Сәрсенбі, 30 Қараша 2022
Ой түрткі 1545 14 пікір 23 Қыркүйек, 2022 сағат 14:02

Қазақстанды қалай көгертеміз? (басы)

(Солженицыннан кеммін ба деп... АЗКЕН АЛТАЙ)

Бөлім. Тарихи шегініс

Қазақ халқының көптеген тұлғаларына «бандит» атауы тағылғалы да 200 жылдан астам уақыт болды. Абылай ханұғлы Уәли (1819) дүниеден қайтқан соң, Ресей империясы, Қытай империясы танығанменен Ғұбайдолланы хан ретінде танымады, керісінше тұтқындап, Ресейдің ішкі өңіріне жер аударды (Кенесарының бір талабы «осы «ханымызды қайтар...» болатын). 1822 жылғы реформаға сәйкес, сөйтіп қазақ өз мемлекеттілігінен айрылды, бұл тәртіпке қарсы шыққандар аяусыз қуғындалды. Басында, Абылай ханұғлы Қасым мен оның ұлдарына ергендер «бандит» аталса, кейінірек 1847 жылы опат болғанына дейін Кенесары мен Наурызбайға ергендер де солай аталды (скопище, разбойник...), әрине, Ресей империясы тарапынан. Соғыстағы қара жұмысқа (бұл жерде алдындағы жазбаларымда қазақты патшалық Ресейдің неге әскерге алмағаны және Алаш арыстарының 1916 жылғы көтеріліске қарсы болып, керісінше «қазақ әскерге барсын» деген ниетте болғаны туралы ойларымды білдірген едім) барғысы келмей қарсы шыққан қазақ тағы да «бандит» аталды! 1922 және 1930-33 ашаршылыққа наразы болғандар да солай аталды (ең сорақылығы, тәуелсіз еліміздегі қазіргі күндерде де, сол «бандитизм» грифіндегі архив құжаттары әлі күнге толық ашылмай келеді – породокс пе немқұрайдылық па!)! Екінші Дүниежүзілік Соғыстағы түркістандықтарға тағылған айыптар (сатқын) да соның ар жақ бер жағы (оның шын мәнісіне толықтай баруға біздің коммунистік сарқыншақтық билік мүдделі еместей де көрінеді)! 1986 жылғы қазақ жастарына таңылған да «бандитизм» (нашақор, бұзақы, маскүнем), Жаңаөзен де сол! Ендігі қысылып-қысылып, келіп-келіп жанартау-вулкандай бұрқ еткен 2022 қаңтар оқиғасына қатысушылардың автоматты түрде өз елімізде, өз жерімізде әлі бастарында декоммунизация жүрмеген біздің билік тарапынан сол атауды «иемденіп» шыға келгені аса бір «таңғажайып» оқиға да, құбылыс та емес ау! Инерция!.. Байланғандық!..

Бұл оқиға тұрмақ, «Желтоқсан, Жаңаөзен» оқиғаларына толық баға берілмей, шындық ашылмай, зерттелмей жатқанда «Қанды қаңтардың» қақиып, қаңтарылып қалатыны сезіліп тұрғандай ма? Әттеген-ай десеңші! Қалып қойған ескі кроссовкаға күлгенше осының себебі не, салдары неден шықты, мәселенің шешімі неде...соны зерттеу қажет емес пе! Жоқ біз күлеміз, мүмкін, негізі бұл ескі аяқ киімнің суреті кейінірек, жаңару жаршысының белгісіне, тоталитарлық жүйемен күрес символына айналар, келешекті нақты кім болжапты...

Алдында айтқан 200 жылдың 50 жылы толық көз алдымда, бәрі де есімде. Оның үстіне біздер, көкте ұшып жүргендер емес, нағыз қарапайым халықтың дәл ішінде жүргендерміз, сондықтан, әне бір айтуға тіліміз әрең келетін зерттеу-мониторлық институттардың, түрлі саясат танушылардың «көсемдіктерін» емес, бізді де тыңдауы керек деген ойдамын! 1970 жылдары класс сабақтарында тақылдап тұрып «Алматы астанам, Алматы бас қалам! Ардақтап атыңды, Аузымнан тастаман» деген тақпақтарды айтатынбыз. 1974 жылы (әлі есімде) әкей қолы жеткен соң, «Славутич» деген маркалы телевизор әкеліп, 30 метрдей анттенна дәнекерлетіп орнатты, екі канал көрсететін, бар ауылдың адамы кешке топырлап үйге жиналатын (қарапайымдық, ауызбірліктің шынайы бейнесі)! Астанамыз, ел туралы хабарларды мақтанышпен қарайтынбыз! Алайда, сол Алматыға 4-5 кластағы бала кезде келгенде оның мүлде қазақ астанасы емес екенін көріп, балалық сезім су сепкендей басылды, өйткені ол орысша! Бәрі-бәрі! Сүйіп көретін «Тақиялы періштенің» де декорациясы, суреттері еш «періште» емес, өзін-өзі және елді алдау екенін көзбен көрдік!

