ИМАМ ИМИДЖІ... ҚАЙТСЕК ҚАЛЫПТАСАДЫ?
Имам - білімді де білікті педагог, психолог, тәрбиеші, көзі ашық көкірегі ояу тұлға, жүректерді жаулаушы, мықты уағызшы, рухани басшы, үлгілі отағасы, ұстаз, тағысын тағылар... ХХІ ғасыр имамының сипаты осылай болса керек-ті. Дін қызметкерлері осы биіктен қаншалықты көрініп жүр?
Басы ашық нәрсе: имам-молдалардың тек жалаң діни біліммен шектелмей, заманауи технология мен индустрия жетістіктерін меңгеріп, жан-жақты біліммен қарулануы - уақыт талабы. Әйтпесе, «құрғақ қасық ауыз жыртар» дегендей, құр сөзбен жұртты иманға ұйытып, уағызға елітемін деу - әурешілік. Енді не істемек керек?
ІШІМ БІЛЕДІ, АУЗЫМ АЙТПАЙДЫ...
Дін қызметкерінің діттегені - халықты ізгілікке үгіттеу, имандылыққа ұйыстыру. Имам мешіт мінберінен халыққа уағыз айтады, кездесулерде баяндама жасайды. Демек, сөйлеу өнер болса, әңгімені әсерлі етіп жеткізу арқылы тыңдаушыны баурап алу - өнердің өнері. Әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарт: «Кім әсерлі әңгіме айта алмаса, ол тұлға бола алмайды», - деп ой тұжырымдайды. Жүсіп Баласағұни бабамыз: «Айтар сөзді сайлап алғын ақылмен, жауабың дөп қатар түссін нақылмен», - дейді. Ал Жаратушы Иеміз мүбәрак Құранда: «...Оларға үгіт бер де, оларға әсерлі сөз сөйле» («Ниса» сүресі, 63-аят), - деп бұйырған.
Имамның уағызы ұйқы шақырмауы тиіс. Бір сарында енжарлыкка жетелейді. Сөзді анық әрі нық жеткізу, маңызды сөздерге басымдық беру, болған жағдайды көтеріңкі дауыспен баяндау, «яғни», «мысалы», «сосын» «жаңағы» деген сөздерді жиі айтудан сақтану, аудиторияны тобыр санамау, қолмен көркем түрде ишара жасау, тыңдаушының жас ерекшелігін һәм жағдайын ескеру, тағысын тағылар - шешенге қойылар талаптардың бір парасы. Сөйлеу өнерін меңгеріп, шешенге айналған талайларды білеміз.
Рас, имамдарға тарихтан хабардар болу, салт-дәстүрге қанық болу, қазақтың қанына сіңіп, бойынан көрініс тапқан асыл құндылықтар - өлең-жырлармен сусындау, мақал-мәтел мен шешендік өнерді меңгеру керек. Жан-жақтылық - барлық сала мамандарына тән сипат. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал». Мұны көңіліміз қош көрмесе, ұлт алдындағы ұпайымыз азайды дей беріңіз. Ең әуелі Алла алдындағы жауапкершілікті айтыңыз...
Алла Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) өзге пайғамбарларға берілмеген ерекшеліктердің бірі - шешендік өнер дарыды. Ол көркем уағыздарында аз сөйлеп, көп мағына беретін сөздерді даналықпен жеткізді. Оның бойында біздер үшін өнегелер бар. Мінберде сасқалақтау, айтар ойды дәл жеткізе алмай, көп сөйлеу, бір қарқынмен, екпінмен уағыз айту, бірде жамағатқа жалтақтап, бірде қағазға қарау көп адамда кездесетін әдет. Ішім біледі, аузым айтпайды деген сөз бар. Ішім білгенмен, аузым айтпаса ол да айып. Абай атамыз айтқандай, көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады. Ел алдында жүрген имамдар осыны ескеріп, бойдағы кемшілікті жойып, шешен сөйлеуді үйренгені нұр үстіне нұр. Халық даналығында дәл айтылған: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың, көре-көре көсем боларсың».
Жуырда Қызылорда облысының имамдарына «Шешендік өнердің мәні мен маңызы» атты тақырыпта тренинг өткізілді. Дін қызметкерлері өздері уағыз-насихат барысында ескере бермейтін жайттардан хабардар болды. Тренингке белсене араласып, ой-пікірлерімен бөлісті.
ДАНАЛЫҚ ПЕН
ДАРАҚЫЛЫҚ
Даналық - пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұстанған жолы. Алланың әмірі де осы: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр» («Нахл» сүресі, 125-аят).
