Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 31989 0 пікір 9 Қараша, 2012 сағат 17:14

Бүгінгі еңбек адамы дегеніміз кім?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді», - деген еді. Расында, көптеген жылдардан бері елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткені ешкімге құпия емес. «Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде еңбек адамы деп кімді бағалайтынымыз туралы ортақ пікірге келуге тиіспіз. Осы орайда бірнеше шығармашылық адамдарына төмендегі сауалдарды жолдаған едік:
1. - Сіздіңше, еңбек адамы дегеніміз кім?
2. - Қазіргі қазақ қаламгерлерінің, режиссерлерінің туындыларында барша жұртшылықтың жүрегінен орын алатын еңбек адамының образы жасалды ма?
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
драматург:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне арналған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді», - деген еді. Расында, көптеген жылдардан бері елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткені ешкімге құпия емес. «Адамды адам еткен, еңбек» десек, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде еңбек адамы деп кімді бағалайтынымыз туралы ортақ пікірге келуге тиіспіз. Осы орайда бірнеше шығармашылық адамдарына төмендегі сауалдарды жолдаған едік:
1. - Сіздіңше, еңбек адамы дегеніміз кім?
2. - Қазіргі қазақ қаламгерлерінің, режиссерлерінің туындыларында барша жұртшылықтың жүрегінен орын алатын еңбек адамының образы жасалды ма?
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
драматург:
1. - Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол - дихан бола ма, ол - малшы бола ма, ол - жазушы бола ма, ол - өнер адамы бола ма, актер бола ма, бәрібір. Ол маңдай терін салып жұмыс істеуі керек. Шығармашылық дарынды, талантты болуы керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Ал турасын айтсақ, еңбек адамы деген тек қана диханды, шопанды ғана білдірмейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек.
2. - Бүгінгі таңда театрда еңбек адамын жеткілікті түрде көрсетіп отырмыз деп айта алмаймын. Президент театр қайраткерлерімен кездескенде де, театр туралы әңгіме қозғалғанда да, «бүгінгі заманды көрсететін, бүгінгі заманның жақсы жақтарын насихаттайтын шығармалар сахнада көрінсе» дегенді үнемі айтып отырады. Өкінішке қарай, Елбасының бұл тапсырмасын толығымен жүзеге асырдық деп айта алмаймыз. Еңбек адамының кім екенін түсіну жағы жетіспейді. «Еңбек адамы» десе, далада жұмыс істеп жүрген жанды көрсетуге тырысады. Екіншіден, бүгінгі заманда таза, маңдай терімен тер төгіп, шынайы еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегі шынайы бағаланбағандықтан, оны сахнада көрсету ойдағыдай болып жатыр деп ойламаймын. Бізде қазір тарихи шығармаларға көбірек бет бұруда. Шет елдік жазушылардың шығармаларын аударуға кірісіп кеттік. Бүгінгі заман тынысын көрсету - дарматургтердің тарапынан да біраз кеш қалып жатыр. Бірақ оның ең басты себебі, театрларымыз бүгінгі заманның жақсы жағын, өзекті жағын көрсетуге, оны көркем шығарма арқылы көрсетуге онша құлықты емес. Бізде де сол арзан күлкі, жеңіл-желпі дүниелер, ортаңқол шығармалар көбейіп барады. Салиқалы, жақсы шығармалар жоқ. Мемлекеттің тарапынан нақты бір саясат болу керек. «Мынандай шығармалар бізге қажет» деген нақты әңгімелер болу керек. Ондай әңгіме әзір көрінбей тұр.

