Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Алашорда 4541 0 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 10:58

Шәкәрімнің суреті қалай сақталды?

Шәкәрім Құдайбердіұлының бізге белгілі суретін қырық жылдай сақтап, ұлы Ахатқа табыс еткен кісінің есімі Шәукен. Шын аты – Оразғали Әбдуалиұлы деген тілі кеміс, мылқау адам болған.

Мұхтар Әуезовтің Шыңғыстауда туып өскен досы. Ойын ымдасып сөйлесу арқылы жеткізеді, шыдамы тауысылып кеткенде біртүрлі ащы дауысын да шығарып жібереді екен.  Бірақ, ауылдың адамдары ол кісімен ымдасып тілдесуге де қорқатын. Артына түскен «үш әріп» біліп қояды деп сескенетін. Жындылығы жоқ. Кесек денелі. Ұзын бойлы, қияқтай мұртты, әрқашан серілерше киініп, сұлу ат мініп жүретін кісі болатын. Өзі аңшы, мерген, атбегі, құсбегілігі де бар.

Қазір бір деректерде оның тілін қызыл белсенділер кесіп алғаны туралы айтылады. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды.

Шәукен ақсақал отызыншы жылдары НКВД жанынан құрылған ОГПУ-дың (Объединённое государственное политическое управление) басшысы Абзал Қарасартовтың атқосшысы болған.  Қыстың күні сол ОГПУ-дың от жағушысы болып жұмыс істеген. Оларға ішкі болып жатқан әңгімені, беріліп жатқан тапсырмаларды түсінбейтін адам керек болды. Бұл жұмысқа мылқау Шәукеннің тартылуы да сондықтан еді.

Сол НКВД жанынан құрылған ОГПУ-дың  қызыл үкіметі Шәкәрім қажының саятқорада саяқ жатып, 1915 жылдан 1931 жылға дейінгі жазған күллі еңбегін мылқау Шәукеннің қолымен қызыл жалынға тастатып, өртеткен.  Жазалаушы отрядты Абзал Қарасартов басқарса, сол отряд ішінде Шәукен ақсақал да болды.  Шәкәрімнің қалай атылып, қалай құлағанын өз көзімен көрген. Оқиғаның қалай болғанын ыммен көрсетіп, қажының қайғылы оқиғасын  жылай жүріп  айтқан деседі. Мүмкін, өліміне емес, артында қалған дүниесін өз қолымен өртегеніне қынжылған болар. Кім білсін? Мылқаудың жандүниесін кім ұққан?

Шәкәрім атылған соң, ОГПУ-дың  қызыл үкіметі оның артында қалған дүниелерді де құрту керек болды. Ешбірі халыққа жетпеуі тиіс. Белсенділер ақынның саятқорасына барып, кебеже-кебеже қолжазба, дорба-дорба кітаптарын түйеге теңдеп, ОГПУ мекемесіне әкеліп, Шәукеннің қолымен өртеткен соң, қалай дегенмен  мылқау, қара танымайтын сауатсыз адам ғой. Не өртеп жатқанынан хабары болмаса да әйтеуір құнды дүниелер екенін іштей сезсе керек. Оның артынан қызыл әскердің солдаты бақылап тұрады. Кітаптар мен қолжазбаларды бірінен соң бірін отқа лақтырып жатқанда бір кітаптың ішінен Шәкәрімнің суреті сусып түседі. Сол сәт Шәукен суретті жерден жылдам алып, ішігінің тысын жыртып, сол жыртықтың ішіне тығып, ОГПУ-дан алып шыққан. Кітаптарды өртеп бола салысымен, үйіне асығады. Әрқашан баппен, асықпай жүретін мылқаудың бұл қылығы белсенділерге оғаш көрінген соң, артынша барып Шәукеннің үйін тінтеді. Не іздеп жатқанын өздері де білмейді. Бірақ, Шәукен ақсақалдың үйін белсенділер үш рет астан-кестеңін шығарған. Осы кезден бастап, өлгенінше артынан аңду кетпейді. Ауыл адамдарының оған жуыспайтыны сондықтан еді.

Қария хат танымаса да, құжаттардың арасындағы фотосуретті көріп, сол 1931 жылдан 1960 жылдарға дейін жан баласына көрсетпей сақтаған. Естияр жігіт Шәкәрімнің жалғыз суретін қырық жыл сақтап, ұлы Ахаттың қолына береді. Бұл  бейне ақынның Меккеге аттану үшін төлқұжатқа түскен фотосы екен.

Шәукен ақсақалдың үйін ОГПУ үш рет тінтіп, әрбір қуыс, әрбір тесікті қараса да суретті таба алмайды. ОГПУ-ден алып шыққан соң, ақынның туыстарынан  бере қоятын ешкім таппай, Шәукен ақсақал суретті шешесіне апарып береді. Шәукеннің шешесі Шәкәрімнің суретін өзінің кебіні деп дайындаған ақ матаның ішіне орап сақтайды. Сөйтіп, Шәкәрімнің өзі ақ кебінге оралып жерленбесе де, суреті кебінге оралып бізге жетті.

