Борис, сенікі дұрыс емес!
«Борис, сенікі дұрыс емес!» деген қанатты сөз кезінде коммунистік бюрократиямен күрескен Борис Ельцинге Егор Лигачев деген компартияның ортодокс бағыттағы бас идеологының азуынан шығып, жаңаша тарихта алтын болмаса да, коммунистердің жалауының түсі іспеттес – қызыл әріппен жазылып қалып еді.
Міне, содан бері қырық жыл өтіпті.
Енді, міне, осы сөзді Ұлыбританиядағы үкімет дағдарысына қатысты «Борис, сенікі дұрыс емес!», - деп сол елдің премьер-министрі Борис Джонсонға айтуға мәжбүрміз.
Мәселенің мәнісі мынада.
Премьер ретінде Джонсон Пинчер деген біреуге тікелей қол ұшын беріп жүреді. Өсіреді, өндіреді. Оның моральдық келбеті туралы ащы шындық – араққа салынған әрі көрінгенге көз сүзер еркекқұмар – оған о бастан мәлім болса да, Борис оны қолдауын тоқтатпайды, партия мен үкіметтегі аса жауапты қызметтерге тартады.
Төзімнің де шегі бар. Қаншама сын айтылса да, премьердің тікелей қолдауымен саяси карьерасын жалғастыра берген Пинчер жақында тағы да көзге түсіпті: көпшілік жерде араққа сылқия тойып алып, көзі түскен екі еркекке тиіскен екен.
Айтпақшы, премьердің өзі де бұған дейін ковидтік қатаң карантин тұсында Даунинг-стриттегі өз кеңсесінде көңілді кештер өткізіп көзге түсіп қалған-ды.
Міне, осының бәрі Джонсонның партиялас әріптестерінің ашу-ызасын туғызып, олар топ-тобымен партия қатарынан шығып, қызметтерінен кете бастады. Барлығы 30 адам!
Сөйткен олар Борис Джонсонның өзінен қызметінен кетуді талап етеді!
Басында қарсылық танытқан ол енді, міне, кеше өз еркімен отставкаға кетті.
Алыстағы Ұлыбританиядағы осы жағдай туралы мен неге жазып отырмын?
Себебі бір: бізде шенеуніктерге қатысты әңгіме болғанда, олардың моральдық, адами қадір-қасиеттері туралы көп айта бермейміз.
Сынасақ, негізінен оның қызметі не атқарып жатқан ісі мен ресми жиындарда айтқан сөздеріне байланысты сын айтамыз. Олардың жеке өмірі жайында біле бермейміз.
Меніңше, халықтың салығының арқасында күн көріп жүрген кез келген адамның – ауыл әкімінен бастап президентке дейін – кескін-келбеті, жеке өміріне қатысты бар ақпарат мейлінше ашық та жария болуы тиіс!
Ондай ашықтық ұнамай ма, онда мемлекеттік қызметтен кет, жеке тірлікпен айналыс, сол кезде сенің қай жерде кіммен дастархандас болғаныңда ешкімнің де шатағы болмайды!
Көрдіңіз бе, жеке өміріне қатысты бір ғана ыңғайсыз жайт үшін шенеуніктің өзі ғана таяқ жеп қоймай, оған протекция жасап келген дырдай үкімет басшысы да өзін саяси құрбандыққа шалды.
Әрине, Бористің: «Басқа адамның оқыс қылығына менің еш қатысым жоқ! Қызметімде қаламын!», - деп қасарысып қалуына да болатын еді ғой. Британ премьері өйтпеді. Джентльмендік танытты. Басқа біреулер секілді креслоға жабысып қалған жоқ. Өйткені, ол жақта моральдық құндылықтарды орны бөлек. Қоғамдық пікірдің салмағы бөлек.
Әйтпесе, премьер ретінде Джонсонға халқының тағар еш кінәсі жоқ: экономика мен әлеуметтік сала дамып келеді, ғаламдық дағдарыс пен пандемия қиындықтарынан елі аман-сау шығып келеді, әлемдік саясаттағы Ұлыбританияның орны сол қалпында. Әсіресе, оның Украинадағы соғысқа қатысты белсенді позициясы барша жұртты тәнті етіп, оның халықаралық алаңдағы беделін аспанға бір шығарды.
Тек әнеубір партияласының өз басшысын ұятқа қалдырғаны болмаса: ондай оңбағанға қолдау көрсетіп келген Бористікі шынымен де дұрыс болмады!
Әміржан Қосан
Abai.kz