Жазылмаған заң бойынша, 80-90% қазақ тұратын ауылдарда да орыс-аралас мектептер болды, орысша кластарға барлық басқа ұлттармен бірге ауыл «белсенді-активтерінің» қазақ балалары баратын. Ондай ұл-қыздар өздерін біздерге қарағанда «артықтаумыз» деп ойлайтын, қыздар қазақ кластарындағы ұяңдау құрбыларынан «ашықтау» келіп, ертерек «пісетін». Мен де орысша оқуым керек еді, атам марқұм «бұзылып кетеді» деп болмай қазақша бергізді (кейін бір-екі жерде орысша да оқыдым). Сол атамның жаңа кісі екеніне қазір көзім толық жетеді, өйткені, біздің бойымызда ұлттық код-тәрбие-сана-сезім-түйсік-намыс ерте қалыптасты (әттең соны көптеген отандастарымыз түсінбейді, осындайда Алаш арыстарының «бала қай тілде тәрбиеленсе, сол ұлтқа қызмет етеді» дегені еске оралады...). Орыс өкілдері бізді «калбит», ал «орысшыл қазақтар» - «колхозник» деп қорлайтын!

Алматыға келіп оқуға түскенде біздер мен орыс тілділердің, орысшыл немесе қалалық «қазақтардың» айырмашылық-контрастары жер мен көктей болды. Билік білмейтін, немесе, білсе де білмегендей түр көрсететін айдан анық нәрсе бар еді, ол, біздерге үнемі көрсетілетін психологиялық қысым – «күнделікті тұрмыстық, әлеуметтік шовинистік» (говори на русском, понаехали тут, иди туда...) іс-әрекеттер еді! Оған «қалалық» қазақтардың «колхознигі» қосылып, біздерді төмендетіп, өзімізді қор санатқызуға итермелейтін. Ауыл баласының негізгі оқитыны да зоотехник, ветврач, агроном, ЖенПИ, ауыл шаруашылығы инженер еді ғой (әрине, түгел емес, әйткенмен жалпылай).

Негізінен алғанда, ұстаздарымызға, интеллегенция өкілдеріне аса бір кінә тағудан аулақпын, олардың көбі адал, бізге деген көзқарастары қамқорлық тұрғыда болатын, көргенде «төмендегі» сатыдағылардың бізді өздерінен де төмен санайтынынан көресің ғой! Бірақ, күніңнің бәрі соларға түсіп тұрады, дүкенші, қоғамдық көлік жүргізушісі, вахтерша, үйлерінің артық бұрышын, сасық-сыз времянкаларын жалға берушілер...бәрі де солар! Еріксіз тәуелдісің! Бұндай жағдай үшінші курсқа жетіп, біздер сәл де болса олпы-солпы киімдерімізді, түрімізді жинай бастағанда ғана аздап баяулай бастағандай болған еді. Сонымен құлдық психологияның орнауына отарлаушы, оған қосылған өзіміздің билік қана емес, өздерін жеңуші ел, жеңімпаздық тұрғыда қарайтындардың да үлесі зор екенін қысқаша талдап өттік.

