Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Алашорда 6752 4 пікір 22 Тамыз, 2022 сағат 10:59

Абайдың әлеуметтік ойлары

М. Әуезов Абай шығармаларының халықтығы туралы айта келіп, екі қырынан көрсеткен. Ол сипаттар мыналар: біріншіден, ақын қарапайым еңбек адамының атынан сөйлей отырып, қанаушы таптың зұлымдық әрекеттерін әшкерелейді. Ол кедейлердің ауыр халіне жаны ашып, араша түседі, қазақ әйелдерінің теңдікке жетуіне тілеулес болады, жастарының болашаққа қадам жасауын арман етеді. Ал, екіншіден, ақын осы тәрізді шынайы халықтық мүддені жырларына өзек ете отырып, халықтың сөз өнерін барынша мол пайдаланумен қатар, оны жаңа қырларымен, әрлі де нақышты бояуларымен байыта түседі. Осыдан келіп Абай шығармаларындағы халықтық қасиеттің екінші қыры көрінеді.

Абайдың әділеттілікті сүю концепциясы – оның шығармашылығында  адамдық пен надандық, шындық пен өтірік, тағы басқаның күресінде жеңіп  шығатын ақиқат жолын меңзейді.

Абай не нәрсенің ақыл мен әділетке жүгінгенін қалайды:

Әділет пен ақылға, 
Сынатып көрген – білгенін,
Білдірер алыс, жақынға,
Солардың сөйле дегенін – дейді.

Абайдың ұстанған мұраты – адамшылықты бұзбай, адамгершілік ізгілік  қасиеттерін жоғары көтеріп, адам деген ардақты атқа сай болу еді. Оның  көптеген шығармаларында осындай ой – мақсат жатыр. Айталық, «жігіттер  ойын арзан, күлкі қымбат»,  «Интернатта оқып  жүр», «Ғылым таппай  мақтанба» өлеңдерінде елінің ертеңіне, жастардың болашағына  алаңдауының басым, я болмаса оның қара сөздерін алсаңыз да адам, адам  мұраты, адамша өмір сүрудің мақсаты хақында да кең астарлы философиялық ойлар бар.

Абай өзінің 7 қара сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен  туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің  құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демекілік...  Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген дейді.

Абай қазақ әдебиетіндегі нәзира үлгісінің тамырын тереңнен тартқан қалыпты дәстүрлерінің аясын кеңейтті. «Ескендір» поэмасы мен «Евгений Онегин» жырындағы ақын дүниетанымына негізделген идеалық мазмұн мен Абайлық әрбір нақыштар осы уақытқа дейін аталып көрсетіліп келеді. Абай басқа ақындардың жазғандарын аударып, не бір сюжет, сипат, сарын тақырыптардан пайдалансын, болмаса терең сезім, мағыналы көркем сөз, жаңа шумақ, ұйқас, ырғақ іздесін, пікір таратып, өлең жазсын, әдебиеттің ісінде өз жаңалығын үнемі айтып отырады, кіргізе отырады, өзінің ұлы ақындығын көрсете отырады. Ол бір нәрседен пайдаланса, өз ақындығына бейімдей пайдаланады.

Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде діннің шын мәнін түсіндіріп, бірақ оны қабылдаудың көпшілік үшін неге қиын екенін көрсетеді. Ол өзі тапқан дән - үш сүюді имани гүл деп атай келе, әрі қарай былай деп жазады:

Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретіменен.
Істің басы - ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.
Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хүснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Көріп отырмыз, Абай діннің шын мәні бұрмаланып, оның түпкі мақсатынан ауытқуының себебін айтқан. Ақын діннің рәсімдерін орындау керек, бірақ бұлардың барлығы діннің түпкі мағынасы болып табылатын бастапқы үш сүюді, яғни Алла тағала мен адамды байланыстыратын сүюлерді, “имани гүлді’’ бекітпей, құр діни рәсімдерді орындау татымды жеміс бермейді деп діттеген. Әр істе де әуелі оның неден басталатынын білу маңызды, дінді ұстану үшін де әуелі оның неден басталатынын білу керек. Абай сөзі бойынша дін иманнан басталып, әрі қарай ораза, намаз, зекет, хажылық болып жалғаса береді. Ал діннің басы, яғни иман болмаса, онда істің бәрі бос. Иманды ұқтыру, уағыздап көпшілікке үйрету имамдар парызы еді. Өйткені, дінді иманнан бастамасаң, иманды білмесең, ондай тағат (құлшылық) та қабылданбайды, яғни бос әуре. Көпшілік арасындағы діни түсініктің осындай құлдырауы имамдардың ғибадаттан (құлшылық жолынан) сөз қозғап, Хүснизән (жақсы ой) мен иманды білдіруді ойласа да иманның тазалығын жақсы ұқтыра алмайды, себебі олардың өздерінде иманның тазалығы жоқ. Бұл діннің құлдырау себептeрінің бірі. Осының барлығы адамның өз нәпсісін тыймауының кесірінен екенін айтып келеді де, әрі қарай ақын сөзін былай деп жалғастырады:

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Бендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мүнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішіңді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

Абай күнделікті тіршілікте көріп жүрген мүнафиқтардың (екі жүзді, іші көпір, сырты мұсылмандардың) соңына ерме, иманыңды таза ойла деп ескертеді. Сонымен бірге, екі жүзді шала мұсылмандар бірігіп дінге нағыз берілгендерге қаруласып қарсы шығуы да мүмкін. Кезінде Шәкәрімді "кәпір" атап, Л. Н. Толстойды шіркеуден аластатқан осындай дінді таяз түсінетін, не болмаса саясаттың ықпалынан шыға алмаған дін қызметкерлері еді. Соның алдын алғандай ақын Алланы алдай алмайсың, сондықтан мұсылман болсаң пендесіне кінә қойып, распенен таласып адамдық атын жойма дейді. Бұл арада ақынның адам деп имандыларды ғана атайтыны көрініп тұр. Ол өзінің отыз сегізінші сөзінде имансыздарды “жарым адам’’ деп атайды.

Абайдың айтуынша адам ақылды немесе ақымақ, қайырымды немесе жауыз болып тумайды, ол жағдайға, тәрбие мен еңбек қызметіне қарай қалыптасады. Ақынның бұл ойлары Чернышевскийдің адамның ақыл-ойы оның саяси және басқа да дамуы сияқты экономикалық өмір жағдайлары мен материалдық өмір сүру құралдарына байланысты деген тұжырымымен үйлесіп жатыр. Бірақ, Абай танымның сезімдік-нақты және түсінікті дең-гейлерін тиісті ғылыми атаулармен толық атап көрсете алмады. Соған қарамастан оның негізгі ойлары дұрыс бағытта өрістейді, сенсуализм мен рационализмнің шектерінен асып, танымның сезімдік және рационалдық жақтарын бөлінбейтін қатынаста деп қарауға ұмтылысты танытады. Абай таным барысында игерген білім мазмұны туралы айтқанда олардың шынайы болуына баса көңіл бөледі. «Шындық пен өтірікті анықтау» жолы - таным жолы болып табылады. Ол адам таным арқылы шындыққа жетеді дегенге сенді. Ақын «хақиқат... Һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтықтан» туындайды деген тамаша тұжырым жасайды. Бұл тұжырым Абайдың гносеологиялық пікірінің сырын ашып, оның топшылауынша шындық бейне мен объектіні түсінуге көмектеседі, өз түпнұсқасына сай, яғни, шындықтың біздің санамызда бейнелеуіне сәйкес қалыптасады, тек рационалдық  таным мен сенімнің тұтастығы ғана таным нәтижесінің басты шарты бола алады.

Абай шындыққа жету, таным жолындағы ойлаудың  қызметі мәселелеріне ерекше мән берді. «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің (адамның) қазығы – осы жақсы  хакимдер, әрнәрсе дүниеде солардың истихражы (істеу, ойлау) бірлән рауаж табады. Хакимдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини (шын иман) болады. Бұл хакимдер... адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі — баршасы нәфиғлық (пайда беруші) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дауа жоқ».

