Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 7502 1 пікір 27 Маусым, 2022 сағат 16:11

Ахметтің Архангельскіден жазған хаты

ТҮПНҰСҚАЛЫҚ ДӘЙЕКТЕМЛЕРГЕ ШОЛУ

1932 жылы Архангельскіге жер аударылған А.Байтұрсынұлы 1933 жылы «Саяси тұтқындарға көмек» (Помощь политическим заключенным - Политпомощь) ұйымынан жәрдем сұрап бірнеше хат жазады. Ұйымға жазушы М.Горькийдің жұбайы Е. П. Пешкова жетекшілік жасайды. Аталмыш ұйым 1918 жылы «Қызыл Крестің саяси тұтқындарға көмектесетін Мәскеу қоғамы» деген атаумен жұмысын бастап, 1922 жылы «Қызыл Крест» деген атауын қысқартып, «Саяси тұтқындарға көмек» деген атаумен қайта құрылады. Оның қызметі 1937 жылы кеңестік биліктің қысымымен тоқтатылады.

Е. Пешкова басқарған ұйымға А.Байтұрсынұлы екі мәрте хат жазады. Бұл туралы Алаштанушы М.Қойгелдиев, С.Аққұлы сынды ғалымдар зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ағартушының араша сұраған қаракетіне Мәскеуде тұрып жатқан Алаш көсемі Ә.Бөкейхан көмектескенін зерттеп, зерделеді. Қос тұлғаның Е.П.Пешковаға жазған хаттары – Алаш баласы үшін қымбат қазына. Қымбат қазынаның түпнұсқалық нұсқасы оқырманға қызықты екені даусыз. Сол себепті А.Байтұрсынұлының 1933 жылы Архангельскіден Е.Пешкованың атына жазған екінші хатының түпнұсқасын жұртшылық назарына ұсынғымыз келеді (1 сурет).

1 сурет. А.Байтұрсынұлының Е.Пешковаға жазған хатының түпнұсқадан алынған көшірмесі

Құнды дүниені түпнұсқадан жариялауға жанама себеп болған мәселенің бірі мынадай: бұған дейін біздер 1902 жылдың 17 сәуірінде А.Байтұрсынұлының Қостанай қаласынан Батыс-Сібір оқу округінің басшысына «Ісжүргізуші» (делопроиводитель) қызметіне алу туралы (Ахмет Байтұрсынұлының Қостанайда жазылған қолжазбасы табылды) және 1904 жылдың 16 сәуірінде Омбы қаласынан Ішкі істер министріне үй салығынан босату туралы жазған өтініштердегі (Ахметтің белгісіз болған жаңа қолжазбасы табылды) каллиграфияның сұлулығына, көркемдігіне назар аударған болатынбыз. Мына хаттың жазу мәнері де сол жазбалардағы жазу таңбаларына өте ұқсас.

Еркіндікте жүргенде жазылған жазу басқа кісінің қолынан шығуы мүмкін деп ойлауға да болады, ал бірақ айдауда жүрген кісіге өзгенің қызметін пайдалануы өте қиын нәрсе. Сондықтан 1902 жылы Қостанайда жазылған өтініш те, 1904 жылы Омбыда жазылған арыз да, одан кейін 30 жылдай уақыт өткеннен соң 1933 жылы Архангельскіде жазылған мына хат та әріптердің көркем таңбалану мәнеріне қарай бір кісінің – А.Байтұрсынұлының қолынан шыққан деп тұжырымдай аламыз. Айтпақшы, А.Алекторовтың оны өзіне «ісжүргізуші»  қызметіне алуының бір себебі – ауыл мектебі ұстазының жазу мәнерінің анықтығы мен көркемдігінде деп санауға болады. Жазу машинкасы қат заманда қолмен анық, көркем жазатын өнер ісжүргізушіге қойылатын талаптардың бірі болғаны сөзсіз. Бұған қоса, А.Байтұрсынұлының бойында суретшілік қабілет болғандығын тағы бір ескеріп қойғанымыз абзал (https://www.exclusive.kz/expertiza/kulturnaya_sreda/124081/?fbclid=IwAR2ovWk1tkGYireUb10EEhI6d3ntgTrFPN2mh_GXl2ZZhoUVgZFMKF0Bdgw#.YHdyjlev1hs.facebook).