Бұл талдауларға ерекше тоқталып отырғанымыз, біздің өткеніміз бен сол өткеннің жалбаңдаған жалғасы әлі күнге тәуелсіз деген еліміздің билігіне жабысып келе жатқанын көрсету еді. Бұлардың декларацияларындағы «халықтар достығы» дегендері, бар болғаны жалпақшешейлікпен басқаға жалтаңдау (әсіресе бұрынғы метрополияға) екені кейінгі кездегі оқиғалар «Қордай, Маловодное, Жаркент шиеленістері) бетін ашып берді. Иә, ойға салсақ, тұтас бір халық пен бір халық қалайша дос болып кетеді? Халық дегеніміз көптеген топтардан, сан алуан түрлі мақсаттағы жеке тұлғалардан құралмай ма? Олай болса, кейбір халықтар арасындағы адамдардың өзара шынайы достығы болуы мұмкін, алайда, бар халық бір-біріне дос болып кетуі екіталай! Бұл жерде тату көршілердің (мейлі мемлекет, немесе, әлдебір топтар болсын) мүшелерінің достығы, бір-біріне деген құрметі сыйластыққа айналуы керек! Егер билік, сондай өзара құрметтеуді сол топтардың жартысынан астам мүшелерінің дағдысына қағаз жүзінде емес, шын өмірде сіңдіре алса, бұл үлкен жетістік! Бауырлас мемлекеттердің (Мысалы. Қазақ-қырғыз, Түрік-әзербайжан) өзінде барлық елі бір-бірімен дос болуы мүмкін емес-ау! Сонымен біздердегі қағаз жүзіндегі халықтар достығы дегеннің тек теория екеніне (бір бағыт, өзара мүдделі мемлекеттер одағы, бірлестігі болуы мүмкін) біраз ой жүгірттік (бұны кейінірек кеңінен жалғастырамыз).

Мен өз басым көзбен көрген «махровый социализм мен застой» уақытының 1970-85 жылдары қазаққа тарихи-ұлттық-ұлт құндылықтарын ұмыттырып, ауыр жағдайдағы тоқырауға түсірді десем еш жаңалық ашпаспын, елде жаппай орнаған арақ ішу, тойшылдық, тоғышарлық, бар нәрсеге жаңашыл көзқараспен қарауды жойып, адамдардың жеке ойлау қабілетіне нұқсан келтірген, яғни, тобырлық танымды мықтылап орнатқан кезең, ол - жеке тұлғаның белсендігін (инициатива наказуема) жойып, билікке тәуелді еткен уақыттар еді! Билік пен халықтың ара-жігі бұрыннан-ақ аулақ, ашық-қашық болса, өзіміз 1985 жылдардан бастап қызметке араласқанда ондайды түгелдей бастан кешірдік, ең «қызықты»-сорақылығы жұмысшылар бар өшін үлкен бастықтардан емес, қатардағы қызметкерлерден алатын (үлкен бастықтарға жолауға шама жоқ)! Сол дағды әлі күнге дейін келіп жетіп, міне, қаңтарда ашық көрінісін тауып отыр (әйтпесе, қатардағы жауынгер мен сақшы, қызметшіні сонша өштікпен сабайтындай өз бауырларының қандай ата кегі бар десеңші)!

Әскерге барған қазақтың да жағдайы басында аса мәз болмайтын, қара жұмысты атқаратындар да, таяқтың көкесін жейтіндер де қазақ, қырғыз, Сібір жақтың және деревнялардың орыстары болатын, Кавказдықтар нан кесуші, каптерка т.б. жеңіл жұмыстарда, Москва-Ленинградтықтар штабтарда, өзбек-тәжік асханада жүретін. Бірақ, сонда болсын қазақ баласы төзімділігімен офицерлерге (қазақ офицерлер жоқтың қасы) ұнайтыны да бар еді. Ауғанстанға барған қазақтарға «ол жақта мұсылмандар ғой және өзіміздің түркі бауырлар да көп қой, аса атпаған шығарсыңдар» деген сұрақ фантастика болып көрінетіні сөзсіз екені түсінікті болар!

Әскерден әжептеуір пісіп қалғанымен ауылға оралғандардың күні малшы, қара жұмысшы, құрылысшы, тракторшы, сосын барып автожүргізуші, ал қалаға барған қазақтың өмірі басқалар тұратын зәулім үйлер салумен (АДК), қыздардікі (АХБК) түрлі біліктілікті аса қажет етпейтін жұмыстармен өтетін. Қарапайым қазақтың күні бастықтардың өміріне қызығуға, қызғанышқа толы болатын (содан келіп, оқымасаң адам болмайсың деген ұғым қалыптасты), демократиялық елдердегідей бағаланған еңбектің тартымдылығы атты түсінік жоқ-тұғын. Ал, бастықтар шынымен, жақсы өмір сүрді, олардың материалдық жағдайы қызметке тұрушылардың, жаңа пәтер алушылардың берген пәресімен, жоғарғы жалақымен, жасырып мал ұстаумен, қыжалат заттарды бөлу т.б. заңсыз әрекетер арқылы шешілетін.

