Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4523 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 12:10

Ардақ Нұрғазыұлы. Жас қаламгерлер жаңа қадамы неден бастау алуы керек?

Үш адамның басы қосылып, өзара келісіп қоғам болып өмір сүре бастағаннан біз жазылған және жазылмаған заңдармен өмір сүріп келеміз. Бұл заңдардың бір аты -  адамзат жаратқан құндылықтар. Құндылықтың салмағы әр түрлі болады. Екінің бірі бара бермейтін асқақ биігі де, жер басып жүрген барлық пенденің күнделікті тіршілігімен тіке қатысып жатқан қарапайымы да болады. Қоғам осы екі жақтың аралығында тепе-теңдікті сақтап өмір сүреді. Бұл тепе-теңдік ауытқыған жағдайда, қоғамда үлкен өзгеріс орын алуы  мүмкін немесе жаңа бір тепе-теңдікке қарай шұғыл ұмтылыс пайда болады. Бұл барыс құндылықтарды жаңаша таныммен пайымдауға да негіз қалайды. Бірақ, әуелгі екі шек сол күйінде қала береді. Бұл тұрғыдан алғанда үш мың жыл бұрын адамдар қалай өмір сүрсе, бүгін біз де дәл солай өмір сүреміз. Аздаған парық - оны түсіндіруде.

Үш адамның басы қосылып, өзара келісіп қоғам болып өмір сүре бастағаннан біз жазылған және жазылмаған заңдармен өмір сүріп келеміз. Бұл заңдардың бір аты -  адамзат жаратқан құндылықтар. Құндылықтың салмағы әр түрлі болады. Екінің бірі бара бермейтін асқақ биігі де, жер басып жүрген барлық пенденің күнделікті тіршілігімен тіке қатысып жатқан қарапайымы да болады. Қоғам осы екі жақтың аралығында тепе-теңдікті сақтап өмір сүреді. Бұл тепе-теңдік ауытқыған жағдайда, қоғамда үлкен өзгеріс орын алуы  мүмкін немесе жаңа бір тепе-теңдікке қарай шұғыл ұмтылыс пайда болады. Бұл барыс құндылықтарды жаңаша таныммен пайымдауға да негіз қалайды. Бірақ, әуелгі екі шек сол күйінде қала береді. Бұл тұрғыдан алғанда үш мың жыл бұрын адамдар қалай өмір сүрсе, бүгін біз де дәл солай өмір сүреміз. Аздаған парық - оны түсіндіруде.