Асыл дінімізге қызбалық мінез, дарақылық, жаман әдет жат. Әсіресе, имамдар үшін бұл үлкен айып. Себебі, халық дін адамынан жақсылық, шапағат күтеді. Біреу сүрініп қалса, мұсылмандардан көретін мына заманда имамның қателігі түймедей емес, түйедей боп көрінеді. Түсінікті болу үшін: «Біреудің мініп шыққан жорғасы көрінбейді, молданың ұстап шыққан дорбасы көрінеді», - деген мәтелмен түйіндесек жеткілікті. Өкінішке қарай, имамнан кеткен пенделік қателікті көпшілік көпке дейін айтады. Сондықтан ақырын жүріп анық басуға (Абай) дағдыланған жөн.
Сонымен қатар дін қызметкерлері үшін білместікпен дәстүрді тәрк етіп, салт пен сүннетте қайшы көзқарас ұстанатын жастардың жүрегін жібітуде даналық, ақылмандық ауадай қажет. Қатты сөйлеп, ашу шығарсақ, іс насырға шабады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады». «Мұнымен келіспеймін, оларға солай қатты батырып айту керек, әйтпесе түсінбейді», - дейтін имамдар да кездеседі. «Білекті бірді, білімді мыңды жығар», - дегенді басшылыққа алған абзал.
Әр мұсылман, имам - қатайған жүректерді жарастырушы, жібітуші жан. Бұл белгілі. Дегенмен, келіспеушілік жағдайларда мұны естен шығармау керек. Осындай алмағайып заманда дана дипломат болу бәрімізге қажет. Әсіресе, дін қызметкерлеріне.
ИНТЕРНЕТТІ ИСЛАМ
ИГІЛІГІНЕ ИКЕМДЕУ
Ғаламтор деген ғаламат дүниенің игілігін көретін заман туды. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» (Ыбырай Алтынсарин) интернеттің жұмысты жеңілдетуде пайдасы мол. Уақыт үнемдеу тағы бар. Жаңалықты жылдам тарататын ғаламторды меңгеріп, сайт біткенді шарлап шығатындар көбейді. Себебі, уақыт тапшы, шаруа шаш-етектен. Интернеттің пайдасы мен зияны қатар жүрген мына заманда оның пайдалы жағын алу маңызды. Көштен кеш қалуды уақыт кешірмейді.
Интернетті Ислам игілігіне икемдеу ләзім. Діни басқарманың облыс, қала мешіттерінің сайттарына сауал жолдаушылар көп. Жауап та жазылуда. Осындай игілікті істерге Сыр өңіріндегі имамдар да мұрындық болған екен. «Жақсыны көрмекке» дейді халқымыз. Сәті түсіп, Қызылорда облысына сапарлап барғанымызда бұл шараның куәсі болдық. Осы аймақтағы мешіттер «Skype» жүйесіне қосылды. Өңірдегі өкіліміз, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаров облыста, тіпті басқа аймақтарда болмаған жаңа технологияға негізделген тың жаңалықпен бөлісті. ҚМДБ Аппарат басшысы Балғабек Мырзаев елді-мекендердегі мешіт имамдарымен онлайн-режимде жиын өткізді. Бір мезетте аудан имамдарымен, жамағатпен байланысқа шығып, діни қызметтің жауапкершілігі жайлы ойларын ортаға салды. Б.Мырзаев діни кадрлардың білімі мен біліктілігін арттыру заман талабы екенін жеткізді.
- Ол үшін, - деді ҚМДБ Аппарат басшысы, - біздер, дін қызметкерлері үнемі ізденіс үстінде болуымыз қажет. Жұртқа уағыз айтарда тек газет-журнал, кітап материалдарымен шектеліп қалмай, интернеттегі мәліметтерді, ғибратты оқиғаларды, ой салар жаңалықтарды да пайдалану қажет. Мүмкіндігінше озық технологияны меңгеріп, жан-жақты сауатты болуға тырысуымыз керек.
Талғат Омаровтың айтуынша, «Skype» жүйесіне қосылу жайлы ұсынысты облыстық әкімдік құп көріп, қажетті қаражатпен қамтамасыз етіпті. Бұл бастаманың бірнеше пайдалары бар. Алыс шалғайдағы ауыл имамдары облыс орталығына келіп, әуре-сарсаңға түспейді. Уақыт үнемдейді. Тиісті тапсырманы тікелей желіде алады. Оның үстіне қаражат жұмсап, шығындалмайды. Сондай-ақ, бекітілген кесте бойынша мешіт имамдарына, жалпы жамағатқа онлайн-режимде діни дәріс беріледі. Интернетті Ислам игілігіне икемдеу дегеніміз осы.