Саяси өмірге келсек, социалистік декларацияға сәйкес, бірден-бір билік иесі халық, алайда, ол тек қағаз жүзінде! Ауылдық, кенттік, қалалық т.б. Кеңестердің депутаттары «тор-кестеге» (советтік дәуірде барлық саяси өмір сетка бойынша, тіптен, партия қатарына қанша жұмысшы, қанша басқа ұлт өкілдері, қанша қызметкер алынатындығына дейін %-пен есептелетін. Қайта Құру дәуірінде 1988-89 жылдары, аудандық комсомолдың бірінші хатшысына қазақ «сайланып», үшінші хатшысына талас болғанын өз көзіммен көрдім, бұл жерде ең «қызығы» екінші хатшы болып сайланып отырған орыс қызға ешкім бір ауыз қарсылық білдірмеді, ол дегенің автоматты түрде сөзсіз солай болуы керектігі бәріне түсінікті...) сәйкес құрамында жұмысшылар да бар шақырылым дайын қаулы-қарар-шешімдерге қол көтеретін. Ал сайлау дегеніміз сырт көзге қарасаң кәдімгідей қызу науқан (үгіт-насихат-сайлау бюллетень, жәшіктері милициямен қорғалып, комиссияға тапсыру т.б.), алайда негізгі мақсат, сайлау нәтижесі жоғары жақтың нұсқама-директивасымен бекітіліп келетін. Ең сорақысы, қазіргі тәуелсіз елімізде де дәл сол жағдайдың, дәл солай қайталануы (ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің) дер едім!

Жоспарлы экономикаға келсек, ол тек авторитарлық билікке негізделген, көбіне экстенсивті бағыттағы, соңы дағдарысқа, тоқырауға сөзсіз алып келетін экономика екені анық. Мысалы, совхоз жанар-жағар май тасушы жүргізушісінің аудан орталығына келген поезд цистерна-вагонын тез арада босату үшін (олай болмаса айыппұл) далаға апарып төкені туралы фактілер жетеді және бағасы өте қымбат минералды тыңайтқыштар орталықтандырылып тасымалданып, ауылдағы егіс танаптарының маңында тау-тау болып үйіліп жататыны да ешкімге құпия емес-ті (айдалада былғанып, жауыннан қатып қалған, дән сепкіш-сеялкалардан жүрмей-өтпей қалған сондай «тауларды» бөлімше меңгерушілері егіс науқаны біткен соң, парға қалдырылған жерге шашқызып немесе, бульдозермен көмдіріп тастайтын...). Басқа да сорақылықтар жыртылып артылатын, басшыларға райком алдындағы берген есебі, мәліметі тура болса жеткілікті. Осындай жағдайлар, барлық жердегі ұрлық билік пен халық арасын мүлде жақындатпады (сауыншы сүттің майын, малшы көрсетпей қалған тайын, бастық көбірек, жоғарғы одан да молырақ...ұрлау...тағы, тағы). Райком демекші заңдылық түрінде алсақ ештемеге жауап бермейді, үй, машина, заттар бөлу, шешімдер шығару де-юре атқарушы органда да, де-факто бірінші хатшының қолында (бір жазылмаған заң: бірінші қазақ болса екінші орыс, әйтеуір қайдан болсын тауып әкелетін)!

Кадр саясатына келсек, тамыр-таныстық ол кезде де болғанымен, дәл қазіргі формадағыдай сұрқия түрде болған жоқ, өйткені, конкуренцияға қосымша бірталай сұрыптаулар жүретіндігін және оқу бітірген жас маман ең төменгі сатыдан бастап, құрығанда 4-5 жыл өтіл өтуі керек, яғни меритократиялық таңдау біршама сақталды.

Техникалық жағынан өндірісті қамтамасыз ету көбіне жаңашылдықтан көрі консерватизмдік тұрғыда жүрді (қазірге келіп жеткен УАЗ автоларының жасалып, құрастырылуы 1949 жылдары басталған), яғни, заводтарда сұранысқа бейімділік (гибкое производство) қолданылған жоқ, ал, эргонавтика туралы айтпай-ақ қойсам да болар. Тағы бір сұрықсыз көрініс, қазақ ауылдарына қарағанда, аралас елді-мекендердің әлеуметтік структурасы (асфальт жолдар, жаңа техника беру т.б.) алдыдағы кезекте жүрді (билік өзіне тиімді затты шуламайтын қазақтың есебінен шешті). Кәсіпорындардың өркендеуі басшының жеке беделіне байланысты (жоғарғы жаққа ұялмай көрсететін өнеркәсіп, совхоз-колхоз) болып, көбіне қолдан, яғни техникалық базаны, қажетті бөлшектерді артық бөлу арқылы іске асырылды.

