Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6153 13 пікір 8 Тамыз, 2022 сағат 13:28

Оян, қазақ! Ойлан, қазақ!

Қостанайлық сатирик ақын Бәкеш Айсиннің сатиралық жыр жинағы «Ұйықта, қазақ!» деп аталады. Ия. Дәп солай! «Оян, қазаққа» қарама-қарсы уәж. Оқып отырып  жүрегің ауырады, күйзелесің, қамығасың.

Тоқан Тұрсынбаев деген блогер бір жазбасында: «Ұйықта, қазақ! Ұйқың сенің қанбаған, Міржақып та оята алмай, жырыменен зарлаған. Басқа халық ояу болса, бізде ұйқы, Бұл «кеселге» амал таппай ашынамын, зарланам» - деп ашына жазыпты.

Шынында да қазақ елі әлі де қалың ұйқыда жатқан секілді. Алаш ардақтылары қалың жұртты оята алды ма? Олардың ізбасарлары, тәуелсіз Қазақстан қайраткерлері ұлтымызды ояту жолында қандай қажыр - қайрат көрсетті?

Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің  «Ұлтсыздану ұраны» атты зарлы толғауы: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..» - деп күңіренген еді Абай бұдан бір ғасырдан астам бұрын. Кері кеткен Шығыстың өткенін, ілгері басқан Батыстың бүгінін таныған, өктем империялардың отаршылдық саясатының түп тамыры мен болашақ бағдарын анық аңдаған кемеңгер ойшыл заманның сұрынан шошынып, әлгі жаңа низам әкелген жолсыз сұмдық, жұрттың азып-тозу үрдісін көре отырып, туған ұлтының келешегіне күмәнмен қарайды, еркіндіктен айрылдың, басқаның ырқына көштің, енді қайтадан оңалуың неғайбыл дейді. Жаңа дәуірдің ғылым-білімін игермесе де, халқының мың жылдық даналығын бойына сіңірген Дулат пен Мұрат жүрекпен сезіп, көзбен көргенінен біржола түңіліп, болашақтан күдер үзеді. Ал Шортанбай: «Су түбіне кеттің, жұрт, - Тал табылмас қармарға!» - деген қатал үкім айтады. Бұдан бұрын Махамбет: «Бұл қонысқа қондырған, - Ата-бабам оңбасын, - Таңда, сират басында!..» –  деген болатын. Замана кейпі осындай ауыр ахуалға жеткізіпті» - деген жолдардан басталады.

Одан кейін автор: «Әлихан Бөкейханов бастаған, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар тұғырын ұстаған ұлттың ояну бағдары - қазақ қоғамында жетекші орынға шықты. Келесі кезекте – ұлттық дербестік мәселесі күн тәртібіне қойылды» – деп жазады.

Ұлттың оянуы дейміз. Ұлтты ояту бағытындағы насихат сол кезде қандай күйде еді?

Міржақып Дулатовтың 1909 жылы Орынборда жарық көрген «Оян, қазақ!» атты кітабы «Көзінді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп ұран салса, оның ізімен жазылған жырлар да қазақты ояту тақырыбын қаузады.

1917 жылы Әбілқасым Арғыни Ташкентте басылған "Жатпа, қазақ!" кітабында:

«Қазағым, ғапілеттен көзіңді аш,
Ғапілетпен өтіп кетті бірталай жас,
Осындай бостандық күн келген уақытта,
Жастана жата бермей, көтергін бас, – десе,

Шәкәрім:

Кейіме, кәрі жан,
Өмірің тозғанға,
Оянып ұйқыдан,
Әнге сал қозғал да, – деп жырлады.

Байбатыр Ержанұлы 1914 жылы Қазан қаласынан шыққан кітабын «Тұр, қазақ!» деп атады.

Япырмай, ұйымас па едің ұжмақ жерде,
Ұжмақ жерде дегенім басың төрде,
Оянбай бостан-босқа ұйықтап жатып,
Секілді болып қалдың жатқан көрде – деп оянбай жатқан қазақты өлікке теңеді.

«Қазақстан» баспаханасында төңкеріске дейін «Ызың» ( 1913 жылы, Орал) атты жаңа кітап басылып шыққаны да белгілі. Кітаптың атауынан көрініп тұрғандай, оның негізгі тақырыбы да қазақты ызыңдап ояту болатын.

Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» деген атпен Орынборда  1911 жылы басылған жинағындағы «Маса» өлеңінде:

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?

деген жолдар бар.

Ал ұйқысы қанбаған қазақ туралы Ахаң не дейді?

Баяғы қалпы,
Баяғы салты,
Бұл неткен жұрт ұйқышыл?
Болсын кедей, болсын бай,
Жатыр бейқам, жым-жырт, жай.
Емшегін еміп,
Анаға сеніп,
Бала ұйықтайды жастықпен.
Қымызға қанып,
Қызарып жанып,
Бай ұйықтайды мастықпен.
Шалап ішкен кедей мас,
Мына жұрттың түрі оңбас!
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Түн етіп күнін,
Көрсетпей мінін,
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың!
Оянған ерге
Ұмтылған жерде
Еруші аз, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?!
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді, оянып.
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?!

Шаруасы түзелген, тіршілік күйбеңінен босаған кісі ғана алаңсыз ұйықтаса керек еді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген аталы сөзді де ұмытуға болмайды.

