Қазақ сурет өнерінің қара нары құлады
Әйгілі суретші Аман Әбзәлбекұлы өмірден озды
Қытайдағы қылқаламның шебері, әйгілі суретші Аман Әбзәлбекұлының есімі маған бала кезден таныс. Өйткені ол кезде елге белгілі суретшілер секілді суретші болуды армандыған қазақтың қара домалағының бірі мен едім. Шыны керек, ол заманда әдебиетке әуес балалар танымал ақын-жазушының кітаптарын оқып, өлеңдерін жаттап, оларға еліктеп шығарма жазып машықтанса, ал мен танымал суретшілер – Аман Әбзәлбекұлы, Әбдіқадір Метербайұлы, Әбдімәжіт Ертуғанұлы секілді ағаларымның газет-журналда жарияланған туындыларына еліктеп сурет салушы едім. Аман Әбзәлбекұлының жасампаздығы мен туындылары маған жақсы таныс болғанымен, бірақ бұл адаммен бетпе-бет кездескен жан емеспін.
Ал оның өкше басар інелері Ә.Метербайұлы мен Ә.Ертуғанұлы кейін келе менің тікелей ұстазыма айналды. Өйткені бұл екі суретші де менің тоғызтараулық жерлестерім болатын. Мен Құлжадағы Іле педагогикалық институтының әдебиет факультетінде оқып жүрген кезде суретші Ә.Метербайұлы «Іле жастары» журналы мен «Іле өрендері» газетінің көркемдеуші редакторы болып қызмет атқарды, ал Ә.Ертуғанұлы Іле қазақ автономиялы облыстық Мәдениет мекемесі мен Іле облыстық Бұқаралық көркемөнер (қазіргі мәдениет сарайы) сарайында қызмет істейтін. Осы екі жерлес ағаммен жиі хабарласып, тәлім алғанымның нәтижесінде арнаулы сурет мамандығын оқымасам да біраз практикалық білімге ие болдым. Мен әдебиет факультетінің студенті бола тұра Құлжада шығатын «Іле айдыны», «Іле жастары», «Мектеп дене тәрбиесі» және «Іле педагогикалық институтының ғылыми» журналдарының мұқабасын жобалап бердім. Көркем жазуларым мерзімді баслымдарда жиі жарияланып тұрды. Әр басылымнан алған қаламақы студент болаған маған көп көмегін тигізді.
1988 жылы шілдеде институтты бітіргеннен кейін, осы суретшілік, хаткерлік өнерімнің арқасында Қытайдағы қазақ әйел-қыздарына арналған басылым «Іле әйелдері» (қазіргі «Шынжаң әйелдері» журналынына көркемдеуші редакторы және тілшісі болып қызметке тұрдым. Бұл журналдың мұқабасын жобалау, тақырыптарын көркемдеу, қыстырма суреттерін салу және мақалаларын бетке орналастыру (жауапты хатшы) бәрі-бәрі менің мойнымда болды. Біздің әулет 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударғанға дейін осы басылымда тапжылмай қызмет жасадым.
Баспасөз саласында көп жыл журналист болып қызмет істегеннен болар, әдебиет-көркемөнер, әсемөнер (бейнелеу өнері), баспасөз саласында жүріп елге танымал болған тұлғалармен жолығып әңгіме-дүкен құру менің дағдылы әдетіме айналған-ды. Ойыма алған немесе біреулер таныстырған танамал адамдардың біразымен сұхбаттасу орайына ие болсам, ал кейбіріне өзім кездейсоқ жолығып қалып әңгімелескен кездерім де болып тұрды. Бірақ бүгін тілге тиек етіп отырған Қытайдың іші-сыртына белгілі суретші, Аман Әбзәлбекұлы ағамен арнайы іздеп барып кездесіп сұхбаттасу ойымда болғанымен, бірақ ол кісімен дидарласу сәтін тағдыр бізге жазбапты.
Бүгін ол кісінің қаза болғаны туралы жазылған Шынжаң суретшілер қоғамының «қаралы хабарын» Қытайдың әлеуметтік желісінен оқып отырмын. Суретші Аман Әбзәлбекұлы қазақ халқының сурет өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға. Оның қыл қаламынан туындаған туындылар қазақ халқының өмір мен тұрмысын өте көркем бейнелеген. Енді марқұмның өмір жолы мен жасампаздығына үңіліп көрелік.