Аманхан ӘЛІМ,
ақын:
1. - Еңбек адамы бір кездері, яғни Кеңестер кезеңінде ең жоғарғы тап дейміз бе, топ дейміз бе, әлде бір ұжымның жиынтығы дейміз бе, қалай дегенде де, ең басты назардағы адамдар болған. Еңбек адамы өзіміздің Ыбырай Жақаевтан бас­тап, кешегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаеваның Кеңес кезеңінде еңбектерінің көрінуі. Олардың еңбектерінің бағаланғандығы. Социалистік Еңбек Ері деген атақты бір рет қана алып қоймай, оның екеуін, үшеуін қатар алып жатуы, сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсеткен еді. Қазір шынымды айтайын, еңбек адамдары солай бағаланып жатыр дегенге, онша сене қоймаймын да. Және соншалықты керемет құрметтеліп жатыр дегенді де көрген жоқпын. Рас, жергілікті жерлерде жергілікті басшылар айтып жатады. Марапаттап жатады. Бірақ Кеңес кезеңіндегідей құрметке, сыйға ие болып отырған жоқ. Сол қадір-қасиеттерді біз жоғалтып алдық.
2. - Еңбек адамдарының образы дәл Кеңес кезеңіндегі әдебиеттегідей әлі жасалған жоқ. Өйткені кез келген шығармада еңбек адамының образы көрсетілетін, аталатын, жасалатын. Мысалы, Кәрібай Ахметбеков деген жазушымыз болды. Қазір өкінішке қарай, ол туралы аз айтылады. Сол кісінің «Ақдала» деген романында, Ахат Жақсыбаевтың романында керемет еңбек адамының образын жасады. Өз басым қазіргі тәуелсіздік алған кезеңдегі тәуелсіз ақын-жазушыларымыз еңбек адамын соншалықты жасады деп ойламаймын. Шынымды айтайын, тіпті кездестірсем, оқыдым десем өтірік. Мен оқымаған кітап бар шығар. Бірақ өз басым оқыған жоқпын, көрген жоқпын. Әркім өзінше жеке шаруашылық ашып, жеке бір коммерциялық құрылыммен айналысып жүрген кезең болғаннан кейін, жеке адамдарды сол баяғы еңбек адамдарындай марапаттау жараспаған да болар еді. Кәсіпкерлер өздерінің қарақан бастарын ойлайды. Ал ол кездегі еңбек адамдары қоғам үшін, мемлекет үшін, ел үшін істейтін. Ал қазіргі еңбекқор деген адамдарымыздың өзі жеке бастары үшін шаруашылық ашып алған. Не болмаса, жеке бір ұйымдар құрып алған. Олар жеке өздері үшін тірлік етеді. Осы жерде біз ажыратып алатын екі мәселе бар. Мемлекет үшін істеп жүргендер бар да, өздері үшін жұмыс атқарып жүргендер бар. Ал мемлекет үшін жұмыс істеп жүргендер Кеңес кезеңінде керемет марапатталатын. Марапатталғанда, тіпті асырып марапатталатын. Асырып марапаттамай-ақ қойсын қазір. Ерекше құрметпен қарап жатқанын да аз көрем. Тіпті солар зейнетақыға да жарымайтын ақшамен шығады. Жарайды, мемлекет белгілеген зейнетақыға шықсын-ақ дейік, бірақ жергілікті басшылар, жергілікті елдегі шенеуніктер сол құрметті адамы үшін не істеп жатыр?! Тіпті ең ары кеткенде, солардың қора-қопсыларын, үй-жайларын жөндеп беріп жатыр ма деген мәселелер алдымыздан шығып тұрады. Сондықтан, міне, бұл мәселеге келгенде, біздің шығармашыл ақын-жазушыларымыз үлкен туындылар берді деп те айта алмаймын. Бір кездері тамаша жанр болған. Очерк жанры. Ол кезде әрбір журналист еңбек адамы туралы очерк жазатын. Елге баратын, солардың еңбегін көретін. Тіпті тракторда қастарына отыратын. Комбайнға мініп жүретін еді. Шопанмен бірге түнеп қайтушы еді. Соның бәрі сол қоғаммен бірге келмеске кетті. Қазір «барға салауат» дегеніміздің өзінде де, сол очерк жанры тірілмей жүр. Очерк жанры тірілмей, очерк жанры қолға алынбағаннан кейін, ендеше соған кейіпкер болатын еңбек адамы да жоқ шығар деп ойлаймын. Бар болса, онда біздің журналистеріміздің соларды іздемеуінен. Соларды очеркке кейіпкер ете