«Илиада» эпосында Гомер жоғарыдағы екі шек туралы жазады.  Троя соғысының бас батыры Ахиллес майданда зор ерлік жасаса да, әскердің бас әміршісі - Агамемнон хан олжа бөлген тұста, батырдың құшсам деген аруын,  алсам деген дүние-мүлкін оған қимайды. Бұған қатты ашуланып, тұлан тұтқан Ахиллес: «Біз қан майданда бар күшімізді салып жауды қырып-жоямыз, бірақ, онымызды бағалап жатқан пенде жоқ.... анау шатырда отырғандар да бізбен бірдей олжаға кенеледі. Батырлар мен қоянжүректер бірдей қаралады!» деп күңіренеді. Енді қайтіп майданға шығып жаумен алыспайтынын жариялайды. «Бұлайша майданда ерте жан тапсырғаннан, үйде жатып өлген артық», - деп мысқылдайды. Бұл жерде Ахиллестің өмірдің мәні мен оған беретін бағасы, даңқ туралы көзқарасы,  қоғамдық құндылықтарды ұстап тұрған әділдік туралы түсінігі тұр. Осылай деген Ахиллес соңында айтқанынан қайтып, ханның берген алтынын қанағат тұтып майданға шығады. Трояның бас батыры Гектормен жекпе-жек кездеседі. Осы кездесу туралы айтып отырып Гомер өзін алда не күтіп тұрғанын жақсы білетін Гектордың аузына өзгеше мағынасы бар сөз салады. Бұл жекпе-жекте Ахиллес сынды батырдың жеңетінін түсінетін жұрт Гекторды майданға шықпауға үгіттейді. Сонда Трояның бас батыры: «Ахиллес теңдессіз батыр. Онымен жекпе-жекке шығу екінің бірінің қолынан келмейді. Ахиллеспен қан майданда айқасып өлудей даңқы өшпейтін мүмкіндікті менің ешкімге беріп қойғым жоқ!» дейді. Өлетінін біліп тұрса да Трояның бас батыры ретіндегі жауапкершіліктен қашпайды, қайта, артында қалатындар мен кейінгі ұрпаққа ұмытылмайтын сөз қалдырады. Ол айтқанына жетеді. Қан майданда батырларша өледі. Жоғарыдағы сөзде де Гектордың өмірдің мәні мен оған беретін бағасы, даңқ туралы көзқарасы,  қоғамдық құндылықтарды ұстап тұрған әділдік туралы түсінігі тұр. Бұл арадағы бір өзгешелігі, Ахиллес алға өзін шығарса,  Гектор өзін емес, қайта құндылықты басты орынға қояды. Бұл сол баяғы қоғамның екі ұшын көрсетіп тұр. Түсінген жанға осындағы құндылықтың екеуі де оңайшылықта орындала бермейді: өмірде Ахиллес күткендей әділдіктің болмайтыны сияқты,  Гектор шыққан биікке де екінің бірі қол жеткізе бермейді. Сондықтан, көп жағдайда дәл Ахиллес сияқты айтып алып, қайтуға тура келетін жағдайлар үнемі кездесіп тұрады. Ал Гектор болу сирек қайталанады. Соған қарамастан бұл екі құндылық қоғамда белгілі бір ара салмақты ұстап тұруға тиіс. Олай болмағанда, жоғарыда айтқанымыздай, қоғам берекесіздікке қарай бағыт алуы ғажап емес. Тіпті, қоғам болып өмір сүре алмай қалуы да бек мүмкін. Себебі, басты әрі негізгі құндылық жоғалып, тек әрбір пенде баласының жеке мүддесіне байланған қарапайым құндылықтар баса билеп кеткен жағдайда, оның ақыры қашанда адамилықтан жұрдай, қараңғы, әділетсіз, жемқор, «күштіні әлсіз жеген орман заңын» бетке ұстаған тобыр деңгейіне төмендеуге бастайды.

Біз де жоғарыдағы екі шектің арасында өмір сүреміз. Алайда, өз арнасын жиі өзгерткен тарихтың тумасы ретінде бүгінгі қазақ қоғамы да құндылық мәселесінде апыр-топыр шаңның ішінде ненің не екенін анық ажырата бермейтіндей халде сияқтанады. Жұмыс бабымен белгілі бір баспасөз мәслихатына қатысуыма тура келді. Баспасөз өкілдерімен кездесуді ұйымдастырушылар Үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері еді. Кездесу Алматы қаласында, қазақтың рухани астанасында өтіп жатқанына қарамастан, толықтай орыс тілінде өтті. Бірақ, сөз алғандардың ішінде қазақтан басқа бірде-бір өзге ұлттың өкілі жоқ еді. Сол ортада отырғанда менің ойыма бір сұрақ келді. Неліктен мынау жұрт мемлекеттік жұмыста өзінің мемлекеттік тілінде емес, өзге бір мемлекеттің тілінде сөйлейді? Осы ыңайсыздықты неліктен сезінбейді? Соңында ойлап жеткенім, бұндағы жұрт  ТӘУЕЛСІЗДІК деген сөздің мағынасын мүлде түсінбейді немесе түсінгісі келмейді екен. Сондықтан да Тәуелсіздік пен мемлекеттік жұмысты еш байланыстырмай жұмыс істеп, тіршілік ете береді. Бір сөзбен айтқанда, олар үшін кешегі өмір мен бүгінгі тіршіліктің парқы шамалы. Иә, қоғам өзгерді, өмір де өзгерді. Соған ілесіп өзгерген Ахиллестің танымындағы құндылықтар ғана екен. Жеке бастың, отбасының күнделікті тіршілігіне байланысты өмірдің ғана реңі өзгерген. Ал анау жаңаруға тиісті Гекторша құндылықтардың орнында сол баяғы келмеске кеткен қоғамның елесі қалып қойған. Содан да мемлекеттік тілде сөйледің не, орыс тілінде сөйледің не - бәрібір, қарын тоқ, көйлек көк болса - болды!  Бітті! Бірақ, мұнымен қоғамды ұстап тұруға бола ма?! Мәселе осы жерде.

