Бейсенбі, 18 Тамыз 2022
Болған оқиға 2186 4 пікір 2 Маусым, 2022 сағат 16:58

«Қызылағаш қаһарманы»

(шетін оқиға)

Кезінде дүйім елді дүрліктіріп, әрбір адамның құлағын елеңдеткен, ауыз біткенді сөйлеткен айтулы оқиғалар, кейін жым-жылас ұмыт қалып жатады. Соның бірі, біраз жыл ғана бұрын болған «Қызылағаш қырғыны».

Еске түсірейік, Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауынан ағып түсіп Балқаш көліне құятын жеті өзенмен аталған Жетісу өңірі. Іледен кейінгі сол жеті өзеннің екеуі Көксу мен Қаратал Талдықорған қаласының шығыс түстік жағында. Одан кейінгілері Ақсу, Сарқан, Басқан, Лепсі шығыс теріскей тарапқта тізбектеле қатар ағып жатыр.

Міне, осы өзендердің аралығындағы Қапал мен Ақсудың ортасында Алматы мен Өскемен күре жолы бойындағы кең төскейде Қызылағаш ауылы бар. Қызылағаш ауылын бүкіл Қазақстанға танытып қана қоймай, әлемдік «Табиғат катаклизмі» бағдарламасында төрткүл дүниеге әйгілі еткен оқиға не еді?!

Мылтық атылмай адам өлімдері болған, бомба түспей бір елдімекеннің тұрғын үйлері қирап қалған, адамдар босқындыққа ұшыраған...

Әрине, енді еске түседі, биік таудағы жасанды су қоймасынан құлаған алапат су тасқыны, жолындағыны түгел сыпырып-сиырып кеткен дүлей сел!

Осыдан келіп «Қызылағаш қырғыны» деген сөз тарады, бұл сөз қаншалықты шындыққа жақын? Қазақы түсінікте «қырғын» деген сөз өте үрейлі, өйткені жүздеген-мыңдаған адамның аз уақытта қырылып қалуы, із-түссіз жоғалуы... яки тұрғындардың мал-мүлкі көз алдында қирап, жоқ болып жарамсыз болуы.

Егер, осындай оқиғадан кейін деректі, нақты ақпарат болмаған жағдайда адамдардың бір[1]біріне айтқан «ұзынқұлақ хабары» ілезде жайылғанымен қоймай, удай «тұздықталып», бас шайқатардай «ащыбұрышталып» кететіні бар.

Бәлкім содан да болар, «Балқаш көлінің сел барып құйған батпақты жағалауы адам мүрдесі мен малдың жемтігіне толып жатыр, кейбір үйден бір адам да аман қалмаған, сел ағып өткен ауылдың жұртында бұрын қора-қопсы үй болған белгі де жоқ, жым-жылас...» Бұл астым-үстім хабарға елдің күмәнді болғандары мен сенгендері қаншалықты екенін ажыратып айту қиын, қиын болатыны оның таралған ауқымының кеңдігі, жалпылай тарап кеткендігі.

Сондықтан, нақты жағдайға көз жеткізудің бір жақсы жолы бар, әрі бірден-бір жолы десе де болады. Ол – соны көзімен көрген жеке куәгермен жолығып, соның айтқанын талқылау ғана. Өйткені, «ұзынқұлақтың хабары» қаншалықты жалпы әрі ауқымды болса, бұндай жеке хабар соншалықты жалқы әрі жететін ауқымы да кең емес.

Енді, анандай «ұзынқұлақ хабарға» «ылқа тойып алған» біреуге былай десек, сенер ме, еді?

«Түн ортасында ауылға алапат сел кіріп келген кезде, бір үйде екі қария үйден шықпай қалып қойған. Екеуі ағалы-інілі екен, інісі жүре алмайтын аяғы кем де, ағасы жүре алатын тың болса да інісін жалғыз тастауға қимай қасында қалған.

Екі қария арасы жарты құлашқа жетер-жетпес ас үстелінің екі жағында біріне-бірі қарма[1]қарсы кеңесіп отырыпты. Сөйтіп, бір кезде дауысы күркіреген үрейлі селдің тасқыны тасыр-тұсыр етіп терезені бұзып-жарып кіріп келген. Отырғандарды қас пен көздің арасында тыныс алуға да келтірмей айдаһар секілді бүктетіле бұлқынған толқын іле жөнелген.

