Бекболат Тілеухан: Оллахи, бұл жала!
Осыған дейін «ulysmedia.kz» сайты Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтығын алуға өтініш бергені туралы хабарлаған еді.
«Ulysmedia.kz» порталына келіп түскен дереккөзге сәйкес, Бекболат Тілеухан Түркияға үшінші әйелі Жанар Тапеновамен бірге кеткен. Одан алты баласы бар. Ыстанбұл қаласында бұл күнде олар балаларымен бірге сатып алған пәтерінде тұрады.
Жанар Тапенова Түркияға кетер алдында жақын туысының біріне өзіне тиесілі астананың сол жағалауындағы көпқабатты үйдегі екі пәтер мен Шұбар ауданындағы жер үйді сатуды тапсырып кеткен.
Ыстанбұлда жүрген кезде Оразада Бекболат Тілеухан сондағы қандастарды жинап, ауызашар берген. Түркия президентінің ұлы Біләл Ердоғанмен кездескен. Экс-депутат әзірге Қазақстанға қайтпайтын секілді. Себебі ерлі-зайыпты Түркия азаматтығын алуға өтініш берген. Әзірге олар сонда ықтиярхатпен тұрып жатыр», - деп жазған еді «ulysmedia.kz».
Бекболат Тілеухан: Қазақстанның көк паспортынан айырылатын ойым жоқ!
Бекболат Тілеухан мырзаның өзі бұл ақпаратты жоққа шығарып арнайы мәлімдеме жасады. Бұл туралы «Skifnews.kz» ақпарат порталы жазды.
Оның айтуынша, бұл «кейбір сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласы». Сонымен қатар ол өзіне қатысты жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін жеткізді.
«Бұл мәлімдемеге себеп болып отырған дүние – көптеген бауырларымның жазып жатқан посттары. Ақылға сыймайтын нәрсе ғой, ел нанбайтын шығар деп ойлаған едім. Сөйтсем, кәдімгідей ел иланып жатыр. «Басқа елдің азаматтығын алуға өтініш беріпті» дегенге ел иланып, кәдімгідей нанып жатыр. Ақылға сыймайтын, қисынға томпақ келетін нәрсеге нанып жатыр.
Менің аңғал, батыр, нанғыш, мен үшін аяулы болған кейбір бауырларымның өздері нанып, шашып пост жазғанын көрген кезде бүйтіп мәлімдеме жасамаса болмайтынына көзім жетіп айтып отырмын.
Қадірлі, бауырларым! Мен ешбір бөтен елдің азаматтығына өтініш берген жоқпын! Алла куә!
Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстанның көк паспортынан айырылатын ойым жоқ. Сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласы бұл! Нанбаңыздар!
«Ұлысмедианы» сотқа берем! Сотта кездесеміз аманшылық болса!
Ешқашан өтірікке сенбеңіздер!», - деп атап өткен ол өзінің аудиожазба жазбасында.
Abai.kz