Жексенбі, 10 Қараша 2024
Әдебиет 3428 0 пікір 26 Қыркүйек, 2022 сағат 14:04

Әділ қазы

Бірінші бөлім:  Әлем халықтарының ертегілері

Екінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Үшінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Азия халықтарының ертегілері

 (ауған ертегісі)

Тапа тал түсте ішінде – 100 ашрафи* бар бір сараңның әмияны жоғалады. Қанша іздесе де, қанша тырысса да, қанша қайғырса да таба алмайды. Амалы құрыған ол айнала-маңға былай деп жар салады:

– Егер кімде-кім әмиянымды тауып, ақшамды қайтарса, қайырымдылық есебінде 10 ашрафи сыйлаймын.

Сөйтіп, бір жақсы кісі әлгі әмиянды тауып, иесіне қайтарады да:

– Енді, уәделі 10 ашрафиды бер, – деп талап етеді.

– Мына әмиянда 110 ашрафи болған, – дейді сараң саңқылдап. – Ал, қазір 100-і ғана тұр. Өйткені, қалған 10 ашрафи – сенде. Демек, уағдаласқан ақшаңды алдың! Одан артық не керек, саған?

Сонда жаңағы жақсы жан қазыға жүгініп, болған жайтты айтып, барды-бардай етіп баяндайды. Қазы сараңды шақырып, былай дейді:

– Уәделі ақшасын неге бермегенсің?

– Мына әмияннан аларын алды емес пе? – дейді сараң назданып. – Одан басқа немді берем?

Қазы әмиянды қолына ап, зер сала қарап, зерттеп, әу бастағыдай қылып буып-түйіп тастайды. Сөйтіп, әділ қазы сараңға бүйдейді:

– Сенде 110 ашрафи болыпты, ал мұнда тек 100-і ғана бар, онда әмиян сенікі емес. Өзіңдікін іздегін, ал бұны тапқан адамына қайтар. Шын иесі табылған жағдайда, ол өзі апарып береді.

*Ашрафи – Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азиядағы мұсылмани монархияларда басылып шығатын алтын тиын.


Аустралия халықтарының ертегілері

ЖЫЛАН ҚАЛАЙША УЛЫ АТАНДЫ

Бұл – көп аң әлі де адамға айналмай тұрған кезде болған уақиға еді.

Баяғы көне заманда, мына жерде Мунгоон-Гали деген қорқынышты, әрі улы кесіртке тіршілік етіпті. Аузындағы у толы қап арқылы адамдарды сеспей қатырып, артынша-ақ азық ететін ұқсайды. Ашкөз Мунгоон-Гали адам біткенді қыра берген соң, олардың саны да азаюға таяды!

Сөйтіп, аң атаулы жиылып (ол мезгілде аң мен адам бір-біріне туыс еді) адамзатты қалайша аман ап қалсақ деп ойға түсті. Ақылдаса келе, Оойю-бу-луи атты қу қара жыланды жіберетін боп, ол елге кесірі тиген кесірткені алдап, аузындағы у толы қапты әкелетін боп шешеді.

Қу жылан мүдірместен келісіп, мынадай бір зымияндық ойлап, қиялға шомады: «Мунгоон-Гали аузындағы у толы қапты тартып ап, өзіме қалдырайын. Сонда, жан-жануардан, аң-құстан, тіпті адамнан да асып түсем, зор шығам. Менен бәрі қаймығып, қара жылан Оойю-бу-луи деп атайтын болады».

Жылан сақтық жасай жылжып кесірткенің апанына келсе, әлгің ұйықтап жатады. Жылан оны оятып ап, былай дейді:

– Аң мен адам бірігіп сені өлтірмекші, құртпақшы. Мені дос деп қабылда және саған олардың жоспарын айтып берейін. Әуелі, у толы қапты ұстай тұруға рұқсат ет, әйтпесе сенен сескенем!

Ақымақ кесіртке жыланға сұрағанын бере салады. Ол болса қапты қағып алған күйі қалың шөп ішіне еніп, жым-жылас, ізім-қайым жоғалады.

Мунгоон-Гали артынан қанша қуғанымен де, жылпос жылан жеткізбей кетеді.

Міне, содан бері кесіртке адамға шаппай, тек құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді ғана қорек қылады.

Ал, қу Оойю-бу-луи аң мен адам жиыла күтіп отырған от жанына бармай, қапты өзіне қалдырады.

Қаны қарайған жұрт жыланды көрсе қашып я өлтіруге тырысатыны сондықтан екен.

Кесірткелер де Оойю-бу-луиды алдампаздығы үшін аса жақтырмайды. Әгәрәки, жылан кесірткені шақса, ол өлмейді. Өйткені, удың бетін қайтаратын ғажап шөпті біледі.


Америка халықтарының ертегілері

КАМАГУЭЙ КӨШЕЛЕРІ ЖӘНЕ БҰҚАШЫҚТАР 

(куба ертегісі)

Камагуэй* көшелерінде абайлап жүріңіз, әйтпесе адасасыз. Әрқайсысы жылан ұқсап ирелеңдеп жатыр. Түзу жолды қанша іздесеңіз де таппайсыз. Бұл көне шаһар – лабиринт іспеттес шатасқан. Кез келген тұрғыннан: «Мұның сыры неде?..» – деп сұрасаңыз, ол сізге мына уақиғаны баяндап береді...

Камагуэй қаланып жатқан кезде, малшылықпен күнелтіп жүрген шаһардың негізін салушылар бір табын бұқашық әкеледі. Қала құрылысына қатысты ойларын ортаға салады, талқылайды. Дәл сол шақта жаңбыр жауып, жер жібіп, лайланып, айнала батпақ-батпақ болады. Сонда, бір кісі барлық бұқашықты алаңқайға жиып, бірнеше рет мылтықпен аспанға ату туралы ұсыныс айтады. Олар тапырлай қашқандағы орнында ізі қалады, болашақ көшелердің қай бағытта созылатындығын солар көрсетсін дейді. Ел-жұрт көп ойланбастан келісе кетеді. Дүркін-дүркін атылған мылтық дыбысынан шошыған бұқашықтар жан-жаққа тапырақтай қашып, Камагуэй көшелерінің орнын айқындап береді. Сол себепті де, олар – қиқы-жиқы, қисық, ретсіз.

Егер де, сіз камагуэйліктен: «Сальсипуэдес көшесі неліктен бір жарым квартал ғана және үй қабырғасына кеп тіреле тұйықталады?» – деп сұрасаңыз, онда ол былай деп жауап берері анық:

– Өйткені, бұқашықтың жүрегі әлсіз еді. Алысқа ұзай қоймастан барып жерге құлайды. Сөйтіп, шаруасы бітеді!

*Камагуэй – іргесі 1515 жылы қаланған, Куба шығысындағы сол атаулас провинцияның орталығы.   

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2761
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2801