Сонда, қарияның үлкені терезенің жақтауынан шап етіп жабыса кетіп селге ақпай қалған, ал дәл алдында отырған әлгі інісін қарала толқын көз ілестірмей бүктеп әкеткен де, үйдің ішіндегі тоңазытқыш, диван, төсек-орын ауыр-жеңіл нәрседен ештеңе қалмаған, терезеге жабысқан қария ғана тірі қалған...»

Енді, осы сену де, сенбеу де қиын жалқы хабарды нақты дерекпен айтып көрейік дегем-ді. Үйге терезден кіріп келген айдаһар-селдің аранынан аман қалған адам жасы тоқсаннан асқан Мәді мұғалім деген кісі еді. (Суретте дәл қазіргі кезі)

Менің жерлесім, бастауыш мектептегі алғашқы ұстазым. Осы көпті көрген қарт мұғалімнің нақ көзімен көрген сел апатын өз сөзімен баяндап берейік.

Ел орынға енді, отыра бастаған кешқұрым кезде көшеде айғай-ұйғай шығып, бір абыр[1]сабыр білінгеніне елегізіп отыр едім, жақын көршінің біреуі үйге асығыс кіріп, ауызғы үйде жүрген кемпіріме бірдеңе айта сала, шығып кеткендей болды.

Біраз уақыт өте кемпірім келіп, тұсымыздағы таудан сел түсетін секілді, адамдар жиылып мектептің екінші қабатына шықсын, деп жатыр деген шала-пұшық хабар жекізді. Үйдегілер киім-кешектерін қарбалас киініп, асығыс-үсігіс көшеге қарай жүгірісіп кетті. Ауылдың шет жағындағы інімнің үйіне қарай таяғымды шошаңдатып мен де жөнелдім. Барсам, аяғы кем кәрлік те меңдетіп қалған інім төр алдындағы биік үстелдің жанында жалғыз шошайып отыр екен, мені көріп шешесі келген баладай жалпылдап сөйлеп, мәз[1]мәйрам болып қалды.

Қолындағы ұлы мен келіні және немерелері бәрі әлгі мектептің екінші қабатына шығып сақтануға кеткен, дейді. Ұлы болса, бала-шағаны апарып тастап, қайта келіп арқама көтеріп әкетем, деген одан әлі хабар жоқ. Ол келіп мені көтеріп алып жүрсе, сен де бізбен ілесесің ғой, деп көңіл баяғыдай, кәнсерт көретіндей желпініп қояды. Қатер келе жатқаннан қаперсіз, тойға баратын адам секілді көтеріңкі.

Үйдің бұрышындағы теледидар сандықшасында фильм сияқты бірдеңе шығып, құлағы мүкіс інім барынша жаңғырықтырып қойыпты. Сол жақ қапталдағы қабырғадағы диванның үстінде балалардың киім-кешегі мен ойыншықтары шашылып жатыр.

Теледидарды өшірттім, сыртқа құлақ салдық. Бағанағы айқай-ұйқай сап тиылған, көше тым-тырыс. Осы ел босқа дүрлігіп жүрген жоқ па, сел келсе баяғыда келетін болды ғой, деген бейғам ой да көкейімізге орнығып, жайланып қалғандай болдық.

Бір байқасақ, ағалы-інілі екеуіміздің баяғыда басымыздан өткен қауіп-қатерлі оқиғаларды кезектесе айтысып әңгімеміз де өзара жараса бастапты.

Мына қасымда отырған ініме шешем жүкті жылы жазда, мен бесіктен әлі шықпаған бір жасқа енді толатын кезімде, түйемен жайлауға көшіппіз. Тулайты жайлауының тіреме басына бартын жолда асты шыңырау, арынды өзен ағып жатқан қысаң-қия тар соқпақ болыпты. Атты адам да, жүкті түйе де әупірімдеп өтеді, басқа барар жер, жүрер жол жоқ. Шешем түйелі көшті жетелеп алда болған, бесік өңгеруге жөні жоқ, күні таяған, содан бесіктегі мені ең артқы түйенің үстіндегі жүкке таңып қойған екен.

