Сәрсенбі, 4 Наурыз 2026
Мәдениет 141 0 пікір 4 Наурыз, 2026 сағат 14:05

Ұлы қобызшылардың соңғы тұяғы

Сурет: Википедиядан алынды.

Қорқыт бабамыздан қалған қасиетті қара қобызды екінің бірі ұстай бермейді. Біріншіден, киесі бар десек, екіншіден, ондай тылсым дүниемен байланысы бар қасиетті қобызды ұстау үшін ата-бабаның қанымен дарыған ерекше дарын керек деп ойлаймын.

Дәулескер күйші Сматай Үмбетбаев Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты «Жеңіс» ауылының тумасы. Бұл елде небір арқалы қобызшылар болған деседі. Бұл ел атақты қобызшы, композитор Ықыластың кіндік қаны тамған жер. Төрт жасынан қобыз үніне еліткен Смекең Шүйкен ақсақал қобыз тартып жатқанын естісе жалаңаяқ қарды кешіп сол үйге жетеді екен. Алғашқы ұстаздары дегенде Ашай, Оспан, Төбел Басығараұлы, Сармұқан Бабасұлы, Шүйкен ақсақалдарды аузына алатын.

Әкесі Сматайдың қобызға құмарлығын байқап, қобыз іздеп жүргенін айтқан соң Бабастың Сармұқаны ақ қайыңнан жасаған қобызды әкеп балаға сыйлайды. Әкесі Сармұқанға риза болып не қалайтынын сұрайды. Сармұқан көк биенің тұқымын алғысы келетінін айтады. Баласының қуанышын көрген әкесі оның бұйымтайын орындап, қалағанын береді.

Сматайдың әкесі жас кезінде Ықыластың үш күн, үш түн таудың басында қобыз ойнағанын көрген екен. Кейін Ықыластың ұрпағы Сиқымбай осы ауылға келіп қоныстанады. Сматай сол кісінің балаларымен бірге күйшіге еріп жүреді.

Бозбала кезінде Қазақ радиосынан дәулескер күйшілер Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтың күйлерін тыңдай жүріп, сол кісілердің қобызының дыбысын шығару мақсатында бес жыл бойы жиырма шақты қобыз жасайды. Смекең өмір бойы қобыздың ерекше дыбысын іздеумен болды және соны таба білді.

Сматай Үмбетбаев жасырақ кезінде жездесі Игілік Омаровтың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдап, кең тынысты әншінің ән орындау шеберлігін бойына дарытты. Бабастың Сармұқанынан Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінің» басқа бір түрін үйренді.

Смекеңнің үлкен өнер жолына түсуіне халық жазушысы Сәбит Мұқановтың еңбегі зор. Ауылда елеусіз жүрген жас дарынның қобызын тыңдап, Алматыға шақырған, «Қазақконцертке» орналасып, үйлі болуына себепші болған сол кісі екенін еститінбіз.

1971 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болып тұрған кезінде белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев Сматайдың консерваторияға түсуіне ықпал етеді.

Қылқобыз класы бойынша оқытушы болған атақты Дәулет Мықтыбаевтың алдынан дәріс алып жүргенінде бір күні ұстазы «Сматай, мен саған ештеңе үйрете алмаймын, өзіңнің қалыптасқан мектебің бар, бар дүниені түзеудің қажеті жоқ, сахнаға еркін шыға бер!» деген екен. Әрі қарай оқудың артық екенін түсініп, Смекең өнерге біржолата бет бұрыпты.

1972 жылы Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылар делегациясымен Жайлаукөлге барып өнер көрсетеді. Сол жолы ол Ықыластың қобызын алғаш рет қолына ұстап көреді.

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Оншақты жыл қазақ сахнасында еңбек етіп, сол кездегі Мәдениет министрі, ұлттық өнеріміздің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың ақыл-кеңесімен ұлттық аспаптар жасау мақсатында 1981 жылы ашылған Қазақтың Ықылас атындағы ұлттық мұражайына жұмысқа қабылданады. Ол кезде мұражай жанынан «Сазген» ансамблі ашылады. Мұражайдың директоры, шертпе күйдің шебері Жарқын Шәкәрім осы ансамбльді өзі басқарып, дүниежүзінің көптеген еліне өнер сапарларын ұйымдастырады.

Сматай Үмбетбаев осы мұражайдағы 700 ден аса аспапты өз қолымен жасайды. Сазген, нарқобыз сияқты аспаптарды жасап жүріп, өзі де сазгенші, нарқобызшы, қылқобызшы, әнші, жыршы атанады. Өзбекәлі Жәнібеков Смекеңнен дастанды қобызға қосып айтуды өтінеді. Қиса-дастанды да іркілмей орындап, тыңдаушысын ұйыта біледі.

