Зығырданды қайнатқан «Z» белгі...
Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін, Ресейдің агрессиясын қолдағандар «Z» пен «V» белгісін көрнекі жерлерге салып, соғыс насихатын жүргізе бастады. Әуелгі кезде соғысты қолдаған тек Ресейліктер болса, қазіргі күні елімізде де Путиннің саясатына бас ұрғандар өз көзқарастарын ашықтан-ашық көрсетіп жүр. Ал, Еуропаның кейбір елдері бұл белгілерге әлдеқашан тыйым салды.
Жақында Өскемен қаласындағы дүкендердің бірінде «Z» пен «V» белгісі салынған футболкалардың сатылып жатқаны туралы әлеуметтік желіде жаңалық тарады. Бұл туралы журналист Сырым Итқұлов жазған болатын.
«Алматыда көлік терезесіне осындай белгі жабыстырған жүргізушілерді ұстап жатса, Өскемендегі дүкендердің бірінде мынадай киімдер сатылып жатқаны туралы фотолар келді. Айтарға сөзім жоқ.
Бұл біреудің саяси көзқарасын білдіретін жай ғана әріптер емес, бұл – соғыстың және өзге бір елге басып кірудің белгісі. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылуы керек.
Ресейде бұл белгіден бас тарса қамауға алады. Ал депутаттары болса балалары VPN қолданған ата-аналарды түрмеге қамайтынын айтып қорқытып жатыр», - деп жазды ол.
Осыдан кейін тиісті орган қызметкерлері дүкендегі «Z» пен «V» белгісі салынған тауарды сатылымнан алдырып тастады.
Бұған дейін көліктеріне «Z» белгісін салып алған Ресейліктердің Павлодар облысындағы Жасыбай демалыс орнына келгені туралы бейнежазба «Типичный Павлодар» телеграм арнасында жарияланды. Ресейлік туристердің бұл қылығы жергілікті тұрғындардың шамына тиді. Ал, өздерінің әрекетінен «еш оғаштық көрмеген» Ресей туристері болса, қазақстандықтардың наразылығына қарсы дау айтты.
«Біз Павлодар облысының аумағындамыз. Жасыбай курорттық аймағына келген ресейліктерміз. Бізді мұнда тым нашар қарсы алды. Көлігіміздің терезесіндегі «Z» белгісін көрген жергілікті азаматтар бізге тарпа бас салды. Олар бізді «Украинаға шабуылдадыңдар» деп айыптады, мына тұрған автобустың жүргізушісі «бұл жерде сендерді ешкім қуана қарсы алмайды, бұл жерден кетіңдер!» деді. Мен бұл видеоны бүкіл қазақстандықтардың көргенін қалаймын. Павлодар облысында осындай агрессивті адамдардың барын біліп жүріңіздер», - деп шағымданды ресейлік турист.
Қазақстанда «Z» пен «V» белгісіне ресми тыйым салынған жоқ. Дегенмен осы күнге дейін аталған белгілерді көліктеріне жабыстырып алған азаматтарға әкімшілік құқық бұзу бабы бойынша айыппұлдар салынды.
Айжан Темірхан
Abai.kz