Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Аласапыран 4978 11 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 13:38

Мен де қуғын-сүргін құрбанының ұрпағымын

«Ұлы әжемнің ерлігі»

Бүгін, 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні... Бұл күн мен үшін де, мен сияқты әр қазақ үшін де ерекше қасіретті күн...

Негізі бұл екі қанды тарихты - бөлек-бөлек еске алсақ, Құдайдың күні қысқарып қалмас еді, себебі екеуі екі бөлек тарих, екі бөлек қасірет еді.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен бастап, үш реткі ашаршылық, қуғын-сүргін, Сталиндік репрессия, Тыл жұмысына салу т.б. 1954 жылғы тың игеруге дейінгі барыста 7 миллионға жуық қазақ қырылған екен, егер бұл қанды қырғын болмағанда біз бүгінде 10 миллион емес 100 миллион халық болып, Орта Азияда ежелгі Ғұн, Сақ империяларының нағыз жалғасы болар едік.

Міне осылай қазақ халқы - әлемде ешбір ұлттың басында болмаған ауыр геноцидті басынан өткерді.

Ашаршылық - бұдан артық қорлық барма? Қолыңдағы наныңды тартып алып, қасыңдағы ағып жатқан судан су ішкізбей, аштықтың ауыр азабын тартқызып, ұрпағын аман сақтап қалу үшін өзге жаққа бас сауғалағандарды атып өлтіріп, қашырмай, қамап, аштыққа қалдырып, бірінің етін біріне жегізіп өлтіру - қандай жауыздық, қандай қатігездік деші, осындай қорлықты қазаққа жасаған ұлттың тілінде сөйлеу қандай өкінішті...

Осы зұлматтың зардабын тартқан қазақтың бір ұрпағы менмін...

Ұлы Әжемнің (әкемнің әкесінің шешесі) 1929-1930 жылдардағы басынан кешкен әңгімесі.

Ұлы атам (Әкемнің әкесінің әкесі): Бейсенбай Наурызбайұлы - әкесі Наурызбай қазіргі шығыста Нарынқол, батыста Асы, оңтүстікте Қарақол, солтүстікте Жаркент алқабында Би болған адам екен (ол бөлек әңгіме).

Бидің баласы болғасын Бейсенбай атамыз да ауқатты, бай, Қытай мен Ресей ортасында керуен тартқан Керуен басы болған. Атамыздың үш әйелі болған, бәйбішесінен: Құсайын, екінші тоқалынан: Емілбай, Биназар, Үшінші тоқалынан (Секер) Әріпбай (менің атам), Бақтыбай, Бағашар сынды алты баласы болған.

1850-60 жылдары қазақ жеріне Патша үкіметі үстемдік еткеннен бастап, қазақ даласына білгенін жасады, түрлі алман-салық, кейін тіпті, 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарды жұмысқа күштеп алып кететінді шығарды. Сол кезде Жетісуда Патша үкіметіне қарсы тұңғыш оқ атқан 1916 жылғы әйгілі «Қарқара көтерілісі» немесе «Албан көтерілісі» бұрық етті.

«Албан көтерілісінде» 16 болыс Албанның әр рулары атқа қонып, Патша үкіметінің «Тыл жұмысына 19-43 жас арасында ер адамдарды беру» жарлығына қарсы, Патша әскерімен қиян-кескі шайқас жасады. Осы кезде менің атам да атқа қонады. Олар тауға жасырына жүріп, орыс әскерлерімен ұрыс жасайды. Ауылдағы бала-шаға, кәрі адамдарды аман алып қалу үшін, оларды Қытай жақтағы ата қоныстарына соғысып жүріп, өткізді. Неге екенін білмеймін, атам отбасын Қытайға өткізбей, үш әйелін үш жаққа қоныстандырып, кіші тоқалын Іленің бойына қондырады. Сол кезде менің атам Әріпбай өмірге келеді, бұл 1916 жылдың жазы екен.