Атақты этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбеков «Сматай – ұлы қобызшылардың соңғы тұяғы» деп айтып кеткен.

Менің Сматай Үмбетбаевпен таныстығыма тоқталсам:

1979 жылы мен Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының лекция тобына қызметке алындым. Бұл топты композитор Әшір Молдағайынов басқарады екен. Бірер күннен соң біз Талдықорған облысының Андреев, Қапал аудандарын аралайтын болдық.

Таңертең «Кубань» деген шағын автобуспен жолға шықтық. Бастаушымыз ‒ Әшір Молдағайынов, өзіміз телеарнадан, Қазақ радиосынан әндерін  тыңдап жүрген Кенжегүл Сыздықова мен баяншы Дмитрий Гусинцов, қобызшы Сматай Үмбетбаев,  Төлеген Желдібаев, Рахима Мұсабекованың күйеуі (атын ұмытып отырмын) ‒ міне, осы адамдармен бір ай бойы Жетісу жеріндегі ауыл-ауылды аралап, концерт қойдық.

Сол бір ұмытылмас шақ әлі есімде. Дала қосында, егіншілерге, ауыл адамдарына  концерт қойдық. Әшір аға өз әндерін баянмен орындайды. Смекең қобызын тартып, көрерменді ұйытады. Кенжегүл күйеуі Дмитрийдің баянмен сүйемелдеуінің арқасында небір әндерді тамылжыта орындайды. Төлеген классикалық әндерді орындайды. Мұсабеков ағамыз домбырамен ариялардан үзінділер орындайды. Мен Жүсекеңнен үйренген әндерімді орындап жүрдім. Осыдан бастап Смекең жақын адамымдай болып кетті. Мен бір концерттен кейін тұрмысқа шығып кеттім де филармониядан кетіп қалдым.

Бірде Алматыдағы нөмірі 12-інші орта мектепте оқитын қызыма барсам, Смекең қызымның сыныбының есігін жөндеп жүр. «Смеке, бұл жақта қайдан жүрсіз?» деймін ғой. Сөйтсем қызымның сынып жетекшісі Бағдагүл бұл кісінің жұбайы екен. «Еее» деп түсіністікпен қарағаным бар. Содан бастап Смекең хабарласып тұратын болды. Әңгімеміз өнер жайлы. «Қазақконцертте» еңбек еткен небір дарынды апа-ағаларымыз жайлы қызықты оқиғаларды бабына келтіріп әңгімелейтін еді.

Смекеңнің көріпкелдік қасиеті бар. Кейде жауырын ұстап біраз дүниені айтатын. Бәрі дұрыс келеді. Кейде мен туралы түс көрдім дейді. Онысы да тура келеді. Рухани дос едік. Сырын айтатын. Өз өмірі, өскен ортасы жайлы көп әңгімелейтін. Қобызшылар жайлы, қобыздың сыры жайлы көп толғанатын. Тіпті қайтыс болардан бір апта бұрын ұлы Жасұлан екеуі қаладағы ұлт аспаптарын жасайтын ұстаханаларға барып, қобыз жасап жатқан жігіттердің қобызының дыбысын тексеріп, «бұдан кейін қобыздың үні қалай болар екен» деп уайымдаған екен.

Сматай Үмбетбаев Жапонияға барған сапарында машина мініп қайтты. Жапондықтар көп ақшаға қобызын сатып алғысы келген екен. Смекең қобызын сатуға қимапты. Ол өз кезінде өнерімен дүниежүзінің біраз жерін шарлап, қасиетті қобыз үнін сүттей ұйып отырған шетелдіктерге тыңдатып, таңдай қақтырған...

Сматай ағамыз көбіне концертке қатысуға шақырсақ кейіншектеп тұратын. Ол кісінің айтары «мынау үйімді бітіріп алайын, жаңа қобыз жасап жатырмын, сонымен бір шығармын» деген сияқты сылтауларды көп айтатын. Қайтыс болардың алдында ол кісі «Алтынға айтып, ел білмейтін жаңа күйлерімді жазғызып алсам жарар еді» деп көп айтыпты. Бірақ маған хабарласқан жоқ. Маған айтса диктофонмен болсын жазып алар едім. Сол жағы өкініш болған екен. Ол кісі бар байлығын, шығарған күйлерін өзімен бірге ала кетті...

Жұмбақ әлемге өз жұмбағымен келіп, бар қазынасын қалдыра алмай кеткен арманы асыл, мақсаты биік жанның бірі әрі бірегейі Сматай Үмбетбаев еді!!!

Алтын Иманбаева,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Abai.kz

0 пікір