Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4583 0 пікір 28 Шілде, 2009 сағат 07:02

Қаршадайынан танылған қыран

...1954 жылы тамыз айының 29 күнi Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылынан пошта таситын Қосым шалдың түйесiне мiнгесiп, аудан орталығы Тау­шыққа қарай жолға шықтым. Ол кезде аудан бойынша орта мектеп бiреу - ол Таушық кентiнде Шахта орта мектебi. Сондағы интернатқа орналасып, сегiзiн­шi сыныпқа оқу үшiн келе жатқан бетiм.

 

 

 

Жастық шаққа саяхат

 


...1954 жылы тамыз айының 29 күнi Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылынан пошта таситын Қосым шалдың түйесiне мiнгесiп, аудан орталығы Тау­шыққа қарай жолға шықтым. Ол кезде аудан бойынша орта мектеп бiреу - ол Таушық кентiнде Шахта орта мектебi. Сондағы интернатқа орналасып, сегiзiн­шi сыныпқа оқу үшiн келе жатқан бетiм.

 

 

 

Жастық шаққа саяхат

 


Қосым ақсақалдың көлiгi күйсiз­деу, жылдам жүруге жарамайды, сылбыр аяң­мен жүремiз. Ара-арасында менi түсiрiп жетектетiп алады. Жолға бiр түнеп, келесi күнi сәскеде Таушық­қа да жеттiк-ау. Қолымда ортасынан жiппен таңылған, тозығы жетiңкiреген шамаданым бар, мектепке келсем ауласының iшi толған бала, интернатқа қабылдауды сұрап арыз жазып жатыр екен, мен де арызымды соларға қосып жiбердiм. Жиналған балаларға ертең сағат 8.00-де кiмдердiң интернатқа алынатыны осы жерде хабарланатын болады және кiмдердiң қай сыныпта оқитыны да айтылады деп таратты. Ертесiне белгiленген уақытта келдiк, менiң аты-жөнiм интернатқа алынатын балалардың iшiнде болмай шықты. Сегiзiншi «а» сыныпта оқитындардың iшiне қосыпты. Сыныпқа кiрсем, артқы орындарды балалар иеленiп қалыпты. Алдыңғы партаның бос орнына келiп отырдым. Көп ұзамай соңымнан қолында менiкiнен айырмасы шамалы, жiппен буылған шамаданы бар, киiмi де менiкi сияқты жұпынылау бұйра шаш, қара бала кiрiп, шамаданын бұрышқа қойып, қасыма келiп отырды. Көп ұзамай сынып­қа қолында журналы бар, бойы ортадан жоғары, ат жақты, суық жүздi кiсi кiрiп келдi. Жапырлап орнымыздан тұрдық. Бiздi отырғызып, өзi орнына жайғасып болған соң: «Менiң аты-жөнiм - Шоңқа­лов Торғай, математика пәнiнiң оқытушысымын, осы сыныптың жетекшiсiмiн және интернаттың тәрбиешiсiмiн», - дедi. Сол кезде сыныпқа рұқсат сұрап бiр қыз бала кiрiп, артқы жаққа барып орналасқан. Бiр оқушының әлгi қызға: «сыбай болдық, сыбайлас бұрыштардың ережесiн сақтайық!» демесi бар ма. Солай деуi мұң екен, Төкең: «Сенiң аты-жөнiң кiм едi, кәне сыбайлас бұрыштардың теңдiгiн дәлелдешi», - деп, жаңағы баланы орнынан тұрғызды. Бала жауап берiп жарытпады, ұмытып қалса керек. «Ал, кәне, сыбайлас бұрыштар жөнiнде кiм айтады?» - деп сыныпқа көз жүгiрттi. «Мен айтам» деп қол көтердiм. Қарасам, қасымдағы бұйрабас та қол көтерiп отыр екен. «Ал, кәне, тыңдайық, сенiң атың кiм едi?». Мен аты-жөнiмдi айтып, тақтаға шығып өз ойымда қалғанын айта бастап едiм, мұғалiм: «кiдiре тұр», - дедi де, «ендiгiсiн сен жалғастыр», - деп бұйрабас баланы тұрғызды. Аты-жөнiн сұрады. Ол: «Кекiлбаев Әбiш», - деп жауап бердi. Маған оқытушы: «отыр», - дедi де, «Ал, онда Кекiл­баев, сен жалғастыр», - дедi. Әбiш айтып болған соң журналды қолына алып, үйден оқитын балалардың аты-жөнiн, жетiншi сыныпты қай мектептен бiтiргенiн сұрады. Одан соң интернатқа алынған балалардың тiзiмiн жасап: «Ендi интернатқа орналаспаған, бұл жерде жататын үйi жоқ балалар бар ма?» - дегенде, мен, Әбiш және бiр қыз қол көтердiк. Бiздiң аты-жөнiмiздi жазып алған соң: «Үшеуiңiз қазiр мұғалiмдер бөлмесiне келiңiз­дер», - дедi. Сыныптан шығып дәлiз­дегi iлiнген сабақтың кестесiн көшiрiп алып, үшеуiмiз мұғалiмдер бөлмесiне бардық. Шоңқалов ағайымыз менiң қолыма директордың берген тiлдей қағазын ұстатты: «Интернатта Шәрi­пова деген тәрбиешi бар, соған апарып берiңiздер, сендердi орналастырады», - дедi. Үшеуiмiз келiп тәрбиешi Шәрi­пова­ны тауып алып интернатқа орналастық.

Бiзге берiлген бөлмеге келсек, бiзден бұрын Шүңкәров Өтелген мен Әбдиев Амантай деген екi бала орналасқан екен, екеуiмiзбен төртеу болдық. Кейiннен Амантай кеңшарда зоотехник болды, Шүңкәров Өтелген ғылым кандидаты, Ақтау универси­тетiнде кафедра басқарды. Қазiр екеуi ортамызда жоқ, суық ажал оларды өмiрден ертерек алып кеттi.

