Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4185 0 пікір 3 Тамыз, 2009 сағат 07:24

Өркен КЕНЖЕБЕК. Қара қытай қаптаса...

Коллаждағы газеттер - Қытайдың Хубэй немесе Цзяньси провинциясының көң шоқайын сүйреткен, қабырғасы ырсиған қара табанға арналған үнпарақ емес. Бұл - біздегі, яки Қазақ еліндегі қытай жұртының саулығын тілеп отырған топ шығаратын «Хасакэсытань хуацяо бао» газеті. Бұл басылым биыл мемлекеттік тіркеуден өтіп, айына екі рет, орыс және қытай тілдерінде шығып келеді. Бізде екі тілшісі тіркелгенімен, негізгі редакциясы, баспасы - Үрімші қаласында. Таралым санын біле алмадық. «Осы да сөз болып па, онсыз да бізде ұйғырдың, кәрістің газеттері бар емес пе?» деп қарсы сауал қоярсыздар, мүмкін. Шынында-ау, осы біздің қытайға ежірейе қарайтындай неміз бар, а?

 

Коллаждағы газеттер - Қытайдың Хубэй немесе Цзяньси провинциясының көң шоқайын сүйреткен, қабырғасы ырсиған қара табанға арналған үнпарақ емес. Бұл - біздегі, яки Қазақ еліндегі қытай жұртының саулығын тілеп отырған топ шығаратын «Хасакэсытань хуацяо бао» газеті. Бұл басылым биыл мемлекеттік тіркеуден өтіп, айына екі рет, орыс және қытай тілдерінде шығып келеді. Бізде екі тілшісі тіркелгенімен, негізгі редакциясы, баспасы - Үрімші қаласында. Таралым санын біле алмадық. «Осы да сөз болып па, онсыз да бізде ұйғырдың, кәрістің газеттері бар емес пе?» деп қарсы сауал қоярсыздар, мүмкін. Шынында-ау, осы біздің қытайға ежірейе қарайтындай неміз бар, а?

 