Қылқалам шебері Аман Әбзәлбекұлы 1936 жылы қарашада Іле қазақ автономиялы облысы, Күнес ауданы, Нарат ауылында (қазіргі Нарат қалашығында) дүниеге келген. Орталауды Күнестен, орта метепті 1955 жылы Құлжа қаласындағы білім жұртынан бітірген соң, өзі оқыған мектепте қалып әсемөнер мұғалімі болған. 1956 жылы білімін толықтыру үшін мектеп жағынан Бейжіңдегі Орталық ұлттар институтына оқуға жіберіледі. Институтта оқып жүрген ол сурет өнеріне ерекше қызығушылық танытқандықтан, 1958 жылы шілде айында Орталық әсемөнер институтының майлы бояу сурет факультетіне ауысып, араманы орындалады. Сол жылы Луогұңлиу көркемөнер цехында майлы бояу суреттен практикада болып, Қытайдың У Зуорын, Дұңшиуін, Луо Гұңлию, Әй Жұңшин, Ян Жиянжүн, Ли Тияншиян, Лиң Гаң қатарлы әйгілі суретші, прафессорлардың тікелей тәлімін алады. 1963 жылы оқу бітіргеннен кейін, Шыңжаң Мәдениет меңгермесінің (министрлігі) Көркемөнер басқармасына келіп қызмет істейді. Мұнда оншақты жыл қызмет істеген ол 1981 жылы Шынжаң суретшілер академиясына ауысып, майлы бояу сурет салу және оны зерттеу ғылыми жұмысымен айналысады.
А.Әбзәлбекұлы пейзаж және көркем образды суреттердің хас шебері. Әсіресе, сахарадағы қазақтың көшпенді өмірі мен тұрмысын бейнелеумен аты шыққан. Бояудың классикалығы мен суреттің жарқын, астарлығы, көркемдігі жағында өзіндік қолтаңбасы бар қылқалам иесі болған адам. Бейжіңдегі Орталық көркемөнер институтының профессоры, өзінің ұстазы Әй Жұңшин Аман Әбзәлбекұлының майлы бояу суреттеріне: «Аман суреттерінің ерекшелігі – құрылымы ықшам, образды, ондағы бейнеленген қимыл мен көрініс тартымды, ал бояуы көз мейіріңді қандырып, еріксіз таңдайыңды қақтырады» деген баға беріпті.
Оның ілгері, кейінгі салған суреттерінен «Көкпар», «Мамырда жауған қар», «Қоңыр күз», «Қабанбай шоқысы», «Қонақ күту», «Жүн сабау», «Нұрланған Тияньшан», «Ши тоқу», «Отарда», «Ауқаттану», «Қызыл мойнақ», «Атамекен», «Тау махаббаты», «Наурыз», «Саятшы», «Жайлау», «Айнакөл», «Ақ бұлақ», «Күзеулік», «Көк шоқы», «Сахара салтанаты», және басқа сексеннен астам тундысы жарық көріп, Қытайдың іші-сыртындағы көрмелерге қойылып, көрермендердің жақсы бағасын алған. Осы майлы бояу суреттері оның мерейін көтеріп, атағы аспандатып, Қытай мен шетелге танымал етеді.
А.Әбзәлбекұлы адам және табиғат көрнісін сызуға өте шебер болған. Әсіресе, көрікті сахара көрінісі мен малшылар қауымының өмірін бейнелеудің, халықтың өндіріс барысындағы көңіл күйін, көркейген ауыл тұрмысын майлы бояулы суреттермен сызып көрсетудің майталманы болды. Оның осы майлы бояулы суреттеріне қараған адамның құмары қанбай, әлсін-әлсін қарай бергісі келетіні анық. 1981 жылы «Аман суреттер жинағы»; 2002 жылы «Аманнның майлы бояулар суреттер жинағы» қазақ, қытай, ағылшын тілінде төрт бірдей баспадан шығып қоғамда тамаша аңыс қозғайды. Оның қылқаламынан туындаған шығармаларының бірталайы ШҰАР және Қытай мемлекеттік сыйлықтарын еншілеген.