Патша үкіметі Албан көтерілісшілерінің бәрін жаныштау үшін қосымша әскерлерді төгеді. Оған қарсы қазақтың небір мықты азаматтары атойлап алға шығады. Әйгілі Зуқа батыр, Мергенбай батырлар т.б. Ол батыр аталарымыз туралы да көптеген естеліктері бар, соның ішінде ерекше айтатын Көкімет деген батыр атамыз «Үкімет үкімет пе? Көкімет үкімет пе?» -деп, Патша әскеріне қарсы соғысқанын күні бүгінге дейін ел арасында аңыз етіп айтып жүр. Соғыс 3-4 айға жалғасады, ақыры қарулары мен саны көп Патша үкіметінің әскерлері Албан көтерілісшілерінің қырғанын қырып, ұсалғандарын сібірге айдайды. Атам қатарластарымен бірге Қытай жақ шекараны паналап, жасырынып жүріп аман қалады.

1917 жылы Патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнайды. Халық қайтадан тіршілікке көшеді. Кеңес үкіметінің қолдан жасаған бірінші реткі ашаршылығынан қырылып, аман қалғандары екінші реткі ашаршылығын бастан өткереді.

1929 жылы басталған үшінші реткі ашаршылық қазақ даласында қатты болыпты, ашаршылық басталғанда көп ел Қытайдағы ата қонысына ауады. Мұны сезген Совет үкіметінің жендеттері әскер жіберіп, қашқан халықты қырып салады. Елдегі атқамінер азаматтар енді Совет әскерлерімен шайқасады, шайқаса жүріп, ел көшіреді. Түнде көшіп, күндіз қарағайға жасырынады. Сондай бір күні көшіп келе жатып, көштің арты таң ата бере қарағайға жете бере, бір апамызға оқ тиіп, алдындағы емшектегі қызымен аттан ұшып түседі. Әскерлер қаптап келеді, бәрі қарағайды өрлеп, қашады. Әскерлер кеткенде, көмусыз қалдырмайық деп, 3 күн күтіп отырады. Үш күннен соң алыстан қараса, емшектегі қызы жыбырлап жүр екен. Қасына келгенде қыз өлген мамасын қанымен бірге еміп, жатқанын көреді. Апамызды жерлеп, қызды алып кетеді, кейін сол қыз өле-өлгенше ақыл-есі кем болып, өмірден өтті.

1930 жылдары ел арасындағы батырлар Совет әскеріне айтарлықтай тойтарыс беріп, халықты көптеп көшіреді. Соларды толық жою үшін Совет үкіметі қосымша бір полк әскерлерін Қырғызстан арқылы жібереді. Сол кезде қырғыздан Нарынқолға өтетін өткелде біздің аталарымыз орыстың бір полк әскерін жайратып, қаруларын сыпырып алады. Артынан Совет армиясы топ-тобымен келіп, ақыры көтерілісшілерді жаныштап, біразы Қытайға қашып құтылады. Ал менің атам бастаған адамдар ұсталып, оларды Нарынқолдан Сібірге айдаймыз деп, алып бара жатып, Шонжының басында Ілеге жақын бір шұңқырға 40-50 адамды атып тастайды. Талай күн айғайлаған дауыстары шығып жатады, бірақ ешкім барып құтқаруға батылдары бармайды.

1930 жылы атамыз Совет жендеттерінің қолынан атылған соң атамның тоқалының үйіне өзге туыстары да жолай алмапты. Көбі Қытайға ауып кеткен, Ұлы Әжем 3 баламен қалыпты, үлкені 14 жаста, екіншісі 12 жаста, үшіншісі 2 жаста екен. Ұлы Әжем сол кезде қазіргі Шонжыға жақын, Іленің бойында киіз үй тігіп отырады екен. Атамның бәйбішесі мен екінші тоқалы қайтыс болып кеткесін, олардан тараған ер жеткен 3 бала елдің ішінде болып, оларды көшпен бірге Қытайға өткізіп кеткен екен. Атамыз атылардан бұрын әжемізге: «Егер мен ұсталып кетсем немесе өліп кетсем, саған елден ешкім көмекке келмесе, сен Қытай жаққа Қалжат арқылы амалдап өт, сол жақта Шапшал деген жер бар, соның Көмір шығаратын жерінде менің досым бар соны тап», - деп өсиет айтады.

