Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 3200 4 пікір 9 Қыркүйек, 2022 сағат 13:56

ШЫҰ саммиті: Тоқаев пен Ши бір ұшақта...

Ши төрағаның Қазақстанға сапарының түп мақсаты не?

Соңғы күндері Қытай төрағасы Ши Жипиңнің Қазақстанға сапарының рас-шыны мен ол көздейтін ықтимал мақсаттары аясында елдің ішкі-сыртқы ақпараттары мен сарапшылар арасында топшыланып, түрлі болжамдар жасалуда. Елішілік ақпарат Қазақ-Қытай арасында біраз келісімдерге қол қойылмақ дегеннен аспаса, шетелдік, қытай тілді ақпарат пен сарапшылар: соңғы жылдары шетелге аттап баспаған, қазанда өтпек Қытай билігі үшін аса маңызды ҚКП-сының 20- құрылтайы өту қарсаңындағы қауырт жұмыстарын ысырып қойып, ел ішіндегі күрделі саяси тартыстарға қарамастан Қазақстанға сапарлауына сене алар емес. Расында, Қытай үшін экономикалық һәм саяси салмағы жеңілдеу Қазақстанға сапарының қатпарында басқа қандай мақсат-мүдде жатуы мүмкін? Төменде осы тақырып төңірегінде аздап сөз қозғамақпыз.

Соңғы бес жылда АҚШ-тың Қытайға қаратқан саяси стратегиясы үлкен өзгеріске ұшырады. Яғни, Таяу Шығыстан Азия тынық мұхит, одан Үнді-Тынық мұқит геостратегиясына бет алды. Мақсаты экономикалық күрт өсуден имперлік амбициясы өскен Қытай қатерін ауыздықтау екені белгілі. Осы мақсатта АҚШ салған экономикалық, технологиялық санкциялар Қытай экономикасына үлкен шығын әкеліп жатқанын білеміз. 2008 жылдан бері Батыс санкцияларына іліккен Ресей мен 2017 жылы АҚШ санкциясына түскен Иран – Қытайдың АҚШ-қа қарсы одақтасына айналып шыға келген-ді. Десе де бұл «одақтағылардың» өз ішкі есептері мен мүдделері бар-тұғын. Қытай Шығыс және Оңтүстік Азияны шеңгелінде ұстау арқылы Азияның қожалығына қол созса, Ресей Украина, Кавказ және Орталық Азияны тізгіндеу арқылы Еуразия кеңістігінінің иесі болуды көздеуде. Ал Иранның Таяу Шығысқа деген ықпал үшін біраз қарекетке барғаны болмаса, «одақтастары» сияқты аймаққа, көрші-қолаңына күш көрсетіп, тізе батыруы жоқтың қасы.

Таяу Шығыс аймағында Теһран үшін екі қарсыласы бар – Израил мен Сауд Арабиясы, немесе керісінше. Иран бес жылдан бері АҚШ-тың санкциясына ұшырауда. Д.Тарамп бұзған «ядролық келісімді» қалпына келтіруге, санкциядан құтылып, энергия экспортын қалыпқа келтіруге, экономиканы жақсартуға мүдделі. Әрине, стратегиялық одақтасы Еуропаның энергиялық мұқтажы үшін болса да келісімді қолдауға Дж Байден үкіметі де құлықты. Осы мақсатта Ақ үй мен Еуропа елдері тездетіп Иранмен келісімге келіп, Ресей газына баламаны Иран газымен толтыруды көзеуде. Әрине, бұл Мәскеу мен Пекинге ұнамайды. Жақында, келісімге қол қояр қарсаңында Атом Қуаты Халқаралық Агенттігі (МАГАТЭ) Ирандағы екі нысанға күмән келтірді. Осы себепті келісім кедергіге ұшырап, кейінге қалды. Израил де «дәлелдерін» ұсынып, келісімге қарсылығын үдете түсуде. Осылайша келісім проссесі соңғы сатысында тоқтап тұр. Бұл ендігі жерде қалай шешіледі - бұл енді Дж Байден билігінің ерік-жігеріне ғана байланысты шаруа.

Қытай ұйтқы боп құрылған, Ресей, Орта және Оңтүстік Азияның басын біріктіре алған ШЫҰ-ның кезекті саммиті Өзбекстанның Самарқан қаласында өтпек. Бұл жолы, осыған дейін бақылаушы ретінде қатысып келген Иран ұйымның ресми мүшесі атанбақ. Бұл Пекин үшін өте маңызды болмақ. Иранның АҚШ-тан алыстап, бір қадам жақындай түсуі – Пекин мен Мәскеу үшін үлкен жеңіс әрі медет болмақ. Бұндай маңызды сәтті Иран президенті, болашақ Иранның ең жоғарғы билеушісіне жалғыз үміткер, қазіргі президенті Ибрахим Раисимен бірге болудың саяси маңызы жоғары болатыны түсінікті.

