Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4986 16 пікір 3 Маусым, 2022 сағат 12:30

Ғылым... Академиясын таппай мақтанба

Осы аптада президент Тоқаев Ұлттық ғылым академиясында болып, 90-жылдарының ортасында кесірлі өзгерістерге тап болып, беделі мен абыройынан айрылып қалған бірегей ұйымыға қатысты біраз жақсы ой мен ұсыныс айтты.

«Шымшықты сойса да, қасапшы сойсын». Ғылым туралы да ғалымдардың өзі сөйлесін.

Бірақ, ол сала сіз бен біздің салығымыздан қаржыландыратын болған соң, біз бе бір-екі пікір айтып қалайық.

Біріншіден, Тоқаевтың ҰҒА мен ғалымдардың мәртебесін көтеру туралы ойларына қосыламын. Шынымен де, кез келген мемлекеттің бүгіні мен болашағын анықтайтын дәл осы сала.

Бұл жерде ұлттың озық ойы мен терең танымының квинтэссенциясы шоғырланған. Сол себепті осы саланы қаржыландыруда мемлекеттің ролін арттыру, сөзсіз, керек-ақ.

Және де нарық заңдарына сәйкес, мемлекеттен тыс қаржыландыруға жеке бизнестің де толыққанды қатысуына тиісті жағдай жасайтын заңнамалық негіз қалануы тиіс: ғылымның дамуына өз капиталын бөлген компаниялар мен тұлғаларды материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыру шаралары қарастырылуы тиіс: ғылымға көмектесу пайдалы болуы керек!

Халықаралық стандарттарды алсақ, өркениетті елдерде ғылымды қаржыландыру, әдетте, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) тиісті проценті мен нақты қаржысымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда ЖІӨ жағынан бірінші орында АҚШ тұр, онда жыл сайын бұл маңызды салаға ЖІӨ-нің 3,37 проценті жұмсалады, ғылымға жыл сайын 511 миллиард доллар қарастырылған. Бізде болса, ол көрсеткіш 1 проценттің о жақ, бұ жағы.

Айтпақшы, ЖІӨ-мен өлшеу бір бөлек те, нақты қаржы көлемі – бір бөлек. АҚШ әр ғалымға жыл сайын 266 мың доллар бөлсе, ғылым саласына жыл сайын 17 миллиард доллар ғана (?) бөлетін Швейцария да әр ғалымға 466 мың доллар қарастырылған. Біздегі ғалымдардың жалақысы туралы айтпай-ақ қояйын, ұят болар.

Екіншіден, қаржыландырудың өзіне байыппен қарау керек сияқты. Өйткені, мемлекет «мен ақша бердім, оның қайтарымын тезірек көруім керек» деген, абсолютті түрдегі нарықтық көзқарасын қайта қарауы тиіс деп санаймын. Ғылымды қаржыландыруда ондаған жылдарға арналған жобалар болмағанда, Королевтің Гагарині, NASA-ның Армстронгы, Илон Маск секілді менеджердің керемет кемелері ғарышқа ұшар ма еді, ядролық ғылым саласы дамыр ма еді? Басқаша айтқанда, ұзақ мерзімді бағдарламалар болмағанда, адамзат дәл бүгінгі жағдайға жетер ме еді?

Сол секілді, гуманитарлық сала сияқты, қаржылық қайтарымы жоқ, бірақ ұлттың рухани дамуына бірден-бір септігін тизізетін, қалтаға емес, қоғамға, ми мен санаға әсер ететін ерекше болмыс бар. Оның қаржысын Қаржы министрлігінің тап-таза технократтары қалай есептейді?  Ол да өз алдына бөлек бір әңгіме.

Үшіншіден, ғылым мәселесінің таза саяси астары тағы бар. Несін жасырайық, осы күнге дейін біздегі ғылым саясаттың қолшоқпары боп келді, әсіресе, ол қоғамдық ғылымдарға тікелей қатысты. Қазақ мемлекетінің пайда болуы, дамуы секілді іргелі мәселелер де я Назарбаевтың (550 жыл), я Путиннің ішкі және сыртқы конъюнктуралық астары бар сөздерінің құрбаны боп кетті емес пе?

Сол себепті, ғылым секілді саясат пен билікке бағынбауы тиіс ғаламат салаға моральдық, танымдық дербестік беретін уақыт келді деп санаймын!

Әміржан Қосан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354