Ай-күннің аманында алаш жұртынан «Синьхуа» агенттігі сүйінші сұрағалы да үш ай өтіпті. Біле-білсеңіз, иісі қазақ о бастан ордасы еткен жерімізді 300 мың қытай басып жүр екен. Бірақ бұл ақпарат ұлт деп жүрегі езілгендердің ғана жанына батып, бірен-саран басылымдарда жай ышқыныс, сәл шошыныс түрінде көрініс тапты. Билік бұған «пішту» деп, пәлендей мән бере қоймады. Айта алатынымыз - аз болсын, көп болсын, қытайлықтар қарасының яки біздегі хуацяо қауымының қалыптасуы ақжолтай жаңалық емес. Қарабайыр қисынға салсақ та, әлгіндей басылымға мұқтаж, онын тұрақты оқырманы болатындай аудитория қалыптасты деген сөз. Бірінші ілігіміз осы деңіз. Одан кейін француздың Le Monde деген беделді басылымы биылғы жылдың 21 сәуіріндегі нөмірінде «қытайлық шаруалар қазақ жерін өңдеп жатыр» деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Нақтырақ айтқанда, материал «Қытаймен шекаралас Алакөл ауданында соя мен бидай егу үшін мыңдаған қытай шаруасы кетпен-күрегін асынып жүр» деген сарында. Бұл хабарға байланысты Кейбір ақпарат құралдарына берген пікірінде ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниев: «Бұл жайында білмейді екенмін, ондай мәлімет жоқ», - деп басын қасыған. Сөйте тұра, көктем айларында үлкен шу көтерген 3,5 млн гектар жерді жалға беру мәселесінде инвестор ретінде жалғыз Қытай  келетініне сенім білдіреді. Мұны сәйкестік дейміз бе, қайтеміз? Бір қызығы, 2003 жылы да осындай ақпарат шығып кетіп, біздегі құзырлы орындар оны теріске шығарған. Сонда Қытайдың China daily газеті 2003 жылдың 18 желтоқсанындағы санында «Қазақстаннан жердің жалға алынғандығы, осыған байланысты қытай-қазақ бірлескен акционерлік қоғамы 7 мың гектардан астам жерді қарауына алып, үш мыңдай қытай шаруасы «Алакөл, қайдасың» деп, егіс салуға бет түзеді. Жалға алу мерзімі - 10 жыл болса, келісімшарт 2004 жылдың көктемінен бастап күшіне енеді» деп жазған-ды. Ескере кететіні, China daily - Қытайдағы ойына келгенін оттайтын «сарыжағал» емес, нағыз мемлекетшіл басылымның бірі.  Бұл дүрмек бізді дүрбімен бақылап отырған орыс ағайынның назарына қалай түспесін? «Қазақстан шетелдік мемлекеттер пайдалануға алған бес аумақты ресми түрде мойындайды. Мұның бәрі дерлік - Ресейге берілген әскери полигондар. Ал қазақ шекарасына іргелес Қытайдың Іле аймағында 1,7 млн шаруа 267 мың гектар жерге таласып жатыр. Содан олардың ұлан-байтақ көрші жеріне көзін тігуі - табиғи құбылыс» деп жазды ресейлік demoscope.ru сайтының сарапшылары. Қайталап айтамыз, Ресей сарапшылары. Тағы да біздің тараптан үнсіздік. Расында, осындай келісім-шарт болып па еді, неге қытай, француз газеттері айшылық жерде отырып, айналамыздағы жердің ахуалы жайлы әңгіме қозғайды? Ілік пе, ілік.
Үшіншіден, мақала басында толғап кеткен көрсеткішке қайта оралсақ. Сонымен, бізде өріп жүрген хансу (этникалық қытай) үрім-бұтағының саны қанша, тұрағы қайда? «Дұрысы - осы» деп тоқтайтын дерек жоқ, біздің тапқанымыз да там-тұм ақпарат. Әрине, Құдай қосқан көршімізге қарсы жаһандану жағдайында теріс қарап жатып алмайтынымыз белгілі. Екі елдің арасы 1992 жылдың 3 қаңтарында қайта жалғанысымен, ары-бері сауда-саттық, экспорт-импорт қызып сала берді. Бұған визасыз режим де ерекше екпін берді. Аджар Куртов деген ресейлік сарапшы «АПН-Казахстан» басылымына жарияланған сараптамасында «1993-95 жылдары Қазақстан шекара қызметінің мәліметтері бойынша, шекараға күніне 150-200 қытай турисі кіріп, оның 30-50-і кері қайтпаған» деген дәйек келтіреді. Енді бір күнде қайтпаған қытайларды визасыз режим