Келесi күнi таңертең сабаққа кел­дiк. Бiрiншi сабақ орыс тiлi болды. Валентина Яковлевна Осташкова деген орыс қызы келiп сабақ бастады. Әрқайсысымызбен жеке-жеке танысты. Балалардың орысшасы өзiмнен асып бара жатпағансын, «қатар болдық-ау» деп отырғанмын. Кезек Әбiшке келгенде орнынан тұрып, кiдiрместен сөйлеп, аты-жөнiн айтып, мұғалiмнен өзiн таныстыруын сұрады. Ол кезде Маңғыстау ауданында орыстар атымен болған жоқ десем өтiрiкшi болмаспын. Менiң орыс оқытушысын көрiп тұрғаным осы едi. Әбiштiң iркiлмей сөйлейтiнiне соншама қызықтым. Мiне, осылайша бiздiң достығымыз басталды. Көп ұзамай-ақ Әбiштiң барлық пәндi жақсы бiлетiнiне, әсiресе, қазақ, орыс әде­биетi, тарих пәндерiн сүйiп оқитынына көзiмiз жеттi. Әбiштен орысшаны қа­лай жақсы үйренгенiн сұрағанымда, өткен жазда орыстардың iшiнде төрт айдай экспедицияда жұмыс iстегенiн, сонда бiршама үйренгенiн, оның үстiне орыс әдебиетiн үзбей оқитынын айтты.  Оқу бас­талып кеттi, екеуiмiз үнемi кiтапханада боламыз. Әбiш сол кездiң өзiнде-ақ аудан кiтапханасындағы классиктер шығармаларын түгел оқып тауысты десем, артық болмас. Мен де көп оқитын едiм. Ауылдағы жетiжылдық мектеп кiтап­ха­на­сын­да­ғы iске татыр төлтума және аударма дүниелердi түгелдей оқып келгенмiн. Бұлардан тыс «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қамбар», «Қарасай-Қази» дастандарын жатқа айтатынмын. «Кербаланың соғысы», «Зар­құм», «Сал-сал», «Дариға қыз», «Ләй­лi-Мәжнүн», «Мұңлық-Зарлық» дас­тандарын Тоқсанбай, Айтқұл секiлдi жыршылардан естiп, есiме сақтаған жайым бар-ды. Әбiшке кездесiп, сыр­ласқан­нан кейiн менiң көп оқыдым деп жүргенiм жеткiлiксiз екендiгiне кө­зiм жеттi. Әр демалыс сайын Таушықтың орталық кiтапханасына барып ал­ған кiтаптарымызды тапсырып, жаңадан кiтап аламыз. Әбiштiң алып оқи­тын кiтаптары - Хемингуэй, Моэм, Джек Лондон, Киплинг, Колдуэлл, Чехов, Мамин-Сибиряк, Ги де Мопассан сияқ­ты атақтылардың еңбектерi. Бiр жо­лы әбiштiң Стефан Цвейг жазған, ұмыт­пасам, «Бальзак» атты кiтабын оқып отырып: «Кейбiр жерлерi орысшаға дұрыс аударылмапты, былай деп жазғанда дұрыс болатын едi» - дегенi есiмде. Мен де ол кiтаптарды алып оқығанмен, Әбiш сияқтанып бас алмай оқи алмадым. Дұрыс түсiн­беген соң ұйқым келе бастайды. Бiр күнi Әбiш маған Толстойдың «Кавказ әңгiмелерi», «Хажы-Мұрат» кiтапта­ры­ның әуелi қазақшасын, содан соң барып орысшасын оқуға ақыл бердi. Мен бұл кеңестi бұлжытпай орындап оқып шыққанымда, мазмұнын толық түсiнетiндей дәрежеге келдiм. Соңынан Достоевскийдiң «Құмарпазы» мен Пастернактың «Доктор Живагосын» түпнұсқадан оқыға­ным­да Әбiшiм қатты қуанды. «Бектұр, осыныңнан жазбасаң, оқу жылының аяғына дейiн орысшаға судай боласың!» - дегенi әлi есiмде. Қыркүйек айының орта кезiнде оқушылардың жалпы жиналысы болды. Оқушылар комитетiнiң төрағалығына Әбiш ұсынылып менi дружина кеңесiн басқаруға белгiледi. Оқу жылының ортасында оқушылар қысқы демалысқа шықты. Күйсiздеу балалардың интернатта қала беруiне рұқсат етiлдi. Қалған балалар интернаттағы ескi темiр керуеттердi жөндеу секiлдi жеңiл-желпi жұмыстар атқаруға тиiс болатын. Соғыс­та қаза болған әкемiз үшiн берiлетiн жәрдемақысымен аурулы шешемнiң күнелтiп отырғанын ойлап мен интернатта қалуға бел байладым. Әбiш те ауылына бармай қалды. Оның бармауына сiрә, жатып алып кiтапханадағы кi­таптарды оқуға деген құштарлық себеп болды ғой деймiн. Осылайша оқу жылы да аяқталды, табылған көлiк­пен ауылдарымызға тарастық.

Келесi 1955-56 оқу жылында Таушыққа қайта келдiк. Бұл жолы Әбiш екеуiмiздi интернатқа кiдiрiссiз қабылдады. Бұрынғыша мектеп өмiрiне араласып, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей тоғызыншы сыныптың бiрiншi тоқсанын да аяқтадық. Мектептiң жар (қабырға) газетiн шығарып тұруды да бiздерге мiндеттеген. Газеттiң редколлегия құрамында Көшеков Төлесiн, Әбдiров Асан, Кекiлбаев Әбiш, Сейтов Имаш және мен болдым. Бiр күнi газеттi дайындап жатқанымызда Әбiштi мектеп директоры шақырып кеттi. Күн демалыс болатын, бiздер интернаттың түскi тамағына дейiн газеттi бiтiрiп жарға iлiп бола бергенiмiзде Әбiш келдi. «Мен ауылға кететiн болдым, ауылда салынып жатқан орта мектеп үйi бiтiп, пайдалануға берiлiптi. Менi алып кетуге ауылдан адамдар келдi, түсқайта көлiк жүредi екен, сонымен жү­ре­мiн», - дедi. Әбiштi түсқайта шығарып салдым. Әбiш сонда маған - «мек­тептi аяқтауымызға аз қалды, жаз­ғы каникулда жұмыс iстеп ақша табармыз. Келесi жылы оныншы сыныпты бiтiргесiн Алматыға университетке бiрге барамыз», - деп уәделесiп қоштасқанбыз. Бiрақ өмiр өз дегенiн iстедi, отбасының жағдайына байланысты орта мектептi бiтiргенмен, Әбiшпен бiрге мен Алматыға оқуға бара алмадым.

