Сәрсенбі, 7 Желтоқсан 2022
Ақмылтық 1817 11 пікір 23 Қыркүйек, 2022 сағат 14:12

Моблизация және қазақ

Отанын қорғауға жұдырықтай жұмылған ержүрек украиндардың қайтарма шабуылы Ресей президенті Путинді жаңа әскери шешім қабылдауға мәжбұр етті.

Қыркүйектің 21-күні моблизация жариялады. Жарлыққа сәйкес бұрын әскери салада қызмет өтегендер қайтадан жаппай әскерге алынатын болды. Қорғаныс министрінің айтуынша қажетті адам саны 300 мың. «Украинаның 200 мың әскерінің 100 мыңын жойдық» деген Сергей Шойгу өз сөзіне өзі куыстанып, мұнша көп адамның әскерге алынуы себебін «Ресейдің украиндармен ғана емес, батыспен соғысып жатқанынан»,  деп түсіндірді.

Импералистік пиғылмен ауыздықтанған орыс билігінің халықты жаппай соғысқа тарту жарлығының бірінші рет болып тұрмағаны тарихтан белгілі. Патшалық Ресей заманында да, Кеңес кезінде де қара халықты жаппай соғысқа тартты.

Қазақ халқына да ауыр зардаптар алып келді. Орыс тарихындағы алғашқы моблизацияны Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Николай II жариялады. Патшаның 1916 жылы 25-маусымдағы жарлығында Түркістан мен Дала өлкесінен 400 мың, Жетісудан 87 мың, басқа облыстардан 100 мың адамды окоп қазуға жұмылдыру міндеттелді. Уәдесінен айныған патшаға қарсы халық жаппай көтерілді. Бұл қарсылық қазақ тарихында «Аманкелді көтерілісі», «Қарқара көтерілісі» деген атпен қалды. «Бала өлмесін, шал өлсін» деген заманның шындығын Мұхтар Әуезов «Қилы заман» хикаятына арқау етсе, Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында да жазды. Дүлділ әнші Бекболат Тілеуқан орындаған «Самал тау» әні де ұлттың болашағына балта шабылған сол қанды шақтың зары еді.

1941 жылы 22-маусымда Гитлер Сталиді алдап соғып, бір түнде Кеңес одағына басып кірді. Мұртты көсем 3-шілде күні радио арқылы сөз сөйлеп, халықты тағы да жаппай отан қорғауға, жан беруге міндеттеді. Бұл Ресей тарихындағы екінші моблизация еді. Еуропаны бөліске салуды көздеген Екінші дүниежүзілік соғыстың ұлтымызға әкелген қасіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Соғысқа аттанған 1 миллион 300 мыңнан астам адамның тең жартысы майданнан қайтпады. Қазақтың әр шаңырағы қара жамылды.

Тарихқа көз жіберсек Николай патша мен Сталиннің моблизациясынан халқымыз ауа көшіп, қынадай қырылып, өз жерінде азшылыққа ұшырады. Қазақтың бүгінгі ырықсыз күйінің тамыры сонда жатыр.

Путин орыс жерінде жариялаған ұшінші моблизацияның қазаққа қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Ресейде 1 миллионға жуық қандасымыз өмір сүріп жатыр. Ресейдегі «екінші сортты ұлттар» қатарына жататын түбі бір түркі ұлттарының күнкөріс көзі әскерге бару болғанын, украин жерінде қаза тапқандардың дені солар екені БАҚ беттерінде жиі жазылып жатыр. Өкінішке орай арасында Астрахан, Омбы, Түмен қазақтары да көп екен.

Жұртты алаңдатқан бұл ғана емес, қазіргі қымбатшылық замандағы соғыс салдарынан Қазақстанға ағылған орыс көші. Алғашқы легі Путин Украинаға аталмыш «арнаулы соғыс операциясын» бастағанда ағылса, екінші легі Путин моблизация жариялаған сәттен бастап, кешелі-бері ағылып жатыр. Батыс Қазақстан, Қостанай облысының кеден бекеттерінде ұзын сонар кезек пайда болған. Ресми билік Еуразия Экономикалық Одағының келісім-шарттарын алға тартып, тосқауыл қоюдан бас тартуда.

Халықтың алаңдайтын жөні бар. Қазақ жеріне еркін кіріп-шығып, орналасып жатқан Ресейліктердің әлеуметтік жағдайды айтпағанда, күні ертең-ақ, саяси талап қоймасына кім кепіл?! Биліктің орыспен қоңсы болған кездегі қанды тарихтан, украин соғысынан сабақ алатын шағы болды ғой!

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2531
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1555
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1816