орнаған екі жылға шағып көріңіз. О басында тіпті Алматының әр тұрғыны қалауынша көрші елден 40 адамға дейін қонаққа шақыра алатын хақысы болыпты. Тек 1993 жылдан бері ғана бұл сорақы салтты қайта қарап, шақыратын қонақ санын екеумен шектеді. Ресей Ғылым академиясының Ауыл шаруашылығын болжамдау институты мамандарының есептеуінше, осы жылдары (1991-94) Қазақстанда 130-150 мыңнан кем емес қытай мигранттары орнығуы мүмкін. Әйтеуір, әркілі-тәркілі жағдайда ашық қалған есігін еліміз 1994 жылдың ақпанында жауып үлгерді, виза беру тәртібін қатаңдатты. Бұған да шүкір. Тағы да сол Аджар Куртовтың мақаласында «ҚР ІІМ мәліметтері бойынша, 90-жылдары қытайлықтар Шығыс Қазақстан облысын жаппай игерді: мұндағы уақытша жүрген Қытай азаматтарының саны Алматы облысындағы осыған балама көрсеткіштен үш есе көп болды» деген мысал келтіріледі. Алматының төңірегінде негізінен кәсіпкерлікпен айналысатын келімсек қытайлар ұйысқан аудандар пайда бола бастады. Мысалы, Айнабұлақ ықшамауданы, Достық, Заря Востока ауылдары. Жетісу казактарының атаманы айтып жүрген ақпаратқа сенсек, Алматының өзінде кемінде 60 мың қытайлық бар көрінеді», - деп алыста отырып-ақ, арамызда жүргендей көсіледі Аджар ағамыз. Осы мәліметтерге қарап, қытайландырудың алғашқы толқыны шекараға жақын Алматы, Талдықорған, Өскемен өңірлерін тербеткенін аңғарамыз. Бұл екпін 2000 жылға дейін жалғасып келді. Бірақ негізгі «бум» Қытай компанияларының еліміздегі мұнай-газ кен орындарына ауыз салып, активтерін сатып алуынан басталды емес пе? Ақтөбенің Кеңқияғы, Жаңажолы, Атыраудың Сазан-Құрағы, Қызылорданың Құмкөлі, Маңғыстаудың Қаражанбасы - бәрі-бәрі қытай ағайынның қолына өтті. Осылайша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елімізде өндірілген мұнайдың жалпы көлемінің 18,6%-ы, немесе 13 млн тоннасы қытайлық компанияларға тиесілі болды. Жақын болашақта бұл көрсеткіш 27 пайызға бір-ақ баруы мүмкін. Мұндағы мәселе Қытайдың экономика­лық интенсификациясы да емес, осы үдеудің артындағы сан мыңдаған қытай жұмысшыларының келім-кетімі. Өздеріңізге белгілі, Қытай компаниялары «білігі жетіспейді, тілімізді түсінбейді» деген желеумен жергілікті жұмысшыларды емес, ту қияннан туыстарын шақырып алатыны жасырын емес. Мұның сыртында еңбек шарттарынсыз жұмыс істеп жатқандары да болуы ғажап емес. Алдымен тұмсығын тығып алса, қаракөз қарындасымызға үйленіп, не кәсіпорын құрып, әйтеуір, жерсініп кетеді. Осылайша, қытайландырудың екінші толқыны еліміздің батыс аймағына, оның ішінде Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Орал секілді өңірлерге тарады. Алайда осы жылдары қанша қытайлықтың дархан даламызға келгені туралы мәлімет жоқтың қасы. Қолымызға түскен тағы бір дерек бойынша, 1999 жылғы халық санағы кезінде Қазақстандағы қытай диаспорасы бар-жоғы 3,5 мың адам болыпты. Мұнымыз енді жоғарыда айтылған долбар, деректерге мүлдем қиғаш. Мүмкін, Ресей сарапшылары, расында, Қазақстандағы қытайландыру мәселесіне ұлғайтқыш әйнекпен қараған шығар. Бірін-бірі жоққа шығарған жаһантор материалдарынан соң, елімізде осы мәселеден хабары бар-ау деген азаматтарды бір түгендеп шыққанбыз. 
Алдымен табанымыздан таусыла іздегеніміз, алашапқын ақпаратты жайған «Синьхуа» агенттігінің еліміздегі тілшісі Вэн Лянлэй еді. Өкінішке қарай, екі аптадан бері осы мақала баспаға кеткенге дейінгі уақытта жүрген «іздеу операциясы» нәтижесін бермеді. Телефоны - тас мылқау, өзінің не құмда ізі, не сайда саны жоқ деп астаналық әріптестеріміз аңтарылды.
