Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Айбын 4353 17 пікір 24 Мамыр, 2022 сағат 13:59

Әлем әскерін күшейтіп жатыр. Қазақстан ше?

Бүгінде әлем күрделі экономикалық және саяси өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатыр. Украинадағы соғыс – геосаяси жағдайдың шиеленісуінің басты көрсеткіші. Нәтижесінде, дүниежүзі қорғаныс қабілетін арттыру үшін әскери бюджетті көбейтуге кірісті. Осы тұрғыдан жуырда «Forbes» редакциясы Қазақстан әскерінің әл-ауқаты қандай екенін саралап көрген екен.

Наурыз айының басында «Reuters» агенттігі Еуропалық Одақ қару-жарақпен қамтамасыз ету және әскери технологияны дамыту мәселесінде тәуелсіз болу үшін қорғаныс шығындарын көбейтетінін хабарлады. 2021-2027 жылдарға арналған ЕО бюджетінде тиісті бөлім пайда болады. Аталған мақсатқа €13,1 млрд қарастырылған, бұл барлық шығындардың 1,2%-ын құрайды.

Ал наурыз айының соңында Жо Байден 2022 жылы АҚШ қорғаныс бюджетін 773 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Ол Конгресс ел қауіпсіздігі тарихындағы ең үлкен инвестицияны қолдауы керек екенін атап өткен. Сондай-ақ АҚШ президенті қорғаныс бюджетінде НАТО-ны қолдауға және Еуропадағы әскери тежеуді күшейтуге 6,9 миллиард доллар бөлу қарастырылғанын айтты.

Қытай билігі де 2022 жылы Ұлттық қорғаныс шығындарын 7,1%-ға, 229 миллиард долларға дейін арттыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Ресей әскери шығындарды жыл сайын арттырып келеді. Биылдың өзінде «Ұлттық қорғаныс» бөлімі бойынша қаржыландыру 3,5 трлн рубльді ($43,7 млрд) яғни бюджеттің 15%-ын құраған.

Әлемдегі әскерлердің жауынгерлік әзірлігін бағалау үшін GFP (Global Fire Power) зерттеу компаниясының Military Strength Ranking рейтингі бар. Рейтинг 50-ге жуық көрсеткіш бойынша жасалады. Олардың ішінде әскери қызметшілер саны, техникалық жарақтану деңгейі, қаржыландыру көлемі, заманауи технологияларды пайдалану дәрежесі және т.б. кіреді. 2022 жылғы қаңтардағы рейтингте алғашқы үш орынды дәстүрлі түрде АҚШ, Ресей және Қытай алып тұр.

Айта кетсек, Украина әскері бірден үш сатыға көтеріліп, 140-тың арасында 22-ші орынға ие болды. Қазақстан 64-ші орынға жайғасты, елдің әскери қуаты бір жыл ішінде өзгерген жоқ.

Сонымен қатар, Қазақстан қорғаныс саласына жұмсалатын қаржыны да ұлғайтып отыр.  Мәселен, 2021 жылы олар 10,9%-ға өсіп, 744,7 млрд теңгеге (1,7 млрд доллар) жетті.  Республикалық бюджетке сәйкес, биылғы жылы әскери шығындар шамамен 10 пайызға артып, 859 миллиард теңгеге (1,8 миллиард доллар) жетеді.

Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ күштерінің елге кіргізілгені бәрімізге мәлім. Осыдан кейін Президент Тоқаев Қазақстан армиясын реформалауды, сондай-ақ, оның қару-жарағын жаңартуды тапсырды.

«Әскерлерде әлі де кеңестік кезеңдегі қару-жарақтың көп бөлігі бар», - деп сынаған еді Мемлекет басшысы. Қаңтар айының ортасында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қорғаныс министрлігіне мүдделі органдармен бірлесіп, қарулы күштерді реформалау, сондай-ақ әскердің қорғаныс қабілетін түбегейлі арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050