Нәубет жылдары Шәкәрімнің төрт ұлының төртеуі де «халық жауының» баласы ретінде сотталған. Ахат Сібірге айдалды. Екі баласының бірі түрмеде атылып, сол түрмеде екіншісі қорлыққа төзбей өзіне-өзі қол салады. Ал, Қытай асып кеткен баласы Зият 1937 жылы атылады. Кейін Ахат ақсақал айдаудан оралып, 1960 жылдары Алматыдағы Әуезовтің жаңа үйге кіріп жатқан қоныс тойын тойлауға қонаққа шақырылады.

1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойыына Мұхтар Әуезов келеді. Тойдан кейін Мұқаң ел аралап қыдырыстап жүріп, Шәукеннің мылқау болса да аң-құстың тілін білетін керемет адам екенін көріп, аттанарында жерлестеріне «Шәукенді Алматыға ала келіңдер, менің үйімде қонақ болсын» деп тапсырады.

Мұхаңның үйіне Шәукенді қастарына алып Әрхам, Исрайыл Ақылбайұлы, Балташтар барады. Қонақасыға ел «өлдіге» санап жүрген Ахат Шәкәрімұлы да келеді. Ахат Шәкәрімұлы  сол отырыс туралы естелігінде өзі аталас туыс болып келетін Шәукен ақсақалдың қатты ыңғайсызданып отырғанын айтады. «Бірдеңе айтқысы келіп, көздері жасаурап, менен кешірім сұрайтындай қарайды»- дейді. Әлден уақытта ет желініп, сорпа ішіліп, дастарханға бата жасалып, ас қайырылғаннан соң бәрі қол жууға орындарынан тұрып тысқа шығады. Сол кезде Ахат ақсақал бөлмеде Мұхтардың жанында кідіріп аялдап қалады. Тысқа шыққан Шәукен қайта үйге кіріп, есік арасынан Ахат ақсақалды ымдап шақырады. Қасына келгенде Ахаттың байқағаны бір кінәсі бар адамдай Шәукеннің нұрлы көзі шер мен мұңға батқан қайғылы жасқа толы еді. Әкеңе араша түсе алмадым. Мен пақырды кешір дегендей. Иегі кемсеңкіреп, тынысы ауырлап, ентіккен адамдай қолы сәл-пәл дірілдегендей байыппен Ахаттың жүзіне зер сала барлап қарап алады да, қойынынан қимастықпен ақ матаға ұқыпты етіп оралған Шәкәрім фотосын алып шығып, сырт орауын ашып, кеудесіне қысып, бауырына басып, аузына апарып сүйіп аялап ұстап Ахатқа береді. Фотоны қолына алған Ахат ақсақал: «қайран мұқалмас қара нарым-ай! Баласы мен жасамаған жақсылықты сен жасадың! Шәукен бауырым..!» деп құшақтай алып, әке суретінің күтпеген жерден табылғанына қуанып, азалы ащы дауысы шығып, өкіріп жылаған екен.  Сол сәтте бірін-бірі құшақтап көрісіп, екеуі қосыла солқылдап жылайды. Мұндай тосын әрекетті күтпеген басқа адамдар жүгірісіп келеді. Ахат пен Шәукеннің жыласын көріп басында бәрі де түкке түсінбей тосырқап үрпійісіп қалады. Шәкәрім суретін көргенде ғана бәрі де Шәкәрім жаңа қайтыс болғандай жоқтау айтып, бірін-бірі құшақтап көрісіп, іштегі шер болып қатып қалған ішқұсаны сыртқа шығарады.

Жиналғандар  бәрі де өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныштан жыласып, Шәкәрімнің суретін сақтаған Шәукенге зор алғыс білдіреді. Шәукен ақсақал шешесінің ақиретте салатын ақ киіміне орап, тығып сақтаған суретті Алматыға «Ахатты тапсам берермін» деген оймен алып келіпті.

Бір-ақ, қадірлі Шәукен қария елге елеусіз, халыққа қалаусыз, биліктегілерге керексіз күй кешіп жұртқа жұғымсыз адамдай өмірден өтіпті.

1960 жылдары баяғы Шәкәрімнің досы Керімқұл жазалаушы отрядтың артынан аңдытып жіберген баласы Қабышқа Ахат ақсақал: «Не бауырларымның, не әкемнің сүйегін арулап қоя алмадым ғой», – деп кейіп отырғанында, Шәкәрімнің мүрдесі жатқан құдықты көрсетеді. Ахат алғашқы құлашын күрекпен қазып, әкесінің сүйектерін бүлдіріп алмау үшін  қалғанын қолымен қазып, жинап, бір шабаданға салып, Кәкітайдың баласы Әрхамның үйіне әкеледі.  Араға тағы 30 жылдай уақыт салып, 1988 жылы ақталған ақынның бүкіл сүйегін қайта құрап, жуындырып, арулап Жидебайдағы Абай зиратының жанына көмеді.

Шәкәрім өмірінің соңғы шағында Ахат  ұлына тәлім бере отырып: «Мынандай уақыт кезігуі де мүмкін – сен өмір сүру үшін біреуді ұстап беріп тірі қалуды көздейтін, бұндай істен сақтан, адал бол! Егер өткелге кісі салып өтсең тіріде өзім, өлсем аруағым разы болмайды» - депті

Бұл  суреттің тарихы осылай болған...

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

0 пікір