Сенбі, 23 Қараша 2024
2889 8 пікір 14 Маусым, 2022 сағат 12:25

"Ағат атау, қиғаш тіркестерден құтылайық"

Жас журналистер арасында тілімізді қолдануда көптеген ағаттықтар кетіп жатады. Тіліміздің тазалығын қорғау мақсатында қолданыстағы сондай ағат сөздер мен қиғаш тіркестерді көрсетіп, оның дұрыс нұсқаларын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

Қазақ тілінде «мужской род», «женский род» деген жоқ. Сондықтан «азаматша» деп айтылмайды да жазылмайды. Ол орысша «гражданка» дегеннің калка аудармасы. ҚР Конституциясында ер де, әйел де «азамат» деген бір сөзбен берілген. Сол себепті «азаматша» сөзі қолдануға жатпайды.

Оқыс оқиғадан, апаттан, қылмыстық әрекеттерден, соғыс қимылдарынан өлген адамды «қаза болды» дейді. Өз ажалынан дүние салған адамды «қайтыс болды» дейді.

«Нәтижесі» мен «салдары» сөздері жиі шатастырылады. «Сондай келеңсіздік нәтижесінде шаруаның бәрі тоқтап қалды» деген сөйлемде «нәтижесі» орынсыз қолданылған. Теріс ұғым туғызатын сөйлемде «нәтижесінде» деген сөздің орнына «салдарынан» деген сөздің қолданылуы ұтымды болады. Сонда әлгі сөйлем «Сондай келеңсіздік салдарынан шаруаның бәрі тоқтап қалды» болып дұрыс ұғым береді.

Қазақша «алып келді» тіркесі тура мағынасынан басқа («принес») жағдайда орысша «привел» деген сөздің калка аудармасы ретінде қате қолданылып жүр. Пайдаланатын дұрыс сөз – «соқтырды». «Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның ыдырауына алып келді» деген сөйлем қате болады. Дұрысы «Желтоқсан көтерілісі КСРО-ның ыдырауына соқтырды».

«Орай» мен «қарай» сөздері де шатыс қолданылып жүр. «Өкінішке орай» деп айтылмайды. Дұрысы – «өкінішке қарай». «Орай» сөзі оңды іске, «қарай» сөзі өкінішке байланысты қолданылады.

Жас кезімізде аға буын журналистер қазақ тілінде «сый», «тый» деген екі сөзден басқа жерде «си» арқылы жазылатынын үйрететін. Бүгінгі жас әріптестеріміздің осыны білгені дұрыс.

Орысша «большое спасибо!» дегенді көп тележурналистер сөзбе сөз «үлкен рахмет» деп аударып пайдаланады. Рахметтің үлкені, кішісі болмайды. Қазақша бұл тіркес «көп рахмет!» болу керек!

«Туған күн» дұрыс па әлде «туылған күн» дұрыс па? Бірқатар адамдар «туылған күнді» тықпалай береді. Дұрысы – «туған күн»! Осыған антоним «өлген күнді» ешкім «өлінген күн» демейді ғой. Ғалымдар «туған күннің» дұрыс екенін айтудай-ақ айтып келеді.

Жастардың арасында жиі айтылатын «отырық», «жатырық» сөздері қазақ тілінің қолданылу нормасына үйлеспейді. Мүмкіндігінше ондай жарымжан сөздерді қолданудан аулақ болған жөн.

Сөздерді қолдану барысында күмән туса «Termincom.kz», «Еmle кz», «Sozdikgor.kz» сайттарын қарап дұрысына көз жеткізуге болады.

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475