1957 жылдың жазында Мәскеудегi жас­тардың дүниежүзiлiк фестивалi болды. Соған орай ауылда, аудандарда дайындықтар өткiзiлiп, облысқа адамдар iрiктелiндi. Маңғыстау ауданынан облыс­қа баратын өнерпаздар арасында мен де болдым, Әбiш те қатынасты. Әбiш өзiнiң шығарған өлеңдерiн оқитын, мен iшiмдiк iшiп карта ойнауды сынайтын шығармаларыммен шықтым. Сондағы бiр жағдай әлi есiмде. Бiздердi Атыраудың /ол кезде Гурьев/ үшiншi ауданының асханасынан тамақтандыратын. Тамақ iшетiн жер құ­жына­ған шыбын. Кешкiсiн концерт қойғанымызда асханадағы тазалықтың төмендiгiн сынға алған Әбiш «Шыбынның ызыңы» деген бес-алты шумақтан тұратын әзiл өлеңiн оқып, залда отырған­дарды қыран-топан күлдiрдi. Сол жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң тiл-әдебиет факультетiне Әбiш түсiп кеттi. Әбiшпен бiрге барып оқуға түсем деген ниетiм орындалмаса да, бiлiмнен құралақан қалғаным жоқ. Жоғары бiлiм алдым, экономист, инженермiн. Кеңшарларда бас инженер, партия комитетiнiң хатшысы, аудандық партия комитетiнiң бөлiм меңгерушiсi, совхоз директоры, агроөнер­кәсiптiк кешенi кәсiподақ­тары облыстық комитетiнiң төрағасы болдық. «Мұнайтелеком» мекемесiнде аудармашы болып қазiр де жасаймын. Қоғамдық жұмыстан да құр ала­қан емеспiн. Ақтау қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы, облыс әкiмi жанындағы ардагерлер кеңесiнiң төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының саяси кеңесiнiң мүшесiмiн. Әдебиеттен қол үзгенiм жоқ. Бiрнешелеген еңбектерiм жарыққа шықты. Қазақстан жазушылар одағының мүшесi­мiн. Үкiмет тарапынан бiрнеше рет марапатталдым. Балаларым ер жеттi, бәрi де жоғары бiлiмдi мамандар. Немерелерiм бар. Әбiш туралы жазып отырған бұл кiм өзi демесiн деп, өзiмдi де таныстырып отырған жайым бар.

 

 

Бiздiң заманымыздың Аристотелi

 


Мен Әбiштiң әдебиетке деген құмарлығы мен терең бiлiмдi, ойшылдығына, адамгершiлiк қасиеттерiне таңқалатын едiм. Бiздiң заманымыздың Аристотелi осы - Әбiш болатын шығар деп ойлайтынмын. Сол ойымның қате болмағанына қуанамын.

Алпысыншы жылдардан бастап тынымсыз еңбек еткен Әбiш талантын әр қырынан таныта бiлдi. «Ханшадария хикаясы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Бiр шоқ жиде», «Құс қанаты», т.б. повестер; «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» аталатын романдар жазды. Әбiштiң шығармаларын М.Әуезов, Ғ.Мүсiрепов, Ш.Айтматов, Ә.Нұр­пейiсов, М.Мағауин, М.Қозыбаев, Н.Оразалин, С.Елубаев, С.Әшiм­­баев, М.Ысқақбаев, Ж.Дәдебаев, Ш.Нұрпейi­сова сынды қаламгерлер жоғары бағалады. Жазған шығармалары түгелге жуық орыс тiлiне, бiразы немiс тiлiне аударылды. Салғаннан ГДР баспагерлерi Кекiлбаев шығармаларының екi томдығын екi дүркiн басып шығарды. «Жазушының азаматтық және суреткерлiк тұлғасы, ГДР баспасөзiнiң бетiнде жарық көрген материалдарға сүйенсек, мына бiз Алматыда, жазушының өз отанында көрiп жүрген тұлғасынан әлдеқайда ауқымды, шоқтықты», - деп жазды немiс жазушысы Герольд Бельгер «Үш кiтаптың үнi» /Алматы, 1986/ атты кiтабында. Мұны - Кекiл­баевтың далалықтардың дүниенi сезiну ерек­шелiк­терiн дәл суреттеуiнен, түптеп келгенде осыған дейiн шығыс тарихын батыс оқушылары европалықтардың ғана ойлауымен, европалықтардың ғана жазуымен танып-бiлсе, ендi келiп Әбiштiң сол Шығыс немесе өз тарихын, өз рухани келбетiн өз шежiресiнiң тiлiмен сөйлет­кендiгi деп түсiнемiз. Әбiштiң ойшылдығы шынымен де ғұлама Аристотелдi елес­тетедi. Әбiш орны бүкiл түркi жұрты бойынша ерекше. Мектепте жүрген кезiнде-ақ жаратылысынан даналықтың, даралықтың, кемеңгерлiктiң иiсi сезiлетiн. Әбiш бiр ұлттың перзентi емес, адамзат перзентi. Ол күнелтiстiң, пендешiлiктiң харакетiнiң аясында қалған жоқ, өткен заманды да аралап, қыр-сырына қанықты, бүгiнгi күндi де ойлады, тарих тағылымдарының қорытындыларына сүйенiп, болашақ туралы да өз болжамын толғады.

Әбiштiң романдарының ағысы күштi, кең тынысты «Үркердегi» басты кейiпкер Әбiлхайыр хан басындағы арпалысып жатқан қиян-кескi жан толғанысына қаламгердiң өзi түсiп, хан болып ренжидi, қаһарына мiнiп ашуланады, хан болып уайым жеп қайғыланады. «Құс қанаты», «Шыңырау» хикаяттары шынайы классикалық тұрғыда жазылып, таза реализм­нен туындаған сұлу сурет пен әдемi баяндаудың озық үлгiсi. «Тасбақаның шөбi», «Күй» секiлдi шығармаларынан парасаты мол соны сөздердi, ақылдылықпен пайымдалған күрделi де пәлсапалар ой мұхитының түпсiз тереңдiгiнiң куәсi. Тұтқын күйшiнi тiрiлей жерге көмiп, жау­лығын асырған түркiмен Жөнейттiң мiнез шарпысуы, түсiнде қу бастың қашуы... домбыра дыбысының еттен өтiп сүйекке жетiп есiңдi кетiруi - жан дүниеңе әсер ететiн сиқырлы сурет кес­тесi әдебиет әлемiнен сирек кездесетiн құбылыс.

Әбiш өзi жазған тарихи пробле­ма­лар­ға байланысты жазба деректердi, ауыз әдебиетiн, аңыздар мен миф­тердi жақсы кiрiктiредi. ...Бiрақ олардың жетегiне ерiп кетпейдi.

«Әдебиетте жаңа сөз айту екiнiң бiрiне бұйырмаған. Ал бұйрығы жетiп, дүниеге келген жаңа сөз, шын мәнiнде жаңа сөз - әдебиеттiң ортақ абыройы, ұлттық көркем ойдың мерейi. Алпысыншы жылдардың басында көркем­сөз майданына тиянақты таным, мол бi­лiм, үлкен дайындықпен келiп елдi елең еткiзген, оқырманын ойлантып, тыңдаушысын ұйытқан талантты шоғырдың маңдайалды өкiлi - Әбiш Кекiлбаев творчествосы өзiнiң көр­кем­дiк тұтастығымен оқшау көзге тү­сер, қазiргi қазақ әдебиетiндегi, қала бер­дi одақ әдебиетiндегi тумысы бөлек жаңа сөз екенiне ешкiм шәк кел­тiрмейдi», - деп жазыпты белгiлi қаламгер Нұрлан Оразалин. Бұл берiл­ген бағаның құны күннен күнге аласарып арзандап келе жатқан жоқ, ке­рiсiнше, күннен күнге биiктеп, қымбаттап келедi.