Енді бір білсе, осы білер деген ниетпен Сейфуллин көшесінің бойындағы Қытай мәдени орталығына бас сұқтық. Алты қабатты ғимаратты тұтасымен Қытайдың бір бөлшегі десе де болады. Туристік агенттігі бар, бизнес офистері, дәмханасы бар - алып кешен. Заһарын шашқан аждаһа бейнеленген суреттер, бір-бірінен айнымайтын, жүзіңізге жымиып қана қарайтын ұл-қыздар... Жөн сұрастыра келіп, осы орталық төрағасының орынбасары Вячеслав Куанды жолықтырдық. Орысшаға ағып тұр, қытай тілін институт қабырғасында жүріп үйреніпті.    
- Қытай мәдени орталығы рес­ми тіркеуден 2002 жылы өткен-ді, бірақ нақты шаруамен тек осы жылдың наурыз айынан бастап айналыса бастадық, - дейді Куан мырза. - Орталықтың мүшелігінде 179 қытайлық бар. Олардың ішінде хансулар да, әкесі, не шешесі басқа ұлттан болып келген метис ағайындарымыз да бар. Ал Қазақстанда 300 мыңдай қытайлық бар дегеніңізге аса күмәнмен қараймын. Мұншама адамның мұнда болуы мүмкін емес! Бұл - өтірік («утка»). Әрине, жекелеген фирмалар жалдап, шақыртып жатқан қытай жұмысшыларының санын білмедім, бірақ мына Жезқазған секілді қаланың халқындай қытайлық бар дегені, шыны керек, құлаққа кірмейді екен.
Айтпақшы, «Жас Алаш» газетінің 16 шілдедегі санындағы «Чайнатаунға қазақ жерінде орын жоқ!» атты мақаладағы кейіпкер Куаң Шяубо дегеніміз осы азамат болып шықты. Естеріңізге сала кетсек, «Хуацяо бао» басылымында Куаң Шуябомыз «Қытайлар мен Қытай эмигранттарының басты арманы - Алматыда «қытай кварталын» құру» деген пиғылда сөз айтса керек.
- Иә, «Жас Алашқа» шыққан мақаланы оқыған жоқпын, мүмкін, олар аударғанда «Хуацяо бао» басылымындағы мақаламды дұрыс түсінбеген шығар. Біріншіден, біз мәселені қазақ жерінде қытай орамын (кварталын) құру керек деген тұрғыдан алған жоқпыз, сондағы оқырманға жеткізгіміз келгені - осында «Қытай үйін» құру еді, мысалы мынау орталығымыз секілді. Яғни Қытайдан келген кәсіпкерлер болсын, мұндағы хуацяо болсын, оларға түрліше кеңес беріп, мәселелерін шешуге көмектесетін орталық құру. Болды, басқа астарлы мақсат жоқ бізде. Бір қызығы, жергілікті әкімшілік, жалпы билік тарапынан ешқандай мәселе жоқ, ал тұрмыстық деңгейде сәл салқындық бар. Мысалы, кеше бір қытайлық танысым маған шағымданғандай болады. Дүкенде кездесіп қалған көршісі «Амансың ба, дұшпаным менің» деп амандасыпты.  Осылай, Куан мырза күлімсіреп отырып, әдемі сөздермен жақсы әсер қалдырғысы келді. «Бізден қорықпаңыздар» дейді, бірақ жүрегің жезден жаратылмаса, қусырылып отырған қазақ ішінде 300 мың қытайлық жүр дегеннен қорықпай көр!
Қазақстанның «аждаһа» еліндегі алғашқы елшісі болған Мұрат Әуезовтен осы мәселеге орай пікірін сұрап едік.
- Талап-тілегімді айттым емес пе? Қайталап айта берудің қажеті жоқ. Сөзім дәмсізденіп кетеді. Енді сіздер осы мәселені індете зерттеп, бір деректер тапсаңыздар, я болмаса үлкен әңгімеге айналдыра алсаңыздар, сол кезде аралассам деп отырмын. Ал менің «Қазақстанда 500 мыңның үстінде қытай жүр» деген сөзіме келсем, осы мәліметті не жоққа шығару керек, не дұрысын анықтау керек. Сіздерге керегі - тек шыңдық емес пе? Міне, сол шыңдықты табыңдар енді, - деп мәдениеттанушы ағамыз шолақ қайырды.
Естеріңізде болса, Мұрат Әуезов «Жас қазақ» газетінің №28 санындағы «Қытаймен ойнауға болмайды» атты мақаласында «қазір Қазақстанда жарты миллион қытай жүр. Мұндай деректі қытайлардың өзі айтып отыр» деген пікір білдірген. Бұдан әрі кімге баруымыз мүмкін еді? Әрине, жар дегенде жалғыз қытайтанушымыз Константин Сыроежкинге. Сонымен бірге Қытай елінде бірқанша жыл тұрған жазушы ағамыз Жәди Шәкенге қолқа салдық.