Оның 1979 жылы жазған «Көпар» деген туындысы Қытай Халық Республикасы құрылғандығының 30 жылдығында Шынжаң әсемөнер көрмесінде қойылып, бірінші дәрежелі сыйлықты қанжығасына байлайды. «Тракторшы», «Мамырда жауған қар», «Нұрға шомған Тияньшан» қатарлы туындылары Австралияда ашылған Шынжаң суретшілер академиясының әсемөнер көрмесіне қойылып «Таңдамалы туынды» сыйлығын алады. «Жым-жырт Қанас көлі», «Күзеулік» қатарлы туындылары 1988 жылы Аумында, 1989 жылы Шияңгаңда (Гогконгта) ашылған Шынжаң суретшілер академиясының әсемөнер көрмесіне қойылып «Үздік туынды» сыйлығын еншілейді. Мұнан сыр оның «Күз» туындысы 1994 жылы Қытай аз санды ұлттарының 1-кезекті «Ұлттар бәйшешегі» әсемөнер көрмесіне қойылып «Күміс медаль» сыйлығын; «Нұрға шомылған сахара» туындысы 1995 жылы 2-кезекті «Ұлттар бәйшешегі» әсемөнер көрмесіне қойылып «Мыс медаль» сыйлығын жеңіп алады.
1988 жылдың басында «Маусымдағы сахара» туындысы мемлекеттік майлы бояу сурет көрмесінде жоғары, жақсы баға алып, сол жылы Жапонияда ашылған сурет көрмесіне қойылып ерекше баға алады. «Көтермеге алған соң» туындысы 1990 жылы тұңғыш кезекті Қытай таңдамалы майлы бояу сурет көрмесіне; «Солтүстік күз көрінісі» туындысы 1994 жылы 8-кезекті Қытай мемлекеттік үздік әсем өнер көрмесіне қойылып тамаша ықпал қозғайды. «Мамырда жауған қар», «Қыстау» туындылары Қытай әсемөнер сарайының қорына (музиге) таңдалып алынады. 1996 жылы «Күзгі көл көрінісі» атты туындысы Аумын Әсемөнер қоғамы құрылғандығының 40 жылдық мерей тойы байланысымен «Таңдамалы көркем суреттер жинағына» кіргізіліп, алтын медальмен сыйланады. 2003 жылы қыркүйекте «Атамекен» туындысы Қытай мемлекеттік 3-кезекті майлы бояу суреттер көрмесіне қойылады, әрі шетелдермен мәдениет ауысу қоғамы жағынан батыс Азия елдеріне апарылып көрмеге қойылып тамаша баға алады. Ал «Тияньшандағы жаңа жол» туындысы 2004 жыл Қытай Жібек жолы көрмесі арқылы АҚШ-тың сурет көрмесіне қойылып жоғары баға алады.
А.Әбзәлбекұлының жарты ғасырдан бері Қытайдың әсіресе Қытайдағы қазақтардың әсемөнер қызметінің дамунына қосқан үлесі үшін 1995 жылы қазанда, ШҰАР әдебиет-көркемөнер бірлестігі мен Шынжаң суретшілер қоғамы оған «Алтын түйе» сыйлығын береді. 1999 жылы ҚХР құрылғандығының 50 жылдығында ШҰАР әдебиет-көркемөнер саласының «Моральда да, көркемөнерде де үздік суреткер» деген сыйлыңғын алады.
Қытайдың мемлекеттік 1-дәрежелі суретшісі, марқұм Аман Әбзәлбекұлы Қытай суретшілер одағының жорасы, Қытай аз ұлт әсемөнерін ілгерілету қоғамның тұрақты жорасы, Шынжаң суретшілер қоғамының орынбасар төрағасы болған.