«Кеше бала ең, келiпсiң талай жасқа» деген ұлы адамның Әбiшке бағыштау қаншалықты сиымды. Жазушылығымен қоса, қоғамды дамыту жолына да көптеген мемлекеттiк iстердi тындырып тастапты. Ол оқуды бiтiрген соң «Лениншiл жас» газетiнде бөлiм басқарды, «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болды. Содан кейiн Қазақстан КП Орталық Комитетiнде нұсқаушы, сектор мең­геру­шiсi, республика мәдениет министрiнiң орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының екiншi хатшысы, тарихи және мәдени ескерткiш­тер­дi қорғау орталық президиумының төрағасы, Қазақстан КП Орталық Комитетiнде ұлтаралық қатынастар бөлiмiнiң мең­геру­шiсi, Қазақстан Президентi аппаратының мәдениет және халықаралық қатынастар жөнiн­дегi референтурасының жетекшiсi, «Егемен Қазақстан» газетiнiң бас редакторы, Қазақстан президентiнiң мемле­кет­тiк кеңесшiсi, Қазақстан республикасының Мемлекеттiк хатшысы болып қызметтер атқарды. Қазiрде Парламент сенатының депутаты. Ол республика Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттығына үш рет сайланды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасы қызметiн атқарды.

Әбiштiң еңбегi Одақ кезiнде де, қазiр де бағаланбай қалған жоқ. 1987 жылы Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты атағын алды, 1992 жылы оған «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берiлдi. 1995 жылы «Қырғызстан Республикасының еңбегi сiңген мәдени қызметкерi» атағына, сол жылы Президенттiң «Бейбiтшiлiк пен рухани татулық» сыйлығына ие болды. «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» атты халықаралық әдеби анықтамалыққа Кеңестiк Шығыстан Шыңғыс Айт­матов, Әбiш Кекiлбаев, Расул Гамзатов есiмдерi енгiзiлген-дi. Осыған орай бiр штрих ойыма түсiп кеттi. 1970 жылы мау­сым айының iшiнде Москвада ХШЖК-де Олжас ағамызбен кездесiп қалдым. Ол кiсi бүгiн Алматыға жүрiп кететiнiн, «Россия» қонақ үйiнде Әбiш­тердiң бар екенiн, қай жерде жатқанын айтты. Ертеңiне таң­ертең қонақ үйдiң жетiншi қабатындағы айтқан бөлмеге келсем, есiк жартылай ашық тұр екен, рұқсат сұрап iшке кiрдiм, ортадағы бөлмеде екi адам шай iшiп отыр екен. Шыңғыс ағамызды таныдым, қасындағы ақ шашты, орақ мұрынды, алакөз қара кiсiнi танымадым. Сәлем берiп, аты-жөнiмдi айтып, қолдасып амандасып, «Әбiш бар дегесiн келiп едiм», - дедiм. Шыңғыс ағамызды үшiн­шi рет көруiм едi. Бiрiнде, Алматыда Әбiш: «Қонақ үйде Шыңғыс Айтматов жатыр, барып сәлемдесiп шығалық» - дегесiн ерiп барғанмын. Әбiш сонда менi таныстырған. Сол күнi кеште Әбiштiң үйiнде қонақта болған едi. Сол Шыңғыс ағамыз: «Әбiш түнде Алматыға ұшып кеттi», - дедi де: «Әй, сен, Бектұр екенсiң ғой, Әбiш­тiң құрдасысың ғой», - деп, қасындағы кiсiге менi таныстырды. «Бектұр, мына кiсi - Расул Гамзатов деген ағаң», - дедi. Шың­ғыс ағамыздың көбiне қазақша сөйлеген ақжарқын әңгiмелерiнен кейiн мен де аздап сөзге араласып, арасында: «Шәке, бiздiң Әбiш қандай жазушы?», - деп сұрап қалып едiм. «Әбiшке кiмнiң шәкi бар», - деп қазақша жауап бердi. Расул Гамзатов та: «Әбiш үлкен ойшыл жазушы», - дедi. Мен сөйтiп екi үлкен қаламгердiң Әбiш туралы айтқандарына көңiлiм көтерiлiп шыққанмын.

Кеңес Одағы кезiнде Әбiш депутаттыққа Павлодар облысынан түстi. Ол кезде кiмнiң қай жерден депутаттыққа ұсынылатынын Орталық Комитет белгiлей­тiн. Павлодар облысының Баянауыл ауданында сайлаушылармен кездесу кезiнде бiр ақсақал: «Жiгiтiм, бұл Қаныш Сәтбаев­тың туған жерi, бiрақ ол да бұл жерден дауысқа түскен жоқ, сенiң өзiңнiң елiң бар емес пе? Өз елiңнен неге түспедiң?» дептi. Сонда Әбiш: «Жүйрiктiгiңдi сынағың келсе, жүйрiк өсiрген елге бар - құлын кезiңдi көрген жоқпын деп жалыңнан сипамай қалмас, жiгiттiгiңдi сынағың келсе, азамат өсiрген елге бар - атаңмен табақтас болмадым деп сағыңды сындырмас», - деп ойладым деген көрiнедi. Кейiн Павлодардан Алматыға жүрер кезiнде өзiне сұрақ қойған әлгi ақсақал бастаған бiр топ қария келiп, батасын берiп: «Тектi адамның аузынан шығатын сөздi айттың, парасаттылығыңа көзiмiз жеттi, ойға алған шаруаң орындалар», - деп шы­ғарып салыпты.

Бүгiнде Әбiш Кекiлбайұлы ке­ме­лiне келген, ойлылығымен де, даналығымен де, адамгершiлiк, азаматтық тұрғыдан да, жазушылық жағынан да, мемлекеттiк қайраткерлiк жолында да абырой асқарында келедi.

Ғалым Мырзатай Жолдасбековтың: «жазушы саяси аренада әрдайым iшкi ынтымақ пен сыртқы ықпалдастықты көздедi. Жастар алдына шықса, өзiңдi-өзiң таны, өзiңдi-өзiң таныт, талпынып бақ, жолыңды тап, «кiрпiш боп қалан» дедi; тарихшылармен тiлдессе, өткенiңдi сараптап, ертеңiңдi болжай бiл дедi; қазақ тiлi жанашырларына тiлiмiздiң өшу, я өркендету деңгейiн сол тiлде қанша адамның сөйлейтiнi шешпейдi, ол тiлдiң, өмiрдiң қанша саласында қолданылатыны шешедi дедi; Алаш тұлғалары туралы айтса, өткеннен өнеге тану, келешекке құлшынған намысшылдықты ояту, қазақ мiнезiнен өркениетке лайықты орын иемденуге құқылы тұтас бiр әлемнiң рухани шежiресiн жасау жолындағы жанталасын құптады. Сiрә, дегдарлық деген осы болу керек» - деп тұжырымдапты. Әбiш туралы бiздiң бұдан асып айтарымыз жоқ.