 

 

Константин СЫРОЕЖКИН,
саясаттанушы,  қытайтанушы:

 

 

- Жалпы, Қазақстан жерінде 300 мыңның үстінде қытайлық өріп жүр деген дерек алғаш Қытай тарапынан жылт етсе, оны таратқан  «Синьхуа» агенттігі болды. Мұның бәрі қандай мақсатта істелінді, мұны дөп басып айтуда дүдәмалмыз. Мүмкін, аудармашының ағаттығы (есеп-қисап жағынан өте жиі қайталанады) шығар. Қалай десек те, бұл деректің нақтылығы турасында еліміздегі Қытай елшілігіне, болмаса «Синьхуа» агенттігінің тілшілер қосынына ресми сұрау салған дұрыс шығар.
Өз басым ресми мәліметтермен жұмыс істеуге дағдыланғанмын. Содан да аса құрметті Мұрат Мұхтарұлының сөздері неге негізделгенін сарапқа салу қиынға соғады. Ал мендегі бар мағлұматты ақтарар болсам, 1994 жылға дейін Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим орнады, осы уақыт аралығында көршімізден қанша адамның бізге қоныс аударғаны жайлы айғақ табу қиын-ақ. 1989-1994 жылдары ҚХР-дан негізгі миграция Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы қазақтар мен ұйғырлардың көші-қон үрдісімен сипатталады. Бұл енді бұл­тарт­пас дәйек. Тап осы қауым еліміз­дің сауда жолдарын торлап, дәл осы жылдары ел территориясына шоғыр­ла­на бастады.
Бұдан кейінгі жылдардағы ресми статистика ешқандай да аттанға басатындай шешім шығаруға себеп бермейді. Қытай миграциясының сандық көрсеткіште өсуіне қарамастан (90-жылдардың аяғындағы 8-10 мыңның шамасынан қазіргі кездегі жылына 30-34 мыңға дейін), Қазақстанды тұрғылықты мекені етуге баяғысынша қазақтар мен ұйғырлар ғана келіседі. Хансулар үшін біз - бұзау терісінен тігіл­ген әмияны қақ айырылғанша ақша күрейтін бизнес немесе транзит елміз. Мысалға, 2001-2005 жылдары ҚР азамат­­тығын бар-жоғы алты хансу алды.
Алайда шындығына келгенде, мені еліміздегі жалпы қытайлық ықпал және Қытаймен арадағы көші-қон мәселелеріне байланысты мүдделі органдардан ресми мәліметтерді алудың қиындығы алаңдатады. Бұл мәселенің қазір өзектілігін әрі өткірлігін ескере отырып, мұндай мәліметтердің мерзімді жарияланып тұрғаны дұрыс. Біріншіден, қытайлық миграция да экономикадағы жаһандану секілді объективті шынайылық. Одан қашып құтылмаймыз. Сондықтан бұл мәселені қашанда күн тәртібінен түсірмеуіміз тиіс. Әсіресе, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше боп кірудің қарсаңында. Соншалық тіземіз дірілдейтіндей тажал емес қой, тек ертерек келімсек жұмыс күшін пайдалануды реттейтін тиісті заңнамалардың артық-кемін анықтап, тәртіпке салып алсақ. Одан әрі биліктің осы мәселеге ұшығы тиеді-ау деген барлық тармағындағы жемқорлық деңгейін төмендету керек. Тегі, осы компрадорлық буржуазияның ұстанымдарымен тірлік кешуден тез жиренсек дұрыс еді. Екіншіден, елімізде нәпақасын айырып жүрген қытайлықтар қазірдің өзінде сау­да-саттықтағы азшылық түрінде қалыптасып үлгерді. Әрине, бұл менің көзқарасыммен. Иә, чайнатаундардың пайда болуына негіз болатын топ болады, бірақ бәрі заң аясында жүзеге асса, бұл соншалықты сұмпайылық емес.

 

 

Жәди ШӘКЕН,
жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының бас редакторы:

 


