Абайдың "Толық адам" туралы ілімі

Абай – 180 жыл
Бұл ғаламды Құдай ғажайып хикметпенен, мінсіз келісіммен жаратқан. «Ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, бәрінің хикметі бар, себебі бар» (Абай). «Керексіз жаратылған бір тозаңы жоқ» (Шәкәрім). Олай болса, Алла тағала адамды да нақты бір мақсатпен жаратқаны, соған сәйкес салған жолы болуы сөзсіз ғой деген ойға тірелесіз. Міне, осы жолды Абай «Хақ жолы» атаған. Қазіргі таңда көп айтылып-жазылып жүрген «толық адам» – осы аталған Хақ жолына түсуші. Сондықтан ойшылдың толық адам танымы сөз болған жерде, Құдай жолы идеясын ұмытпау керек. Екеуін бірге қарастырмай болмайды. Төменде абайтану ғылымының шешілмей келе жатқан осынау күрделі мәселесін сарапқа салып, түйінін тарқатып көрмекпіз.
Өмір жолы мен Құдай жолы туралы түсінік
1895 жыл – Абай рухани өмірдің мөлдір бұлағына бас қойған, шабыты шалқыған алтын уақыттың бірі. Осы жылғы «Лай суға май бітпес қой өткенге» өлеңінде «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» дей келе, нәрлі ойларын былайша тиянақтаған:
Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкән,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
«Құдайға қайту – түп мақсат» деген Құран сөзі. Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні сонда. Бірақ оның толмай жатып солатыны бар. Өйткені, өмір жарқылы күшті, оған әлсіз пенде қайтіп қарсы тұрмақ. Ол қалың тұманда адасқан жолаушы есепті. Адаспау амалы – рухани өмір, соған ұмтыл, жетіле бер! Осынау идеяны санаға жеткізуге Абай өлең соңында тағы бір терең ой қосады:
«Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ.
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ!»
Жаратқан Иеміздің өмір жолын иілтіп ұстағаны, яғни емтихан қылғаны несі? Осы түсіну маңызды. Адам ғапыл дүниені менікі дейді, жерге неге келгенін білмейді. Тоқ кезде аштық, дені сауында ауру бар демейді. «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға» (Абай). Қиналыс, қайғы-қасірет оған ес жинатуға керек. Міне, Тәңірінің өмір жолын иілтіп ұстауы осымен өз түсінігін табады. Пендеге жаны сергек, көңілі ояу болуға өзге амал жоқ.
Қорыта айтқанда, өмір жолы – үлкенді-кішілі сынақ, оның ұңғыл-шұңғылына сүрініп, құлап кетпей, тура шығу өзіңе байланысты. Міне, Абайдың «Көзіңе бақ!» деуі – тағдырың өз қолыңда дегеннің ишараты.
Сабыр етсеңіз, енді мәселенің «адамның аты адам болуы, нағыз өмірі қай кезден?» деген аспектісіне де көңіл бөлейік. Атың адам болуға ақыл жүрекке құлақ асуы шарт. Сонда ғана емтихан аяқталып, нағыз өмір басталмақшы. Абайдың: «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дейтіні сол. Жұртының өзімшіл, бос сөзге үйір, ойға олақ мінездеріне ойшыл: «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық» деп диагноз қояды.
Жанды тәнге бас ұрғызу (яки жалаң ақылмен өмір сүру) – барша адамзаттың ортақ дерті қазір. Заман адамды илегені, қақтығыс атаулы тек өрши түскені әркім өзі көріп-біліп отырған басы ашық жәйт. Берген сайын бере бер дейтін тән құмары (нәпсі) – тұтынушылық жүгенсіз кеткен әлемде жақсылық қайдан баяндап қалсын. Әлсізді әлді, иманды пендешілік, әділетті қиянат жеңбесін, жалпақ тілмен айтқанда, жер бетіне құт дарып, бақ қонсын десек, адамзат санасы Абай діттеген бағытқа қарай өзгеруі керек.
Өмір жолы түсінігін тәпсірлеуіміз осымен тәмам.
Енді Абайдың «Құдай жолы» идеясына келейік. Құдай жолы деген – Құдайға қайту жолы. Ол жүрек көзі ашылуының, пенделіктің кәмәлатының кепілі. Яғни адам рухы мен ғайып әлем арасында байланыс орнауы деген сөз.
Осы айтылған өмірдің рухани биігіне шығып, Хақ жолында жүруді өзіне шарт қылу – таза мұсылман, толық адам деңгейі. Ескерте отырайық, бұл санаулы тұлға еншісі. «Единица – жақсысы, Ерген елі бейне нөл» демекші, қалың тобыр етегінде қалады.
