Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 3439 13 пікір 13 Қыркүйек, 2022 сағат 12:33

Татар мен башқұрт Ресейден бөлінбек

Ресейдің Украинадан жеңілгенін көріп отырған Татарстан мен Башқұртстан басшылары астыртын консультациялар жүргізе бастады. Келешекте екі ел бөлініп шығуы мүмкін деп болжайды, dalainside.kz.

Бұл ретте АҚШ сәл аяғын тартып отыр, олар үшін Татарстан мен Башқұрстанда ядролық қару болмағаны маңызды. Керісінше Ұлыбритания барынша көмектесуге дайын. Аяғын тартса да, АҚШ Stratfor жеке барлау фирмасы арқылы, екі республикадағы халықтың көңіл-күйін білмек.

The Moscow Times тәуелсіз басылымының журналисі Ләйлә Латыпованың жазуынша, Путиннің саяси режимі билікті орталықтандыруға баяғыдан кіріскен. Ресейдің құрамына кіретін аз ұлттардың мәдениетін ығыстырып, олардың тілін оқу бағдарламасынан алдырып тастауға тырысып, тарихын имперлік көзқарасқа барынша жақындатты.

Соның жарқын мысалы, Ресейдің 1994-1996 және 1999-2009 жылдары Шешенстанға салған қырғыны. Осылайша Кремль өзінің үстемдігін күшейтті. Шешен халқы жан берісіп қанды шайқасқа түскен уақытта, басқа «этникалық республикалар» да қарап қалмай, Ельциннің кезінде бекітілген Ресей Конституциясындағы және федералды келісімшарттардағы құқықтарын сақтауға тырысып, Мәскеумен ұзаққа созылған заңи, саяси тартысқа түсті. Осы тартыста әл-дәрмені қалғанша берілмеген Татарстан мен Башқұртстан республикалары еді.

Қазіргі күні Ресейдің Украинаға ашқан соғысы бірнеше жылдар бойы посткеңестік елдердегі демократия мәселесін зерттеп келе жатқан сарапшылардың басын қатырған сұраққа жауап тауып бергендей. Зерттеушілердің «Ресейде демократия неге жұмыс істемеді?» деген сұрағына жауап табылды. Себебі институттар тек Мәскеуге назар аударып келді, олар аймақтық деңгейдегі демократиялық басқару мен азаматтық қоғамды дамыту жұмысына көңіл бөлмеді. Татарстан мен Башқұртстан барынша Кремльдің ырқына көнбей келе жатқанымен, олар Ресейдің орталықтандыру саясатының құрбанына айналды. Әдетте Кремль мемлекеттік шешімдер қабылдаған кезде аз ұлттар қалыс қалады. Орыстан басқа этникалық топтардың билікте дауысының шықпауы, Путиннің «орыстарды жоғары санаттағы ұлт етіп», орыс еместерді «екінші сортты адамдар» ретінде көрсетіп, елдегі дикриминицияны қалыпты құбылысқа айналдыруына жол ашты. Сондықтан «Ресейлік мәселені» шешудің бірден-бір жолы – тек Кремль мен орыс ұлтынан шыққан саяси және қоғам қайраткерлеріне ғана көңіл бөлуді тоқтатып, елдің басқа аймақтары мен аз этникалық топтарына назарын бұру. АҚШ пен оның одақтастарынан шыққан саясаткерлер елді монолитті құрылым ретінде қарастырмауы керек. Олар аймақтық үкіметтермен тікелей дипломатиялық және экономикалық арналар құруға ұмтылуы керек, сондай-ақ демократиялық оппозицияның аймақтық белсенділерімен бірге жұмыс істеп, олардың аймақтық демократиялық жобаларды дамыту жоспарларын қолдау керек.

Ол үшін, АҚШ өзінің НАТО-лық одақтасы Түркиядан үлгі алғаны жөн. Түрік елі отыз жыл бойы Татарстан Республикасымен тікелей дипломатиялық және сауда қатынасын жүргізіп келеді. Екі ел 2015 жылғы Ресей-Түркия дағдарысы кезінде де ынтымақтастықты тоқтатқан жоқ, сол кезде Татарстан Үкіметі Кремльдің жағына шығудан тартынды және Түркияның адал серіктесі болып қала берді. 1990-шы жылдардан бастап Түркия Татарстанмен екіжақты сауданы дамытуға ғана емес, сонымен Түркияның элиталық оқу орындарынын гранттар бөліп, білім беру саласында бағдарламалар ашып, саяси және әлеуметтік белсенді татар зиялыларының жаңа буынын тәрбиелеп шығару үшін «жұмсақ күшке» қаражат құйды. Түркияның Ресей өңірлерімен тікелей жұмыс істеу стратегиясы Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін де тоқтап қалған жоқ. Тіпті Түркия үкіметі өңірлермен тығыз қарым-қатынас орнатуға бел буған сияқты. Маусым айында Түркия шенеуніктері Башқұртстанда Түркияның құрметті консулдығын ашуға ниет білдірді.