- Өздерін Шығыстың «аждаһасына» балайтын Қытайдың әлем елдерімен санаса бастағанына да біраз жыл болды. Әсіресе, былтыр өткен Олимпиада ойындары олардың абыройын одан ары асқақтатса керек. Жалпы, Бонапарт Наполеонның өзі «Бұл алып диюды ұйқысынан оятпау керек. Ол оянса, ғаламды шайқалтып жіберуі мүмкін» деп текке айтпаған.
Негізі, Қытайдың көршілес елдерді әскер күшімен, найза ұшымен бағындырғанын тарих беттерінен кездестіре бермейсіз, бірақ бұл халыққа кемеңгерлері Құң Зының (Конфуций) «жылына бір сантиметр жылжып та жетістікке жетуге болатынын» айтып кеткенін ескерсек, көршілеріміздің қазір әлемнің әр түкпірінде пагодасын салып, чайнатаунын қалап, әр мемлекет ішінен кеулеп, «өз күркелерін» тұрғызып жатқаны өтірік емес. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған күннің өзінде-ақ «Қазақстанның жалпы жағ­дайы» атты кітап шығарып үлгерген қытайлықтардың назарындағы біздің маңызымыз ерекше. Өйткені «бос кеңіс­­тіктен» өз бөлігін алып қалу алып елдер­дің арманына айнала бастаған еді.
Әрине, Қытайдың өзге көршілес мемлекеттерге қауіп төндіретіндей теориясын жоққа шығаруға болмайды. Сонау Сары өзен бойынан басталған жымысқы жаулап алу саясаты арқылы қазір 9,6 млн шаршы шақырымды бағындырып отыр емес пе? Әсіресе, жан саны күн санап артып жатқан елдің бір миллиард халықты ғана тамағы тоқ, киімі көк қылып асырай алатынын негізге алсақ, ендігі жерде олардың ірге кеңейту, өз ұрпақтарының жер бетіне тарыдай шашудан басқа амалы жоқ. Қытай үкіметінің бейресми дерегі бойынша, ондағы жұмыссыздар саны 250 млн адамға жеткен. Мұның өзі Ресейдей алып елдің барлық халқынан әлдеқайда көп. Мұншама еңбек күшін Қытайда орналастыру тіптен мүмкін емес.
Бүгінде еліміздегі заңдысы бар, заңсызы бар, мигранттардың санын ешкім білмейді, турасын айта алмайды. Дегенмен де Ресей стратегиялық зерттеулер институтының бірнеше жыл бұрынғы мәліметі бойынша, біздегі қытайлықтардың саны 300 мыңды құрайды екен. Бір анығы - қытайлардың саны артпаса, кеміген жоқ. Мысалға, Алматының үлкен базарларындағы қытайлықтардың көп екендігіне ешкім көз жұмып қарай алмайды. Егер Қытайдың осындай демографиялық тасқынына қарсы нақтылы шараларды қолға алмасақ, алпауыт делінетін талай елді қызыл судай басқан қара қытай жерімізге сіңіп, болашағымыздың білдірмей жұтатыны даусыз. Алғашында еліміздің ауыл-қаласында саудасының көрігін қыздырса,  қазір мұнай-газ саласындағы майлы жіліктің басын ұстауға талпынып жатыр. Бұған біздің билік пен Қытай арасындағы том-том келісімдер куә. Қазақстандағы қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарының санының өзі 3 мыңнан асқанын ескерсек, қазір атадан қалған қасиетті атырабымызда кемінде 500 мың қытайдың тайраңдап жүргені өтірік емес. Бұл тасқынға тосқауыл қою не қоймау - ұлт ұлдарының ар-намысына саятын ғасырлық парыз.

 

 

P.S. Тәуелсіздікті алу бар да, оны тұғырынан тайдырмау бар. Байқағандарыңыздай, «еліміздегі қытай­лық­тар саны - 300-500 мың» деген Мұрат Әуезов, Жәди Шәкен секілді ұлт зиялыларының ұстанымына ресейлік сарапшылардың пікірлері жақын. Ал Константин Сыроежкин, қытай келімсектері көсемдерінің бірі - Вячеслав Куандар «қорқатын түк жоқ» деп қояды. Қалай десек те, аман-саулығымызды «ни хаомен» сұрамас үшін ұшы қылтиған мәселеге қарсы асай-мүсейімізді сайлау керек. Қазірден. «Бәрі жақсы» деп жарапазан айтуға жаттыққан елде осы мәселені ұлттық қозғалыстар, саяси партиялар, әртүрлі деңгейдегі депутаттар іліп кетіп, ішек қырындысына дейін қараса, қаперіне алса, қанеки... Басқаны талақ қылсақ та, таразы басына ұлттық келе түспеуі тиіс. Теория жүзінде осылай...

 

 

«Жас қазақ» газеті, 31.07.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1458
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279