«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» өлеңінде ұлы шайыр:
«Адасып, алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» (1895) –
дейді. «Түзу жол» бұл жерде – ғылым мен өнер жолы. Ал «Тасдиқ» трактатында айтқан жол өзгерек. Ол – Жаратқан Иенің бүкіл адамзатқа салған кәмәлатты жолы. Абай: «Құдай бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады» дейді. Күллі тіршілік иелерінікі секілді адамзат көшінің де өзіндік кәмәлатты (әділетті) жолы бар. Ол – дамудың материалдық һәм рухани жақтары тұтас қамтылуы. Міне, даналық трактатында Абай тарқатқан түйіннің бірі осыны дәлелдеу.
Толық адам ілімі және әділетті жол идеясы
«Тасдиқ» трактатында кәмәлатты (әділетті) жолға қатысты Абай екі анықтама береді: бірі – «Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан, ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құданың жолы». Екіншісі – «Құдай жолы – шексіз. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді». Тезистің екеуі де маңызды анықтама, әрі ереже!
Сонымен, Құдай жолы – әділетті жол, оған жүруді өзіне шарт қылып қадам басты, сол – таза мұсылман, толық адам. Болды, бітті. Егерде толық адам концепциясын Құдай жолы ұғымынан бөлек қарастырсақ, онда бәһра болмайды, жаңсақтыққа ұрынамыз.
Енді Абайдың: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді» деген сөзіне назар аударайық. Фәни өмір де, адамның өмірі де шектеулі. Демек, ойшылдың «Құдай жолы шексіз» дегені – рухани әлемді меңзегені. Заттық әлем – өткінші, бақи – мәңгі. Сөйтіп, екі жол бар: бірі – дүниелік жол, ол – қысқа әрі адамды уақыт өткен сайын Тәңіріден алшақтата береді, екіншісі – рухани жол (яғни ғұмыр), ол – шексіз әрі Тәңіріге жақындата түсетін болады.
Тағы айтайық, шексіз де әділетті жол – нәпсіні жеңгендердің және біреулерге жақсылық тигізбекті мақсат қылғандардың жолы. Мәселен, Құранда: «Сондай жолымызды қалағандарды, әлбетте, тура жолымызға саламыз» (Ғанкабут сүресі, 69-аят) делінген.
Әділет және әділетті жол сөз болған жерде «Алланың өзі де рас...» өлеңінде Абай айтқан:
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және Хақ жолы осы деп әділетті», -
деген даналық идеяны айналып өте алмаймыз.
Кешегі кеңестік дәуірде үшінші сүю – әділетті сүю деп келдік. Абайдың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» дегені – бірінші сүю, Алланың адамды сүюі екені ескерілмеді. Ақиқатында Абай Хақ жолын айтқан, оның маңызын, не үшін керектігін діттеген. Онсыз баршаға сүйіспеншілікпен қарау жоқ. Жалған өмір жолындағы адамға бұл бос қиял есепті. Керісінше, Құдай жолына қадам басқан ғадаләтті адамға бұл қалыпты нәрсе.
Ғадаләтті болу – баршаға махаббатпен қарау дегенді ойшыл былайша түсіндіреді: «Ғадаләтті адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде «Халлақы менімен, сондай-мұндай халықтарымен (жаратқандарымен) мұғамәла (мәміле, жылы қарым-қатынас) қылса екен» деп тұрып, өзім сол халықтармен мұғамәла қылмағандығым жарамайды ғой деп».
Сөйтіп, «Және Хақ жолы осы деп әділетті» дегеннің мәнісі – әділетті сүю емес. Адамзатты, бір жағынан, «бауырым» деп, екінші жағынан, «Алланың барша пенделеріне салған кәмәлатты жолы осы» деп сүю. Осылай түсінсек дұрыстық.
Баршаны кәмәлатқа, Құдай жолына шақырған хакім: «Өзге жолда не үміт бар?» дейді. Кәмәлатты жол – шексіз, демек, онда алдыңғы, ортаңғы және артқы топтар болмақ. Баршасына үш қасиет (ғылым, рахым, ғадаләт) ортақ. «Бұл айтылмыш үш хасләт иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар» (Абай).
Аталған төрт топ өкілдері, әрине, көктен салбырап түспейді, саналы жандар мен Тәңіріге мойынсұнған қарапайым діндар қауым арасынан шықпақшы. Ислам теориясы бойынша өмір жолынан Хақ жолына басқыштаған иманы түгел тұлға «кәміл адам» (парасатты я саналы адам) делінеді. Онан толық адамның айырмасы неде? Енді осыған тоқталайық.
