Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 5278 25 пікір 13 Маусым, 2022 сағат 12:17

«Ресей Күні» һәм Назарбаевтың Мәскеу сапары

12 маусым Ресей елінде «Ресей Күні» мерекесі. Мерекеге орай Мәскеу түрлі идеологиялық шараларды ұйымдастырады. Биыл тіпті, ұлғайтты және ол Украинаға соғыс ашуымен тікелей байланысты. Ресей қоғамын біріктіру және режимді қолдау шараларын Кремль қалт жібермейді.

Ресей Күнінде Ресей аумағы бойынша жаппай концерттер ұйымдастырылып, пропагандалық шаралар өтті. Мысалы көптеген Ресей қалаларында «Z» белгісі бар ескерткіштер орналастырылды. Халық жаппай Ресей туын көтеріп, алаңдарға жиналды. Әскери әндер айтылды, «нацизмге қарсымыз» деген ұрандар тасталды. Ресейдің басқыншылық әрекетін жақтайтын және ақтайтын баяндамалар оқылды.

«Ресей Күніне» орай солтүстік көршіміз бен өзге де мемлекеттерде антиресейлік акциялар да ұйымдастырылды. Соғысқа қарсы сипаттағы акциялар Еуропа елдерінде өтті. Ресей бойынша 50-ден астам адам ұсталып, қамалды. Олар «Бұл менің күнім емес», «Ресей енді жоқ», «Саясатта таққа жабысу елді құртады» деген плакаттар көтеріп шықты.

Жалпы әлемнің 70-тен астам қаласында антиресейлік акциялар өтті.  «Russians Against War» акциясына шығушылар «Путинге өлім» деп ұрандап, Украинаның туын көтеріп шықты. Олар ақ-көк жолақты туды да ала шыққан. Бұл Ресей оппозициясының туы және қазіргі тудағы қызыл жолақты алып тастап, жаңа ту жасау керек деген ұсынысты қолдайды. Дәл осындай тумен «Азат Ресей» легионы да Украина үшін соғысуда. Бұл ресейліктерден құралған және Ресейді Путин режимінен азат ету үшін соғысып жатқан әскери жасақ саналады.

«Ресей Күнінде» Ресейге сапарлап Назарбаев барды. Назарбаев Путинмен кездесіп, оны «Ресей Күнімен» құттықтады. Бұл туралы: «Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесіп, елдің ұлттық мерекесі – «Ресей күнімен» құттықтады. Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті екі ел арасында қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай бір-біріне жылы лебіздерін жеткізді. Тараптар Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы тең дәрежедегі диалог негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин бір-біріне мықты денсаулық және амандық тілеп, арадағы достық байланыс алдағы уақытта да Қазақстан мен Ресей халықтарының игілігі үшін жалғасын табады деген сенім білдірді», - деген ақпарат шықты.

Алайда сарапшылар Назарбаевтың мерекемен құттықтау үшін бармағанын айтады. Сапар елдегі саяси өзгерістер мен Назарбаев әулетінің саяси аренада әлсіреуіне байланысты жасалуы мүмкін дейді. Назарбаевтың құзіретін алып тастайтын референдум өткеніне бір апта болды.

17 маусым күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумына бармақ. Форумға Путин ресми шақырған болатын. Аталмыш форумнан кейін екі ел басшысы келіссөздер жүргізуі мүмкін.

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437