайындық жасауға қатысқан контрреволюциялық істері дәлелденді» деген ұйғарым жасалған екен.

1927 жылғы «ағылшын-совет қарым-қатынасы бұзылған» және 1928 жылғы «Қазақстанда бай мүлкі тәркіленген уақыттан» бастап, айыпталып отырған алашордашылар «жаппай қазақ қозғалысын көтеру үшін» қырға кетуге дайындала бастаған көрінеді. Осы мақсатқа алашордашылар алдымен «байлардың қарулы шайкаларын» пайдаланбақ болыпты, «оларға Дулатов қажет сәтте Батыс Қытайда жасырынып қалуға мүмкін болу үшін өкіметтен алысырақ, қытай шекарасына жақынырақ» жүруді тапсырыпты.

«Шайка» бастығына айналған «Дулатов Асқар, 61 жаста... өзінің інісі, контр-революциялық ұйымның жетекшісі Дулатов Міржақыппен байланыста болғандықтан, Қостанай округі, Науырзым ауданында контрреволюциялық байлар тобын құрды». Айыптаушының тұжырымдауынша, Қостанай округіндегі контрреволюциялық ереуіл «алашордашылардың» тура осы дайындығының салдары болатын.

Сонымен  бірге, Айыптау  қорытындысында «алашордашылардың басқарушы тобы» Асқар Дулатовтың контрреволюцияшыл байлар тобымен қатар «алыста жатқан Сарысу ауданындағы Әділовтің бандасына үлкен міндет артты» деп көрсетілді. Қорытындының «Әділовтің бандасы» деп аталған тарауында оған сипаттама берілген.

«Банданың» басында «...саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеу – Байсейіт, Мұқыш, Асқар және Әбуәлі Әділовтер» тұрған екен. Байлардың қожалықтарын тәркілеуге дайындық жүргізілген кезеңде Әділовтер «Сарысу ауданының барлық бандиттік элементтерін өздерінің маңына топтастырып, кәмпескеге қарулы қарсылық көрсету үшін жинауға тырысқан» көрінеді. Бұған дәлел ретінде: «1928 жылдың жазында олар жекелеген шайкалардың бастықтары Кеншімов Мәдібек, Тоқманбаев Бақай және Әбдікеев Битімбаймен жиналыс өткізді» дейді. Олардың бәрі Байсейіт және Мұқыш Әділовтермен бірге «1922 жылы милиционерлер жасағын қарусыздандыруға және жасақ бастығы Әбубәкіровты атуға қатысқан» деп көрсетілген.

Алайда 1928 жылғы тәркілеу (конфискация) науқанында қайсысының және аталған «банданың» нақты не істегені, «банда» мүшелері ҚазЦИК Декретін жүзеге асырып жүрген үкіметтік комиссияға не бірігіп, не жекелей қандай қарсылық көрсетті – бұлар  жөнінде ештеңе айтылмайды, өйткені нақты ешқандай факт табылмаған болса керек..

Осы «Айыптау қорытындысы» бойынша 1930 жылғы 4 сәуірде шығарған ССРО ОГПУ алқасының үкімімен ағайынды Әділовтер ішінен 28 жасар Мұқыш (Дінше, Дінмұхамед) Әділов ату жазасына, оның інісі, 24 жасар Асқар, ағалары Әбубәкір (37-де), Әбуәлі (39-да) Әділовтер және Байсейіт-Мұқыш «бандасымен» қатысы, яки байланысы болған туыстары, ауылдастары мен таныстары Әкпар Ыбыраев, Нұрлан Кәрібаев, Ағабек Байдуллаев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кеншімов, Тәжібай Құлмұратов, барлығы 16 адам, түрлі мерзімге кесілді.

