Ел Үкіметі қазақ анимациясына көмек беруі қажет
Біле-білсек, анимациялық фильм, яғни мультфильм мықты идеологиялық қару. Бұл қаруды тиімді пайдаланған ел әлемді билейтін түрі бар. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Олай болса біздің балаларымыз жат елдің идеологиясының құрбанына айналып барады. Балалар арасындағы қылмыстың орын алуы, бесіктен белі шықпаған баланың ата-анасына қарап анайы сөздер айтуы сияқты түрлі жағымсыз жайттар сол шетелдік мультфильмдердің «арқасы» емес дей алмаймыз.
Біле-білсек, анимациялық фильм, яғни мультфильм мықты идеологиялық қару. Бұл қаруды тиімді пайдаланған ел әлемді билейтін түрі бар. Себебі анимация бала санасын жаулаумен айналысады. Олай болса біздің балаларымыз жат елдің идеологиясының құрбанына айналып барады. Балалар арасындағы қылмыстың орын алуы, бесіктен белі шықпаған баланың ата-анасына қарап анайы сөздер айтуы сияқты түрлі жағымсыз жайттар сол шетелдік мультфильмдердің «арқасы» емес дей алмаймыз.
Бұған басқа емес, өзіміз жол беріп қойдық. Отандық телеарналарымыз да «үлес қосып» жатыр. Себебі олар отандық мультфильмдерді көрсетуге құлықсыз. Айтар сылтаулары отандық мультфильм қымбат дегенге саяды. Құдай-ау, дейсіз мұндайда, бала болашағынан, ұлт қауіпсіздігінен қымбат нәрсе болушы ма еді?
Бұл біздің ғана емес, отандық аниматорлардың жанайқайы. Қазақстан аниматорлары қауымдастығының төрағасы, режиссер-аниматор Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, қазіргі таңда мемлекет қолдауымен киноиндустрия дамып келе жатқанымен, анимация саласы кенже қалды. Соның салдарынан балаларға арналған мультфильмдер аз түсіріліп жатыр. Балалар шетелдің шалдыр-шатпақ дүниесін көріп әуре.
«Идеологиялық тұрғыдан алғанда анимациялық фильмдердің бала тәрбиесінде маңызы зор. Ал бүгінгі күні өскелең ұрпақ шетел туындыларын көріп өсіп келеді. Олар болмысымызға жат, салт-дәстүрімізге кереғар дүниелер ғой» дейді қауымдастық төрағасы.
Бұған анимацияны дамытуға жеткілікті деңгейде көңілдің бөлінбеуі себеп болуда. Енді күні кеше ғана құрылған Қазақстан аниматорлар қауымдастығы осы мәселеге қоғам назарын аударуды мақсат етіп отыр. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегенді түсінген болса керек, еліміздегі он шақты анимациялық жекеменшік студиялар бір ұйымның астына бірігіп, ресми сайттарын ашып, қоғам пікірін де ескеріп әрекет етуге белді бекем байлады. Олар анимациялық фильмдерге көзқарасын өзгертіп, сірескен мұздың күбесі сөгіліп, мемлекет отандық мультфильмдерден қаржы аямаса, ұлттық туындыларды туғызуға сақадай-саймыз дейді.
«Қазір Қытай, Жапония, Франция, Германия сияқты елдер бұл салаға стратегиялық тұрғыда мән беріп отыр. Ал көрші Ресей мемлекеті осы жылы анимация саласына 300 млн доллар көлемінде қаржы бөлді. Біздің елде де осындай қолдау көрсетілсе дейміз. Бізде сапалы мультфильмдер жасайтын мамандар, аниматорлар баршылық. Олардың көпшілігі қолдау болмағандықтан, мүмкіндіктерін іске асыра алмай, басқа салаларда жүр. Сол мамандардың жетістіктерін еліміздің болашағы - балаларымыздың тәрбиесіне жұмылдыруымыз керек» дейді Б.Дәуренбеков.
Алайда отандық мультфильмдердің сапасы сын көтермейді, ұйқыңды келтіреді, дубляжы тартымсыз деген пікір де жоқ емес. Бірақ соңғы жылдары анимация саласы аяғынан тұрғанын айтуымыз керек. Сапалы фильмдер сапқа қосылып жатыр. Алайда сол мультфильмдерді отандық телеарналар көрсеткісі келмейтін көрінеді. «Олар «Том мен Джерри», «Спанч Бобты» көрсетеді. Осынау бір түсініксіз жұмсақ ысқыш, дұрысы құбыжық барлық ұлт ұрпағының үлгі тұтар бейнесіне айналды. Бұл мультфильмді балаларға көрсетуге шектеу қою қажет» дейді аниматор Адай Әбілдинов. Оның пікірінше, қазақ фольклоры «Дисней», «Dreamworks Аnimation», «Marvel» киностудияларының таспаларында жоқ бірегей әрі барынша қызықты бейнелерге бай. Ол кейіпкерлерді батыстық стереотипті басып тастайтындай қызықты етіп беруге болады.