алмауынан. Сондықтан, әзірше қазақ әдебиетінде еңбек адамын соншалықты құрметтейтін, марапаттайтын материал жоқтың қасы. Жеке меншікпен айналысатын адамдарды мақтап-марапаттау, кәсіпкерлерді асқақтату - ол бар. Шынымды айтайын, олар «таза саудамен» жүреді. «Мен саған, сен маған» деген принцип қазір кең етек алған. Сауда-саттықта, нарықтық кезеңде мұндай болады. Бірақ шығармашылық топқа «мен сізді жазам, сіз маған бұлай етесіз» деп саудаға салу жүрмейді. Өкінішке қарай, осындай нәрселердің, осындай келеңсіз жағдайлардың етек алып жатқаны сөз жоқ, бар. Оны жасыра алмаймыз. Тіпті кәсіпкер адамдарға арнап, кітап жазып жүргендер де бар. Сондықтан, қазір мен таза еңбек адамы жөніндегі шығарманы кездестірген жоқпын. Жақын арада кездестіре де алмайтын шығармыз. Өйткені, зауыт-фабрикалар жоқ. Бұрын зауыт-фабрикалар көп еді. Ол зауыттарда қандай азаматтар еңбек ететін еді. Мал шаруашылығы кең етек алған еді. Мал шаруашылығы мемлекеттің қарауында болатын. Сол кезеңдер өтіп кеткеннен кейін, «мен саған, сен маған» деген принцип етек алды. Сол принциптен арылмай, еңбек адамдарын құрметтей де алмаймыз, еңбек адамдарын шығармамызға арқау ете де алмаймыз. Біздің қазіргі трагедиямыз сол. Ал одан қашан арыламыз? Сондай бір кезең туа қалса, нұр үстіне нұр болар еді...

Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің Бас редакторы:
1. - Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтуға болады. Ол - дәрігер, мұғалім, фермер, кәсіпкер т.б. Елбасы өз еңбегінде еңбек адамын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау туралы орынды сөз қозғады. Біз негізінен капиталистік жолды таңдаған мемлекетпіз. Алайда, Конституцияда Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет екендігі де айтылған. Еңбек адамының еңбегі немен өлшенеді? Қалай бағаланады? Капиталистік өмір заңдылығында ол тек материалдық құндылықтармен өлшенеді. Мен осы мәселеге байланысты «Айқын» газетінде еңбекті бағалау әдістері туралы ұсыныс жасадым. Мәселен белгілі бір пәнді жетік білетін, тәжірибесі мол, еңбегі зор ұстаздар қауымын ардақтау үшін біздің Олимпиадада алтын, күміс медаль алып келген спортшыларға беретін сый-сияпат секілді қомақты қаржы белгілеу керек дедім. Шәкірттері әлемдік олимпиадаларда жүлде алып жүрген, талай жыл мұғалім болған ұстаздарға 250 мың долларға дейін сыйлық белгілеу қажет деген ұсынысым биыл ескерілді. Қазақстан бойынша ең үздік 48 мұғалімге 10 000 доллардың үстінде ақша берілді. Енді осы тәрізді жүздеген операция жасап, науқастардың бәрі аман қалған хирургтерге, ана мен бала өмірін сақтап қалған дәрігерлерге де қаржылай құрмет көрсетілуі тиіс. Сол сияқты баланы үлкен білімге бағыттап, білім беретін бастауыш сынып мұғалімдеріне де көңіл бөлінуі қажет. Еңбек адамының еңбегі нәтижесіне қарай әділетті бағаланатын болса, қоғамда үлкен серпіліс болады. Мемлекеттік қызметкерлерге де солай жасау керек. Ұрлықсыз-қарлықсыз, пара мен жемқорлықсыз Қазақстан мемлекеті үшін адал еңбек еткен мемлекет қызметкерлеріне еліміздің шұрайлы жерлерінен арнайы мүкаммал, яғни үй-жайымен, қора-қопсысымен тұратын қоныс беру керек. Өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлердің ұрпақтарына мемлекет тарапынан оқуға түсуде, басқа да салаларда әлеуметтік жеңілдіктер жасалуы тиіс. Сонда адамдарда ертеңгі күнге деген сенімділік болады. Жемқорлықтың жолы кесіледі. Қазақстан өзге де өркениетті мемлекеттер тәрізді дамудың дұрыс жолына түседі.