«Сондықтан АҚШ пен оның одақтастары Ресей құрамындағы республикаларды демократиялық институт құруға қабілетсіз, демократиялық іс-әрекетке құлықсыз деуден гөрі, аймақтардағы оппозия өкілдерімен байланыс орнатып, Украина соғысынан бас тартқандарға демеу беріп, соғыс туралы шынайы ақпаратқа қол жеткізу үшін өңірлермен қарым-қатынас орнатуы керек», - дейді Ләйлә Латыпова Newlines institute сайтына жазған мақаласында.

Ал, dalainside.kz сарапшылар әзірге Татарстан мен Башқұрстанның Ресейден нақты бөлініп шығуы үшін 4 фактордың тұспа-тұс келуі қажет екенін айтты, дейді.

Біріншіден, Республика тұрғындарының өздері Ресейден бөлінуді ашық қолдауы керек. Бірақ Татарстан халқының 40 пайызы орыстар болса, 53 пайызы татарлар екен. Оның ішінде шоқынғандары көп. Башқұртстанда жағдай тіпті қиын. Онда орыстар 36 пайыз, ал башқұрттар 29 пайызды құрайды. Сондықтан шынайы әділ референдумда көпшіліктің өзі Ресейде қаламыз деп шешуі ғажап емес.

Екіншіден, Татар мен Башқұрт армиясының Ресей шабуылына қарсы тұра алатын қауқары болуы керек. Ал Ресейдың мұндай жағдайда шабуыл жасайтынына еш күмән жоқ.

Үшіншіден, Ресей екі елдің де аумағын қоршап тұр. Яғни сыртқа шығар жол жоқ. Жақынырақ тұрған жалғыз дербес мемлекет - ол Қазақстан. Бізге жақын орналасқаны Башқұртстан. Арамызды Орынбор облысының Қуандық және Гай аудандары бөліп тұр. 1925 жылға дейін Орынбор Қазақ АССР-ы астанасы болғанда, қазақ-башқұрт шекарасы бар еді. Қазақстан сыртқы доктринасына сай Ресейдің Орынбор облысын Ресейдікі деп мойындайды. Сондықтан Ресейге қарсы соғыс ашуы екіталай. Татарстан бен Башқұртстан ортақ күш салып, Гай және Қуандық аудандарын қарулы жолмен өздеріне қаратса, олар Қазақстанмен ортақ шекараға шыға алады. Сыртқы елмен ортақ байланысы болмаса, татарлар мен башқұрттардың бір күн де тәуелсіз болып тұруы мүмкін емес.

Төртіншіден, Біріккен Ұлттар ұйымы Татарстан мен Башқұртстанды тәуелсіз мемлекет ретінде дауысқа салып, арнайы резолюциямен мойындауы тиіс. БҰҰ мойындаса ғана, Қазақстан мойындай алады. Себебі, өз дипломатиялық ережесіне сай, Қазақстан тек БҰҰ резолюциясы бар шешімдерді ғана заңды деп табады.

Татарстанның Ресей құрамынан шығуы мүмкін деген сыбыс 2017 жылы шыққан. 2022 жылдың басында Ресей Президентінің Татарстанның тәуелсіз саясатына тым наразы екендігі туралы қауесет расталды. Тәуелсіз БАҚ-тың пікірінше, Путин Татарстанның Ресейден бөлінгісі келетін ниеті барын байқап, қатты ашуланған. Ол Қазандағы Мемлекеттік Кеңестің отырысында Миннихановқа кемінде 2 рет ескерту жасады. Путин аймақ басшысының Кремль бұйрығын орындағысы келмей, Конституциядағы президент деп аталатын құқығынан бас тартпай отырғанына наразы болған.

Айта кетейік, Минниханов – «Президент» сөзін «Республика басшысы» мәртебесіне ауыстырудан бас тартқан аймақтар ішіндегі жалғыз басшы.

Мәскеудің тағы бір наразылығы – республиканың ұлттық тіліне қатысты. Кейбір орыс тілді қоғам қайраткерлері орта мектептерде міндетті түрде оқытылатын татар сабақтарын тоқтатқысы келеді. Ал, Татарстанның егемендігін жақтаушылар татар тілінің мемлекеттік тіл ретінде оқытылуын талап етеді.

Татарстан – Ресей Федерациясының қуатты өнеркәсіптік субъектісі. Негізгі ресурсы – мұнай. Республика аумағында бірнеше мұнай өңдеу зауыттары бар. Татарстанда барлығы 800 000 000 тонна мұнай өндіріледі. Татарстанның жер қойнауы қазба байлыққа толы. Өңірде жүзден астам көмір кен орындары бар.

Сондықтан Татарстан Ресейдің доноры қызметін атқарып отыр. Бірақ «суверенитеті сақталған» елге бұл ұнамайды. Минниханов Татарстан мәжбүрлі түрде донор болып отырғанын бірнеше рет айтқан. 2018 жылы Ресейдің Премьер-министрі Дмитрий Медведев Татарстанның бұлай мінез көрсетуі орынсыз және құқығы жоқ нәрсені талап етпеуі керек екенін есіне салды.

Қазір Stratfor Ресейден бөлінгісі келетін Татарстан мен Башқұртстан басшыларына бірінші кезең бойынша кеңес беріп, көмек көрсетпек. Ол процесс шамамен 1-2 жылға созылады.

Айжан Темірхан

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052