Марқұм Аман Әбзәлбекұлының қайтыс болуына байланысыты Шынжаң суретшілер одағының қаралы хабырын: «Әйгілі суретші, әсемөнер ұстазы, Аман Әбзәлбекұлы (қалам аты Аман Мұқанов) 2022 жылы 6-айдың 7-күні түнде науқас себебінен Үрімжіде 86-ға қараған жасында арамыздан мәңгілікке аттанып, қайғыдан қабырғамызды қайыстырып кетті» деп бастаса, оның соңын: «Аман Мұқанов жаңа Қытай тәрбиелеп жетілдірген бірінші буын қазақ суретшісі. Ол Шынжаң ұйғыр автономиялы районның (ШҰАР) көшбастар көркемөнершілерінің бірі. Кәсіптік білімі терең, көз аясы кең, тарихи мәдениетке бойлай алатын білімі бар, Шынжаңдағы әр ұлт халқының, жүйеден қазақ ұлтының өзгеше мәдениеті мен эстетикасын байқауға, бейнелеуге шебер.
Аман Мұқанов ғұмырында дүниеге қыруар таңғажайып шығармалар әкелді, талай рет мәртебелі сыйлықтарды еншіледі. Шынжаң қоғамының дамуын, ұлттар ынтымағын, халықтың бақытты тарихын қылқаламмен кестелеп, Қытай осызаман көркемөнерінің бөлінбес бөлшегіне айналды. Ол Шынжаң көркемөнер, мәдениет тарихын, ұлт тарихын зерттеу мен бейнелеуді аса маңызды құнға және терең мағанаға ие тұлға» деп түйіпті. Осы сөзден-ақ ол кісінің еліне елеулі, құрметті, ардақты, сыйлы, тарихи тұлға болып қалыптасқанын білуге болады.
Мен осы мақаланы жазып отырып Аман ағаның әріптес інілерінің бірі, танымал суретші Әбдімәжіт Ертуғанұлымен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, Аман Әбзәлбекұлы туралы пікірін сұрағанымда, ол:
«Аман Әбзәлбекұылы ағамен мен 1974 жылы Үрімжідегі Шынжаң көркемөнер мектебіне оқуға барғаннан кейін таныстым, әрдайым мектепте демалған кездерімізде үйіне барып әңгімелесіп тұратынбыз. Бір тар үйде тұрушы еді, үйі тар болғанымен пейлі кең адам еді. Қашан барсақ та оның тар бөлмеде сурет салып жатқанын көретінбіз. Ерінбей, жалықпай сурет салды, бүкіл өмірін осы өнерге арнады. Бұл адам әдеттегі суретшілер секілді сурет сыза бермейтін, бір сурет сызу үшін оның композицияына, бейнелемек болған заттары мен оның пішіндеріне дейін мән беретін, бұл оның басты ерекшелігі еді. Аман ағаның бояулары сондай тәтті, әрбір сызған суреттерінде сурет өнеріндегі «түс бірлігі» деген ережені мықты сақтаған. Түс бірлігі кетпейді, қашпайды, берген бояуларында ешбір артық рең, үйлеспей қалған рең, кір рең деген мүлде болмайды. Қатар қойған екі реңі бір-бірімен керемет сәйкеседі, үндеседі, бояуларының бір жерін түртіп алып басқа жеруге апарып қоюға мүлде келмейді. Ол осындай ғажап өнер иесі.
Аман аға Қытай қазағынан шыққан тұғыш әсемөреші, әрі Шынжаң әсемөнерінің көшбасшысы. Сонымен бірге әр ұлт халқына өзінің өнері арқылы өнеге, үлігі көрсеткен ірі тұлға. Бұл кісінің майлы бояу суреттеріне көптеген профессорлар кезінде жақсы бағасын берген. Олардан асырып айта алмаспын, деседе өз көзқарасым, бұл кісінің бояуды зерттеу қабіліті өте жоғары, майлы бояу суреттің техникасын мықты меңгеріп, оның талабын мүлтіксіз орындай білді. Оның өнері бәрімізге тамаша үлгі. Ол өзі қайтқанымен, оның рухы, артына қалдырған еңбектері мәңгі өлмейді», – деді.
Бүгін марқұм Аман Әбзәлбекұлының мәйітін жерлестері арулап жер қойнына тапсырды. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Тәңірім алдыңыздан жарылқасын, бейнелеу өнерінің хас шебері Аман қария!
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz