Жиырма жыл жазылған роман
Ақын-жазушылардың әлі сиясы кеуіп үлгермеген көркем шығармасын қаламгерлер ортасында талқылау, көркем әдеби сын деген ұғымдар санамыздан көшкен бұлттай тарап бара жатқан сияқты әсер қалдыратын. Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» аталған кеңестік дәуірде тың туындылардың қай-қайсысы болсын қаламгерлер назарынан тыс қалмай, әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағасын алып келсе, сол дәстүрдің діңгегі кешегі аласапыран кезеңде зардап шекпеді деп айта алмаймыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесін артқа ысырған кезеңде қолға алынып отырған елордалық қаламгерлердің бастамасы көзі бітеліп, көмескі тарта бастаған рухани арнаның жүзіне қайта қан жүгірткендей рухтандырады. Жазушылардың астаналық филиалында алғаш рет тарихи көркем туынды талқыланды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты қағида әдебиеттегі өсіп келе жатқан қаншама жас өркендер қаламын қатайтуға себепші болатыны рас десек, ал халқына өткен тарихтың кескін-келбетін, кесек тұлғаларын шынайы баяндауды барынша мұрат тұтқан майталман жазушылар үшін де мұндағы ортаға салынған сын-пікірлер мен ой-байламдардың орны бөлек саналады.
Ақын-жазушылардың әлі сиясы кеуіп үлгермеген көркем шығармасын қаламгерлер ортасында талқылау, көркем әдеби сын деген ұғымдар санамыздан көшкен бұлттай тарап бара жатқан сияқты әсер қалдыратын. Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» аталған кеңестік дәуірде тың туындылардың қай-қайсысы болсын қаламгерлер назарынан тыс қалмай, әдебиет сыншылары тарапынан лайықты бағасын алып келсе, сол дәстүрдің діңгегі кешегі аласапыран кезеңде зардап шекпеді деп айта алмаймыз. Тәуелсіздіктің 20 жылдық белесін артқа ысырған кезеңде қолға алынып отырған елордалық қаламгерлердің бастамасы көзі бітеліп, көмескі тарта бастаған рухани арнаның жүзіне қайта қан жүгірткендей рухтандырады. Жазушылардың астаналық филиалында алғаш рет тарихи көркем туынды талқыланды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қанатты қағида әдебиеттегі өсіп келе жатқан қаншама жас өркендер қаламын қатайтуға себепші болатыны рас десек, ал халқына өткен тарихтың кескін-келбетін, кесек тұлғаларын шынайы баяндауды барынша мұрат тұтқан майталман жазушылар үшін де мұндағы ортаға салынған сын-пікірлер мен ой-байламдардың орны бөлек саналады.
Жақында Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы және С.Сейфуллин мұражайының ұйымдастыруымен елордалық қаламгерлер Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» тарихи романын талқылады. Жазушылар одағы қалалық филиалының директоры, көрнекті ақын Несіпбек Айтұлы жүргізген әдеби талқылауға Төлен Әбдік, Әнес Сарай, Сайын Назарбек, Мәди Айымбетов, Марат Мәжитов, Қуаныш Жиенбай сияқты белгілі ақын-жазушылар қатысып, пікір білдірді.
- Бұрын да мұндай әдеби талқылаулар болған, бірақ бүгінгі басқосудың жөні оларға қарағанда мүлде бөлек, - деп сөз бастаған Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Несіпбек Айтұлы романды өзі де жақында оқып шыққанын айтты. - Қажығали Мұханбетқалиұлының романы - тәуелсіздік жылдары тұсындағы үлкен бір сүбелі дүние. Жалпы, әр жазушының шығармашылығында ерекше бір басты кітабы болады. Айтайық, М.Әуезовтің керемет небір шығармалары бар, бірақ «Абай жолының» алар орны бір төбе. Сол сияқты Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тері», М.Мағауиннің «Аласапыраны», Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаңы» сияқты жазушының өзінің бір шыңы, жанын-қанын, бүкіл өмірін арнаған шығармалары болады. «Тар кезең» романы Қажекеңнің жиырма жыл көз майын тауысып зерттеп жазған сондай шығармасы екені көрініп тұр. Себебі, шығарманы жазу бар да, оған пәленбай жыл тапжылмай отыру деген жауапты іс тағы бар, ал мынадай үлкен, күрделі шығармаға келу үшін адам оны көп уақыт зерттеуі керек. Әсіресе, орыс-қазақ қатынастары, Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты, бүгінгі күнге дейінгі дәуір, кеңестік кезеңде шынайы ашылып айтыла қойған жоқ. Өйткені, орыс империясының қол астында отырған уақытта олардың қазақ даласын отарлау саясатын бүге-шігесіне дейін қазып айту мүмкін емес еді. Қажекең болса бұл тақырыпты тәуелсіздік тұсында көтеріп отыр. Өткен тарихқа шындық тұрғысынан қарап, тіпті Петербордағы тұрған көшелерді, ондағы ғимараттарды суреттегенде ол жүрегінің сүзгісінен, көңілінің көзінен өткізіп, анық байқап жазғаны көрініп тұр. Шығарманың ғажаптығы, қазақ даласын жаулаудағы орыс империясының неше түрлі сұрқия саясатын баронның, орыс офицерінің көзімен керемет көрсете білген. Және Сырым батыр бастаған қазақ даласының қарсылығы, ХVIII ғасырдың екінші жартысындағы тар кезең үлкен суреткерлікпен беріліп отыр.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай «Тар кезең» романын түгел оқып шыққанын айта келіп, Сырым батыр мен ол өмір сүрген кезең тарихына қатысты қызықты деректер келтірді. «Мен Қажекеңнің шығармасының алғашқы тарауын осыдан он бес жыл бұрын оқығанмын. Жақында түгел оқып тауыстым. Сондықтан, бұл шығарманың тағдыры, жазылу кезіндегі қиыншылықтары мен күрмеулері менің көз алдымнан өтті деуге болады.