2. - Бұған бір сөзбен айтқанда, жасалған жоқ деп жауап беруге болады. Біз өз замандастарымыздың жарқын келбетін жасаудың орнына қайдағы келін-пелін, шал-шауқан, одан қалды тек шетелден сыйлық алатын, қазақ жұрты көрмейтін кинолар түсіруден жарысып жатырмыз. Қазақ жазушылары да заман құбылысын ойша зерделеп жатқан секілді. Мұндай дүниелер өздігінен туа салмайды. Мемлекет өз тарапынан қаржылық қолдау көрсетуі керек. Оны менің ойымша, мемлекеттік тапсырыс арқылы жасауға болады. Қазақстан телеарналарына отандық өнім, оның ішінде қазіргі замандас бейнесін жасау үшін мақсатты гранттар беру керек. Бөлінген қаржының сұрауы болуы тиіс. Сонда ғана қаптаған шетелдік сериалдардан құтылып, ұлттық болмыстағы өнер туындыларын жасауға мүмкіндік туады. «Жазушыларға тапсырыс арқылы жаздыруға болмайды» дейді кейбір қалам иелері. Кеңес өкіметі өз идеологиясын жүргізу үшін бұдан ешқандай қаржы аяған жоқ. Соның арқасында талай кітап, талай кино, талай пьеса өмірге келді. Жазушыларды қаламақы деген мәселеден құтқару үшін мемлекет өз тапсырысы арқылы болашақ шығарманың құнын белгілеуі тиіс. Айталық, қазір жақсы шығарма жазған адамға 200-300 мың доллар бәйге беріледі десе, оған атсалыспай, көрпесін басына бүркеп жатып алатын жазушы болмайтындығына қараша айынан кейін желтоқсан айы болатындығын айтып, кепілдік беремін.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
ақын:
1. - Иә, «еңбек адамы дегеніміз кім өзі?». Еңбексіз адам бола ма? Еңбексіз адам аштан өліп қалмай ма? Менің ойымша, осы «еңбек адамы» деген ұғымның өзі өте-мөте шартты түсінік. Өйткені еңбек дегеніміз қозғалыс емес пе? «Қыбырлаған бит те еңбек». Құмырсқа - тірлік. Ал қоқыстардан нәпақасын тауып жеп жүрген жандар еңбексіз болғаны ма? Жо-оқ. Демек, денеден күш-қуат шығарып тырбанған жанның бәрінің істегені еңбек. Ал бүгінгі ұғымда тапқан пайдасынан мемлекетке салық төлейтіндер ғана еңбек адамы болса керек. Басқа тірлік иелері еңбек адамына жатпайды-ау. Осы тұрғыдан келгенде олар - еңбек адамы қолына кетпен ұстаған диханнан бастап анау биіктегі басшыға дейінгі жұмысшы-қызметкерлер ме деймін.
