Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4365 0 пікір 3 Желтоқсан, 2012 сағат 09:00

Болат Мүрсәлім: «Олар – Алаштың алтын дидары»

2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Осындай тарихи кезеңнің қарсаңында, Алаш орданың мерейтойын өз деңгейінде лайықты атап өтуіміз керек. Оған дайындық шаралары бүгіннен басталуы тиіс. Яғни, Алаш орда тарихы фотоальбом түрінде, ғылыми зерттеулер, әдеби һәм драматургиялық шығармалар негізінде жарық көріп, деректі және көркем фильмдер түсірілуі, т.б. іс-шараларда көрініс табуы тиіс. Жуырда журналист Болат Мүрсәлім құрастырған «Алаш орда» фотоальбомының таныстырылымында тарихшы Мәмбет Қойгелді, жазушы-баспагер Дидахмет Әшімхан, саясаттанушылар Ерлан Қарин, Айдос Сарым, «Аbai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат және тағы басқа азаматтар осы мәселені қаузады. «Алаш» қозғалысы мен үкіметіне ғасыр толу қарсаңында атқарылған игі істердің бірі - «Нұр Отан» ХДП қолдауымен, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен «Орхон» баспа үйінен жарық көрген «Алаш орда» фотоальбомы. Аталған жинақ «Атқан таң», «Оян, қазақ!», «Алаш автономиясы», «Жанпида», «Абақты жолы», «Тағзым» атты бөлімдерден тұрады. Осы орайда, фотоальбом авторымен аз-кем тілдескен едік.

Болат МҮРСӘЛІМ, журналист, «Алаш орда» фотоальбомының құрастырушысы:

Олар - Алаштың алтын дидары

2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Осындай тарихи кезеңнің қарсаңында, Алаш орданың мерейтойын өз деңгейінде лайықты атап өтуіміз керек. Оған дайындық шаралары бүгіннен басталуы тиіс. Яғни, Алаш орда тарихы фотоальбом түрінде, ғылыми зерттеулер, әдеби һәм драматургиялық шығармалар негізінде жарық көріп, деректі және көркем фильмдер түсірілуі, т.б. іс-шараларда көрініс табуы тиіс. Жуырда журналист Болат Мүрсәлім құрастырған «Алаш орда» фотоальбомының таныстырылымында тарихшы Мәмбет Қойгелді, жазушы-баспагер Дидахмет Әшімхан, саясаттанушылар Ерлан Қарин, Айдос Сарым, «Аbai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат және тағы басқа азаматтар осы мәселені қаузады. «Алаш» қозғалысы мен үкіметіне ғасыр толу қарсаңында атқарылған игі істердің бірі - «Нұр Отан» ХДП қолдауымен, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қорының демеушілігімен «Орхон» баспа үйінен жарық көрген «Алаш орда» фотоальбомы. Аталған жинақ «Атқан таң», «Оян, қазақ!», «Алаш автономиясы», «Жанпида», «Абақты жолы», «Тағзым» атты бөлімдерден тұрады. Осы орайда, фотоальбом авторымен аз-кем тілдескен едік.

Болат МҮРСӘЛІМ, журналист, «Алаш орда» фотоальбомының құрастырушысы:

Олар - Алаштың алтын дидары

- Болат мырза, жуырда «Алаш орда» фотоальбомын жарыққа шығарып, Астана мен Алматыда тұсаукесерін өткіздіңіз. Алматыдағы М.Әуезов мұражай-үйінде өткен тұсаукесер жиынына біз де қатыстық. Алаш тақырыбын індете зерттеген ғалымдарымыздың өзі аталған жинаққа ілтипат білдіріп, еңбегіңізді жоғары бағалады. Фотоальбомда жарық көрген суреттерді қанша жыл жинадыңыз һәм оқырман қолына тигеннен кейінгі ел-жұрттың ықыласы қандай?

- «Алаш орда» фотоальбомындағы суреттер 5 жылдан аса уақыт ішінде жинақталды. Дегенмен, бес жыл бойы осы іспен ғана түбегейлі шұғылданғанымыз жоқ. Бұл суреттер күнделікті жұмыс арасында, қолымыз қалт еткенде атқарылды. Суреттерді жинау мақсатында ғалымдарға, көптеген зерттеушілерге хабарласып, іздестіруге тура келді. Оның ішінде Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарына да хабарласып, жеке мұрағаттарынан суреттер сұрастырдық. Алайда, алғашқыда көптеген Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары тарапынан түсінбеушілік байқалып, олар фотожинақтың шын мәнінде жарық көретініне сеніңкіремеді. Кейбір зерттеуші-ғалымдар да өз қорларындағы суретті бергісі келмеді. Бұл - осыған дейінгі көптеген фотосуреттердің қолды болып кетуінен шығар деп түйдік. Сондықтан, фотоальбомда қолымыз жеткен суреттер жинақталды.