Ресейдің Украинге жасаған басқыншылығы – оны «аймақтық империя» ретінде құрдымға кетіруі мүмкін. Бұл ықтимал геосаяси құбылыстар – осыған дейін өзін Орта Азия аймағының саяси және әскери өмірінен алыс ұстап, Кремльдің ықпал ету аймағынан алыс, тек экономикалық ықпалды ғана місе тұтып келген Пекин билігі үшін жаңа стратегиялық мүмкіндік туып келе жатуы мүмкін. Өйткені, соғыстың соңы – Ресейдің моралдық һәм физикалық тұрғыдан жеңілетіні белгілі болуда. Ендігі уақытта Ресейдің ОА-дағы саяси және әскери қуаты мен бет-беделі де бұрынғыдай болмасы, ықпалы әлсірейтіні анық. Қытайдың ШЫҰ-дағы түрлі ресурстары мен «Белдеу, Жол» жобасының қаржылық мүмкіндігі арқылы ОА-да ықпалын кеңейте түсуге талпынары сөзсіз. Аймақ елдері де ілгерідегідей Кремльдің қас-қабағына қарайлауды біртіндеп азайтары да анық. Бүгінгі әлемдік экономикалық тоқырау тұсында қазақ, өзбек, тәжік және қырғыз халықтары үшін Қытайға жақындай түсіп, ішкі экономикасын жандандыруға ұмтылудан басқа шығар жол да алыс тартуда.

Қазақстан да дәл қазір экономикалық тұйыққа тіреліп тұр. Энергия экспортын Ресей арқылы тасымалдау жобасының болашағы бұлыңғыр. Президент Қ.Тоқаев шарқ ұрып мұнай экспортына балама жолды қанша іздегенімен, КТҚ құбырының орнын басар баламаны дәл қазір, тіпті таяуда таба қоюы қиын. Реал шындыққа жүгінер болсақ, бұл бостықтың, кемдіктің орнын тек Қытай нарығы ғана толтырмақ. Бұдан басқа есқатар екінші жол көрінбеуде. Ақорданың қазіргі жәй-күйін алыстан аңдап отырған Қытай билігі «темірді қызуында соғуды» көздеп, ірілі-ұсақты келісімдерге қол жеткізіп, Қ.Тоқаевтың жүгін «жеңілдетуді» көздейді. Бұл расында дағдарған қазақ билігі үшін үлкен күш пен қуат болмақ. Экономикалық қиындықтарды еңсеруге, Кремль алдында өзімізді сәл де болса тік ұстауға мүмкіндік тумақ. Ши Жипиң болса болашақ Каспий ресурстарын бірден Қытайға тасымалдау көлемін арттыруға, әлемдік нарықтың 59%-ын ұстап тұрған уран сияқты маңызды стратегиялық өнімдердегі үлес көлемін арттыруға мүдделі болуы ықтимал. Энергия импортының қауіпсіздігі – Қытай экономикасының тағдырын шешетіні сияқты, энергия ресурстарының экспорт қауіпсіздігі де Қазақстан экономикасының кепілі болып қалғаны ақиқат. Бұл жағында екі елде де ортақ мүдде бар.

Жинақтап айтсақ, Ши Жипиң жоғардағыдай үш мақсатты бетке алып келе жатыр:

Иранды ШЫҰ-на ресми мүшелікке қабылдау арқылы ішке тартып, АҚШ-қа қарсы Ресей, Қытай, Иран тобына қосу арқылы АҚШ-қа айбат шегу;

ОА-дағы экономикалық ықпалын кеңейтуге, Каспий ресурстарының Қытайға экспорт көлемін арттырып, уран сияқты стратегиялық өнімдерге болған үлесін молайта түсуге жол ашпақ;

Пекин қожайыны, болашақта ОА-да Кремльдің қабағына қарай бермейтінін білдіруге, аймаққа саяси және әскери ықпал жасауға жол ашуға қадам жасауға келе жатыр деуге болады.

Әрі экономикалық, әлеуметтік қиындық құрсауындағы Қазақстанға «қолын» созып, өзінің зор ел, «сенімді» көрші екенін есімізге салып кетпек. Ши Жипиңнің осы жолға сапары Қазақстанға, ОА-ға недәуір ықпал ететін түрі бар. Шетел ақпарат көздерінің айтуынша, 15-16 қырықүйекте Өзбекстанның Самарқан қаласында өтетін ШЫҰ самитіне Қ.Тоқаев пен Ши Жипин бір ұшаққа отырып баратын көрінеді. Бұл жақындық біраз нәрсені меңзесе керек.

Бақан Берікжан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435