Ғалым алған білімінің көлемімен, көп оқығаңдығымен ғана ардақты емес, ол өз білімін үздіксіз толықтырып, жаттығып, логикалық ережелерді еркін меңгеріп, шеберлігі мен өнерін шыңдай түсуге тиісті.. Ойшыл-ақын әл-Фарабидің, сол арқылы Аристотельдің логиканың мәні ғылым ретінде баяндалатын философиялық еңбектерімен жақсы таныс болды. Оның логикалық түйіндеу шеберлігін еркін меңгергендігін қара сөзбен жазылған «Ғақлиялары», сондай-ақ, өзіне жасалған оқиғадан соң 1898 жылы Сенатқа жазған хаты айқын дәлелдейді. Абайдың бұл құжаттағы сөз жүйелеуі, тұжырымдарының дәлелділігі, ойының айқындығы оның логика саласындағы алымының кеңдігін танытады. Ол жауласқан екі жақтың  куәларының сөздеріндегі фактілер мен мысалдарды тиімді пайдаланып, олардан бірден қорытынды жасайды. «Егер куәлар өздері бір мезгілде көрген бір оқиға жайында ұқсас пікір айтса, онда мұндай жағдай әлгіндей оқиғаның болмағандығына дәлел бола алады...». Абай неғұрлым негізделген логикалық заңдылыққа сүйене отырып шындықтың жекелеген үздік-үздік мысалдар арқылы ғана ашылмай, деректерді тұтас, өзара байланыстыра отырып күдіксіз дәлелденуін, сөйтіп оның дұрыс тұжырым жасап, танымның  шынайы нәтижелеріне жетуге қызмет көрсетуін талап етеді. Ол логикалық дәлелділік әдістерін басшылыққа ала отырып: «Мен былай деп ойлаймын: егер бір оқиға жайлы бірді-екілі емес, көп адам түсінік берсе және ол жайында мүлде ұқсас пікір айтса, онда мұның өзі оқиғаның ойдан шығарылмағандығын, шын  болғандығын дәлелдейді. Әлбетте, сол адамның да әлдебір мүдделер көздеп мүлдем болмаған, яки болған оқиғалар жайлы нақ болғандағыдай айтпауы да мүмкін жай, ондай жағдайда мұны жоққа шығару әңгімелер ұқсас екен деген бірер тұжырыммен түйінделмей, әлгі әңгімелерді істің басқаша жағдайларында және басқа адамдардың куәліктерімен тексеруден өткізумен түйіңделуге тиіс деп жазды.

Міне, хәкім Абайдың сондайлық соны да өткір ойларының қайнары қайда жатыр деген тұнық-тұңғиық сауалдарға өз әлімізше ой жүгірттік деп ойлаймын. Абайдай ақыл-ой алыбының мұзарт-шыңды ой әлемі – күллі әлемге ортақ, әм ғасырлар алтын парағында жазылары бек кәміл...

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Омаров Д. «Абайдың рухани мұрасы» Алматы, 1997 ж.

2. Мырзахметов М. «Абайтану тарихы» Алматы, 1998 ж.

3. Әлімжан Е. «Абайтанудың бүгінгі бір тірегі» Егемен Қазақстан, 2005 ж, - 20 қаңтар 4 - б.

4. Еспенбетов А. «Ұстаз ұлағаты» Семей таңы, 2005 ж.

5. Итбайтегі Ә. М. «М.Әуезов және Абайтанудың кейбір мәселелері» Алматы, 1993 ж.

6. Қалиева Ж. «Асыл ойдың өрнегі» ҚазМУ хабаршысы, филология сериясы, 2000 ж, 130-133 б.

7. Ауыпбаев Ж. «Ғұмыр-дария» Aлматы,1997 ж.

Ерік Омарғали,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

4 пікір