Әбiштiң Қазақстан Республикасына сiңiрген еңбегi өте зор. Ол, әрине, бiр мақалаға сыймайды. Жазып кетсе бiрнеше том болуы мүмкiн.

Маңғыстау облысының ақсақалдары мен еңбек ардагерлерi Әбiштiң жетпiс жасқа шығуына байланысты облыс әкiмi Қырымбек Көшербаев мырзаға және 2008 жылдың наурыз айында облысымызға келiп ақсақалдармен, еңбек ардагерлерi­мен кездесуi кезiнде Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев мырзаға Әбiш Кекiл­бай­ұлы қандай да атақ болсын лайықты екенiн айтып, осы тiлегiмiздi Елбасына бұлжытпай жеткiзудi сұрағанбыз. Әбiш Кекiл­байұлы­­ның еңбегi жоғары бағаланып жатса, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайрат­керлерi, ғалымдар, әдебиетшiлер мен тарихшылар қа­уымы риза болатынына сенiмiмiз мол.

Әбiшке айтарымыз - жас мемлекет Қазақстанның көркеюi мен гүлденуiне қосып келе жатқан зор үле­сiңдi азайтпай, барлық күш-жiгерiңдi жұмсап, осы биiгiңнен төмендемей, Елбасының тапсырмасын кiнәратсыз орын­дау жолындағы тынымсыз еңбе­гiңдi жалғастыра бер  дегiмiз келедi.

Әбiштiң сыныптастарының атынан айтарымыз - 70 жасың құтты болсын! Қазақ деген халыққа бата беретiн бабасы, ал Клара ақыл айтар әжесi болып, үнемi абырой биiгiнен көрiнiп, ұл-қыздарыңыздың қызығына бөлене беру­лерiңiзге тiлектеспiз!

 

Бектұр Төлеуғалиұлы, «Қазақ әдебиеті» газеті, 03-16 шілде, 2009 жыл

 

**

 

 

Тұрлыбектiң түренi

 


Мәңгiлiк махаббат тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгер жалған намыс пен ағайын-туыс арасындағы жартыкеш жанашырлықтың кез келген заманда, кез келген қоғамда зауал оғындай өзгенi емес, айналып келiп өзiн табатынын тарихпен сабақтастыра шебер суретшi суреттей бiлiптi. Бiрлiгi мен тiрлiгiн «екiбасты самұрықтың» уысына ұстата салған қос бiрдей халықтың бағлан батырларының татулықтың дәнекерiндей бiр-бiрiне ұмтылған екi бiрдей жау­қазынның тағдырын тәлкек етуi сыншы, жазушы, драматург Тұрлыбек Мәмесейiттiң терең толғауы арқылы шынайы да шымыр сахналық туындыға айналып шыға келген екен.

Бұған дейiн де "Тоғысқан толқындар", "Зерделiлiк айнасы" секiлдi әдеби-сын кiтаптары арқылы елдi елең еткiзген Тұрлыбектiң өткен жылы "Жазушы" баспасынан жарық көрген "Тау" аталатын хикаяттар жинағын оқыған соң майда самалдай жан-дүниеңдi сергiтiп сала беретiн жалғыз қайырымға, бiр ғана оқиғаға құрылған шағын жанрлармен шектелмей, кесек туындыларға да батыл қадам жасағанын байқаймыз. "Беторамал", "Түсiме тау кiредi", "Бесiк пен несiп", "Әулиешоқы" әңгiмелер мен хикаяттар жинақтарына қоса Таңжарық Жолдыұлының өмiрiн, сол заманның барша тыныс-тiршiлiгi мен замана ауқымын сипаттаған "Таңжарық" атты романымен проза әлемiне жүзi мұқалмаған түрен түсiргенiне куә болғанбыз. Зерiктiрмейтiн, елiктiре жетелеп, ойланта толқытатын қаламгердiң сөз саптауына, астарлы ойлары мен мәнi терең теңеулерiне iштей сүйсiнгенбiз. "Тау" аталатын кiтабында да ұлттық сипатымыздың ең басты көрсеткiшi - адам баласының туған жерге, елге деген сүйiспеншiлiгiн, ата-баба аманатына адалдығын, қоғамның озбыр мiнезi мен қыспағына қарамастан сүйiспеншiлiктен, iзгiлiктен арылмаған ұландарын, мiне, осы өлшемдердi хас шебердiң қолынан шыққандай шымыр да жұмыр қалпында өрiстете өре бiлген Тұрлыбек жыл өткен сайын түренiн мұқалтпай, шеберлiгiн шыңдай түскенiн байқатты.

"Хантәңiрi баурайында жалғыз шырша" аталатын хикаят-эссесi де адам баласының туған жерге, соның құт-қойнауы мен әсем табиғатына, қайда жүрсе де кiндiк қаны тамған өңiрдiң жүрек түкпiрiнде бүлкiлдей жылуын шаша сағынышқа бөлейтiнiне, тау ұлының жазиралы далаға байлап қойсаң да сия алмай, заңғар биiктiк пен ұлылықты аңсайтынына арналған екен. Бұл шығармасы - шындығында да ешбiр оқырманды бей-жай қалдырмайтын, есесiне егiлте, елiте отырып елi мен жерiне кез келген пенденi жетелей жөнелетiн туынды.

"Астанадамын. Мұнда тау жоқ. Тау тұрмақ, көзге iлiнер төбе таппайсың. Бiрақ жауын-шашын жиi болады. Таудағыдай найзағай ойнап, сатыр-сұтыр құйып кететiн нөсер де, күнi-түнi сылбырап тұрып алатын ақ жауын да көп. Жауынды күндерi аспандағы көкжиекке дейiн бұлт тұмшалап алады. Дәл осындай күндерi мен тауды ойлаймын. Көз алдыма тау елестейдi. Бiртүрлi көңiлiм көтерiлiп кетедi. Жауын басылып, бұлт ыдырап, тұман көтерiлсе, ар жағынан шың-құздар көрiнiс беретiндей, көсiлген таулар көзге шалынатындай үмiттенемiн...

... Тағы да жауын. Күнi-түнi сорғалаған жаңбыр толастар емес. Екiншi күнге айналды, сылбырап төгiп тұр. Жер-көктiң бәрi шылқыған су. Есiме тау, Хан-Тәңiрi түседi. Онда да жаңбыр жауып тұрған шығар. Жауын жауса, таулар егiлiп жылайды, күтiрлеп жартастар сөгiлiп, тастар құлайды. "Тауларым, сағынғаным-ай!" Менiң де жылағым келедi. "Хантәңiрi баурайындағы жалғыз шырша аман ба екен?! Оның қарсысындағы жалама жартасты мекендеген бүркiттiң ұясы орнында ма екен?!"