Тізбектелген түйелі көш қияның дәл ортан беліне барған, шыңыраудың нақ тұсына келгенде көштегі түйелер кимелесіп қалады. Талай-талай өткен қиын жолдан кәрі атандар барынша сақтықпен табан тіреп, тырп етпей тоқтай қалып, қашан алдыңғы түйелер бұйдасын созып жүргенше тоқырайтын аз мезет бар.

Бірақ, ең соңғы бесік таңылған жас іңген кілт тоқтай алмағандықтан алдыңғы түйеге кимелеген сәтте, артқы аяғы қатар қия жолдан шығып мүлт кетсе керек. Көзді ашып-жұмғанша бұйдасы үзіліп төмендегі көз көрім шыңырауға жүк тиелген, бесік таңған інген сорлы, сатыр-күдір құлап жөнелген.

Осы көштің артынан өкшелей келе жатқан тағы бір көшті жетелеген әйелдің көз алдында балалы бесік таңылған түйенің төмендегі құзға ұшып кеткені үрейін ұшырғаны сонша  «Құлаған түйемен бірге Мәдіні бөлеген бесік бірге кетті!» деп шырқыраған дауысы сайды жаңғыртып, артта мал айдап келе жатқан аттылардың құлағына анық шалынады.

Олар да жалма-жан ат басын кері бұрып сай табанына жедел жетуге жанталасып қой-сиыр айдаған тақыр жолдың шаңын бұрқырата өлген-тірілгендеріне қарамай құйындата шабады.

От көсегендей қысқа уақытта сай табанына сатырлатып келіп түскен жігіттер құлаған түйенің тұсы сонау жоғарыда қалғанын шалт пайымдап, ақ өркештене тулай ағып жатқан тау өзенін жалт-жұлт ете тінте қарап, жіті бақылаған сәтте дәл тұстарына таман таяп қопаңдап ағып келе жатқан бесікті көреді.

«Бесікті қалай ұстау керек!?» Өзенге жаяу түссең бесік ұстамақ түгіл өзің қоса кетесің! Атпен түсуге өзен арнасындағы иін тіресіп жатқан қойдай-қойдай жұмыр тастар жол бермейді, ат аттап баса алмайды!

Амал құрығандай... Өзеннің жайдақ жеріне дейін әлі екі-үш шақырым бар, оған дейін ішіндегі сәби не болады! Осындай арып-таласқан ойдан үш-төрт жігіт не істерге білмей тұрған сәтте дәл тұстарына таяп, көз алдына келген бесікті анық байқайды.

Бесікті орай жабылған көрпеше сол қалпында, ашылып-сиырылмаған. Бір жасқа таяп қалған бала бұлқына-бұлқына қол-бауы шешіліп кетіп бесіктен салақтай қалса, сыртқа шығып қалмауға қам жасаған шешесі көрпешені барынша тұмшалай таңғаны мәлім. Әйтеуір, сәби суға кетпеген, бесіктің ішінде екені анық болды. Жеңіл тал бесік, қайықтан бір кем емес, өркеш-өркеш тасқындардың жоғары-төмен аласұрған жылдам ағысымен зымырай жүзіп келеді.

Енді бір сәтте, дәл алдарынан да зу етіп өте шықпақ. Жан қысылды, амал түгесілді. Тосып тұрған жігіттердің дәл тұсына таяған сәтте өзеннің қақ ортасындағы ұзынынан сұлап жатқан алып ақ өгіз іспетті үлкен жұмыр тасқа тіке келіп соғылған бесік тіреле тоқырады. Арт-артынан келген көбікті тасқын тастың екі жағына жарыла ағып бесік қалт-қалт етіп тасқа сүйеніп тұрды. Қас-қағымдай қарманып қалар сәт!

Бесік жоғарыдан көрінгенде-ақ, атының шылбырын беліне қазықбау шала тас қып байлап тұрған қаршығадай шағын денелі Қоспақ суға қарай көз ілеспейтін жылдамдықпен атылып барып бесікті бас салды. Мұндай шалт қимылды ілезде ұққан жігіттер де, шылбырды шірене, осқыра шегінген атты сағалдырықтан шап бере ұстап тырп еткізбей ұстай алды. Қалған екеуі Қоспақ байланған шылбырды апыр-топыр тартып, су жағасына да жалма-жан шығарып әкелді. Қоспақтың қолы бесіктің арқалығы мен имек басына тастай жабысқан екен, сірескен саусақтарын әзер жазды.

