Қымбатшылық қыспаққа алатын түрі бар
Бір апта бойы жаңа жылды мерекелеп, аста-төк дастарқанның әсерінен арыла алмай, есімізді енді жия бастағанда, коммуналдық қызмет көрсетулер тағы да қымбаттайды деген жаңалық алдымыздан қарсы шықты. Яғни Жылан жылы өзінің қымбатшылығымен ерекшеленгелі тұрған сыңайлы. Зейнеткерлердің зейнетақымызға 9 пайыз қосылады деп өткен жыл соңында мәз-мейрам болып қалғанын қайтейік, тоғыз пайыздық өсімнің тоғыз тиындық пайдасы болмайтын түрі бар. Бәрі коммуналдық қызмет төлеміне кетпек. Табысымыз өскен сайын, шығынымыз да өсе бермек. «Мен санап екеу жасаймын, Құдай санап біреу жасайды» дегеннің нақ өзі болғалы тұр.
Бір апта бойы жаңа жылды мерекелеп, аста-төк дастарқанның әсерінен арыла алмай, есімізді енді жия бастағанда, коммуналдық қызмет көрсетулер тағы да қымбаттайды деген жаңалық алдымыздан қарсы шықты. Яғни Жылан жылы өзінің қымбатшылығымен ерекшеленгелі тұрған сыңайлы. Зейнеткерлердің зейнетақымызға 9 пайыз қосылады деп өткен жыл соңында мәз-мейрам болып қалғанын қайтейік, тоғыз пайыздық өсімнің тоғыз тиындық пайдасы болмайтын түрі бар. Бәрі коммуналдық қызмет төлеміне кетпек. Табысымыз өскен сайын, шығынымыз да өсе бермек. «Мен санап екеу жасаймын, Құдай санап біреу жасайды» дегеннің нақ өзі болғалы тұр.
Сонымен, енді суға да, жарыққа да, жылуға да көп төлеуге тура келуде. Қымбатшылық мұнымен шектелсе жақсы ғой, өкінішке қарай, мұның тоқтамайтын түрі бар. Қазақстандық экономистер 2013 жылға көңіл көншітерлік болжам жасай алмауда. Баға өсімі ештеңені таңдамайтын көрінеді, ішіп-жем де, киім-кешек те қымбаттамақшы. Келер жылы биылғыдай жаңа жылда кекірік атып тоятын мол дастарқанды қарапайым отбасыларынан кездестіреміз бе, жоқ па, белгісіз. Ал бақуатты отбасына бәрібір екені белгілі.
Жылан жылы тек коммуналдық бағаларды ғана емес, сонымен бірге пойыздардың билеті де қымбаттады. Ол бірден 12 пайызға секіріс жасады. Туыс-бауыры, құда-жекжаты көп қазақтарға пойыз билетінің қымбаттауы ауырлау тиюде. Жаңа жылдың алғашқы айының ортасына алдын ала брон алайын деген бір топ туыстың жартысы билет алудан бас тартты. Ақтөбедегі құдасының мерейтойына бармақшы болып жиналған алматылық бір топ туыстың жартысының қалтасы қымбаттаған билетті көтере алмады. Қазақ бауыршыл, құда-жекжатшыл халық. Қоржынын артып алып, ана туысыма барып келейін деп едім деп жүрген таныстарымызды вокзал басынан жиі кездестіретініміз де сондықтан болар. Туысшыл қанымызға сіңген салт-дәстүр, Құдайға шүкір, оны әлі жоғалта қоймаппыз. Енді мына қымбатшылық сол жақсы үрдісімізге де кесірін тигізбей қоймайтынын ойлағанда, сананы шарасыздық билейді.
«Алматыэнергосбыт» ЖШС бас директоры Михаил Гамбургердің басылымдарға берген жауабы бойынша олар экономикалық негізделген электр тарифін алған. Былтырғымен салыстырғанда, бар болғаны 5,9 пайызға ғана өсіпті.
Ал темір жол пойызы билетінің бірден 12 пайызға қымбаттауын да темір жол басшылары қалыпты жағдай деп есептесе керек. «Бұл қымбаттау жолаушылар тасымалының шығынын төмендету үшін жасалып отыр. 2013 жылы 208 жаңа жолаушы вагоны сатып алынбақшы» дейді темір жол басшылары.
Жаңартқан дұрыс қой, әйтсе де, бәрі айналып келгенде, қарапайым халықтың қалтасына салмағын салатыны қинайды.
- Көп ұзамай азық-түліктің кейбір түрлерінің бағасы да өседі. Бірден болмаса да, бірте-бірте. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының қымбаттауы әбден мүмкін. Мысалы, ет, өсімдік майы. Өткен жыл тек астық саласын ғана емес, майлы дақылдарды да күйдіріп жіберді. Соған қарай майлар да қымбаттамақ. Ет күннен-күнге қымбаттауда. Неге? Өткен қуаңшылық жемшөпке әсер етті. Нанға келетін болсақ, мемлекет оның бағасын басқа азық-түліктердің бағасының қымбаттауына байланысты ұстап отыруға тырысады деп ойлаймын, - дейді экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков.
Жалпы, экономистердің Жылан жылына жасап отырған болжамы қуантарлықтай емес. Олар Үкіметтің халықтық тұтыну тауарларының бағасына барынша тұсау саламыз дегеніне де сенім арта алмайтынын сездіруде. «Министрлер кабинеті қосымша субсидия бөлмей-ақ нарықтық экономикаға ықпал ете аламыз десе, қателеседі. Бұл тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақты аздап жеңілдеткенімен, есесіне тауарлардың сапасы айтарлықтай төмендейді» деп білдіреді пікірін экономист-сарапшы Қанат Берентаев.
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА
"Айқын" газеті