Атамыз ауқатты, бай болғасын, тоқалының отауында алты қанат ақ үйі, бір ақ атаны, жорға аттары бар екен. Атамыз атылған соң, «байтал түгіл, бас қайғы» болып, көбі Қытайға өтіп, туыстардан әжемізге ешкім келмепті. Әжеміз өте өжет, біреуге жалынбайтын, аз сөзді адам болған екен. Елден ешкім келмегесін, әжеміз бір күні түнде, ақ атанды өзі қомдап, үйдегі керек болатын байдың керемет көрпелері мен құс жастықтары т.б. бәрін ақ атанға артып, ошаққа отты жағып, мосыны асып, киіз үйдің есігін түріп, үш баласын алып, бір жорға атқа үлкенін мінгізіп, өзі бір жорғаға мініп, алдына кішкенесін, артына ортаншысын алып, түйені жетектеген түнімен Қытайдағы Атамның өсиеті бойынша Шапшалға қарай жол тартыпты.

Таң ата шекараға жақындапты, сол кезде алдынан Қытай шекарсына орналасқан Моңғол қарақшылары шыға келіпті, олар күмістелген жорға атпен, оюлы сырмақ, жастықтарды көріп, көздері тұнып кетіп, әжемнен бәрін тартып алыпты. Әжем негізі өте ірі денелі, балуан кісі болған (мұндаға дейін көп ел «Ұлы Әжең өте ірі болатын, ауылда ер-әйелдің бәрі қорқатын, атын атамайтын, өзі тек айран ішіп, талқан жеп отыратын, сенің атаң (баласы) да дәу еді» - дейтін, менің әкемнің інісі сол кісіге тартқан балуан, әрі ат аударыспақтан ауылда мықты еді. Әкемнің әпкесінің баласы ауданда балуан, чемпион болған. Сол әжелеріңе тартқан дейтін бәрі. Қалмақтар әжемнің аттарын тартып алып, түйені де алғанда әжем түйенің үстіндегі құсжастықты жерде тұрып жұлып алып, жыртып-жыртып шәшіп жіберіпті.

Қалмақтарға атты беріп, жаяу қалған әжеміз ары қарай 2 жастағы баласын көтеріп, екі баласын ертіп, күн-түн жүреді. Бір күні таң ата бере қараса, ортаншы баласы жоқ, артында еріп келе жатыр деп жүре беріпті, сосын қолындағы 2 жастағы баласын үлкен ұлы - менің атама ұстатып, өзі іздеп кетіпті, түс ауа баласын тауып алып келіпті, сүйтсе баласы шаршап, жолда ұйықтап қалыпты.

Сөйтіп жүріп Шапшалдың Көмір кеніне жетіп, әлгі атамыз айтқан досын тауып, сол кісі екі бөлме үй беріпті, (кезінде атамыз керуен тартып жүргенде ол кісімен танысып, өзі де талай көмек берген екен) әжеміз үш баласымен сол үйде тұрып, алғаш сиыр бағып, сосын көмір кенде жұмыс істепті, марқұм.

1929-1933 жылдары болған ашаршылықта қырылғаны қырылып, Қытайға қашқаны Қытай жеріндегі өздерінің ата қонысына барып отырақтасқан екен. Себебі ол жақта бұрыннан туыстары, өздерінің қора-қопсысы, жұрттары болған екен.

Біздің ел ата қонысымыз - Текес ауданының Суасу, Ортамыс, Шетімыс ауылдары, Ақшоқы жайлауларына орналасыпты. Ел орнығып, есін жинағасын, біздің ауылдың мампаңы (ауыл әкімі-ау) Тыныбай мампаң атамыз елін жинап, өмірден өткендерге құран оқытып, туыстарын түгендеп, әр жерде қалған туыстарының басын қосуды қолға алады.