2. - Қандай ақын, қандай жазушы болсын, ол халықтан, содан соң Абайдан асырып ештеңе айта алмайды. Абай «Біз жаңадан еш нәрсе жасай алмаймыз. Жасалған, жаратылған дүниелерді ғана танып-білеміз» демеді ме? Қаламгерлер де, режиссерлер де ештеңе жасамайды. Қоғам қатынасындағы адамдар болмысын, әрекетін бақылап, зерделеп, өзінің көргенін көркемдеп, түйіндеп оқырманға жеткізеді.
Бүгінгі әдебиет те кешегінің жалғасы. Жаңадан пайда болған ештеңе жоқ. Ал барды жаңаша танып-білу, тарату мүмкіндігі кеңігені, шектеудің кемігені рас. Өткен ғасыр әдебиетінде бай мен кедейдің, жұмысшы мен коммунистің типтік образын қолдан жасаймыз деп жалғандыққа ұрынып, коммунист, кедей дегеніңіз керемет мінсіз адам болып, ал бай мен бақ-қуаттылар барып тұрған сұмпайы болып шықты. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қосты ішіне». Сөйтіп көркем әдебиет екі жүзді, жағымпаз, жарамсақ, жалтақой қоғамды тәрбиеледі. Ақыры қоғам күйреді. Бұған көркем әдебиеттің көмегі болмады дейсіз бе? Әрине, болды. Өмірге Жармақтар - жарты адамдар келді. Енді сол Жармақтар бір бүтінге айналуы керек-ті. Демек, образ жасау - идеология да, ал өмірдің шынайы келбетін көрсету көркем әдебиетшінің мүддесі. Бүгінгі әдебиет осы жолда, бүтіндік жолында тұр. Жоғарғы, орда ішілік шым-шытырық, шырғалаң, қым-қуыт тірлікке ене алмаса да, таптық емес, жеке, даралық образдар жасалып жатыр. Алайда, модернизм жолындамын деп мәңгіріп жүргендер де бар, кешегі күннің дауылпаз мақтаны мен даңғазалығына икемдеу де қылаң береді. Егер әдебиет осы жолға бет бұрса, онда татымды дүние тумайды. Өйткені біз өткеннің көп өтірігінен өкінген жұртпыз. «Барды жоқ деген - кәпір» деп бір апамыз айтып отыратын. Сонда солар қоғамның тамырын басып отырады екен ғой.
Бүгінгі технократиялық қоғамда пікірлер алуандығы - плюрализм, еркіндік бар. Оқырман өтірігіңе сенбейді. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін». «Еңбегіне қарай - құрмет, жасына қарай - ізет». Қазіргі құрмет кімдерге көрсетіліп жатыр, бір қара жұмысшы, не тракторшы, не қойшы сыйлық алып, марапатталыпты дегенді естідіңіз бе? Нарықтың нағыз ірге тасы солар емес пе? Қаламгерлер мен режиссерлердің мақсаты - осы адамдардың жан-дүниесінің түпсіз тереңіне бойлау. Шыңыраудан шынайылықты сүзіп шығару. Баяғыдай бірін ағартып, бірін күйелеп көрсетсе, әдебиет әдебиет болудан қалады. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі әдебиетшілердің жолы даңғыл. Оны бәрі түсінеді һәм біледі. Сол «төменгі тап» қандай күй кешіп жүр. «Жоғарғысы» ше? Ондай дүние андыздап туып та жатыр. Ағаттыққа жол бермес үшін жиырма жыл аздық етеді, жиырма бесінші жылымызда жарық көреді.

Әубәкір РАХИМОВ,
режиссер:
1. - Еңбек адамы дегеніміз - өзінің адал еңбегімен жанұясын бағу, ұрпағын өсіру. Екіншіден, ол қоғамға белгілі түрде пайда әкелу.