Толық адам мен кәміл адам: бірлігі мен өзгешелігі
Кәміл адам (әл-инсан әл-камил) деп мұсылмандық Шығыстың фәлсафасында рухани болмысын жетілдірген кәмәлатты тұлғаны айтқан. Абай үйреншікті түрде «кәміл адам» демей, «толық адам» деген. Неге? Бұл, сөз жоқ, «мен өзімнің төл танымым бойынша өзіндік бейнені қалыптадым» деген ишараты. Сонымен, ескі мен жаңаның бірлігі неде, өзгешелігі қайсы?
Алдымен ортақ қасиеттеріне тоқталайық. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде Абай былай дейді:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек!»
Үш қасиетті «Алла тағала әр адамның бойында тәхмин (кішкене) бар қылып жаратқан» дейді Абай. Біреу ақылын зорайтып оқымысты, біреу ынта-жігерін өсіріп қайратты, енді біреу жүрегі мейірімге толы, жомарт болуы мүмкін. Бірақ бұл «толық болу» емес. Абай: «Жеке-жеке біреуі жарытпайды» деп білдіреді. Толық адам болудың кілті – үш қасиетті бірдей ұстауда!
Өйткені, бірдей ұстау – нәпсіні жеңу. Шәкәрім: «Мына жақта нәпсі жатыр, Қиянатты жастанып» демекші, кәне, ол «батырды» жеңіп көр. Өле-өлгенше өзіңмен күресуің керек. Бұл, әрине, сирек тақуа данышпанның ғана сыбағасы.
Қорыта айтқанда, кәміл, мейлі, толық адам дейік, бұлар – Құдай жолына қадам басқандар. Екеуі де заманға билетпей, қайта оны билейтін, жаңа айтылғандай, адамдық үш қасиетті бірдей ұстау жөніменен өмірден ғұмырға сатылаған жандар. Жанасатын тұстары көп болуы да содан.
Негізі, Абай, Шәкәрімнің ғұмыры кәмәлаттың жарқын мысалы. Екі ғұлама да артқыға өлмес, өшпес ілімдерін қалдырды. Бұл өмірлік сабақ, дүниелік тәжірибенің арқасы. Жалғанның көрешегін кеше жүріп, өмір жолынан Хақ жолына сатылаудың үлгі, өнегесі.
Енді кәміл адам мен толық адамның өзгешелігі неде дегенге келейік. Бірден айтайық, ол өзгешелік – Құдайға ғашықтық деңгейі екі түрлі болуына тіреледі. Кәміл адам – орта ғасырлар көлемінде имам әл-Ғазали, әзіреті Иасауи бастатқан мұсылман ғұламалары дүниеге әкелген сопылық теориясы. Ол бойынша кім Құдай жолы – тариқатқа кірсе, сол кәмәлатқа жетпекші. Оған нәпсіден суынып, ахирет пайдасын күзетсе жеткілікті, өмір жолынан өту шарт емес. Бұл – бек шетін, бек нәзік әулиелік жол. Оған ғылымның да, қайраттың да, махаббаттың да зоры керек. Сондықтан оған түссем дейтіндерге Абай: «Әрбір наданның «біз тарихатқа кірдік» деп жүргені «біз бұзылдық» дегеніменен бір болады» деп ескерту жасайды.
Сонымен, өзгешелік неде? Абай әулиелер хақында: «Олар ухраи (ахирет) пайдасын ғана күзетті. Ғашықтықтары сол хәлге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты» десе, хакімдер туралы: «Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі. ...Дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады» дейді.
Осы екі анықтама біз іздеп отырған кәміл инсан мен толық адам айырымына да сәулесін түсіреді. Хакім жайлы сөзден ұғылатыны – бұлар Құдайға деген махаббаты мен құлшылығын дүние ісі арқылы атқаратындар («Бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттану» Абайдың өзінің де тәжірибесі).
Өмір, дүние ісі арқылы Құдай тағала разылығына бөленудің амалы – жасампаздық, ізгілік жасаушылық. Ізгілік жасау (ғамалус-салих) не екенін Абай былай деп жеткізеді:
«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін!» (1897).
Қорыта айтқанда, хакім Абай көміліп қалған жәуәнмәртлік пен кәміл адам ілімдерін қазып алып, қайта тірілткен. Осыған көз жеткіздік. Қайта жаңғырған ілім бойынша, пенделіктің кәмәлаты екі тараптан: бірі – иман, көкірек көздің ашылуы, екіншісі – ихсан, дүниеге тиетін пайдасын ойлау, ізгілікті көп жасауға ұмтылу. Кәмәлат биігіне көтерілудің қос қанаты, міне, осылар десек, бұл тұжырымға ешкімнің таласы бола қоймас деген ойдамын.
Асан Омаров,
абайтанушы
Abai.kz