Орыс отаршылдығына қарсы бірден-бір қарсы күрескен адам осы Сырым Датов. Тарихи, ресми дерек бойынша орыс отарлауына қарсы шыққан бірінші көтерілісші де, ал ресми емес тарих бойынша екінші көтерілісші. Бірінші көтерілісті таманың Сапура есімді қызы бастаған. Отарлау саясатына қарсы шыққан ұлт-азаттық көтерілісінің басында қашанда Сырым Датұлының есімі ерекше аталуы заңды. Үкіметке, саясатқа, айтылмай жүрілетін идеяларға қызмет етеміз деп кейбір тарихшылар хандардың барлығын шетінен мақтап, олардың ішінде осалы жоқ, барлығын данышпан етіп, ал енді халық көтерілісін бастағандарды «тентек» дейтін болдық кейде. Сондай идея жер-жерде жүріп жатыр. Егер де біз хандарымызды ұлт үшін жанын пида қылған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдеріне қарсы қойып сөйлейтін болсақ, онда отаншылдық деген сезімнен жұрдай боламыз. Елі үшін қан төккен Сырымды, Кенесары мен Наурызбайды, Есет Көтібаровты, Исатай мен Махамбетті, Иса мен Досанды, Жанқожа мен Бұқарбайды, Бекболат пен Имановқа дейінгі ұлт-азаттық көтерілісінің батырларын жалаулатып көрсетпесек, онда ұлт-азаттық көтерілісі бәсеңдеп, ұмыт болады. Бірақ ұмыттырмау үшін бүгінде міне, мынадай романдар жазылып жатыр. Сырым Датовтың тарихы адам айтқысыз ұшан-теңіз. Оны түгел жеткізу мүмкін емес. Бұл өзі орыстың атақты қолбасшысы Суворовтың өзімен күрескен адам ғой. Сырымның тарихта Есімханды (Нұралының баласы) өлтірген кезі және бар. Қызылқоға ауданында Сырым бөгеті деп аталатын атау кездеседі. Сырымның мәйіті қазақ шекарасынан тыс Қоңырат дейтін маңда жатыр. Қажекең соның бәрін сырып тастап, ұшан-теңіз осынау дүниеден не алған десек, ол шығармасына орыстың Қазақстанды отарлауға келген саясатын ғана алған. Мен Игельстромды онша жек көрмедім. Қажекең сүйсініп жазыпты оны. Өзі сүйкімді, өзі орыс емес, бірақ орыс саясатын, отарлау саясатын жүргізер кезде бұлтартпайды. Амандасып, жылмаңдап тұрғанмен халықты отарлау саясатына келгенде беті міз бақпайды. Соны Игельстромның бойынан көрдім. Ол қазақты орыс әкімшілігінің заңына бағындыруға, елдің тұрмысын бұрынғы шариғат емес, дәстүрлі қазақтың дала заңымен емес, ата жолымен емес, орыстың заңымен реттеу үшін келген адам ғой. Қазақты орыс билігіне түгел аударамын деп келген Игельстромның сол саясатын жүзеге асыруға қарсы адам - Сырым. Сырымның батырлығынан гөрі саясаткерлігі басымдау. Сырымның ұлылығы да, қазақ үшін істеген ісі де осы жерде көрінеді. Осыны Қажекең жақсы берген. Жалпы, көркем шығармада сюжет, екіншіден характер болуы керек. Үшінші, тіл керек. Сол үлкен шығармаға қажетті үш компонент те Қажекеңнің туындысынан табылып тұр, әдемі үйлесуімен шығармасы құлақ-бауы келген домбырадай. Егер де өнерлі адам болса, әндеткісі келіп тұр. Қазақта ең озық шығармалар тарихи тақырыпқа жазылған - «Абай жолы», «Қан мен тер», «Ботагөз», «Аққан жұлдыз» «Хан Кене», «Көшпенділер». Бұл жағынан жинаған тәжірибеміз аз емес. Марқұм Рымғали Нұрғалиев қазақ әдебиетінің өткен ғасырдағы тұрмысын «алтын ғасыр» деп атады. Бұл биік сірә енді алғызбайтын шың болса керек. 40 том жазған Сәбит Мұқановтың өзі не тұрады?! Соның он алты томын шығаруға қатыстым. «Қазақ елі» деген бір кітабы шықты. Қазақтың ру, тайпалары туралы алғашқы кітап. Соны алдыма әкеліп тастай салғанда, шаңы бұрқ ете қалды. Осы кітаптың іші толған факт, осыдан кітап шығар деді. Әлгіні мықшыңдап отырып біраз жұмыс істедім. Бірақ кейін Мамажанов сұрап алып кетті. Осындай тарихи кітаптар аз емес. Соның бұл соңы болмасын деп тілеймін. Қажекең сол жақсы дәстүрді жалғастыра білді», - деді Ә.Сарай.
