33 пайыз: Алматыда референдум неге өтпеді?
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өткен республикалық референдумда басқа өңірлермен салыстырғанда Алматы қаласы ең төменгі көрсеткіш көрсетті. Тәуелсіз бақылаушылар есебін айтпағанда, Орталық сайлау комиссиясының берген мәліметі бойынша, қалада дауыс беруге қатысқандар 33 пайызға шамалас. Мұның себебі неде? Біз саясаткерлерден пікір сұрадық.
Өзгеріс сөз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ
Дос Көшім:
- Мұның бір себебі, Алматыда көзі қарақты азаматтардың көптігі деп ойлаймын. Олар референдумға сенімсіздік білдірді. Дауыс беру көрсеткішінің аз болуы - референдумға сенімсіздіктің көрінісі. Менің ойымша, қазір сайлау комиссиясы беріп отырған пайыздың өзінен де аз адам дауыс берді. Қатысулар саны 33 пайыз емес, 20 пайыздың төңірегінде болды.
Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда, қолдан тастап жіберу, хаттама бермеу сияқты оқиғалар орын алған. Билік сондай тапсырма берді деп айта алмаймын, бірақ комиссия өкілдері сол баяғы әдеттерінен арылмаған сияқты. Олар көп пайыз шығару керек, адамдарды көп қатыстыру керек, бақылаушылармен ит пен мысық сияқты ырыласып отыру керек деген сияқты әдеттерін бұрынғысынша сол күйі сақтады.
Осыдан келіп шығатын түйін - сайлау жүйесін дұрыстамай не референдум, не сайлау өткізуге болмайды. Мүмкін Тоқаевтың, биліктің алға қойған жақсы мақсаттары бар шығар, бірақ оны орындаушылар өзгерген жоқ.
Өкінішке орай, ескі адамдармен «Жаңа Қазақстан» жасай алмаймыз деген біздің ұранымыз шындыққа айналды. Референдум сияқты ауқымды жобалар іске асқанның өзінде, мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген сөзін халық «алдау» есебінде ұғатын сияқты. Қанша жерден жаңа бастама көтіріліп, «өзгереміз» деп жатқанымен, ол елдің санасына бекіген жоқ. Өйткені, биліктің сөзіне халық сенуден қалған.
Сайлау процесінің қатып қалған жүйесі сөгілмеді. Жүйені өзгерту бағытында жұмыс жүргізілмеді. Мысалы, сайлау комиссиясының басшысы ауысты, бірақ орнына бұрынғы шенеунік келді. Менің ойымша ол кісі өмірінде мен сияқты жиырма шақты елдің сайлауын бақылап немесе заңға өзгеріс енгізген, не болмаса сайлауға бақылаушылар дайындаған адам емес. Сайлауға ешқандай қатысы жоқ. Сайлауды өткізетіндердің бәрі сол баяғы мектеп директорлары. Өкініштісі, осыны биліктің түсінбеуі. Егер билік жағдайды түсіне отырып, бәрін сол күйінше жалғастырып отырса, бұл – алдау болып есептеледі. Өзгеріс сөз жүзінде бар, іс жүзінде жоқ. Бұл – төртбұрышты қалыпқа қамыр салып, одан домалақ нан пісіп шығады дегенмен бірдей.
Алматыда қоғамдық белсенділік күшті
Ермұрат Бапи:
- Алматыда тәуелсіз бақылаушылар бақылау процесін жүргізді. Оның үстіне қалада қоғамдық белсенділік күшті, биліктің жүргізіп отырған саясатына халықтың наразылығы да күшті. Сондықтан референдумға қатысу көрсеткіші басқа өңірлерден гөрі төмен болды.
Егер де басқа аймақтардағы сияқты көрсеткішті қолдан жасап, көтеріп жазғанда Алматыдағы тәуелсіз бақылаушылардың наразылығына ұшарап, арада келіспеушілік туатын еді. Сондықтан Алматыдағы референдумда дауыс беру көрсеткіші нақты жағдайға таяу деп есептеймін.
Бірақ, бір айтатын жағдай, тәуелсіз бақылаушылар жасаған эксперимент Алматы қаласының бір-екі ауданында ғана өтті. Ол көрсеткіш бойынша дауыс беруге қатысқандар мөлшері 20 пайыздан аспады. Ал, тәуелсіз бақылаушылар қамти алмаған басқа учаскілерде, әрине, көрсеткішті көтеріп жазу нәтижесі болды деп есептеймін. Соның салдарынан қазір Алматыдағы көрсеткіш 33 пайыздың төңірегінде тұр.
Айжан Темірхан
Abai.kz