Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Ақиқатқа қиянат 3647 4 пікір 22 Маусым, 2022 сағат 13:13

Референдум: Мирзиёев Путиннің жолын қумақ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдің Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, референдум өткізуді ұсынды.

«Менің ойымша, егер біз азаматтарымыздың пікірі мен қолдауына сүйене отырып, референдум арқылы конституциялық реформа жүргізсек, онда бұл біздің халқымыздың тілегі – нағыз халық Конституциясы болады», – деп сөйледі Мирзиёев. Өзбек көшбасшысы бұл сөздерді конституциялық комиссия мүшелерімен кездесуде айтқан.

Өзбекстан Конституциясындағы жаңа өзгерістерге қарағанда, өзбек билігі президенттің басқару уақытын «жоққа шығаруды» жоспарлап отыр. Яғни, екі рет қана сайлана алатын ел басшысының осыған дейінгі билікте отырған уақыты енді есепке алынбайды. Осылайша президент қалағанынша сайлауға түсе береді.

Шавкат Мирзиёев қазір ел басқарудың екінші, соңғы мерзімінде отыр. Өзбекстан мен шетел сарапшылары «өзбек басшысы бастаған өзгерістердің түпкі мақсаты Кәрімовтың кезіндегідей президенттің мерзімін ұзарту» деп болжап отыр.

Өзбекстан Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Садық Сафаевтың айтуынша, Контитуцияға енгізілетін өзгеріс қазіргі президентке тағы да сайлауға түсуге мүмкіндік береді. Бірақ  Мирзиёев бұл мүмкіндікті пайдалана ма, жоқ па білгісіз екен-мыс. Ол президенттің өзіне және оны ұсынатын партияға байланысты болмақ.

Сондай-ақ, Сафаев Мирзиёевтің үшінші мерзімге үміткер болу туралы шешімін былай деп ақтауға тырысқан:

«Менің жеке пікірімді сұрасаңыз, халықаралық сарапшы ретінде тәжірибеме сүйене отырып айтарым: Біз қазір өте қауіпті кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жағдай күн сайын күрделенуде. Бұл елімізге кері әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ, біз соған қарамастан реформаларды жалғастыруымыз қажет. Мен осы реформаларды бастаған адамға аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беруіміз керек деп ойлаймын. Бұл туралы кіммен болсын, қайда болсын пікір таластыруға дайынмын», - деді Сенат төрағасының бірінші орынбасары.

Өзбекстанның Негізгі Заңына енгізілетін өзгерістерді Қазақстанның Конституциясына енгізілген өзгерістермен байланыстыратындар да бар. Ал елімізде өткен референдум кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне тиесілі екі реттік мерзімнен артық ел басшылығында отырмайтынын айтты.

«Маған ел ішінде де, шетелде де «Мемлекет басшысы референдум арқылы сайлау құқығын ұзартып ала ма, яғни «нөлге» теңестіріп ала ма» деген сұрақ қойылады. Жауабым: ондай ниетім болған жоқ және болмайды да... Мен Қазақстанды қанша уақыт басқаратынымды білмеймін, бірақ Конституцияға сәйкес президенттің екі мерзімнен артық отыруға болмайтыны анық. Яғни, алдағы уақытта ешқандай заң, Конституция өзгертілмейді», - деді Тоқаев.

Өзбекстандағы өзгеріс біздің емес, Ресейдің Конституциялық өзгерістеріне көбірек сәйкес келеді. 2020 жылы Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің Конституциясын өзгертіп, сол арқылы өз өкілетін созған болатын. Осылайша «халықтың таңдауымен» 2024, 2030 жылдары да сайлану құқығына ие болды.

Мінекей, Шавкат Мирзиёев те Путиннің жолын қумақ боп бекініпті.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Өзбекстандағы өкілеттігі сайлау туралы қорытынды есебінде, сайлауда нақты бәсекелестіктің жоқтығын және жаңа оппозициялық партияларға тіркелуге рұқсат етілмегенін сынға алған.

Шавкат Мирзиёевтің өзі әлеуметтік желілерде және халықаралық БАҚ-та айтылып жатқан сын-пікірге әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімов елді 1991 жылдан бастап 2016 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған. Ол өзінің сайлау құқығын Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы 4 рет созған және бір референдум арқылы билікте отыру мерзімін ұзартқан. Өзбекстан тәуелсіздік алғалы бері Конституциясына 15 рет өзгеріс енгізген.

Айжан Темірхан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095