2. - Қазақ сахнасында еңбек адамы туралы образ жасалды ма дегенге келсек, ол көптеп санап беруге болады. Өйткені өзіңізге жақсы белгілі, Кеңес үкіметі кезіндегі театрдың алған бағыты еңбек адамын көрсету болды. Бірақ оны қай дәрежеде, қандай түрде көрсету, ол бөлек әңгіме. Еңбек адамы туралы көптеген шығармалар жазылды. Шығанақ Берсиевтен бастап, олардың сахнада образдары шықты. Бүгінгі таңда еңбек адамынан гөрі, қоғамдық әлеуметтік мәселелер туралы спектакльдер көбейді. Өйткені егемендік алғалы бері бұрынғы еңбек адамы туралы түсінігіміз өзгеріп кетті. Сондықтан бүгін халықтың ең басында тұрған үлкен проблеманың бірі қайткен күнде де жан бағу. Сол себепті, нақты мамандық бойынша еңбек етіп жүрген адамды кездестіру қиын. Әркім өзінің жан бағысымен жүр. Бұрынғыдай сахнада «мынау еңбек адамы, осыны көрсету керек» деген ұғымнан алшақтап кеттік. Дәл бүгінгі күні мұны көрсету - мақсат емес. Біз үшін ең басты мақсат - адамның рухани байлығы керек. Адамның елге, қоғамға, болашаққа деген көзқарасы керек. Әрбір кәсіби мамандық адамы рухани бай болса деймін. Бүгінгі күндегі сыбайластық та, жемқорлық та, рухани байлықтың аздығынан болып отыр. Бұған мамандықтың кінәсі жоқ.

Дәурен ҚУАТ,
Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы:
1. - Өз басым ерінбей еңбек етіп жүрген жанның бәрін еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрметім де ерекше. Біз міне, қаршадайымыздан сондай еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе - еш қажымайтын. Әкелеріміз ертелі-кеш колхоз, совхоздың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. «Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкелеп келдім» деген үлкендердің сөзін өз басым естіген емеспін. Аналарымыз да сондай еді. Таң қыла бере тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын беріп, отағасын жұмысқа жөнелтіп, сосын өздері картоп теруге немесе қызылша түптеуге кетіп бара жататын жаулықтары ағараңдап.
Мектеп бітіре салысымен аудандық «Қапал еңбеккері» газетіне қызметке іліктім. Газеттің аты айтып тұрғандай ондағы ағалар да еңбекқор еді шетінен. Алыс ауылдарға жаяу-жалпы, жолда кездескен көліктердің біріне аяқ артып бара беретін. Іссапардан оралысымен әдемі очерктер, мақалалар жазатын.
Қазір жұрт өткенді еске түсіріп сөйлеген адамды кертартпа, ескішіл көреді. «Бодан кезіңді, сәбетіңді сағынып жүрсің бе?» деп жұлынатындар да бар. Әңгіме советтік социалистік қоғамда емес, әңгіме еңбектің, еңбек адамының құрметтелуінде. Бұл арада жұмысшылар мен шаруаларды жілігі татымайтын жылтырақ дүниемен марапаттай салатын коммунистердің «құрметін» емес, жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін айтып отырғанымды ескертемін. Қазір заман басқа, заң басқа. Формация өзгерді. Социализмнен капитализмге секірдік. Сонымен бірге адамға, адам еңбегіне қатысты көзқарасымыз да жаңа түр тапты. Бұл күндері әйтеуір бала-шағасын жаутаңдатпай нанын тауып беріп жүрген әке мен шешеге рахмет айтып, тәубе дейтін болдық. Сөздің турасына көшсек, қазір әркім өзі үшін жасап жатқан тірлігінің арқасында мемелекетіміздің тірегі болып тұрған сияқты. Бірақ, мұндай ілда-далдамен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан бізде нағыз еңбек адамының келбеті қалыптасуы керек. Ол, мысалы, өз ісін кәсіби деңгейде жоғары меңгерген дәрігер, программист, банкир, салық қызметкері, полиция қызметкері, токарь, теміржолшы, әкім, журналист, заңгер, шопан, бореккер, саудагер т.б. болуы тиіс. Осындай адамдар, қайталап айтқанды жөн көріп отырмын, өз ісін кәсіби деңгейде меңгерген, өз кәсібін творчестволық тұрғыдан дамытуға қабілетті адамдар, тұрмыста қысылмай дәулетті өмір сүруі қажет. Сол кезде алыпсатар алаяқтардың пасық кеудесі үстемдік құрған бүгінгі қоғам өз ішінен түлеп, жаңа құндылықтар қалыптаса бастайды. Еңбек бағаланатын болады. Еңбек бағаланса, не нәрсенің болса да сапасы артады. Міне, сонда ғана біз «еңбек адамы кім?» деген сұраққа толық жауап беретін боламыз.