Әуезов мұражай-үйінде «Алаш орда» фотоальбомы таныстырылып, алаштықтардың ұрпақтарына табыс етілгенде олардың қатты қуанғанын байқадық. Тіпті, үйлеріндегі жеке мұрағаттарында тұрған фотосуреттер туралы айтып жатты. Мәселен, Асылбек Сейітовтың қызы Клара апамыздың үйіне бардым. Ол кісі қуанышын жасырмай: «Сол күні кітапты жастығымның астына қойып ұйықтадым», - деп көзіне жас алды. Клара апа өз әңгімесінде: «Әкемді көрген жоқпын, шешемнен 8 айлығымда қалыппын. Сондықтан, ата-анамның кім екенін де білмейтінмін. Әке-шешемнің суреттерін алғаш рет 17 жасқа келгенімде бір-ақ көрдім», - деді жылап отырып. Енді бұл кісілер өмір бойы «Халық жауының» баласы аталып, ел-жұртқа көзтүрткі болған адамдар ғой. Жалпы, Сейітовтер Мұратбек, Мұсылманбек, Асылбек есімді үш ағайынды екен. Үшеуі де өте білімді, зиялы, Том қаласында оқыған кәсіби дәрігерлер болған. Алматы қаласындағы қазіргі №5 емхананың негізін қалаған осы Асылбек Сейітов болатын. Осы сияқты Алаш қайраткерлерінің көзі тірі барлық ұрпақтары фотоальбомның жарыққа шығуын ерекше тебіреніспен қарсы алып жатыр. Біз олардың жай-күйін соншалықты жақын түсіне алмайтын шығармыз, мүмкін. Өйткені, «Халық жауының» баласы ретінде әке-шешесіз өсіп, қуғын көрген балалар ата-аналарының суреттерінің жарқырап жинаққа шығуын шын мәнінде өзгеше сезіммен қабылдайды. Сол себепті, алашордашылардың бейнелері алдымен ұрпақтарына ыстық көрінетін шығар деп ойлаймын. Өйткені, олар - шын мәнінде Алаштың алтын дидары ғой.

- Жалпы, альбомда қанша сурет жарияланды. Олардың қаншасы бұрын жарияланбаған суреттер?

- «Алаш орда» фотоальбомында барлығы 362 сурет жарияланды. Олардың ішінде тікелей тақырыпқа қатысы бары, сондай-ақ, алаштықтардың ізі қалған қалалардың сол уақыттағы суреттері енгізілді. Мұның ішінде тікелей өзім тапқан онға жуық сурет тұңғыш рет таныстырылып отыр. Сондай-ақ, басылымдарда бір мәрте жылт етіп көрініп, басқа кезде жарияға шықпаған суреттер де бар. Жалпы алғанда, бұл суреттер алғаш рет жарияланып отыр деп айтуға келмейді. Өйткені, біздің қолымызға түспеген әлдебір кітаптарда, болмаса басылым беттерінде жарияланған болуы да әбден мүмкін. Мәселен, жуырда Мұхамеджан Тынышпевтың кенже ұлы Дәулет Тынышпаевпен жолықтым. Дәукең альбомдағы Мұхамеджан Тынышпаевтың Дума депутаты болып жүрген кезіндегі суретін көріп таңғалды. Ол кісі: «Бұл суреттің менде кішкентай ғана түрі бар. Ал, сенде толық екен» деді. Оның себебі, жуырда Петербор мұрағатынан аталған суреттің толық нұсқасы табылған еді. Айта кетерлігі, бұған дейін түрлі жинақтардан, оның ішінде Мәскеуде жарық көрген «Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары» жинағынан көшірілген суреттер бізде әлі де толық емес екен. Осы орайда, Әлихан Бөкейханұлының да Думаға депутат болып жүрген кезіндегі суреттерінің тұңғыш рет толық нұсқасы табылды. Осыған дейін бұл суреттерге ұқсас суреттер ғылыми айналымда бар болатын. Десе де, альбомға енгізілген суреттердің кейбірі түпнұсқа немесе түпнұсқаға жақын суреттер ретінде бірінші мәрте шықты. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлері ұрпақтарының жеке мұрағаттарынан бұған дейін ешқайда жарияланбаған, бізге беймәлім суреттер табылып жатыр. Бұл суреттер фотоальбомның толықтырылып, екінші қайтара басылуында шығады деп жоспарлап отырмыз.