Су сіңген бесіктің жабынды көрпешесін шешкенде тұрған жігіттер бір мезет таңдана қарап тұрды да, соңында мәз-мәйрам қарқылдай күлісіп кетті. Бір жасар Мәді түйемен бірге таудан құлағынынан да, өзенге аққанынан тіпті бейқабар секілді, ішіне су кірмеген сәл дымқыл тартқан бесікте қәнен-қаперсіз, пыс-пыс ұйықтап жатыр.

Мәді өзі бұл жайлы еш білмейтін, басынан кешкен осы қатерлі жағдайды бесік қуғандардың ішінде болған немере ағасы Жаскерей қолмен қойғандай айтып бергені, сондай қос қатерден де аман қалғанын еске алып тағы бір жаңғыртып өткені осы еді.

Жоқ, осы әңгімені айтқан кезде қатерден аман қалғаны бұл ғана емес екені, ес біліп жігіт болған, жас жасап егде тартқан кезінде де өте көп қатерден аман қалғаны көз алдынан тізіліп өтті.

Жиырма жасында әскерге барып, қыста үш әскер шекара сызығын атпен шолып келе жатқан күні ақбұрқақ боранға ұшырап бір-бірінен адасқанда, Мәдінің аты қорымға түсіп, өзі түйеқорымның үңгіріне құлап, ертеңінде кеште іздеуден табылған үшеуден үсімей тірі табылған жалғыз өзі еді.

Мектеп мұғалімі болып жүріп, қырық жасқа таяған кезде биік таудан ағаш-отын артқан жүк мәшиненің кабинасында келе жатып, тежегіші ұстамай төмен қарай оқтай атылған көлік тау етегіне дейін сау-тамтығы қалмай қирап, дөңбектер тау төскейіне түгел шашылып, мәшине маторы бір жақта, кузобы бір жақта, кабина өз алдына доп-домалақ доп секілді болып қалғанда аяқ салып отыратын аядай қуыста тырнағы да сынбай сап-сау қалғаны тағы бар.

Қариялық жасқа келген кезде жазғы демалыста жайлауға шығып, ауыл ақсақалдарымен бірге қымыз ішіп қыдырып келе жатқанда, Қобданың аяқ астынан соғатын құтырық құйыны жақын қалған ауылдың сыртындағы қызылала палатка-шатырды ұшырғанынан астарындағы аттары тасыр-тұсыр, құны-перен жалт беріп үріккенде бейғам келе жатқан Мәді атынан аунай құлап, бір аяғы үзеңгіде кетіп, текпіленген атпен бірге сүйретіледі. Енді, ердің де аттан сыпырылмайтынын, аяғы да үзеңгіден шықпайтынын шалт түйсінген Мәкең, үріккен аттың артқы санынан шап беріп ұстап, құшақтай орап жабыса кеткен. Қанша үріксе де, артқы санына жабысып алған ауырлықтан аты әбден талығып, титықтап тоқтағанда, артынан қуғыншылар келгенше тері тамшылай қалшылдап тұрған аттан қолын айырмай, тағы да мертік-шартықсыз сау қалған-ды. О, есте қалғаны, қалмағыны бар тағы қаншама ұсақ, кесек қатерден аман қалғанын айтып тауыса алмас...

Осы әңгімелерін Мәкең тұрғыластарына кезі келгенде талай айтқан-ды. Бәрінің сұрайтыны «Әй, айтатын дұғаң бар шығар бізге де айтсаңшы!» дейтін. Сонда, шешесі жарықтықтың құлағына үнемі құйған, өзі қалт жібермей орындаған аманат сөзін еске алатын. «Қарғам, қайда жүрсеңде дәретің болсын, аяқ-асты пәледен періштең қорғап жүреді» дейтін.

Бұған өз басы күмән келтірген емес, енді де тоқсанға келген жасында мына сел апатын тосып отырғанда туған інісіне тағы соны ескертейін деп, ауызын аша бергені сол еді... тыныс алуға да келтірмей гүр ете түскен, күркіреген үрейлі дыбыспен бірге дәл тұстарындағы терезеден ақбасты алашұбар айдаһар секілді тасқын арс етіп кіріп келді.