Жазушы Төлен Әбдік: «Тарихи шығармалардың даңқын шығарған - халықтың тарихқа деген ықыласы, - деді. - Шөлдеуі. Өйткені, кешегі Кеңес өкіметі тұсында тарихымыз бұрмаланды. Шын тарихты білмейінше адамның өз халқына деген сүйіспеншілігі болмайды. Сондықтан тарихи шығармалар кейбір кем-кетігіне қарамастан халыққа ұнады, халық қабылдады. Тарихи шығармалардың кейбірінен дайындықтың аздығы, толық тәптіштеп зерттемегені, зерделемегені байқалып тұратын. Бірақ біз оған қараған жоқпыз, жақсы қабылдадық. Ал енді Қажекеңнің романын оқып шыққанда менің байқағаным, жазушы тарихты бүге-шігесіне дейін зерттеген. Бүкіл ресми бұйрықтарға, хаттарға дейін мұрағаттан қарау деген қыруар уақытты қажет ететін нәрсе. Бұл - бір, екіншіден, тарихи нәрсені зерттеу аз, оны зерделеу керек, мән-мағынасын айқындау, бойға сіңіру, жүректен өткізу керек. Осы тұрғыдан келгенде, Қажекең тағы да жақсы зерделегені көрініп тұр. Үшіншіден, әдебиетте тіл болмайынша көркем шығарма қалай туады. Қажекеңнің тілі ерекше тіл екен. Жазушы шығармасын бұрыннан білем дегенмен де, бірақ мұнда өте жанын салғаны көрініп отыр. Әсіресе, басынан бастап суреттелетін барлық оқиға көз алдыңнан кино көргендей өтіп отырады. Бұл - үлкен жетістік. Көзге осылай елестемесе, дұрыс сурет салынбайды. Алғашқы төрт тараудың тілі ерекше. Өйткені, керемет детальдар бар ішінде. Кейіпкер бейнесін суреттеп отырып, қамыс арасынан шыққан қабанкөзденіп дейді. Көз алдыңа адамның бейнесін әкеледі. Қажекең адамдардың қимылына дейін, сөйлеген сөздеріндегі ерекшеліктерді, көзге түсе бермейтін қылықтарды, осының бәрін керемет жасаған. Сырымға келсек, сәл стильдік ерекшелік байқалады. Себебі, қазақтың тарихын қалыпқа түсіру оңай шаруа емес. Баяндау жағы басымдау болып көрінеді. Сырым би болған соң, ол халықтық кеңесте, дау-дамайда жүретін адам болғандықтан оның бейнесін диалог арқылы өте жақсы береді. Үшіншіден, сюжеттік қиюласу бар. Роман өте көркем жазылған. Тілі сондай тамаша, образдар ашылған. Әрине, кітап өзінің оқырманын табары сөзсіз. Бірақ енді келесі басылымдары болуы мүмкін. Жазғанына елу жыл болған «Қан мен терін» Ә.Нұрпейісов әлі күнге редакциялап жүр ғой. Соны қаламгер назарына ілсе деймін. Халқымыздың азап шегуінің басты себептері болған. Ол - патшалық Ресей. Бұл ел тарихта әлемдегі отарлау саясатын жүргізген елдердің ішіндегі ең қаталы болған. Ресей тек қазақтарға қиянат көрсеткен жоқ, бүкіл Орта Азия халықтарына, оның ішінде Кавказ халықтарын бұғауда ұстады. Кавказда ең көп халық болып саналатын черкестерді ұлт есебінде жойды. Ноғай халқы ұлт ретінде ысырылды. 