Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 4396 4 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 15:57

Ахаңның бастауыш мектепке қатысты ұстанымдары

Ақымет Байтұрсынұлы: «Әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуы керек. Яғни, қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш болуы керек», - деген болатын.

Ұлт ұстазының бұл айтқаны да әлі орнына келген жоқ. Бізде бірінші сыныптан бастап орыс және ағылшын тілдері оқытылады. Әлі діні қатпаған балаға өзге тілдерді бірінші сыныптан бастап қатар оқытып, баланың басын қатырып отырмыз. Бұны жаулық десе де болады.

Ақаң бастауышта берілетін білім жұрттың бәріне тегіс керек функционалдық білім болуы керек деген: «Бастауыш мектептен оқығандар писарь, инженер, агроном болар демей, ең әуелi, қазақша толық хат бiлетiн дәрежеде болуын көздеу керек. Бастауыш мектептен үйренген бiлiм әрi оқимын дегендерге негiз боларлық жағын көздеу керек. Яғни сағаттың көбі оқу, жазу және сөйлесуге үйрету үшін бөлінуі тиіс.

Ал біздің қазіргі білім жүйемізде керегі жоқ, артық пәндер бар.

Ахмет Байтұрсынұлы бастауышта қандай пәндер оқытылуы керек екендігін сол кездің өзінде-ақ көрсетіп берген еді. «Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нəрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа-кəсіп, жаратылыс жайы». Ақаң ұсынған пәндер саны мен сапасы жағынан қазіргі заманда Жапонияда оқытылатын пәндерге жақын келеді.

Жапондар да бастауышта (бірінші сыныпта) осындай шамада аз-ақ пән оқиды. Біздің қазіргі мектеп бірінші сыныпта 12 пән оқытады.

Бастауыш мектепте үйренетiн бiлiм жұрттың бәрiне тегiс керек бiлiмге жатады. Адамға тiл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетiн бiлiмдер де дәл солай керек. Бүгінгі заманда хат танымаған адамның күйi, тiлi я құлағы, я қолы жоқ адамның күйiмен бiрдей дейді ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлы.

Қазіргі функционалдық білім деп жүргеніміз осы.

Ең әуелі, қазақша толық хат білетін дәрежеде болуын көздеу. Ақаң оған аса мән берген: ұлт тілі, оқу, жазу - бірден үш пән арнаған.

Біз ұлт ұстазының бастауышқа қатысты ұстанымдарын сақтауымыз керек. Ең алдымен отызыншы жылдарға шейінгі шыққан оқулықтарды қайта қарап, кәдеге жаратуымыз керек.

Екінші - бастауышта бала тек қазақша оқуы керек деген Ақаңның принципінен аттамауымыз керек.

Үшінші – біз бүгінгі бастауышта оқытылып жатқан пәндерді қайта қарауымыз керек. Жер бетінде ұлт болып қалудың жолы осы. Балам дейтін жұрт болмаса, ертең жұртым дейтін бала қайдан шықпақ.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036