Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 4334 2 пікір 21 Шілде, 2022 сағат 14:46

Еститін мен естімейтін құлақтар

Әзіл-шыны аралас

Министр Көкірек Кеудебаевтың алдындағы телефон шылдырлай жөнелді.

- Ало,- деді аржақтағы дауыс,- бұл еститін үкіметтің еститін министрі ме екен?

- Иә, тыңдап тұрмын, өзіңіз кім боласыз?

- Мен шалғайдағы көгермегір Көктемес деген ауылдың арыз-шағым жазумен атағы шыққан Қисық Түзелмесұлы деген пендесімін.

- Иә, Қисеке, не айтайын деп едіңіз?

- Айтқанда енді мәселе былай ғой. Біздің «алжып» кеткен ауылымыздың қырық жыл бойы жөндеу көрмей «қартайған» мектебінің «қабырғалары майысып», құлағалы тұр.

- Оны неғыл дейсіз?

- Неғыл дейсізіңіз не? Жөндеуге көмектеспейсіздер ме?

- Ау, Қисеке, оны алдымен жергілікті биліктегілерге, аудан басшыларына айтпайсыздар ма?

- Айттық қой, айттық. Бірақ, аудан әкімінің құлағы естімейді екен.

- Естімегені қалай?

- Қалай болғанда енді бұл кісі бұрын әкім болмай тұрғанда керемет саққұлақ болыпты. Әкім болғаннан кейін бүкіл мінез-құлқы өзгеріп, мінез-құлқымен бірге құлағы да өзгеріп шыға келіпті.

- Құлағы өзгергені қалай?

- Енді «иесіне» тартып, «оған» да «кеуде» біткен ғой. «Анау- мынау», «кәкір-шүкір» адамдар мұң-мұқтажын айта бастаса, бітеліп қалады екен.

- Астапыралла, не дейт! Сонда екі құлағы да бітеліп қала ма екен?

- Екі құлағы да. Мүлде естімей қалатын көрінеді.

- Дәрігерге қаралмап па?

- Оның құлағына ешқандай дәрігердің де, дәрі-дәрмектің «әлі» жетпейтін көрінеді. Тек «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегендей, ол әкімнің құлағы да мақтау сөздер естісе «ыржиып», арыз-шағым, сын-мін естісе «тыржиып», бітеліп қалады екен.

- Жарайды, құрысын. Аудан әкімі естімейді екен. Енді еститін облыс басшылары бар емес пе? Арызыңызды соларға айтпадыңыз ба?

- Айттым ғой, айттым. Облыс әкімінің орынбасарлары әкім болуды көксейді екен, бірақ ешқандай мәселе шешпейді екен. Ал әкімнің бір құлағы ғана естіп, екінші құлағы естімейтін көрінеді.

- Екінші құлағына не болыпты?

- Айтсам, сенбейсіз ғой. Өзім де сенер-сенбесімді білмедім.

- Айта бер енді.

- Айтсам, былай. Әкімнің екі құлағының «мінезі» екі түрлі болған екен.

- Немене?! Мінезі дейді. Құлақта мінез бола ма?

- Болады екен ғой, болады екен. Әкімнің  оң құлағы «иесіне» тартып, тек мақтағанды ғана еститін бет қаратпайтын «автократ» болса, сол құлағы тек шындықты ғана еститін «демократ» болыпты. Яғни, оң құлағына сол құлағы оппозиция болған.

- Немене болған дейді?

- Оппозиция деймін, оппозиция.

- Ау, Қисық Түзелмесұлы, сіз осы құлақ «мәселесін» зерттеп жүрген ғалым емессіз бе?

- Мынау биліктегі шындықты естігісі келмейтін шенеуніктердің «құлақ мәселесі» зерттеуіме итермелеп тұр. Бұл бүкіл еліміз үшін үлкен проблема, өте өткір мәселеге айналды. «Естімейтін құлақтарды қалай естіртеміз»? Осы тақырыпта докторлық  диссертация қорғау ойымда бар.

- Ойыңыз керемет екен.  Жарайды, содан не болды? Әкімнің «демократ» құлағы арызыңызды естіді ме?

- Қайдан естісін. Автократ пен демократтың басы бір қазанға сыя ма?  Мақтаудан әбден есірген автократ құлақ бірте- бірте «диктаторға» айналып, демократ «байғұсты» қуғынға ұшыратып, құлағында «найзағай ойнатып», саңырау қылып тастапты.

- Не қылып тастапты дейді?

- Саңырау қылып тастапты деймін, саңырау қылып. Министр мырза, сіздің де құлағыңыз «тұмауратып» жүр ғой деймін. Менің пайымдауымша сіздің құлағыңыз шала-шарпы еститін құлақ. Құлақтың мұндай да түрі бар. Абай атамыз: «Көңілсіз құлақ - ойға олақ» деп жазған жоқ па. Сіздің құлағыңыздың да «настроениясы» жоқ. Көңілсіз. Бір сөзді естіп, бір сөзді естімейді. Өйткені жүрдім-бардым тыңдайды. «Алаңғасарлау» сияқты. Бірақ қорықпаңыз, мұндай құлақ жалғыз сізде ғана емес, жетеді. Сондықтан да бізде өзекті де өткір мәселелер дұрыс шешілмейді. Соның бір мысалы біздің құлағалы тұрған мектеп. «Байғұс» мектеп шенеуніктері саңырау елде «туғанына» «өкінетін көрінеді».  Ендігі мәселе сізге тіреліп тұр. Не дейміз ел-жұртқа? Бірдеңе шешесіз бе?

- Немене, бірдеңе ішесіз бе дейді.

- Иә, ішесіз бе деймін. Біздің ауылға келіп, «ауру» мектебіміздің «денсаулығы» үшін қатырып тұрып тост көтеріңіз. Құлағыңыз саңырау болса да, аузыңыз дуалы шығар. Көзі тірі министрді «көрген» «ауру» мектебіміз қуанғаннан мүмкін «аяғынан тік тұрып кетер».

- Немене?

- Өй, немененің астында қалғыр, қу саңырау.

Дамир Әбішев,

Қостанай қаласы

Abai.kz  

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371