Бұл тұста А. Байтұрсынұлының Қостанай педагогикалық сыныбында мұғалім қызметінде жүріп Қостанай қаласында тұрақтаған Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы, түрколог А. Е. Алекторовпен жақсы тамыр-таныстық орнатқаны, 1902 жылы оны Халық ағарту министрлігі Ақмола және Семей облыстары халық мектептерінің директоры қызметіне ауыстырған уақытта Омбыға бірге қызметке (ісжүргізуші) келгені туралы деректер бұрын-соңды беймәлім болып келгендігін еске салғымыз келеді.

Сонымен, хат 1933 жылдың 20 сәуірінде Архангельскіден жазылған. Көлемі – екі парақ. Ұйымның қоржынына түскен уақыты - сол жылдың 5 мамыры. Бұл мерзім хаттың оң жақ бұрышына таңбаланған және сол таңбаның үстіне «4781» деген сан түскен. Соңғысы, шамасы, саяси қуғындалушылар тарапынан  ұйымның атына түскен өтініштерді тіркейтін есептік жиынтықты білдіретін сан болуы әбден мүмкін деп болжаймыз. Бұлардың бір сиямен жазылғандығы анық байқалады.

Алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлының жеке мұрағатындағы Ә.Бөкейханның 1933 жылдың 25 ақпанында Е.Пешкованың, сондай-ақ сол жылдың 29 сәуірінде «Политпомощь»-ты құрушылардың бірі, Е.Пешкованың  көмекшісі, бұрынғы меньшивиктер партиясының мүшесі Л. М. Винавердің атына (Ә. Бөкейхан оның қабылдауына 10 наурыз бен 29 сәуір аралығында 4 рет барған) айдаудағы А. Байтұрсынұлын басқа лагерьге ауыстыруға көмектесуді сұрап жазған түпнұсқалық екі хаттың оң жақ бұрыштамаларына да «4781» саны таңбаланған. Үш хаттың (бірі – Ахметтікі, екеуі - Бөкейхандікі) оң жақ бұрыштамаларына соғылған санның бірдей болуы бізді осындай ойға жетелейді. Ал хаттың сол жақ бұрышына «Е.Павл.» деген жазба соғылған. Бұл белгіні соғушы хаттың Екатерина Павловананың қолына жетуі керектігін көрсетсе керек.

«Құрметті Екатерина Павловна» деп басталған хаттың аңдатпасында А. Байтұрсынұлы басына түскен аса қиын жағдайға байланысты өзін басқа жаққа ауыстыру мәселесімен екінші мәрте хат жазып отырғанын тілке тиек етеді:

Бұдан әрі хат иесі 1933 жылдың 16 ақпанында Е.Пешкова басқарып отырған ұйым арқылы ОГПУ-ға хат жолдағанын, онда мынадай екі мәселені шешуге көмек сұрағанын еске салады: 1) солтүстіктен жылы аймаққа орын ауыстыру; 2) кеңсе немесе  ісжүргізу жұмысына орналасуға рұқсат беруді, ал егер оны орындау мүмкін болмаса, Батыс-Сібір өлкесінің Томбы округі, Кривошенский ауданы, Могочино деревнясында айдауда жүрген отбасының қасына ауыстыруды сұрағанын еске салады:

Хаттың мазмұндық желісінің келесі бөлігінде мұндай өтініш жасаудың себебін кеңсе мен ісжүргізу жұмыстарынан басқаға мүгедектіктен жарамайтындығын, ал әкімшілік аталмыш орындарға жаңа кісілерді алмақ түгіл, 3-4 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқандарды босатып жатқандықтан ол орыннан үміт күту мүмкін емес екендігін түсіндіруге ұмтылады:

А.Байтұрсынұлы өтініштің қорытынды бөлігінде лагерьде жұмыссыз жүріп аштыққа ұшырағанын, әбден азып-аршып, қалжырағандықтан отбасының жанына ауыстыруды өтінеді. Хаттың соңына «Аса құрметпен А. Байтұрсынов» деп қол қойып, айдауда жүрген мекен-жайының адресін жазады. Онда  «Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д. 9» деп көрсетілген.

А.Байтұрсынұлының «Саяси тұтқындарға көмек» ұйымынан көмек сұрап жазған хаттары және Мәскеудегі Ә. Бөкейханның жанұшыра қимылдап Е.Пешкова мен Л.Винаверден жәрдем сұрауы әрекеттері өз нәтижесін береді. Көп ұзамай А.Байтұрсынұлы Томбыда айдауда жүрген отбасына қосылуына мүмкіндік алады...

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048