Рас, анимация инемен құдық қазғандай ауыр еңбек, секундына 24 сурет салынуы керек. Енді есептеңіз, бір минутта 60 секунд бар, ал 10 минутта 600 секунд болады. Сол 10 минуттық мультфильм үшін 14400 сурет салынуы керек. Осындай қажырлы еңбекпен туған туындыны телеарналарға кімнің тегін бергісі келеді дейсіз? «Сондықтан олар біз ұсынған бағадан бес есе арзан шетелдің мультфильмдерін алады. Онда да прокатының мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен ортанқол дүниелерін алады. Атын айтпай-ақ қояйын, маған бір телеарнаның басшысы «Том мен джери» мультфильмінің бір жылдық сериясын 7 мың теңгеге сатып алдық деді. Әрине, біз Уолт диснеймен таласа алмаймыз, бірақ сол Уолт диснейдің қоймасында шаң басып жатқан фильмді көрсетуден ұтарымыз не?» дейді Батырхан Дәуренбеков. Оның айтуынша, Қытай мемлекеті өзге елдің мультфильмдерін елге енгізуге тыйым салған. Ал біздің балаларымыз үшін «Шрек», «Спанч Боб», «Бетмэн», «Өрмекші адам», «Кунг Фу Панда» әлдеқашан идеалға айналып кетті. Олардан Ер Төстік, Толағай туралы сұрасаң мүдіріп қалатыны да содан.
«Бәріміз де бала болдық. Кеңес заманындағы мультфильмдерді көріп өстік. Ол мультфильмдерде ақ пен қараның күресінде қашанда ақ жеңіп шығады, содан да болар сол заманда патриоттар тәрбиеленді. Біз мемлекет басшыларына осыны жеткізгіміз келеді, бала болашағымыз десек, анимация саласын дамытуымыз керек. Бір сағаттық мультфильммен-ақ тұтас буынды тәрбиелеуге болады», - дейді Б.Дәуренбеков.
Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы анимация кафедрасының меңгерушісі Қайырғали Қасымовтың ел Үкіметінің қазақ анимациясына көмек беретін кезі туды деп санайды. «Мемлекет экономикасын бір жүйеге қойып алғанша өзімізше әрекет жасадық, ал енді мемлекеттің қазақ мультфильміне қолдау көрсету арқылы қазақ баласына көңіл бөлетін кезі жетті. Біздің қазақ ертегілері мен фольклорында баланы қалай тәрбиелеу керек екені жазылып тұр. Біз мультфильмдерге сол дүниелерді негіз етіп алсақ та жетіп жатыр. Сонымен қатар балалар жазушылары мен драматургтерді тартқымыз келеді» дейді ол.
Айта кетейік, жуырда «Сақ» киностудиясы жазушы Сәуле Досжанованың «Маймаққаз» атты сценарийіне мультфильм жасап шықты. Сценарий авторы мультфильмге немерем арқылы келдім дейді. «Бізде балалар әдебиеті кенже қалып отыр. Балаларды дұрыс тәрбиелеу үшін жақсы мультфильмдер түсірілуі керек. Үйдегі бала көз ашқаннан теледидардың алдынан шықпайды. Соған жақсы мультфильм керек, бұған жазушылар да атсалысуы тиіс» деген пікірін айтты С.Досжанова.
Біздің түсінгеніміз, анимация саласына қаржылай қолдау болса, жетіп жатыр. Соның бір мысалы, «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі. Бүгінде бұл фильмнің музыкасы балалардың ұялы телефондарында жүр. Міне, дәл осы киностудия жылына 15 минуттық 10-15 мультфильм шығаруға қауқарлы. Алайда тапсырыстың аздығынан жылына екі-ақ мультфильм шығаруда.
Аниматорлар 1 сағаттық мультфильмдер жасағысы келгенімен, оған жеке студиялардың ақшасы жетпейді екен. Сондықтан мемлекеттен қолдау күтеді. Олардың есебінше, орташа сападағы 1 сағаттық жақсы мультфильмге 5 млн доллар керек екен. Осы тұста айта кетерлігі, мемлекет қолдауымен жасалып жатыр деген «Ер Төстік» анимациялық фильмінің экранға қашан шығары белгісіз көрінеді. 2010 жылы қолға алынған бұл жоба ары кетсе бір жарым жылда экранға шығады деп еді. Алайда арада үш жылға таяу уақыт өтті, Ер Төстікті экраннан көре алмай отырмыз. Ал жекеменшік студиялар сол фильмді 1-ақ жылда жасап берер едік дегенді айтады.
Айтқанда, аниматор Адай Әбілдинов түсірген «Аңшы» мультфильмі 2010 жылы Ресей мен Украина бірігіп өткізетін «КРОК» фестивалінде майталман аниматорлардың оң бағасын алыпты. Бұл фестивальге соңғы 20 жылда бірінші рет қатысқан осы фильм болыпты. Ал былтыр аталған туынды «Бастау» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған. Ең қызығы, шетел мойындап, жүлде алған мультфильмді біздің телеарналар көрсеткісі келмейді. Соның салдарынан балаларымыз демалыс сайын шетелдің мультфильмдеріне телміруге мәжбүр. Сонда біздің телеарналар қай елге қызмет етеді?!
Аниматорлар қауымдастығы мемлекеттен қолдау керек дегенімен, қолдарында қазақ анимация саласын дамытуға бағытталған қандай да бір жұмыс жоспарлары жоқ болып шықты. Өзек жарған мәселелерін де әлі күнге бірде-бір депутатқа айтып көрмеген. Бұл міндетті баспасөз-мәслихатына келген БАҚ өкілдеріне ысыра салды. Ал біздіңше, анимация саласын дамыту мәселесі «Ақпаратты Қазақстан -2020» бағдарламасын талқылауға ұсынылуы керек секілді. Себебі аталған бағдарламаны талқылау кезінде қазконтент мәселесі де өткір көтерілген болатын. Сол мәселені шешуге аниматорлар да тартылса, қос тараптың да қала-ғаны жүзеге асар ма еді?..
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана
"Айқын" газеті