Фотоальбомда Бақытжан Қаратаевтың Темірғали Нұрекеновпен бірге Думаға депутат болып, анкета толтырып жатқан суреті тұңғыш рет жарияланды. Әлихан Бөкейханұлы Выборг үндеуіне қол қойғаннан соң, оған Семей облысынан депутаттыққа түсуге тыйым салынған еді. Әлекең сол кезде орнына бес адамды ұсынған. Оның ішінде Шәкәрім де бар. Сол бесеудің біреуі Темірғали Нұрекенов Екінші Думаға депутат болады. Яғни, сол кезде түсірілген сурет тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл суретті бірқатар ғалымдарға көрсеттім, олар аталған суретті алғаш рет көріп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, Шаймерден Қосшығұловтың суреті де тұңғыш рет жарияланып отыр деген ойдамын. Өйткені, бұл суретті бұған дейін өзім баспа беттерінен кезіктірмеген едім. Ахмет Бірімжановтың, Мұхаметжан Тынышпаевтың, альбомның алғашқы бетіндегі Әлихан Бөкейханұлының суреттері де бірінші мәрте жарияланып отыр. Альбомның алғашқы бетіндегі Әлекеңнің суретінің бұған дейінгі нұсқалары боялған, көркемделген түрде болатын. Ал, мына сурет түпнұсқаға өте жақын, тіпті, көшірмесі болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Мұстафа Шоқайдың шетелде жүрген соңғы бір суретін Әбдуақап Қараның «Абай» порталына жарияланған соңғы бір мақаласынан алып пайдаландық. Бұл суретте Мұстафа Шоқай Қапқаз ұлттарының өкілдерімен бірге түскен. Сондай-ақ, Садық Аманжоловтың «Алматы ақшамына» жарияланған суреті де көпшілікке таныс емес. Мәмбет Қойгелді ағамыз «Алаш» партиясының Бішкектегі бөлімшесін құрған қырғыз азаматтарының суреттерін берді. Алаш милициясы мен әскерін құруға белсене қатысқан, қызмет еткен офицерлердің суреттері де тұңғыш рет топталып жарияланып отыр. Кейбір азаматтар ғаламтор арқылы «мұның бәрі белгілі суреттер ғой, оның несі жаңалық?» деген сыңайда пікірлер білдірген екен. Әрине, көпшілігінің белгілі суреттер екені рас. Бірақ, бұл суреттердің жинақталып шығуы тұңғыш рет мүмкін болып отыр. Оның үстіне олардың қатарына бұрын жарияланбаған он шақты сурет қосылды.

- Өзіңіз айтып отырғандай, альбомнан «Алаш» партиясына қырғыз халқынан болысқан тұлғалардың суреттерін кездестірдік. Мұны Мәмбет Қойгелді ағамыз фотоальбомның жаңалығы ретінде қарастырды...

- Әрине, бұрын кейбір ғылыми мақалаларда қырғыз азаматтарының «Алаш» партиясының бөлімшесін құрғаны айтылатын. Оның ішінде, қырғыз азаматтарының «Алаш» партиясының екінші құрылтайына шақырылғаны туралы мәліметті білеміз. Ал, «Алаш орданың» Бішкектегі бір қанаты болған қырғыз азаматтары суреттерінің топтастырылып жариялануынан алмағайып заманда қазақтардың қырғыз ағайындарды өздеріне тартқандары, қырғыз елінде «Алаш орда» үкіметінің үлкен күш болғаны көрініп тұр. Сондықтан, бұл суреттердің енгізілуін фотоальбомның жаңалығы ретінде қарастыруымызға әбден болады. Бұл суреттер жинаққа Мәмбет Қойгелдінің зерттеулері негізінде енді.

- Алаш әскеріне қатысы бар бірнеше суреттер жарияланған екен. Осы суреттерді тағы да толықтыруға бола ма?