Байқалып тұрғандай, саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқынында, тұтқындарды Мәскеудің Бутырка түрмесінде ОГПУ қосымша тергеп, түрлі жазалау шарасын қолданған репрессияға ағайынды төрт Әділов іліктірілген. Олардың бәрінің ағасы – «саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеудің» үлкені Байсейіт Әділов жазаланушылар тізімінде жоқ (оның есімі 12 наурыздағы жаза сұралған айыпталушылар тізіміне де кірмеген). Неге? Себебі ол ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігі құрған арнайы жасағының өзін қуып келіп, тұтқындау операциясын жүргізген кезінде оққа ұшқан болатын.

Байсейіт Әділовті қамау үшін Шу бойындағы құмға аттанған қарулы жасақ құрамында жасөспірім Бауыржан Момышұлы да бар еді. Бертінде ол өзінің биографы жазушы Мамытбек Қалдыбайға айтқан естелігінде құм ішіне тігілген жалғыз үйді жасақ қоршауға алып, жауынгердің бірі сырттан оқ атқан кезде Байсейіт Әділовтің қаза тапқанын, сүйегін түйеге артып алып келе жатқандарында оның інісі Дінше-Мұқыш Әділовті қолға түсірген жасақпен кездесіп, аудан орталығына бәрі бірге барғандарын айтқан екен.

Ал «Жартыфеодалдар» операциясын жүргізушілердің жетекшісі чекист Илья Шумилов өзі басқарған ГПУ қарулы жасағы Діншені 1928 жылғы 17 желтоқсанда тұтқындағанын сол оқиға кезінде жасаған актісінде атап көрсеткен. Демек Байсейіт те сол күні қаза болған. Ал тергеу амалдары Байсейітсіз жүргізілді. Тергеу материалдарында оның өлімі жайында ештеңе айтылмаған, бірақ «қылмыстық істері» жайында деректер баршылық.

Тергеу материалдары бойынша «банданы» Байсейіт және Дінмұхамед Әділовтер (екеуі де алғашқы КазЦИК мүшелері) басқарған. Байсейіт (ағайынды жеті жігіттің үлкені)  1922/1923 жыл қысында Ақмола үйездік атқару комитетінің атынан салық жинау желеуімен Шу бойындағы ел ішіне келіп, түрлі озбырлық жасау арқылы әрі өздерінің аморальдық қылықтарымен совет өкіметінің беделін түсіріп жүрген топты залалсыздандырушыларды басқарған. Топтың басшысы мен көмекшісін Байсейіттің қатысуымен өткен жұртшылық жиналысы өлім жазасына кескен. Кезінде Түркістан Республикасы билік буындары сот жүйесі әзірге қалыптаспаған, трибуналдар ғана бар дәуірдегі халық шешіміне түсіністікпен қарап, жауып тастаған осы іс 1928 жылы «Әділовтер бандасы конфискацияға қарсылық көрсетті» деген жасанды желеумен қайта көтеріледі.

Жоғарыда айтқанымыздай, Байсейіт 1928 жылғы 17 желтоқсанда  артынан арнайы жасақ тұтқындауға іздеп барғанда үй ішінде оққа ұшады. Өзі қаза тапқанмен, Мемлекеттік саяси басқарма тергеушілері оны «Алашорда мүшелерінің контрреволюциялық ұйымы» арқа сүйеген «Әділовтер бандасының» жетекшісі деп, марқұмның сыртынан айыптайды.

Ел-жұрты арасында өте беделді болған, бірақ күштінің құқымен ойдан қиыстырылған «бандит» және «халық жауы» санатына жатқызылған Байсейіт Әділовтің сүйегін жерлестері, чекистердің қадағалауымен асығыс жер қойнына берілген орыннан, 90 жылдан кейін Сарысу ауданындағы Саудакент ауылына әкеліп жерлейді. Қазіргі таңда саяси қуғын-сүргін құрбаны Байсейіт Әділовті жазықсыз жабылған айыптан арашалап, толық ақтау мәселесін шешу сұранып тұр.

Жалғасы бар...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051