Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Конституция күні: 3266 8 пікір 30 Тамыз, 2022 сағат 12:48

«Қазақстан деген мемлекет біріншіден қазаққа керек»

Бүгін Қазақстан Республикасының Конституция күні. Қазіргі қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамызда қабылданған. Ол 9 тарау 98 баптан тұрады. 2022 жылға дейін Конституцияға Парламент бес рет өзгеріс енгізген. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 түзету жасалды.

Біз Қазақстанның Конституция күніне орай, еліміздің Ата Заңы туралы сарапшылардың ой-пікірін білдік.

Дос Көшім, саясаткер:

- Біздің Конституциямызға биліктің де, халықтың да көңілі толмайтын шығар деп ойлаймын. Көңілі толатын болса 60-қа жуық өзгеріс енгізбейді ғой. Ата Заңымыз өзінің Конституциялық статусын орындап отыр дей алмаймын. Референдум арқылы болсын, Парламент арқылы болсын қайта-қайта өзгерте беру Ата Заңды құрақ көрпеге айналдырды. Менің ойым, Конституция қайтадан жазылуы керек. Бұл пісіп жетілген мәселе.

Соңғы Конституция бойынша өткен референдумда елу-алпыс сұраққа бір ғана «иә», «жоқ» деген таңдау берілді, ақылға қонбайтын дүние. Кейбір өзгерісті қолдауға болады, кейбірін қолдауға болмайды. Технологиялық жағынан алып қарағанда, халықты алдау сияқты көрінді.  Конституциялық референдум арқылы билік жүйені демократиялық бағытқа алып келді дегенге де сенбеймін. Себебі, бұрынғы заңда Конституциялық соттың 10 адамын Парламент сайлайтын. Ал, мұнда оның төртеуін Президент сайлайды. Бұл авторитарлық жүйеге жақындай түсу дегенді білдіреді. Менің ойымша, соңғы референдумға қатысқан адамдардың 99 пайызы өзгерістердің не беретінін, қандай түзету екенін толық түсінген жоқ. Сондықтан мұның бәрі, саяси тәсіл, ойын болып қалды.

Бірақ мәселе Конституцияда да емес. Кейбір елдерде, мысалы, Англия, Израильде Конституция жоқ. Конституция – панацея емес. Кейбір мемлекеттердің Конституциясы біздікі сияқты билікке қажет кезде өзгеріске түседі. Сондықтан қоғамда Конституция деген сөздің мәні кете бастаған сияқты. Оған арнап бір күнді қою, аспандата көтеру  –  Кеңес үкіметінен қалған идеология. Кеңес үкіметі кезінде жазылған Конституция сөз жүзінде керемет болатын, ал іс жүзінде тоталитарлық режимде өмір сүрдік. Әрине, Конституцияның жаңадан жазылғаны дұрыс. Бірақ бұл заңның бағытын анықтайтын абстрактілі дүние. Кей елдерде тіпті Конституцияда белгіленген заңға қарсы заң жобаларын ұсынып жатады. Конституция қатып қалған нәрсе емес, оны заман талабына, экономикалық-саяси кезеңге сай жазып шығуға болады.

Абзал Құспан, заңгер:

- Конституция ең бірінші заңгер үшін, заңгер болмаса да Қазақстанның әр азаматы үшін сөзсіз мейрам. Біз кейде сынап-мінейміз деп кез-келген нәрсені мазаққа айналдырып жатамыз. Бірақ Қазақстан деген мемлекет біріншіден қазаққа керек. Сондықтан әр қазақ баласы үшін Ата Заңды қабылдаған күніміз – ең ұлық мереке болуы керек ден есептеймін. Бұл заңгер үшін екі есе маңызды күн. Соңғы референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерістерді, өз басым, өте қатты қолдадым. Дегенмен, Конституциялық түзетулердің қолданысқа еніп кетуі оңай шаруа емес. Себебі, Негізгі Заң белгілі бір қоғамдық қатынастарды тікелей реттемейді – жалпылама нормаларды реттейді. Өзгерістерді жүзеге асыру үшін тиісті заңнамалық актілерді қабылдау керек: Заң, кодекс немесе Үкіметтің қаулылары ретінде. Соңғы референдум өткеннен кейін Парламент депутаттары кезекті демалысына кетті. Қазір депутаттар жұмыс орнына оралып жатыр. Ата Заңға ұсынылған өзгерістерді қолданысқа енгізу процесі енді басталмақ. Мысалы, бірінші Президент-Елбасы туралы Конституциялық заң әлі күшін жойған жоқ. Конституциядағы норманы алып тастаған соң, бұл заң күшін жояды.

Біз мына нәрсені түсінуіміз керек:  Шығыс халықтары ертеден бір патшаны сайлайды да, бүкіл жауапкершілікті соның мойынана артып тастағымыз келеді. Өзіміз жауапкершілік арқалағымыз келмейді. Қазір сол психологиядан арылғанымыз жөн. Ең ұтымды мемлекеттік басқару стилі Еуропа, Америка сияқты Батыс елдеріне тән. Ол жерде әрбір азамат елдің заңын жүзеге асыруға атсалысады. Біздер де сол жауапкершілікті сезінсек дегім келеді. Конституциядағы заңның орындалуына әрбір азамат атсалысуы керек.

Айжан Темірхан

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1504
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5752