Дін бар жерде ғылым дамымайды
Әлі күнгі мақтанышымыз – «ата-бабамыз аттан түспеген жаугершіл болған» деген дақпырт атақ. Ақындарымыз әлі күнге дейін соны жырлайды. Әлбетте Доспамбет, Махамбет секілді тарихи феномендер болған. Алайда бүгінгі таңда әкімнен алған пәтердің есігін іштен жауып алып, «мен көк бөрімін!» деп өлең жазу маған күлкілі секілді.
Cіздер Шыңғыс ханды дәріптесеңіздер, онда Гитлер де керемет. Онда Наполеон да, Сталин де керемет. Егер Сіздер адамның ұлылығын оның парасатымен, ізгілігімен емес, тек жаулап алу құдыретімен өлшесеңіздер, онда Шыңғыс ханға табынасыздар. Бірақ, Шыңғыс ханға табынған қоғам ешқашан ізгілікті қоғам болмайды.
Қоғамды бұзатын – Шыңғыс ханды қазақ қылғысы келетін жазушылар, тарихқа араласатын көріпкелсымақ депутаттар мен сенаторлар, руын дәріптеп, азғантай тобырға көсем болғысы келетін алаяқтар.
Қорқақ адамның барлығы билік басындағы біреудің қара күшін пір тұтады. Біреуге зорлық-зомбылық жасаған адамды керемет көреді.
Қазақтың аңызында, фольклорында Шыңғыс хан туралы бірде-бір жағымды сөз жоқ. Оны ойлап тауып жүрген кейінгі сауаты шамалы, комплекстары бар жазушылар.
Сен, мысалы, пәтер алу үшін президентті мақтадың не, немесе атақ алу үшін министрді мақтадың не, әкімді мақтадың не – өзіңнің руыңды, ұлтыңды мақтау тура сондай жағымпаздық.
Руханият деген бұл тек философия мен әдебиетте айтылатын нәрсе емес… Руханият деген сіздің жұмысқа тамыр-таныссыз орналасу мүмкіндігіңіз, сотқа барып әділ шешім табу мүмкіндігіңіз. Ойыңыздағыны ашық айтып, қорықпай өмір сүру хақыңыз.
Парасат біреу ғана. Бұл – адамзаттың озық ойы, ғылым, білім және өркениет. Дарвинның эволюция теориясын жоққа шығаратын ортада парасат жоқ. Дәйексіз соқыр сенім, нанымға негізделген ортада парасат жоқ. Ұлтшылдыққа, идеологияға уланған ортада парасат жоқ.
Алаяқтар ештеңеден қорланбайды. Үндемей өз есебімен күнелтуден де, өтірік мақтау-мадақтаудан да, жалған есеп беруден де арланбайды. Керісінше, олар сол бір айлакерлігін асқан ақылдың, даналықтың белгісі деп санауы мүмкін.
Мен арабтардың бай мемлекет екенін мойындаймын. Бірақ оларды дамыған мемлекет деп есептемеймін. Дамыған қоғам деп есептемеймін. Өйткені, дамудың алдыңғы шарты – демократия, сөз бостандығы, ғылымның дамуы. Бұлардың ешқайсы араб әлемінде жоқ. Сондықтан олар керемет сүйсінетін ел емес.
Дін бар жерде ғылым дамымайды. Ешқашан. Өйткені, ғылым деген – ізденіс. Дін деген – догма. Сондықтан дін бар жерде ғылымның дамуы мүмкін емес.
Біз әдетте Әл-Фараби мен Авиценнаға, Бируни мен Ұлықбекке ислам әлемінің ғалымдары деген атау тағып қоямыз. Бұл дұрыс емес. Өкінішке қарай, дін мен ғылымның қатар дамуы мүмкін емес. Дін – әрдайым ғылымға салынатын ауыздық.
Әл-Фараби секілді, Эйнштейн секілді, ибн Синалардың барлығы – дін тарапынан жасалған зорлық-зомбылыққа қарамастан, осы ғылымды дамытқан адамдар. Бәрі – көзі тірі кезінде қуғын-сүргін көрген адамдар. Жордано Брунолар сол үшін отқа жанған. Сондықтан адамзаттың ең үлкен қаһармандары – біз айтатындай, батырлар, басқалар емес, ғалымдар.
Діндар емес, зайырлы, ұлтшыл емес, толерантты, патриоттарынан либералдары басым, сол дәуірдің озық технологияларына қол жеткізген, ғылымы мен өнері жетілген қазақ тілді қоғам көргім келеді.
Біз өзімізді рухани бай халықпыз деп мақтағанды жақсы көреміз. Батыс елдерін рухани азғын дейміз. Алайда жемқорлықтың көкесі оларда емес, бізде.
Тұлғадан «культ» жасау, көсем іздеу, жеке басқа табыну – дамымаған қоғамның бәріне тән.
Дархан Әбдік
Abai.kz