«Сен жатырсың қатты терең ұйқыда,
Өзді-өзімен алысуда миқыда,
Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда,
Оянбастай жұртым саған не болды?» – деп Ғұмар Қараш та «оян» сөзін жырына арқау қылды.Мағжан Жұмабаев «Жауға түскен жанға» деген өлеңінде:

«Оян! – дедiң жұртыңа,
Бас көтерiп, тiрлiк қыл!»
Ақыл айттың ұлтыңа:
«Таста талас, бiрлiк қыл!»  –  десе,

Сұлтанмахмұт Торыайғыров:

Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр.
Ұйқысы көп, ояу аз
Бұл не деген ғажап тұр?
Бұл ұйқысын ашпаса,
Надандықтан қашпаса,
Басқаларға мазақ тұр, – деп қамықты.

Арқаның арқалы ақыны Нұржан Наушабайұлы болса назымдарының бірін түгелдей осы қазақты ояту тақырыбына арнады.

Бастан сөзді асырмаймыз,
Ұйқыдан көзді аша алмаймыз.
Бишара Алаш баласы,
Өнерлі халыққа қосылмаймыз.
Өлсек-тағы қауіп етіп,
Еш нәрседен қысылмаймыз.
Оянған пенде табылмас!

Жанына өлшеп балаған,
Бес қыпшаққа қараған
Үй, Тоғызақ , Әйет пен
Орман, ағаш, неше көл
Тобылменен арада
Жұртты жаман болдырды
Ит абалап қабаған.
Қара қазан, сар баланың
Бір адам жоқ бұл жұртта
Қамын ойлап жылаған.
Барар жер, басар тауым жоқ,
Деген мақал кез болды,
Бір қауызға қамаған,
Кеңшілік заман табылмас!

Алашты алды, жерді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Бұрынғы хан, би болғандар
Наград, шенге алданды.
Бұл күнде білем дегендер
Штатпенен болған-ды.
Фәтуа жоқ, бірлік жоқ,
Бірлік болмай тірлік жоқ,
Ойламай қазақ қалған-ды.

Әл-фара қиқу құйтырқы,
Дүние жүзі саралы.
Жайлау, қыстау, жерді алып,
Көңілді қылды жаралы.
Ұйықтама, оян, Алашым!
Қолыңда жоқ заманның
Амал қылар құралы.

Құйрық, қанат кесілді,
Қайтып бізге келер деп,
Ойламаңдар әрқалай,
Менімен тұрса жарады,
Орындалған бір іс жоқ,
Көп шығар бізге бұл әлі.

Бұл жерде тақтақ ақын Нұржанның бір ерекшелігі – ол сөзін тек қазаққа ғана емес, барлық Алашқа арнады. «Ұйықтама, оян, Алашым!» - деп ұран көтерді.

Нұржан 1918 жылы «Қазақ» газетіне «Алашордаға» деген өлеңін бастыртады.

«Бірлік қылсаң, Алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағың мәңгі қалдырып,
Жасасын Алаш, жасасын!» – деген жолдардан оның «Ұйықтама, оян, Алашым!» жырының жалғасын тапқанын аңғарамыз.

Осы өм ірдің ұңғыл-шұңғылын бір кісідей білетін ақын Серік Қалиев:

Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Бол, қазақ!
Шын бақытқа жеткізетін жол да ұзақ.
Алашағың аз ба мына дүниеден,
Болашағың емес пе еді зор, ғажап?! – деп сырын ақтарыпты.

Сонымен, біз де ұйқымызды ашуға тырыстық. «Оян, қазақпен» бірге «Ойлан, қазақ» - деп айтуға бейім бола бастадық. Сонда туған мына өлеңді де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім:

Ебін тапқан екі асап,
Үш-төртеуін жеп алып, биге шықса кейбіреу,
Қолдан келген басып жүрсе қоныштан.
Басы айналып бала-шаға боқташақ,
Жалпақ жұртқа бола алады кім тіреу
Ата-анасы айырылғанда қоңыстан.

Шақырайған күннің көзін қара бұлт кеп торласа,
Сөз түсінер әділ билер қалмаса,
Кеміп кетсе арлы ұғым,
Ізгілерді Ібіліс кеп қорласа,
Ай дер ажа, қой дер қожа болмаса,
Не болады тағдырың?!

Ашкөздердің жүрген жолы кеңейіп,
Ұры-қары көбейіп,
Ағаш сапты балта турап ағашты,
Орман қурап, тұрса бұтақ серейіп,
Опыр-топыр болған кезде жер асты,
Жабырқамай жей алады кім асты,
Бұдан басқа не дейік?!

Қой мен сиырды, биені де түгімен,
Түйелерді жүгімен
Жұтып жатқан жайын ауыз мешкейді
Көремін де түңілем.
Сахнада қатын болып киініп
Жүргендердің көрерменге иіліп,
Жиіркенесің әлем-жәлем түрінен.

Қалың қауды жайпап өтсе бір ұшқын,
Күрмек келіп суын ішсе күріштің,
Түбі тесік болып шықса сүт құйылған ыдыстың,
Егініне қаптап кетсе арамшөп,
Залым жеңіп, малың өліп, құт кеміп,
Босағадан кеткені ғой ырыстың.

Кімдер екен тұнық көлді шайқаған,
Көк шалғынды жапырып жүр майтабан.
Соның бәрін көзбен көріп тұрғанда
Қалай ғана жай табам?
«Ойлан, қазақ! Оян, қазақ!» дегенді
Қайталаймын қайтадан.

Ұйқы алдында да, ұйқымыз қанып, ерте оянғанда да ойлануымыз керек секілді. «Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой!» деген бесік жырын ересектерге айтуға болмайды ғой.

Ояныңдар, қазақтар! Ойланыңдар, қазақтар!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048