Жаңбыр әлi сорғалап тұр. Мен жылап отырмын.

Өйткенi, мен - таулықпын!" деуi де осының айғағындай. Осылайша сағынышы мен сүйiспеншiлiгiн iрiкпей, iркiлмей ағыл-тегiл ақтар­ған қаламгер осы хикаят-эс­се­сiн­де былайша iштей толғанады: "Балалық шағым тауда, қасиеттi Хантәңiрiнiң етегiнде өттi. Сол тауда, жаз жайлауда қой бағып жүргенде, бiр кезде осы таудан алыстап кетiп, аңсап сағынамын-ау деген нәрсе қаперiме келсешi! Қайта қой соңында жүргеннен жалығып, тезiрек оқу басталса, ауылға қайтсақ деген де қыңыр ойға берiл­етiнмiн. Тез қызығып, тез жалығатын балаң кез екен ғой ол. Сол балалық-шалалықпен ештеңенi ерен қылмай жүрiп, әке-шешемiздi ашуландырып алған кездерiмiз де болды. Тауды, әкемдi ойласам, жадымдағының бәрi жаңғы­ры­ғып көз алдыма келедi..." деп ағынан жарыла iшкi жан-дүниесiн оқырманмен бөлiскен Тұрлыбек, шындығында да адамның көзiн тырнап ашқан сәттен бастап, барлық бал-дәурен, балалық шағы қойнауында өткен, туып-өскен жердiң сұлу табиғатын былай қойғанда әр тасының, сусылдақ құмы мен мұздай суының да жанына жылылық сеуiп тұратынын тебiрене толғайды. Бұл - Тұрлы­бектiң өзi ме, әлде заңғар биiктiктi аңсаған тұрғыласы ма, әйтеуiр кейiпкерiн сағыныш өртiне буып тастап, жан-дүниесiн боямасыз суреттей бiлген жазушының оқырман жүрегiне жол тапқаны анық.

Қасиеттi әдебиетiмiзге түрен түсiрген Тұрлыбек қатпарланған қыртыстың беткi қабатын ғана қопсытудан аса алмайтын немесе керiсiнше тiсi батпай күшене терлейтiн олақ диқан секiлдi емес, шұрайлы қара топырағына құм-қиыршық пен саз-балшықты араластырмайтын берекелi бағбан тәрiздi дәнi уыз татитын, нәрi бойға қуат себетiн туындылар тудырған жазушының бiрi, яғни әдебиеттегi түр мен мазмұнды, образдар мен қосалқы кейiпкерлердi сомдау жүйесiнде жасандылыққа жол бермеудi мақсат тұтқан, сонысын әр шығармасында айшықтай көрсете бiлген қаламгер. "Жасын түскен маусым", "Аңшының соры", "Бесiк пен несiп" тәрiздi хикаяттарында да адам мен табиғат, перзент пен туған жер, күйкi тiрлiктегi пенде мен кең пейiлдi қазақ жұрты секiлдi асыл да, асқақ қасиеттердi өңiн айналдырмай, сегiз өрiм қамшының қайысындай қиюластыра өредi, сонысымен кез келген жанды сонау өткен күндерiне, балалық, жастық шағына жетелеп алып барғандай желпiндiре бiледi. Түйiндей айтсақ, оқиғаны кейiпкердiң iшкi толқынысы мен күнделiктi тiрлiгiне қиюластыра құрып, орайымен өрбiте бiлетiн Тұрлыбектiң кез келген шығармасы оқырманын зерiктiрмейдi, осы туындыларында баяндалған жағдайдың iшiнде өзi де жүргендей ерекше бiр серпiлiс тудырады. Мұны айтып отырғаным, қазiр сүреңсiз, жалаң баяндау түрiндегi көркемдiгi аса төмен роман, повестер көптеп шыққанымен, нағыз туынды өте сирек дер едiм.

Ертеректе мынандай бiр әңгiме естiгенiм бар едi: Бiр жазушы баспаға екi томдық романының қолжазбасын өткiзбей ме?! Үш-төрт бетiнде ауылдың табиғатын, адамдардың күйбең тiрлiгiн суреттеп өткен қаламгер әлдебiр бозбаланы атқа мiнгiзедi де, күншiлiк жердегi ұлан-асыр тойға аттандырып салады. Бояуы қанық, өрiмi тұшымды, тiлi жатық көрiнген шығарманы оқи бастаған редактордың көңiлi бозбала атқа мiнген сәттен бастап нiлдей бұзылады. "Дiгi-дiк, дiгi-дiк" деп бiресе аттың шабысын, ендi бiрде "тақ-тақ, тоқ-тоқ" еткен желiсiн елу-алпыс бетке созған автор ара-арасында маңайдағы табиғат пен бозбаланың көңiл-күйiн, албырт арман-қиялын суреттеп қойып, романның бiрiншi томын сол сар желiс пен лекiте шабысты суреттеу арқылы аяқтапты. Авторын шақырып алған редактор: "Оу, ағайын, мынауыңыз не?" десе: "Күншiлiк жердегi тойға бозбаланы әп-сәтте алып баратын мен самолет пе екенмiн?" деп жауап берген көрiнедi әлгi жазушы.

Мұны айтып отырғаным, алды алпысқа иек артып, арты қырыққа тұяқ iлiктiрген қазiргi бiрқатар жазушылардың роман-повестерiн оқығанда кейде "дiгi-дiк" шабыс пен "тоқ-тоқ" желiстен өзге өмiр иiрiмiне шым батыра жөнелер, бейнелi сөздерiмен тасыған кеуденi жуасытып, жасыған көңiлдi тасытар шығарма кезiктiре алмай құлазитынымыз бар. Қаптаған естелiк-мемуарлар, сүреңсiз суреттемелер мен очерктер жинақтарының iшiнен бiрлi-жарлы болса да сорпасы кiлкiген туынды кездестiрсек шынайы суреткер, нағыз қаламгер ағайындардың бар екендiгiн көрiп қуанамыз, соған да тәубе етемiз.