1782 жылы Суворов аз уақытта 500 мың ноғайды қырған екен. Нағыз геноцид емес пе? Көз көргендердің айтуы бойынша, олардың қолына түскендер қалай өлтірілетінін білген соң, ноғайлар өздерінің балаларын өздері өлтіре бастаған. Отаршыл Ресей қарамағындағы елдерге адал болды деп айта алмаймыз. Бірақ қалай дегенде де олардың ішінде кейбір жеке адамдардың демократ болуы ғажап емес еді. Игельстромның бейнесі соған сендіреді. Бірінші тарауды оқыған кезде оқырманға Ресейдің тарапынан қазақ халқына бір үлкен жақсылық жасалған, осылар тыныш болса екен деген сияқты саясат елестейді. Ертең мұны оқырман қалай қабылдайды, мен ол жағын қазір айта алмаймын. Үшіншіден, Сырымның ең үлкен жауы тек Нұралы деп қана қарайтын болсақ, онда Сырымның рөлі сәл-пәл төмендейді. Біз тарихтан Сырымды отаршылдыққа қарсы қазақ халқының қарсылығын бірінші бастаған күрескер ретінде қараймыз. Ресейге жетіскеннен кіреміз деп қол қойылған жоқ. Қалмақтың, жоңғардың шабуылын жасаттырған Ресей араға алауыздық отын тұтатты. Яғни, бізге шабуыл жасатқызып, сосын өздерінің қол астына кіргізуге мәжбүр еткен. Екіншіден, Орта Азия халықтарын бір-біріне айдап салу саясаты өте дұрыс саясат делінген. Міне, осыны аздап болса да Сырымның ішкі ойларымен бе айтып кету керек еді. Үшіншіден, бірінші бөлімді сәл-пәл қысқартуға болатын шығар. Сырымның хандық билікке қарсы болуы - өте қауіпті пікір. Хандық саясатты жою Ресейдің саясаты болған. Бұл жойылса, жұрт бет-бетімен кетеді. Сондықтан, аға сұлтан дегенді енгізген. Ал аға сұлтан бірлесіп әскер жинай алмайды. Біз Жоңғариядан неге жеңілдік? Себебі, елді билер билегендіктен, хандар емес. Хан билеген кезде армия мемлекеттік болады. Билік билерге кеткен соң, әркім өзінің руын ғана билейді. Қазақстан рулардың одағына айналды сол кезде. Жұрт кейін осыны білген соң, Кенесарыны хан сайлады. Өйткені, күресу керек болды. Жалпы, маған роман ұнады, әріптері үлкен, басынан бастап аяғына жеткенше сырғисың да отырасың. Құтты болсын!» - деп романға сәттілік тіледі.
Сәулетші, ақын Сайын Назарбек шығарманы оқып шыққанда, әсіресе, тіл байлығына қайран қалғанын, қойын дәптеріне романнан өте сирек кездесетін 126 сөзді түртіп алғанын, тарихи романның ешбір көркем шығармадан кем оқылмайтынын айтса, жазушы Мәди Айымбетов романды үш күнде тез оқып шыққанын тілге тиек ете келіп, мұрағаттан көп дерек жинаған жазушының еңбегін ерекше атап өтті. Тақырыбы тағы да екінші, үшінші кітаптың жазылуына сұранып тұр деді. Жазушы Марат Мәжитов шығарманың көркемдік деңгейі туралы тоқтала келіп, орыс тіліне аударылса, орыстардың жерге түсірмей оқитын шығармасы болар еді деген пікір білдірді. Белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай тарихи романдарда әдетте атыс-шабыс, өлім-жітім сияқты нәрселер кездеседі десек, мұнда ондай оқиғалар көрініс таппайды, жалпы алғанда, тарихи шығарма оқырманның көңілінен шығатын тың туынды деген ойын жеткізді.
Әдеби талқылаудың соңында Қажығали Мұханбетқалиұлы роман туралы пікір-ұсыныстарын білдірген әріптестеріне ризашылық білдірді. Мені жиырма жылға жуық уақыт оқырманым әдебиеттен жоғалтып алғандай болды. «Тар кезең» тарихи романы арқылы халықтың алдындағы бір парызымды ақтап шықтым деп ойлаймын деді.
Қазақ әдебиеті сонымен тағы бір тарихи туындымен толықты деп қуанудамыз. Өйткені, бұл шығарма тәуелсіздік сиясымен жазылған бірден-бір рухани қазынамыз болып табылады. Сәттілік тілейміз жаңа кітапқа.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».