Тыныбай мампаң, Наурызбай бидің баласы, Бейсенбайдың кенже тоқалы Шапшал ауданындағы Көмір кенде екенін ел-жұрттан сұрап біледі, сөйтіп әжемді алып келуге бірнеше атты жігіттерді жібереді. Текес ауданы Суасу ауылы мен Шапшал ауданы көмір кені шамамен 150 километр болуы мүмкін, бірнеше күннен кейін аттылар сұрастырып жүріп, Шапшал Көмір кеніне келіп, әжеме «Мампаңның жібергенін, алып кетуге келгенін» айтады. Әжем: «мені кезінде жұртқа тастап кетіп, енді мен керек болып қалдым ба? Бармаймын, балаларды мен өлгенде алып кетсін!», - деп қасарысып бармай, алып кетуге келген жігіттерді қайтарып жібереді.

Суасуға жігіттер құры қол келеді, Тыныбай мампаңға бар жағдайды айтып береді, «ол өкпесі жөн»- деп, мампаң екінші рет ауылдың ақсақалдарын қосып тағы жібереді. Олар сонша алыстан келіп, әжемізге қанша жалынса да, әжеміз айтқанынан қайтпай, бармай қояды. Тыныбай мампаң енді бір амал табады, бір күні жігіттерді жинап «Сендер Шапшалға барып, Дәу апаларыңды аңдыңдар, ол жұмысқа кеткенде балаларды үйден алып қашып келіңдер, балалар келсе қайда барады», - деп бірнеше жігітті жұмсайды.

Әжеміз Көмір кенде жұмыс жасап, біраз ақша тапқасын, неше айлап жарытып тамақ ішпеген байдың балаларына бір ет асып берейін деп, жаяу Көмір кеннен Құлжа қаласына ет алуға және басқа да зат алуға кетеді. Дәл осы кезде әлгі мампаң жіберген жігіттер келіп, балаларды алып кетеді де, Көмір кендегі адамдарға айтып кетеді.

Әжеміз Құлжадан жылқының етін алып, түнделетіп «балаларым бір мәз болатын болды», - деп үйіне келсе балалар жоқ, жүгіріп көміршіден сұраса болған жәйді айтыпты. Әжеміз ашумен, тоқта десе де тоқтамай сол уақытта жолға шығып, күндер жүріп, Текес Суасуға жетіпті. Әжеміздің келетінін біліп, дайындалып отырған мампаң ауылы әжем келгенде бүкіл ауыл болып, әжеміздің аяғына жығылып, кешірім сұрап, той жасап, әрең алып қалған екен. Содан бастап ол ауылда әжемнің алдын ешкім қия өтпейтін, мұндаға дейін апаларға дейін әжемнің атын тергеп, әлі күнге дейін келіндерге ататқызбай отыратын.

Бүгінгі сол бір алапат заманды еске алу күнінде, менде сол зұлматтың куәсі болған қайсар да қажырлы әжемді еске алып, естелік жаздым. Қасиетіңнен айналайын әжемнің сол ерлігінің арқасында, өлім мен өмір арасында арпалысып, жетектеп жүріп жеткізген 3 баласынан бүгінде 17 немере, 46 шөбере, 100 ден аса шөпшектер өрбіді. Аллаға шүкір, әже сенің «ұрпағымды аман сақтайын» деп, жаныңды салған арманың бүгін орындалды. Мен өзіңдей ұлы адамның ұрпағы болғаныма мақтанамын, сенің ерлік рухыңнан қуат аламын!

Біздің арғы атамыз әйгілі Қарақұл батыр, ол кісі туралы сонау Совет үкіметі кезінде кітап шыққан. Қарақұл батыр 9 әйел алған, әйгілі Жоңғар шапқыншылығында 30 баласының 17 сі соғыста өліп, бүгінде 13 баласынан ұрпақ тарайды. Қазір біздің ата қонысымыз Шонжының Сүмбе ауылында Қарақұл батырдың сонау 1990 жылдары қойған мүсіні бар.

Бұл сол кездегі әр бір қазақ отбасының басында болған қанды тарих еді...

Қыдырәлі Оразұлы,

Ұлыбритания, Лондон қаласы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048