Тұрлыбектiң шығармаларынан мұндай көлем қуалау, қарапайым хикаятын ащы iшекше соза келе сүбелi «роман» ауылына апарып қондыру атымен жоқ. Олай дейтiнiмiз, оқиғаны өрлете өрбiтуi де, ширықтыра отырып, шарықтау шегiне жеткенде саумалдай сабасына түсiруi де қалам-қарымы мен шеберлiгiнiң өзгеше екенiн байқатады. Әр шығармасының оқырманды бей-жай қалдырмайтыны да, желпiндiре жетелеп отыратыны да содан болса керек. Ал теңеулерiнiң образдылығы мен көркемдiгi, табиғаты, құрылымы - оның қазақ тiлiн терең бiлетiндiгiн, сөз мәйегiн орнымен қиюластыру қасиетiн меңгергендiгiн тағы да айшықтай түседi. Жалаң, күрделi, бiрыңғай теңеулердi әр сөйлемде орны-орнымен қолдана отырып, ұлттық сөз саптау тәсiлiмiзден ауытқымай, сезiм-күй теңеулерiн - метафоралық, эпитеттiк, метонимиялық, синекдохалық, гиперболалық, литоталық, градациялық, синонимдiк, антонимдiк теңеу түрлерiн орны-орнымен әрi қажеттi тұстарда аса ұтымды қолданады. Ұлттық ұғымымыз­ға, ұлттық қабылдау өремiзге сай осы теңеулер арқылы iшкi түйсiгiмiзге, iшкi сезiмiмiзге әсер етудiң өзi ғана меңгерген тәсiлiн барынша пайдаланып, сол теңеулердi орынды-орынсыз қолдана бермей, адам жанын тербетiп, толқытатын қуатты күшке айналдыра бiледi. Тұрлыбектың түренi дегенiмiзде де жазушының осындай елден ерек аңғарымпаздықты, суреткерлiк пен шеберлiктi бойына дарыта бiлгенiн тұспалдап едiк.

Ендi шығармаларындағы бейнелi сөздер мен тiркестерге, теңеулерге назар аударып көрелiк. "Шыңның күнгей жағындағы мәңгi мұз күнге шағылысып, алып айнадай жалтырайды" деп алады да автор әйгiлi Әулиешоқы - қасиеттi Хантәңiрiн заңғарлығымен, жұмбақ-тылсымдығымен адам баласын ерiксiз баурап алатын Құдiретке балайды. Метафораның предмет пен образдан ғана тұратынын ескерсек, мәңгi мұз құрсаулаған шыңдарды алып айнаға теңеуiн -  бiрiншiден, жазушы тапқырлығына баласақ, екiншiден, белгiлi бiр дүниенiң ауыс мағынада қолданылуы шығарма мазмұнын өткiрлендiре түседi, яғни теңеудiң көркемдiгiн ажарландырып, құлпырта байытады, оқырманды сергiтiп, серпiлтедi дер едiк.

Жазушы шеберлiгiн айтқанда, жансыз дүниенiң өзiн түрлендiре, ұлықтай отырып жеткiзе бiлетiн, эпитеттiк теңеу арқылы дүниенiң кескiн-келбетiн үстемелей айшықтай түсетiн Тұрлыбек кез келген шығарманың стильдiк өңi мен көркемдiк тiгiсiн бiр-бiрiнен ажыратпай қоса өре бiлетiн суреткер. Бала кезден құдiреттей табынған, бұлтқа оранған, мұнартқан басына табанында тұрып көз салуды әдетке айналдырған, соның мұнартқан шыңын көруге ұмтылып, армандаған жазушы Әулиешоқыны тiрiлтiп, жанды дүниедей жаныңа жақындата түседi.

"Мұның бәрi, қарап отырсаң таудың ұлылығынан сияқты. Тау - ұлы. Тау - iрi. Тау - алып. Сол ұлылығынан, iрiлiгiнен де тау өте сезiмтал, өте нәзiк. Тауды үнсiз де тiлсiз тас пен топырақтың үйiндiсi ғана дегендер қателеседi. Таудың сезiмталдығы емес пе, сәл оқыс дыбыс, өктем үнге тұла бойы дiрiлдеп шыға келедi. Шың-құздар мен жартастар жаңғырығып, күңгiр-күңгiр күңiренiп тұрып алады. Тау - алып толқын­дар сияқты. Жаратылыстың, дүния-ғаламның ұлы толқыны таулар. Жаңғырық сол толқындарды қуалап ұзаққа кететiн сияқты.

Тауды көп адам түсiнбейдi, тiлсiз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейiрiмдi, "көңiлi" нәзiк. Тау тiлсiз емес, ол - әуендер жиынтығы. Тау ән салады. Тау күңiренедi. Тау жылайды..." деп алады да автор ата-бабасының, ата-анасының көзiн көрген, өзiн де құшағынан түлеп ұшырған алып анасындай Тауын мәртебеге балап, өзiнiң де сол тау секiлдi үнемi заңғар­лықты, биiктiктi, тазалық пен мәрттiктi қалайтынын оқырман санасына құя түседi.

"Жасын түскен маусым" хикаятында да жазушы қалың албанның ата-қонысы, жаннат жайлауы - Хантәңiрiнiң апайтөсi, құтты қойнауы - Қарқарадағы өткен ғасырдың басындағы мамыражай қазақ ауылының ахуалы мен алақұйын заманды, халық қамын ойлағандар мен қарақан басын күйттеген күйкентайларды бейнелi тiлмен, бедерсiз суреттермен ширықтыра ширата кестелейдi. Талай тарихи шығармалар, естелiктер мен көркем туындылар арқау еткен он алтыншы жылғы дүрбелең тақырыбы Тұрлыбектiң қаламымен, Тұрлыбек кескiндеген образ-теңеулермен ерекше туындыға айналып шыға келiптi.

"Түгiн тартса майы шығатын, шөбi шүйгiн, суы бал Қарқара жайлауы малдан бiр арылмайды" деп алады да жазушы оқырманын зерiктiрмей жетелей отырып, Қарқаралының сол тұстағы ел өмiрiнде алатын орны мен атқарған қызметiн, қым-қуыт тiрлiгiн, болып жатқан заман ағымын былайша суреттеп өтедi: "Жер жаннаты дерлiк осы бiр малға бай құнарлы өлкенiң, албанның сауық-сайран құратын құтты мекенiнiң ортасын ойып тұрып, сонау бiр жылдары, Ақ патшаның жарлығымен сауда-саттық жәрмеңкесi орнаған. Қарқара өзенiнiң жағасына орын тепкен жәрмеңке үйлерi бүгiнде, үш құйрықты алып айдаһардай, үш көше боп қаз-қатар созылып жатыр. Бiрiншi көшеде ұлықтар мен ояздарға арналған тұрғын үйлер, полиция, абақты, казарма және күзетшi әскер жайғасқан. Екiншi қатардағы көшеден Ресей мен Қытайдан, Түркiстан мен Әндiжаннан, Ташкеннен келген iрi-iрi саудагерлердiң еңселi дүкендерi ерекше көзге түседi". Көңiл-күй толқындары мен жан-дүние тебiренiстерiн астарлап теңеу арқылы дәйектеп отыруды шығармашылық шеберлiктiң мұраты санаған Тұрлыбек осындағы "... үш құйрықты алып айдаһардай" секiлдi гиперболалық астарлы теңеуi арқылы Қарқара өзенiнiң жағасына орын тепкен жәрмеңкенiң - қаймана қазақты сүлiктей соратын тағы бiр тажал ордасының ел ортасынан ойып орын алғанын дәл бiлдiредi. Бұл да жазушының тереңнен толғай отырып, астарлай меңзейтiн, оқырманын ойлантуға, түйсiнiп тiксiнуге итермелейтiн шеберлiгi.