БІЛІМ, БІЛІК ҺӘМ БЕЛСЕНДІЛІК
Ислам - білім мен ғылым діні. Пайғамбар даналығында тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алу жайлы өсиет бар. Ендеше, мұсылмандар, оның ішінде имам-молдалар ілім іздеуде әсте жалықпауы тиіс. Қолда бар мәліметтерді тарқатып айтсақ, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің 12 пайызының ислами жоғары білімі бар. Ал арнаулы діни білім алғандардың үлес-салмағы 15 пайыз. Сонымен қатар 1000-нан астам дін қызметкерлері Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіру институтының дипломын алған. Осы көрсеткіштерді қоса есептегенде ҚМДБ-ның қарамағында қызмет ететін дін кадрларының 62 пайызы діни біліммен сусындаған.
Бұған масайрап қалу дұрыс емес. Көрсеткішті кезең-кезеңмен 100 пайызға жеткізу жоспарланған.
Діни білімді жетілдіру, әрине, құптарлық, оған қоса дүниеуи іліммен сусындау да пайдалы. Тарихи, әдеби, психологиялық бағыттағы кітаптарды оқу әр имамның айлық, тоқсандық, жылдық жоспарына енсе қуанарлық іс. Әлемдік деңгейде аты мәшһүр ғалымдардың адамның ойлау жүйесін жетілдіретін танымдық туындыларын парақтау да артық болмайды. Парақтап қана қоймай, өмірде пайдалану пайдалырақ.
Жаңалық көруді, газет-журнал оқуды мүмкіндігінше күнделікті әдетке айналдырған абзал. Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы пікір білдіру, жақсылыққа үн қосу, жамандыққа наразылық таныту - имам белсенділігінің көрінісі. Игі-бастамаларға мұрындық болу, тың идеяларды жүзеге асыру, ұдайы діннің дамуына қалай үлес қоссам деген уайыммен жүру, басқа-басқа қасиеттер дін қызметкерлеріне жарасады. Сауапты да салауатты іс-шараларда (діни һәм ұлттық мерекелерде, рухани кештерде, қамқорлық акцияларында, тазалық сенбіліктерінде, арақ-шарапсыз өтетін тойларда, т.б.) имамдар сөз алып, белсенділік танытса сонда ғана дін қызметкерлеріне қатысты керағар көзқарасты сейілтуге қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да үлес қосамыз. Әзіл-шыны аралас әңгіме естігенбіз. Ауыл молдасы ақ шапанын киіп, көшеге шықса керек. Көрші-қоңсылары көріп: «Құдай-ау, тыныштық па екен? Біреу-міреу қайтыс болған ба?» - десе, екіншісі: «Жамандық шақырмашы, біреу Құдайы тамақ беріп жатқан болар, бәлкім», - депті. Іштен тынасың... Имам-молдалар тек ас пен тойда немесе жаназада ғана бой көрсетпеуі тиіс.
Спортпен шұғылдану - салауатты һәм сауапты іс. Бір кісінің: «Мәссаған, имамдар да футбол, теннис ойнайды екен-ау», - деп әзілдегені бар. Оған берілген жауап мынадай болды: «Олар да адам ғой. Денсаулық имамдарға да керек». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жүзуді, садақ атуды, атқа мінуді өсиет етсе, ендеше, біздер, дін қызметкерлері салауатты өмір салтының насихатшысы болуымыз керек. Әрине, амалымыз арқылы. Айтпақшы, жүгіру де - сүннет. Спорт адам жаны мен тәніне сергектік сыйлайды. Спорттан қалыс қалмағанымыз жақсы.
Мүмкіндігінше әдемі, таза киіну, иіс су себіну де жағымды пікір қалыптастырады. Қарым-қатынаста жұмсақ болу, адамдар арасында шынайы әдеп сақтау, дөрекі сөйлемеу, тыңдаушыны толық тыңдай білу, қолдан келгенше сөзбен де, іспен де көмек көрсетіп, әдемі шығарып салу, ең бастысы көпшіл болу, т.б. міне, мұның бәрі имам имиджіне оң ықпал етеді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Алланың қалауымен адам өзін жан-жақты дамытуға қабілетті. Бастысы шынайы ықылас керек. Адамның өз ісіне сүйіспеншілігі артса болғаны. Өзгені өзгерткіміз келсе, ең әуелі өзімізден бастайық. Құдайдың Құрандағы әмірі де осы: «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» («Рағыд» сүресі, 11-аят).
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы
"Түркістан" газеті