Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бірлігіміз жарасқан 2583 0 пікір 3 Наурыз, 2022 сағат 16:52

ҚХА - 27 жыл. Ұлтаралық келісімнің нағыз үлгісі

1 наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні. Көпұлтты Қазақстанның бірлігін паш еткен құрылымның жасап келе жатқанына 27 жыл толыпты. Бүгінде еліміз Қазақстан атты алып шаңырақтың астына жүздеген ұлттың баласын біріктіріп, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Әртүрлі сенім мен дінді ұстанып, әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі әдеп-ғұрыпты сақтаған ұлт пен ұлысты бірлікте ұстап отыру кез-келген демократия жолын таңдаған мемлекеттің басты бағыты болып саналады.

Қазақстан да осы бағытты ұстағанының дәлелі ретінде ұлтаралық татулық пен келісімді ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Ассамблеяны құру идеясын алғаш рет 1992 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халқы форумында жария етті. 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесі бар Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. 2008 жылғы 20 қазанда Президент әлемде баламасы жоқ "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңға қол қойды. ҚХА елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналды, оның қызметінің нормативтік құқықтық негіздері анықталды. Бірінші мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына ерекше мән берді. Ол Қазақстан халқына арнаған жолдауларында, өзінің баяндамаларында әрдайым еліміздің ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылығын сақтап қалудың өте маңызды екенін ерекше атап көрсетіп жүрді.

Қазіргі таңда тұңғыш президенттің бастап берген жолының арқасында еліміздегі барлық этностар арасында достық қарым-қатынас орнап, еліміз ауызбіршілікте өмір сүріп, әр түрлі діндер арасында өзара түсіністік берік орнаған. Соның нәтижесінде этносаралық достастық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық айқын үлгісі қалыптасқан. Тұңғыш президент негізін қалаған Ассамблеяның төрағалығын бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы- мемлекеттің ұлттық саясаттын іске асыруға, республикадағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған конституциялық орган. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі еліміздің жоғары заң шығару органында – Парламентте этностық топтардың өкілдерінен депутаттардың сайлануы.  Осы орайда айта кеткен жөн, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің ана тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамыту үшін еліміз барлық қажетті жағдайларды жасап, үнемі қолдап отырады. Қазақстанда 23 тілде оқытылатын 100-ден астам ұлттық мектеп, 170 хрестиандық мектеп жұмыс істейді. Ұлттық жаңғырудың үш мектебінде 12 тілді үйрену бойынша 29 бөлім бар. Бұл мектептерді қаржылай қолдауға үкімет жыл сайын 11 млн теңге бөледі. Сонымен қатар, оларға жергілікті бюджеттен де көмек көрсетіледі. Сондықтан еліміздегі барша этнос өкілдері теңдікте өмір сүріп жатыр деуге толықтай негіз бар.

Ел президентінің тікелей қолдауымен Ассамблея өзіне жүктелген сенімді барынша жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұйымның белсенді мүшелерінің арасында отансүйгіштігін өз істерімен дәлелдеп жүрген азаматтар жеткілікті. Түрлі ұлт өкіл­дері Қазақстан билігінде, ғылы­мында, әдебиетінде, оқу-ағар­ту саласында, өнерінде, спорт­ында, бизнесінде көптеп кездеседі. Қиын-қыстау заманда саяси себептермен туған жерлерінен көшіп кетуге мәжбүр болған өзге ұлт өкілдері қазақ халқының кең пейілі мен дархан көңілін, ақ дастарханын ұмытқан емес. Тарихқа көз жіберсек Қазақстанның көпэтносты ел болып қалыптасуына басқа ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келуі мен бейбіт тұрғындардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жеріне көшірілуі себеп болды. 20 ғасырдың басында отарлау саясаты ерекше күшейген болатын. Сол жылдары Қазақстан жеріне 4 миллионға жуық орыстан бөлек, украин, өзбек, қырғыз, белорус, балқар, шешендер мен ингуштар, 34 мыңнан астам поляк, 100 мыңнан астам кәрістер күштеп көшірілген.

Ұлы  Отан соғысы да өзге ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көшірілуіне, халық құрамының күрт өзгеруіне себеп болды. Осылайша біз көпұлтты мемлкетке айналдық. Бірақ Қазақстан одан кеміп қалған жоқ. Керісінше қазақ халқы өзге ұлт деп бөліп-жармай құшағын айқара ашты, қолындағы нанын үзіп берді. Қазір еліміз сан түрлі мәдениет жарасым тапқан діңгегі берік мемлекетке айналды. Жүздеген ұлт бір-бірін бауырындай көріп өмір сүріп жатқан Қазақстан бірлік пен берекенің символындай десек болады.

Осының бір белгісі ретінде 1 наурыз 2016 жылдан бері алғыс айту күні болып бектіліп, аталып өтіп келеді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алғыс айту күні» туралы былай деген еді:  «Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі.Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық». Алғыс айту күнінің маңызы терең. Бұл тек жақын-жуыққа, дос-жаранға рахмет айтып қою ғана емес, Қазақстанды қоныстанған барлық этнос өкілінің бір-біріне деген жылы лебізін, құрметін көрсететін күн.

 

Биылғы алғыс айту күнінде орай елордадағы Достық үйінде дөңгелек үстел өтті. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестіктер басшылары мен өкілдері қатысты.

«Алғыс айту күнін тойлау – біздің жүрегімізде айрықша орын алады. Бұл күн мейірімділік пен достықтың жарқын мерекесіне айналған. Алғыс айту күні –  қиын кезеңді бастан кешірген азаматтармен бірге аз уақыттың ішінде күш біріктіріп тәуелсіз Қазақстанды құрған еліміздің барлық адамдарының бір-біріне деген құрметі», – деп  сөйледі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғ.М. Құсманғали алғыс айту күнінің маңыздылығын атап көрсетіп.

ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Л.Прокопенко мен Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин дөңгелек үстел қатысушыларын атаулы мерекемен құттықтап, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға және сақтауға күш салып жүрген барлық ҚХА мүшелеріне, этномәдени бірлестіктер өкілдеріне және этносаралық қатынастар саласында қызмет атқаратын азаматтарға рахметін айтты.

Сонымен қатар,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А. Хамедов пен А. Амирханян, «Вайнах «шешен және ингуш халықтарының мәдениетін дамыту қауымдастығы» ЗТБ Басқарма мүшесі Ю.Келигов,  «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Республикалық ЗТБ төрағасы В.Божко қазақ халқының айрықша рөлі туралы айтты.

20 ғасырдың басында қазақ жеріне  бес жарым миллионнан астам шет ел азаматтары жер аударылған. Сол жылдары қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшыраған орыс, кәріс, украин және поляк сынды ұлттарға қол ұшын ұсынған. Осы себепті этно-мәдени орталықтардың өкілдері алғыс айту күнін қазақстандықтарды бір-біріне жақындастырып, біртектілік пен біртұтастықты нығайта түседі деп санайды.

Сондықтан халық бірлігін паш еткен Ассамблеяның атқарып отырған қызметі маңызды.  Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сонымен қатар, ҚХА мемлекеттік органдарға қоғамда экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы тұруға, демократиялық нормаларға сүйенетін азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз етіп, әртүрлі мәдениеттің, тілдер мен Қазақстан халқының дәстүрлерін жаңғыртуға, сақтауға және дамытуға қызмет етеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570