Парламент Елбасының отбасын заңнан жоғары қойды
Экономист Жақсыбек Құлекеев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында «Елорда атауын ауыстыру туралы, Елбасы сөзінің қолданылу аясы туралы, өзінің түрмеге кімнің тапсырысы арқылы түскенін, Президент Тоқаевқа туыстық қатысы бар-жоғы туралы» айтып берді.
Ол бірінші президент Назарбаевқа заңнан жоғары тұруға кепілдік берілгенін айтты.
«Конституцияға енгізген өзгерістердің бәрі тек Парламент арқылы жарты күннің ішінде өтіп кете беретін. Депутаттар халықтың атынан шешім қабылдап, Елбасының отбасын заңнан жоғары етіп, Конституциялық тұрғыдан қамтамасыз етті. Егер мемлекетте бір адам заңнан жоғары болса, ол елде әділетті жүйе қалыптаспайды. Заңнан жоғары адамның айналасына жылпос адамдар жиналады, бір адамның билігін пайдаланып, бәрі заңнан жоғары тұруға әрекет жасайды. Өкінішке орай сондай азаматтар көбейіп кеткен еді... Назарбаевтың кезінде оның отбасына жақын адамдарға мемлекеттік тексеру жұмыстары ешқандай ықпал жасай алмады. Олар қылмыс жасап, адам өлтірсе де сотталмады, өйткені Ата Заңда оларға кепілдік беріп қойдық. Сол жүйеге қарсы батыл сөйлеген азаматтар түрмеде отырды не шетелге қашуға мәжбүр болды», - деді Құлекеев.
Бірақ ол экс-президенттің Қазақстанға сіңірген еңбегін еш ету адамгершілікке жатпайтынын айтып, Нұр-Сұлтан қаласының атын өзгертуге қарсы екенін жеткізді.
«Бірінші Президенттің бас қаланың өркендеуіне қосқан үлесі жоғары. Біздің отыз жылда жеткен жетістігіміз де көп, ауқымды кемшіліктеріміз де болды. Шет жағасын жаңа айттық. Соның ішінде жемқорлықтың басым болғанына, ол кісі үлкейген шағында мемлекеттің мүддесінің гөрі отбасының қамын көбірек ойлап кеткеніне халық наразы. Осы кемшіліктерді айтып та, жазып та жүрміз. Ал жетістігіміз – Қазақстан экономикалық көрсеткіштері жағынан ТМД елдерінің алдыңғы қатарына шықты.
Ортасында жүргеннен кейін адам жақсыға тез үйреніп кетеді. Астанадан Көкшетауға дейін баратын болсаң, автобанмен барасың. Бұрын ондай болған жоқ қой. Көрші мемлекеттен келген азаматтарды Көкшетауды көрсетеміз деп, сол жаққа жиі апарамыз. Кейбір азаматтар жолда кетіп бара жатып айтады: «Біз Астанаға келгенде, мына жолмен кетіп бара жатқанда Америкада жүргендей сезінеміз. Қандай бақытты адамсыңдар. Бізде осының біреуі де жоқ», - дейді.
«Қырғызстанның азаматтары айтады: «Отыз жылда Қырғызстанда отыз километр жол салынған жоқ», -дейді. Өзбекстанда да солай. Қазақстан халқы Өзбекстан «ананы жасап жатыр, мынаны жасап жатыр екен», деп айтып жатады. Мен оған қуанамыз.
Өзбекстан – өңірдегі 35 миллион халқы бар ең үлкен мемлекет. Бірақ олардың экономикасы бір орнында тұрып қалды. Сондықтан олар қазір тәй-тәй басқан жас бала сияқты біз отыз жыл бұрын өтіп кеткен нарықтық экономикаға енді кіріп жатыр. Олар үлкен реформалар жасай алмай жатыр. Дегенмен кейбір қимылдары дұрыс. Олардың экономикасы дамитын болса, олардың осы өңірге, әсіресе, Қазақстанның экономикасына әкелетін ешқандай зияны жоқ. Керісінше бізге қосымша нарық керек. Олардың экономикасы өскен сайын, халқының тұтыну қабілеті өседі. Демек олар Қазақстаннан көбірек зат сатып алады. Қазір Өзбекстан мен Қазақстанның тауар алмасуын қарайтын болсақ, ол көбіне біздің пайдамызға шешіліп жатыр. Біздің шығарған өніміміз қымбат, біз оларға қымбат беріп, арзан өнімін алып жатырмыз. Олардың жасап отырған алғашқы қадамдарына қызғанышпен қараудың қажеті жоқ... Біз тәуелсіздік алған жылдары ЖІӨ Ресейдікінен қырық пайызға аз болатын. Қазір экономикамыз көш ілгері. Осындай жетістікке жеткеніміз, әрине, бірінші президентіміздің көреген саясатының арқасында»-, деді ол.
Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті болып тұрған шағында 100 мың доллар пара алды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Кейін сот оны қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырды. 2009 жылы ол мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.
Жақсыбек Құлекеев өзінің түрмеге тапсырыс бойынша қамалғанын айтады.
«Мұның бәрін ұйымдастырған, сол кезде менің қарамағымда жұмыс істеген Назарбаевтың кіші күйеу баласы. Сол кезде менің қылмысым дәлелденбей жатып, ауыр қылмыс жасап, сотталған азаматтармен әдейі қатар қамады. Осылай қысым жасағысы келген болар...
Маған түрмеде екі рет қастандық жасалды. Мені өлтіртуге арнайы адамдар жіберді. Бірақ мені өлтіруге келген азаматтың өзі, кім екенімді танып-білгенен кейін «Жәке, сенің қаның бізге керек емес. Өзің қорғануға тырыс, біз өлтірмесек басқасы өлтіреді», - деп бас тартқан.
Осының бәрін ұйымдастырып жүрген сол кездегі қаржы полициясының қызметкерлері ғой. Түрменің орынбасары жас майор жігітке осыны жасасаң подполковникті алып береміз деп уәде берген екен. Соның бәрі әшкереленді. Кейін түрменің орынбасарын соттатып жібердім», - дейді экономист.
Құлекеев Тоқаевпен ешқандай туыстық қатынасының жоқ екенін айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаевқа еш туыстығым жоқ. Мен түрмеден шыққан соң, ағайындарымнан кейін, үйіне шайға шақырған. Оған дейін ол кісі Премьер-министр болып жүргенде мен ол кісіні шақырып не ол кісі мені шақырып бір-бірімізге шай берген емеспіз.Біз ұзақ уақыт сөйлестік. Экономикада қандай реформалар жасау керек, сот жүйесінің қалай өзгергені дұрыс болады деген сияқты басқа да қоғамдық тақырып аясында әңгімелестік.
Ол кісі кейбір толғандыратын мәселелер бойынша менің пікірімді сұрап тұрады.Мен ауызша айтып берем, қағазға түсіріп берем. Президент болған кезінде де өзінің шақыртуымен ол кісінің алдына барып жүрдім. Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі ізденісте жүретін адам, соған қоса айтары бар деген азаматтарды шақырып, пікірін тыңдайды», - дейді.
Құлекеев 2021 жылы ақтауыының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысы бар екенін айтты.
«Мен Назарбаевтың кезінде Жоғары Сотқа шағымданған жоқпын. Ол ескі саяси жүйеден әділеттілікті күтудің қажеті жоқ еді. Жоғары Сотқа бір рет шағымданып, одан рет теріс жауап алсаң, шағымдана алмай қаласың. Сондықтан мен асыққан жоқпын. Енді елімізде басшылық өзгерді. Жаңа Қазақстан деген әңгіме шыға бастады. Осы жағдайлардың бәрін ескеріп, Жоғары сотқа арызымды бердім», - дейді ол.
Сондай-ақ Жақсыбек Құлекеев «Елбасы» сөзін Президенттерге арнап айтқанның еш әбестігі жоқ деп санайды.
«Елбасы сөзі – елді басқаратын азамат деген сөз. Оны тек бірінші президентке теліп, негативті қабылданып кетті. Ол мағынасы құбыжық сөз емес, қазақстың әдемі сөзі. Бұл – Президент деген сөздің қазақша баламасы. Түріктерде «Ülkenin başı» деген сөз бар, барлық Президентке сол сөзді қолданады. Сондықтан «Елбасы» деп Тоқаевты да айту керек. Қазақтың төл сөзі болғандықтан, келешек Президенттерімізді де солай атаған дұрыс», — деді ол.
Дайындаған Айжан Темірхан
Abai.kz