Тұрлыбек Мәмесейiттiң қай шығармасын оқымайық, кешегi Мұхаң мен Сәбең, қос Ғабең мен бүгiнгi Әкiм, Мұхтар, Әбiш, Қабдеш, Қалихан ағаларымыз арқау еткен қазақ тiрлiгiн, қазақ даласы мен сол сайын өлкедегi салқар адамдарын - әр ауыл, әр қырқада кездесетiн қыңыр мен қиқарын, есерi мен естiсiн, кiсiсi мен күшiгiн еш боямасыз өз бiтiм-болмысымен, астарлы теңеу, айшықты ой аясында суреттей бiлгенiн аңғарамыз. Тұрлыбек Мәмесейiттiң оқырманын бей-жай қалдырмайтыны, өткенiне оралта отырып балалық шағына үмiтiн үздiрмей жетелейтiнi де сондықтан - ол қазiргi бiрқатар жас қаламгер секiлдi әдебиет майданына өз түренiн салған­да нағыз өмiрдi бiлмей, зерделемей, батыстық "классиканың" әсерiне табан тiреген жоқ, керiсiнше, қасиеттi Жер-ананың саумал самалын тойғанша сiмiрiп, дәстүрiнен қол үзбеген ауыл адамдарының бiтiм-болмысын, адамшылығын жоғалтпаған замандастарының ащы да азап тiрлiгiн көрiп өстi, қуанышын бiрге бөлiсiп, қайғысын қатар көтерiстi. Сондықтан да әр шығармасына биiктiк пен заңғарлықты, ең негiзгiсi - шүкiршiлiк пен ертеңге деген асқар сенiмдi арқау еттi.

Нағыз суреткер көп адам көре бермейтiн, көз тоқтатып қарағанымен, iшкi мәнiне, сыртқы сұлулығына түсiне қоймайтын құбылыстарды дөп басып тани алады, соның барша кескiн-келбетiн, бояуын қоюлата, қалыңдата отырып, адам жанына әсер ететiн дәрежеде суреттейдi. Мен Тұрлыбектi дәл сондай көргенi мен көңiлге түйгендерiн әспеттеп бере алатын қаламгердiң бiрi дер едiм. Өйткенi, ол әр шығармасында елi мен жерiн әңгiмеге арқау ете отырып, соларды әспеттеп көрсетуде бұрын қолданылмаған тың теңеулердi орны-орнымен келтiре бiледi. Кез келген iрiлi-ұсақты көркем шығармаларда тақырып, мазмұн, оқиғалардың шиеленiсуi мен тарқатылуы, ширатыла өрiлуi, шарықтауы, жағымды-жағымсыз саналатын кейiпкерлердiң iс-әрекетi, т.т. талаптар сақталған жағдайда ғана тұтас бiр кезеңнiң, сол замандағы адамдардың iс-әрекетiнiң көрiнiс табатыны сөзсiз. Оған қоса көркем шығарманың әрiн кiргiзiп, тартымдылығын арттыра түсетiн талаптың бiрi - теңеу десек, Тұрлыбек әдетте сөздi ойната құбылтатын, мәнiн арттыратын, шығарманың iшкi мазмұнын тереңдете түсетiн осы талаптарды сақтауға ден қояды. Ойды бейнелеп суреттеу үшiн аса қажет саналатын гиперболалық теңеу үрдiсiне келсек, бұл ретте ол адамның, табиғат көрiнiстерiнiң сыртқы келбетiн асқақтата, сомдап көрсетудiң тағы бiр тәсiлiн, яғни әр теңеудi орны-орнымен қолдануды қалыптастырған. "Қарақұрым жасағы кең аңғарды бойлай отырған ақшаңқан ауылдарға қасқырдай шауып, көзге түскен қыз-келiншектердi тұтқындап, бiр тобын арттағы елдерiне қарай аттандырып жiбередi" немесе "тай жеген бөрiдей екпiндеген алакеуде неме едi" дейтiн сөйлемдегi гиперболалық теңеулер шапқан жау мен жеке озбыр адамның кескiн-келбетiн дәлме-дәл және айтқызбай-ақ берiп тұр. Ал осыған керiсiнше, әлдебiр жағдайды төмендете суреттеуге кiрiсерде жазушы литоталық теңеу түрлерiн кезекпе-кезек пайдаланып отырған. Мысалға "торға түскен тотыдай болған сұлудың жаны жүдеп, жүзiнен кешегi бұлан дәуреннiң iзi де байқалмай, жабырқау күйге түскен" деген сөйлемдегi арудың азып-тозған, дәрменсiз күйiн тек Тұрлыбек қана дәл осылай суреттей алған секiлдi. Ал адам образын бейнелi, көркем түрде жасау үшiн неғұрлым молырақ қолданылатын градациялық теңеу түрлерiн де шығармаларынан аз кездес­тiрмеймiз. "Тау жайлаған бұл елдiң Ботабай деген жас батыры оқ дарымас, қақпанға түспес бөрiнiң өзi" дейтiн сөйлем, сол Ботабайдың бүкiл батырлық сипаты мен ержүрек­тiлiгiн айқын аңғартып тұрса: "Тiлеу ара-тұра Қырықбайға көз қиығын салып, бағдарлай қарап қояды. Қара мұртының шалғысы едiрейiп, екi бетi томпайып, жүзi қызылшырайланып, нұрланып алыпты. Киiмi де бұл елде жоқ, су жаңа жағалы шолақ пәлте. Аяғында жылтыраған былғары етiк" деген сөйлемдерде кездесетiн Қырықбайдың көз қиығын салуы, қара мұртының шалғысы, екi бетiнiң томпаятыны, жүзiнiң қызылшырайланып нұрлана түсетiнi сол кейiпкердiң бiтiм-болмысы мен жан-сезiмiн, iшкi толқынысын, адами қалыбын айтқызбай-ақ бiрден көзге елестетедi.

Айта берсек Тұрлыбек Мәмесейiт шығармаларындағы бейнелiлiк пен теңеулер мұнымен де шектелмейдi. Ең негiзгiсi, алпысына iркiлмей, аптықпай, өзiн-өзi жарнамаламай жеткен Тұрлыбек Мәмесейiт қалай десек те оқырманның жүрегiне жол тапқан, өз түренi арқылы қазақ әдебиетiнде жаңа бiр iз қалдырған iргелi қаламгерлерiмiздiң бiрi.

 

 

 

Секен Иманасов, «Қазақ әдебиеті» газеті, 03-16 шілде, 2009 жыл

 

 

0 пікір