Біздің қоғамда жоғарыдағы парықсыздықты жақсы түсінетіндер де бар. Ондай адамдар қашанда ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН тыныстап жүреді. Және соны ту етіп биік ұстайды. Бірде қолыма Серік Сейітман деген жас ақынның су жаңа жыр жинағы түсті. Кітаптың аты айқайлап тұр  - «Қазақтың қаны». Ішін ашып қарасам, басынан аяғына дейін тұнып тұрған «мен қазақпын!» деген жігер екен. Кейде өліктей өңі кеткен ортадан рухың селге кетіп сенделіп шыққанда, жоғарыдағыдай кітапты оқысаң, бір жасап қаласың. Бастысы, бойыңа рух, сенім, болашақтан үміт сыйлайды. Кітап екі арнадан құралған. Бірі - кәдімгі өлең, екіншісі, автордың өз сөзімен айтқанда, «шумақталмаған ойлар» немесе ақынның алабұртқан көңілінде шумаққа сыймай, арнасынан асып-төгілген ойлардың тізбегі.  Кітапта «Қазақтың қаны» деген өлең бар. Оқиық:

Түсінбей қалмаңыз қалай деп,

Балдырған сәтім ол таза-шық.

Тұмсығым қанады талай рет,

Қазақтың қызына таласып...

 

Қасында қазақтың мұңының

Бір тиын үлде мен бүлдеңіз.

Ұлтымның қан сүйер ұлымын,

Қанішер деп ойлап жүрмеңіз.

 

Қазақ деп қақсамай тізеңіз,

Алаш деп ақпаса қаныңыз,

Қара қыз,

Тез менен күдер үз,

Жаныммен үйлеспес жаныңыз.

 

Кеудеңді «ұлтым!» деп кернеген,

Намысың болмаса қаныңда,

Есімің құрысын Ер деген.

Жігітім, батыр боп танылма.

 

Ертеңге елеңмін, алаңмын,

Бозарып барады самай-дүр.

Өз қанын сүймейтін адамның,

Жүрегі тоқтамай қалай жүр?!

 

Егемен елміз деп қуанған,

Балалар шаттанып көрінді.

Ата жау қанына суарған,

Атамның қылышы төрімде.

 

Тіленіп бақытсыз ұрысты,

Қанымды болса кім жылатқан,

Төрдегі қайқыбел қылышты,

Қайтадан суырам қынаптан.

 

Малым бар - жанымнан садаға.

Жаным бар - арымнан садаға.

Арым бар - қаныма садаға.

Қаным бар - қаныма садаға.

 

Кітапта жаныңа жақын тартып оқуға болатын «Жапырақтар», «Ағаларым», «Көрші бөлме», «Қыранды қайрау», «Бақыт іздеген үшеу», т.б. өлеңдер бар. Бірақ, олардың бәрі де жоғарыдағы өлеңнің өзегіне сыйып кетеді. Ақын жыр жинақта бастан-ақыр Тәуелсіздікке, Тәуелсіздік әкелген тыныс-тіршілік пен сана-сезімге орын берген. Бұндай кітап жазған жігіттер тұрғанда Тәуелсіздік бір күні парықсыздардың қолжаулығы болып, жерде қалар ма екен деген ойдан бір сәт болса да алыстағандай боласың.