- Алаш әскерін құруға атсалысқан көптеген азаматтарды мақалалардан, ғылыми зерттеулерден білеміз. Ал, олардың суреттерін толықтыру керек. Дегенмен, бұл бағытта көп іздену қажет. Семейде Алаш әскери полкін жасақтаған капитан Хамит Тоқтамышев болды. Әлмұхамед Оспанов, Сабыр Сарғожин есімді азаматтар Батыс Алаш ордада Жаһаншалардың жанында үкімет құрысып, солармен бірге әскер жасақтаған азаматтар болатын, кейін шет елге кетіп қалған. Егер, бұл бағытта жемісті жұмыс істесе, Алаш әскеріне қатысты жеке кітап, жеке жинақтар шығаруға болады. Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында 1925 жылы Қызылордада Алаштың туы деп көтерілген Батыс Алашорданың жасыл туы туралы айтылады, сонымен қатар, Семейде капитан Тоқтамышевтің Әлихан Бөкейханұлына салт атпен келіп, «Алаштың» бірінші полкы сап түзеп, келіп тұр деп рапорт бергенінде олардың қолында ақ ту болғаны туралы деректер бар. Ақ туда ескіше жазумен «Жасасын, Алаш автономиясы! Алла Жар!» деп жазылған екен. Сол сияқты көптеген дүниелерді, Алашқа қатысты рәміздерді деректер негізінде қайтадан жасатуға болатын шығар деп ойлаймын. Бұл - бірталай ізденісті, әуесқой емес, ғылыми ізденісті талап етеді.

- «Алаш орда» фотоальбомында әр қайраткердің суреті Петербордағы Булла ательесі, Оралдағы Онуфриев фотостудиясы, Омбыдағы Е.Кесслер фотостудиясы, Ташкенттегі Назаров ательесі, Троицкідегі Сенилов фотостудиясы, Қазандағы Климашев фотостудиясы сияқты қай салонда, ательеде түсірілгені жазылған. Мұны қалай анықтадыңыз?

- Фотоальбомды шығаруда ең көп уақыт жұмсалған жұмыстардың бірі осы болды. Өйткені, олардың ішінде белгілі, белгісіз тұлғалар бар. Олар туралы деректерді бірнеше мақалалармен, естеліктермен салыстыру керек болды. Сол уақытта болып жатқан оқиғалардың ішінде бұл тұлғалар болды ма, болған жоқ па, әртүрлі тарихи деректер арқылы, кітаптар арқылы қарау керек еді. Тіпті, Гүлнар апа Міржақыпқызының өзі естелігінде осы уақытқа шейін шатастырып келген кейбір тұлғаларды 1989 жылы Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Жұмабаеваға көрсеткенін жазады. Зылиха апамыз сонда суреттегі тұлғаларды жазбай танып, кімнің кім екенін айтып беріпті. Сондықтан, Алаш қайраткерлерінің түскен суреттерінің жылын анықтау, қайда түскенін білу бірталай уақытты қажет етті. Мұның барлығы деректану тұрғысынан жүргізілді.

- Осы суреттер түсірілген ательелер, салондар Ресей деректерінде жиі кездесе ме?

- Біздің тарапымыздан Ресей мұрағаттарына баруға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен, Булла ательесі өз заманында Петербордағы ең үлкен, жоғары деңгейдегі ателье болған екен. Булла деген ұлты еврей азаматтың фотостудиясы болған. Саяси қайраткерлердің көпшілігі сол студияда суретке түскен. Революциядан кейін аталған ательенің мұрағаты жан-жаққа шашылып, қолды болып кеткен екен. Бұл суреттердің қай жерде түсірілгендігі туралы деректердің көпшілігін ғаламтор арқылы таптық. Тарихшы Хазіретәлі Тұрсын Ташкенттің кинофотомұрағатында да Алаш қайраткерлерінің Ташкентке келуіне байланысты бірқатар суреттер болуы мүмкін екенін айтады. Мұның барлығына әзірге қол жеткізе алмай отырмыз. Өйткені, бұл жұмыстар арнайы зерттеуді, уақытты, қаржыны қажет етеді.

- Мағжан Жұмабаевтың бұған дейінгі бізге бейтаныс, 1909 жылы түсірілген суретін көрдік. Оны қайдан қолға түсірдіңіз?

- «Аңыз адам» журналы бір нөмірін Мағжан Жұмабаевқа арнап шығарған екен. Бұл суретті сол журналдан алдым. Журнал редакциясы да аталған суретті зерттеушілерден алған болуы мүмкін.

- Жинақтағы Шәкәрімнің дүдәмал суреті туралы ғалымдар, зерттеушілер қандай пікір айтуда? Бұл бейне Тұрағұл Абайұлына да ұқсайтын сияқты..

- Бұл суретті Марат Ескендірұлының кітабынан алғанмын. Сол кітапта ғалым арнайы мақала арнап, суреттегі тұлғаның Шәкәрім болуы мүмкін екенін айтады. Алайда, анық танылмаған. Жалпы, фотоальбомда анық танылмаған екі суретке есімдерінің жанына сұрақ белгісін қойдық. Біреуі Шәкәрімге қатысты, біреуі Сырдария облысынан ІІ Думаға депутат болып сайланған Тілеулі Аллабергенұлына қатысты. Жуырда Марат Әпсәметов Мәмбет Қойгелді ағамыздан дүдәмал суреттегі тұлғаның Шәкәрім еместігін айтыпты. Яғни, Шәкәрім болмауы да ықтимал.