2. - Бұл сұраққа мен Жетіруовтің «Дүниежарық» фильмін атар едім. Аталған картинада бас кейіпкерді Нұржұман Ықтымбаев ақсақал сомдапты. Ғұмырын теміржолдың бойында өткізген қария (Ықтымбаевтың кейіпкері) екі көзі су қараңғы болса да теміржолдың бойындағы ақауды пойыздың ішінде келе жатып бастық баласына айтып отырады. Онымен қоймайды, шөп шабады, мал қоралайды. «Осыңды қойсаңшы, әке, елден ұят-ты», - деген ұлына: «Елден ұят болса, мені апарып ана шешеңнің қасына көме сал», -деп жауап береді шал. Мен осы картинадан қарияның жан-дүниесін де, жасампаз адамдардың өмірге деген құлшынысын да анық көрдім. Әдетте бізде еңбек адамы, қоғам қайраткері деген тақырыпта бірдеңе жазылып, не таспаға түсіріле қалса, бәрін қойып күндіз-түні көптің ісімен шапқылап жүрген, ірі сөйлейтін, терең толғанатын тұлғалар ғана көрініс тауып жатады. Кейінгі кездегі әдеби сында, кино сынында да осындай жансыз бейнелер қатты сынға алынған еді. Содан ба екен, жазушыларымыз да, ақындарымыз да, киношыларымыз да «қой, құрысын, пәледен аулақ» деп, қарапайым еңбек адамдарының маңына жақындауды, олардың жан-дүниесіне үңілуді қойды. Содан кейін бұрынғы жансыз бейнелердің орнын көркем туындыларда (шартты түрде осылай атауға тура келіп тұр) нәсілі белгісіз, бет-бейнесі бұлыңғыр, ойы түсініксіз мутант кейіпкерлер басты. Ол кейіпкерлер бүгінгі әдеби шығармаларда білгендерін істеп жүр: жазушы абайсызда арқан туралы бірер сөз жазса, асылып өле салады. Бойжеткен қызды қызықтай бастаса, бас салып зорлай салады. Былайша айтқанда, авторға бағынбайтын образдар, персонаждар пайда болып жатыр. Әйткенмен де, ерік әркімнің өзінде ғой. Әркім өзі таныған шындықты өз дүниетанымы мен эстетикалық талғамына сай жасай береді. Бірақ көркем шығармалардың негізінде адам бар екенін ескерсек, қоғамды да ұмытпай, қоғамды салғырттық дертінен сақтайтын, адам баласын жарық дүниеге талпындыратын тақырыптар да керек деп ойлаймын. Фолкнерше айтсақ, бәрін «адам жеңеді».
Ал сұрақтың өзіне келсек, бұл өзі кең отырып жауап беретін сұрақ сияқты: «барша жұртшылықтың жүрегінен орын алатын еңбек адамының образы жасалды ма?». Сұраққа жазушы не режиссердің бірін қатыстыра отырып жауап беретін болсақ, қысқаша былай дер едім: еңбек адамының образын жасау үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоғамды күтіп отырудың қажеті жоқ. Еңбек адамы қай қоғамда да, қай заманда да болған, бола береді де. Мәселе сондай ғажайып жандарды тап басып танып, өнер әлемінде сомдай білуде.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1486
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5517