Қазақ поэзиясы - үлкен дария. Поэзияға келген әрбір жас сол дарияға келіп қосылған бір таспа бұлақ. Тәуелсіздіктен кейін әдебиетке келген буынның өкілі ретінде Серік Сейітман көтеруге тиіс жүк ауыр. Бастысы, олар Қазақстанның еркін ойлы, талғамы биік әдебиетін жасауға тиісті ұрпақ. Халықты да, оның тілін де сақтайтын - оның рухы. Рухы биік халықтың оңайшылықта күні батпайды. Осы тұрғыдан алғанда ата қазақтың өр рухын қайтару, қайтарып қана қалмай, асқақтату - кейінгі ұрпаққа парыз. Бұған жас буын бүгіннен бастап дайындалуы тиіс. «Кіші халықтың қылышы үлкен болуы тиіс» дегендей, біздің де арманымыз үлкен болуға керек. Үстіміздегі ғасырдың соңына дейін әлем әдебиетінің айдынын да екі қазақ ақыны Нобель сыйлығының иегері атанып, тағы екі-үш ақыны алмасада, сыйлықтан мықты үміткер болып тұрса, онда қазақтың санының аздығына қарамастан біздің десімізді ешкім баса алмайды, тілімізді де ешкім сызып тастай алмайды. Бұған мысал ретінде басқа халықтарға ұзақ уақыт бодан болған Польша, Ирландия елдерінің тарихын айтсақ та жетіп жатыр.  Бұл алдағы күн бізден талантпен қоса үлкен дайындық қажет етеді дегенді білдіреді. Қазақ қай кезде де таланттан кенде болмаған. Ал дайындық өз алдына бір мәселе. Бұл тұрғыдан келгенде жастарға қояр талап та, айтылар сын да ауыр. Бірақ, оның бәрі ағалардың кейінгі буынның болашақта ұшып шығар аспанының кең болуын тілеген ізгі тілегі болуға тиіс. Әдебиет, оның ішінде поэзия майданы кеше де, бүгін де күрделі тартыстардың ошағы болып келеді. Әдебеит идеологиямен тереңнен тамырласып жатқан үлкен алаң. Әдебиеттің бір идеологиясы - бостандықты жығылмайтын ту етіп тіктеу. Ал бостандық замандар бойында отаршылдықтың қамытынан босану үшін алысқан қазақ үшін аса құнды дүние. Қазақ әдебиеті, оның ішінде қазақ ақындары Мағжан Жұмабаевтан Қадыр Мырза-Әлиге дейінгі буын бостандық үшін тынбай күресті. Бұл күрес тіпті де оңай болған жоқ. Осы күресте Мағжандар атылып кетті, Қадырлар қаны сорғалаған қылыштың астында ұлттың рухына жол тартар поэзияны өлтірмеу үшін жұмыс істеді. Ол өлсе, халықтың рухы бірге өлетінін олар жақсы білді. Жау жайлаған қоғамда, отарлық тәртіпте ұлттық әдебиетпен шұғылдану, қазақ тілінде өлең жазу дегенің бір тұрғыдан алғанда үнсіз қарсылық деп бағалауға болатын ұстаным. Қазақ ақындары ұлттан бас тарту сәнге айналған және сол баса дәріптеліп жатқан, ұлтты жою басты мақсат етіп, ортаға қойылған қоғамда осы үлкен арнаға қайыспай қарсы шығып өмір сүрді, қазақ тілінде өлең жазды, қазақ әдебиетін жасады. Олардың басындағы хәлді ойлаудың өзі қорқынышты. Олардың бір басы үшке жіктелді. Кеңестік идеологияның талабымен шығарма жауға тиіс, соған қарамастан ұлттық тақырыпты әлсіретпеуі керек. Осы қарама-қайшылықтың астында  екі талапты да қатар орындап өмір сүресің. Одан басқа жол жоқ. Маған кейде Тәуелсіздікке дейінгі қазақ ақындары әлдеқашан өлім жазасына кесіліп қойған қазақ тілінің өмірін аз да болса ұзарта түсу үшін жаза майданына бірінің соңынан бірі келіп, бірінің өкшесін бірі басып, соңғы сағатқа дейін үнсіз алысқан құрбандар сияқты елестейді. Сол Қасым Аманжол, Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Әбділда Тәжібаев, Жұбан Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев, Шона Смаханұлы, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев,  Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, т.б. ақындар болмаса, олар жазған өлеңдерге Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков,  Кеңес Дүйсекееов, т.б. композиторлар қазақ аспанынан кетпеген әндер жазбаса, бүгінгі біздің ұлттық бейнеміз қандай күйде болар еді?!...  Ұлттың рухы мен жаны, міне, осылай сақталып бізге жеткенін әсте ұмытпауымыз керек.