Қазақ ұлтының, оның ішінде әр адамның жеке тұлға ретінде дамуы тежеліп отырды. Алайда, 86 жылдан кейін, елдің рухани оянуына (Алаш арыстарының санаға оралуы) да әлдебір түйсіктің алғышарттары әсер ете де бастады. Біздер, жастар сол уақыттарда жинала қалсақ, қоғамдағы өзгеріс қажеттілігі туралы өте көп қызыл кеңірдектеніп талқылайтынбыз.

1989 жылы басталған Балтық жағалауындағы елдердің азаттық рухтағы көзқарастары қатты қызықтыратын, біздер де оянсақ деп көп армандайтынбыз, алайда, жоғарғы жақ қозғалмады! Экономикада түк ұқпайтын шатыстар, күнделікті қажетті заттар қыжалаттылығы (дефицит) кезеңі елге ауыр тиген сәттің өзінде де, СССР-де басталған саяси дағдарыстар, реформаға ұмтылған ой-арман тұтастай елді қамтыды. Темір тордағы елден неміс, орыс, грек т.б. кетуге мүмкіндік алғаны, жаңа бір басқа уақыттың, дәуірдің жақындағанын сездіргендей! Елдегі басталған жаңа экономикалық қарым-қатынастар (кооперация) пысықтау келетін, бастықтармен тез тіл табысатын басқаларға қарағанда алдымен шетқақпайлататын да, өзі де енжарлау қазаққа көп пайда әкелмеді. Жекешелендіруге келсек, жұмыртқа басқан тауықтай ел ырзығын астына басқан бастықтар қарапайым қазаққа үлес татырмады! Үйді жекешелегеннен де қазақ оңбай ұтылды (бағасы қымбат қаладағы үйлер көбіне орыс және басқаларға тиесілі болды. Орыстардың бірден байып кеткен себебі ата-әжесінің, әке-шешесінің қос-қостаған үйлерін иемденіп қалды), ауылдағы үйлерінің бағасы ары кетсе бір сиырға бағаланды!

Коператив құрудан, қол жеткен үйлерінің құнсыздығынан т.б. көптеген себептердің арқасында дымсыз қалған қаймана қазақ баяғы инерциямен күйбіңдеген жұмысын жасап жүріп жатты, ақша жоқтықтан еңбектеріне алғандары макорон мен шайға бағаланды. Ол кезде аштықтан шыққан қасқырдай бастықтар ел ризығын бас салған еді, ауылдардағы қоғамдық малды қолма-қол айырбас (бартер) желеуімен буазына қарамай қырып салып, өздеріне қаладан үй алу, кәсіп дөңгелету сияқты істерге жұмсады, техниканы, басқа заттарды заңсыз иемденіп, көзді бақырайтып сату орын алды. Бірен-саран үлесін сұрағандарға неше түрлі сұмырайлықпен (қарызды іліп береміз желеуі) жол берілмеді. Қазақ нағыз құлға айналды.

Саяси өмір бұрқыраған қазандай қайнады, СССР-дің әр жеріндегі қақтығыстар, тәуелсіздікке ұмтылыстар қарқынды жүріп, қайткенде де қазақтарға да әсер етті. Алайда, біздің билік артын бағып, тәуелсіздікке де ұмтылмады (ол оқиғалардың бәрін ел біледі ғой), ақыры, сүтке тиген күшіктей қуып шыққанда барып (ортақ валюта керек болса, мынанша тонна алтынды бізге алып келесіңдер талабы т.с.с.), тәуелсіздік те жарияланды! Бірақ арман ақталды ма, деген сұрақ қалып қойғаны анық, оған СССР құрамында қайтсек те қаламыз; СССР-ді сақтау туралы «күлкілі» референдум өткізу; НӘН СССР кабинет министр төрағасы... Одақтар достастығы төрағасы болады екен;.. ақыры, Кеңес Өкіметі тарап, өзара одақ құрып жатқан славяндықтарға (Ресей, Украина, Беларусь) өзіміз барып, тіленіп қосылғанымыз,.. Димаш атаның үйқамақтық жағдайы әсер етті!.. Көңілге күман оралды...

Жалғасы бар...

Азкен Алтай

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Әне, көрдің бе?

Орыс патриотизмі және яхта

Есбол Үсенұлы 1538
Қазақтың тілі

Қазақтың тілі өлмесін десек...

Камшат Тасболатова 1634
Соғыста жүрген сұлулар

Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Айжан Темірхан 1808