Жарма пластик терезе қақ айырыла ашылғанда, өзінің маңдай тұсына сарт етіп келген терезенің тұтқасына қолы іліне кеткенін ғана сезді, сол сәт келесі қолын да қабат әкеліп сіресе қалғаны есінде. Тас аралас мұздай тасқын-су үй-ішіне тола ышқынып, көз алдында көрініп тұрған нәрселер ілезде жоқ болды. Қолы ербең етіп, қараң еткен дәл алдында отырған інісін көзі бір шалып қалғаны, өзі жандәрмен «Мағааай!» деп, барынша ышқына айқайлағаны есінде қалды.

Мәді қария мына ойға симайтын сұмдық апаттан әрі көз алдында туған інісінің қол созым жерде отырып алапат селге жұтылып кеткен сұмдық көріністен есінен айырылып талып кеткен. Есін шала-шарпы бір жиғанда өзінің белуардан сулы батпаққа оралып тұрғанын терезе тұтқасына жабысқан қолдары шегеленгендей тастай қатып қалғанын қалты-мұлты пайымдайды.

Е, өлген деген осы екен ғой, деп тәуекелге бел буып күбірлеп кеберсіген еріндерін жыбырлатып дұға оқыйды. Қайта талып кеткен екен, қанша уақыт өткені белгісіз тағы бір шала-шарпы есі кіргенде дабырлап кірген біреулердің терезеге жабысқан қолын босата алмай жатқанын білді.

Мәді қарияның селден аман қалғаны ду болып бүкіл туған-туыс, жерлестерінің құлағына жетті. Бәрі де «қырық жыл қырғын болса да ажалы жетпесе өлмейді» деген қазақтың нақыл сөзімен тұжырым жасап жатты. Алайда, бұл жойқын апаттан осылайша аман қалуының нақты тетігін ешкім тап басып айта алмады.

Там-үйін тасқын басып өзі апат болған інісінің мүрдесі кең ауланың түкпірінен селдің топырақ-тасының арасынан табылды. Терезені жарып кірген сел тасқыны үйдің ішіндегі бүкіл затты сиырып-сыпырып есіктен шығарып әкеткені ғажап, құдды жанды, ақылды мақұлықтай іс істеген. Сөйте тұра, тоқсандағы қарияға күші жетпеген, бәлкім әдейі қалдырып кеткен...

Мәді ақсақал талай қатерден аман қалып, тоқсан жасында жолыққан мына сұрапыл апаттың мән-жайына ақылы жетпейтін секілді, ерекше ештеңе де айта алмайды. Өзін елден ерек та санамайды.Тек, ауылдың ортасындағы мешіттің дін аман қаланы екі жағындағы үйлерді сел тасқыны бұзып әкетсе де, мешіт іргесіне таямағанын таңдана айтып қояды.

Өзінің он жылдан аса уақыт бауыр басқан там-үйі мен қора-жайы да жым-жылас жоқ болыпты. Тіпті, бұл жұртта бұрын үй-жай болмағандай тасқын-селдің құмдақ іздері ғана айғыз-айғыз болып жатыр.

Және, Қызылағаш тұрғындарынан қанша адам селден қаза болғанын да анық айта алмайды. Бәлкім онша көп емес, өйткені тұрғындардың көбі екі қабатты мектепке қорғалып, кейбірі басқа жаққа қашып үлгергені мәлім еді.

Алайда, мен қаламгер ретінде жерлес ақсақалымды «Қызылағаш қаһарманы» деп атағанды жөн көріп, шағын естелік-эссе жаздым.

Қызылағаш ауылынан арыдағы өзім тұрған Сарқан ауданына барған кезімде жол үстіндегі ауылдың жаңадан қатарлап салынған үйлері «Мұнда сел болған жоқ» дегендей көзге жылыұшырап тұрды. Мәді ақсақал, апат болған сәттегі қорқынышты еске салатын елдімекенде енді, тұруға дәті жетпейтінін біліп Алматыға қоныс аударған-ды.

Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2760
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2129
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1799
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2893