Тәуелсіздікке дейінгі қазақ поэзиясы туралы көп дүние айтуға болады. Соның бір парасы ақындардың кеңестік идеологияға табан тіреген шығармашылығын бағалауға барып саяды. Бұл салада идеологиялық әдебиеттен бас тарта отырып, біз көп жағдайда жалпы шығармашылық адамының өзіне дұрыс орын тауып бере алмай қиналып жатамыз. Аға ұрпақта Ленинді, партияны, кеңестік қолдан жасалған қоғамның жарқын жағын (қараңғы жағын біліп тұрса да оны жазудан саналы немесе бейсаналы түрде бас тарта отырып) жырламаған ақын кемде-кем. Алайда, өлеңге поэзияның түпкі табиғатына мүлде қайшы дүниелерді тықпалаған кездері болғанына қарамастан Тәуелсіздікке дейінгі ақындар нағыз поэзияның не екенін жақсы сезе білген. Бұл бүгінгі жас ақындар, ақындыққа енді ат басын бұруға ниет еткен буын үшін мықтап ойлануға тиіс нәрсе. Аға ұрпақтың шығармашылығынан, олар қалдырған дәстүрден нені алу, неден бас тартуға барып саятын бұл түйсік кейінгі буынның әдебиеттегі аяқ алысы мен алда шығар биігін тұрақтандыруда үлкен рөл ойнайды. Бір Серік Сейітман емес, сол қатарлы жастардың шығармашылығын парақтап отырып, олардың аға буынан көп дүниені әлі де толық үйреніп кете алмағанын байқайсың.

«Иірім» (Қадыр Мырза Әли. 16-том. 138 - 139-бет.) атты эссе кітабында қазақтың айтулы ақыны Қадыр Мырза Әли былай деп жазады: «Адам басқаны бағалай алмаса да, өзін-өзі бағалауға, тіпті, асыра бағалауға шебер! Сөйте тұра дарынды ағайын өзге біреулерге қызыға да біледі.  Өз басым, мысалы, Жұмекеннің бүкіл шығармашылық жолын мойындай отырып, оның кейбір шумақтарына, тармақтарына ерекше бас ием. Аса жоғары бағалаймын! Оның бәрін бірдей ортаға салып талдап жатудың керегі не?! Әзірше бір ғана шағын мысал келтірейін. «Күй» деген өлеңінде Жұмекен марқұм:

Жеңілдігі көбіктей,

Ауырлығы табыттай! -

дейді.

Осы бір егіз жол, әсіресе, сол егіз тармақтың екінші сыңары маған өмір бойы тыныштық бермей келеді! Бүкіл ақындық болмысыммен қатты қызығам. Бірақ, сол бір ғажайып тармақтарды Құдай менің аузыма салмай, Жұмекеннің аузына салғанын көрмейсің бе? Не деуге болады? Не істеуге болады?!

Немесе Мұқағалидың ақ қайың туралы өлеңін еске түсірелік:

Жапырақ-жүрек жас қайың,

Жанымды саған айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?!

 

Не құдыреті барын білмеймін, осы өлеңді өлердей жақсы көремін! Неге? Неге? Түсіндіріп көруге болады, әрине!  Бірақ соның бәрі, өлеңнің өзімен салыстырғанда, жай сөз болып қана шығады. Өлеңнің қадірін кетіріп, бағасын түсіреді. Тіпті обалына қаласың!»