- Албом алдағы уақытта толықтырылып қайта жарыққа шыққалы жатыр деп естідік?

- Фотоальбом шыққаннан кейін көптеген адамдар хабарласып жатыр. Тіпті, шет елдік ғалымдар да қызығушылық танытты. Сондықтан, алдағы уақытта тағы да толықтырып басқанды жөн санап отырмыз. Барлық суретті тағы бір сүзгіден өткізіп, жүйелі басып шығаруды да ойлап отырмыз. Оған бірталай уақыт керек.

- «Бір жоқ бір жоқты табады» дейді ғой. Осы суреттерді жинастыру, іздестіру барысында Алаш мұрасына қатысты тағы қандай тың деректерге жолықтыңыз?

- Мұхаметжан Тынышпаевтың Түрксіб құрылысы кезінде түсірілген кинохроникадағы бейнесін баласы таныпты. Жақында деректі фильмдердің бірінде көріп қалатын шығармыз...

 

Сұхбаттасқан - Думан АНАШ

«Алматы ақшамы», 144-145, 1-желтоқсан, 2012

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы, профессор:

Альбомда Алаштың қырғыз қанаты көрсетілді

- «Алаш орда» фотоальбомының шығуы қоғам үшін үлкен жаңалық. Өйткені, Алаш қозғалысы туралы көптеген монографиялық зерттеулер, құжаттық жинақтар жарық көрді, тіпті, екі бірдей энциклопедия өмірге келді. Мұның бәрі қауым үшін игілікті іс. Алаш қозғалысын қоғамға толық көрсету, жеткізу жолында атқарылатын жұмыс әлі көп. Сондықтан, «Алаш орда» фотоальбомы Алаш қозғалысын танып-білуде орны ерекше еңбек. Меніңше, ғылыми зерттеу еңбектері көп жағдайда жұртшылықтың санасына жан-жақты жете бермейді. Ал, фотоальбомның өз бағыты бар. Бұл фотоальбом болғанымен, үлкен ғылыми ізденісті қажет етеді. Фотоальбомда Алаш қайраткерлерінің жүріп өткен жолы кезең-кезеңімен бейнеленеді. Жастық шағынан бастап, репрессия құрбаны болуы, оларды қазіргі қазақ қоғамы қаншалық құрмет тұтып отырғаны сурет арқылы қамтылады.

Алаш қозғалысы - ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртудың жаңа заманға сай интелектуалды, еуропалық деңгейге көтерілген зиялылар қозғалысы болды. Қазақ тарихында бұрын-соңды мұндай ірі қозғалыс болған жоқ. Сондықтан, оның орны ерекше. Алаш қозғалысының ауқымдылығы неде? Мысалы, Алаш қозғалысына көрші қырғыз ағайындар қатысты. Қырғызстанда «Алаш» партиясының филиалы құрылды. Оны құрған Абдыкерім Сыдықов деген қырғыз азаматы еді. Ол сол үшін репрессия құрбаны болды. Алаш қозғалысына қырғыздың талантты үлкен ақыны Қасым Тыныстанов тікелей атсалысты. Оның тергеу метариалдарында «Алаш қозғалысына қатысты» деген айып тағылғаны айтылады. Сол сияқты Ишанғали Аралбаев қазақ зиялыларымен Уфадағы Ғалия медресесінде бірге оқыған, Ахмет Байтұрсынұлымен үзеңгілес болған. Фотоальбомда қазақ жастары Ахмет Байтұрсынұлын Уфаға кездесуге шақырған кезде түскен суреті бар. Осы кездесуде қазақ жастарымен қатар Ишанғали Аралбаев та тұр. Кейін Ишанғали Аралбаев қырғыз альфавитін жасады. Қырғызстанда альфавитке байланысты өткен жиынға Ахаң да шақырылып, сөз сөйледі. Байтұрсынұлы идеясын қолдағаны, оны қырғыз еліне таратқаны үшін Ишанғалиды «қырғыздың Байтұрсыновы» деп атаған. Сондай-ақ, Қасымбек Телтаевтың суретін табу үшін көптеген жұмыстар жүргізілді. Алаш орда үкіметі құрылған уақытта үкіметке мүшелікке кандидат ретінде Жәлел Солтабаев дейтін қырғыз азаматы кірді. Бұл - Алаш орда үкіметінің мүшесі деген сөз. Сондықтан, Алаштың қырғыз қанатын көрсету - бұл кітаптың басты жаңалығы дер едім.

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5554