Қадыр Мырза Әли қазақ поэзиясында өлеңді шашау шығармай түйіп жазған санаулы ақынның бірі және бірегейі. Екі қапталдан бірдей қысқан қоғамда күшті соққыдан есеңгіреп қалмай, оң-солын тең ұстап, өлеңге өзінше тың тыныс сыйлаған, «Қадырдың өлеңіндей» дегізген, өзіне ғана тән стиль жаратқан ақын. Бүгінге дейін қазақ поэзиясының бір басында Мұқағали тұрса, енді бір басында Жұмекен тұр. Басқалардың шабыты шарықтаған шақта жазған өлеңдерінің өзі, түбін қуып келсең, осы екі шектің кез-келген біріне жақындау сияқты болып сезіледі. Ал Қадыр Мырза Әли осы екі аралықты дәл ортасынан ауытқымай, өзіне тың жол ашқан тұлға. Оның өлеңдерінің өзі осы ерекшелігінің туындысы. Эсседен келтірген жоғарыдағы мысалда автор Жұмекеннің де, Мұқағалидың да поэзиясы туралы айтып отырған жоқ, қайта, жалпы «Поэзия деген не?!» деген мәңгілік әрі аса күрделі сұраққа жауап беріп отыр. Рас, екі ақынның жоғарыдағы жолдары сияқты тармақтар мен шумақтар қазақ поэзиясында тым аз, тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Алайда, бұл «поэзия деген не?» деген сұраққа жауап беруге кедергі жасай алмайды. Сұраққа жауап беру үшін осы екі шумақтың өзі жетіп жатыр. Жоғарыдағы екі үзінді поэзия деген алып мұхиттың ең кіші бір тамшысы болса, оның жалпы көрінісі адамзат тіршілігінің үлкен болмысын тұтас ойып алып, өзіне сіңіріп жіберген Гомердің «Илиадасы» сынды шығармалар деуге болады. Міне, осы түйінді Қадыр Мырза Әли көкеміз шын мәнінен түсінген және соны қағазға түсіріп отыр. Заманы қысып, отарлық тәртіптің буғауында өмір өткізіп, Гомердей ұлы шығарма тудыра алмаса да, аға ұрпақ алған бағыттарының тура болғанын анық аңғартады.

Шығармашылық дегенің - уақытпен бәс таласқан асау арна.  Л.Борхестің сөзімен айтқанда, уақыт деген от, сен де сол отсың, бірге жанасың, жану барысында біртіндеп таусыласың. Уақыт деген өзен, ол сені айналып өтпейді, сені біртіндеп шайып тауысады. Бұндайда әрбір минуттың құны шексіз. Ал шығармашылықта минут-секундпен өлшенген дүниеде адасу деген орны толмайтын нәрсе. Сондықтан талапты әрбір жас әу бастан «әдебиет деген не?» деген сұрақпен келуі, мүмкіндігінше осы сұраққа тұшымды жауап тауып алуы тиіс. Абай атамыздың «Мәселе істің қалай аяқталғанында емес, қалай басталғанында» деген сөзі бар. Өнер адамының келіп-шығу тарихында алғашқы түсініктің, алғашқы тәрбиенің алар орны ерекше. Сол алғашқы алған нәр көп жағдайда кейінгі шығармашылық өміріңді белгілейді. Г.Маркес «мен 25 жасыма дейін қалай жазуды, 25 жастан кейін нені жазуды ойладым» деген сөзді тегін айтпаған. Бұл тұрғыдан келгенде Серік Сейітманның буыны өз шығармашылықтарын үлкен сүзгіден өткізгені дұрыс деп ойлаймын.

Бүгінгі үлкен әдебиетте «саясатта дұрыс шығарма» деген термин бар. Баяғы «қырғиқабақ соғыс» тұсында Шығыс пен Батыс елдерінің саясаттың салдарын азық етіп, уақыттың қажеті үшін ғана жазылған шығармаларға берілген анықтама. Бізде Тәуелсіздіктен бұрын кеңестік саясаты, ал қазір бүгінгі саясатты келсін-келмесін әдебиетке тықпалау үрдісі қалмай келеді. Билікті ашық мақтаған немесе даттаған шығарма өнер туындысы болып жарытпайды. Бұның екеуі де әдебиеттің түпкі заңдылығына сай келмейді. Әсілінде, әдебиет - саясаттан биік тұратын парасат. Себебі, әдебиет - өнер. Өнер кеңістігінің көкжиегінен алғанда идеологияның шек-шекарасы тым бері жатыр. Саясат өзгеріп, идеологиялар ауысқанымен, өнер туындысы өзгеріссіз сол баяғысынша қала беретіні тіпті жаңалық емес. Айталық, «Илиада» сол қас өнердің туындысы. Оған Ахиллес те, Агамемнон хан да, Гектор да сыйып тұр, тіпті Аристотель мен Платон да шөгіп кеткен. Неге? Себебі, ол философияны, дінді, саясат пен идеологияңды толық қамтыған құшағы кең әдебиет!

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299