Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Әдебиет 3870 0 пікір 19 Қыркүйек, 2022 сағат 12:02

Ұлы сілкініс пен алапат су

Бірінші бөлім:  Әлем халықтарының ертегілері

Екінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері

Аустралия халықтарының ертегілері

Есте жоқ ескі заманда, адам атаулы тайпа-тайпаға, ру-руға бөлініп тіршілік кешпей тұрған шақта, жерде ұлы сілкініс болып, айналаны алапат су басады. Қатты жел соғып, төңірек түтіндеп, таудан шаң-тозаң ұшады. Бұл жайсыз жағдай күні-түні, күні-түні жалғасады.

Бір кезде, бәрі басыла қалады. Алайда, дауыл тоқтағанымен де, ауа ғайып болады. Дем ала алмай қиналып, талай адам қырылады.

Содан не керек, қайтадан қатты жел соғып, найзағай жарқ-жұрқ ойнап, жер сілкініп, құрлықты шайған толтындар арты-артынан келіп жатады, келіп жатады.

Бас қамын ойлап, жан сауғалап, биік-биік жартасқа шыққан адамдар ғана дін аман қалады.

Алапат судың беті қайтып, әлі ешкім көрмеген балықтар әр-әр жерде құйрықтарын шолп-шолп сабалауда.

Құз-жартас жағалаған жандар жерге түсіп, қатты таңданады.

Дөң-төбелер далиған далаға айналып, ал бұрынғы дала орнына дөң-төбелер жайғасқан-ды.

Бес күндік жалғанды жалпағынан басқан адамдарға жарық пен жылу сыйлаған, күлімдеген Күн де қалыпты ырғағынан жаңылады. Кезінде ол солтүстіктен шығып, оңтүстікке қарата батса, ұлы сілкініс пен алапат судан соң шығыстан шығып, батысқа барып бататын болыпты.


Африка халықтарының ертегілері

ЕҢ АЛҒАШҚЫ АДАМДАР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ

(акамба ертегісі)

Ең алғашқы адамдар аққұмырсқалар илеуінен шыққан-ды. Бұлар – еркек пен әйел, әрі ерлі-зайыпты екеу еді.

Аяқастынан көктен тағы бір жұп түседі, олардағы олжа: сиыр, қой және ешкі. Жұрт аспани жұптың туыс-туғанын рухтар тайпасы деп атайды, жаңағылар жақсы өмір сүріп, өте бай-бақуатты тұрады.

Әлгілер бұлттан салбырай құлап, Нзауе* ауылының іргетасын қалайды. О жаққа барған әрбір жан жартастардағы алғашқы аспани еркектің ізін, соған тиесі қой мен ешкі шиырлаған ізді көре алады.

Аспани ұл аққұмырсқалар илеуінен өніп шыққан кісінің қызын айттырып алады. Екеуі – бір табын сиыр еншілеп бөлек шығады. Ал, аққұмырсқалар илеуінен шыққан тағы бір кісінің ұлы мен аспани ердің қызы отау құрып, өз алдына жеке шаңырақ көтереді. Оларға да – бір табын сиыр бұйырады.

Ізінше-ақ әлем бала дүниеге кеп, адам да көбейеді. Сондай бір жайма-шуақ уақыт, мамырстан орнын аштық, жан-жақты жалап-жұқтаған жұт басады. Кейбірі ауа көшіп, көз көрмес, құлақ естімес жерге, аяқ жетпес алыс-қиянға бас сауғалай барып үй тұрғызады. Сәйкесінше, ілкі жандар – масай (масаи), екіншілері – кикуйю тайпасы боп ұжымдаса заман кешеді.

*Нзауе – Шығыс Африкадағы акамба тайпасы мекендейтін жер. Бұндағы тау, құз-жартастан ежелгі аңшылар салған көптеген суретті кезіктіруге болады.   


Азия халықтарының ертегілері

АЮДЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ НЕЛІКТЕН ҚЫСҚА

(индонезия ертегісі)

Бірде, канчиль* інінде отырып жаңғақтарды жеп жатады. Зер салса, оған қарата жолбарыс жақындап келеді екен.

«Құрыдым» деп ойлады, канчиль. Қорыққанынан селкілдеп, дірдек қағады.

Енді не істемек керек? Ол басында сасқалақтағанымен, бірден ес жиып алады. Жануар жаңғақты аузына атып, жан-жақты жаңғырта тістеп, былай дейді:

– Мына жолбарыс көзінің дәмдісін-ай!

Бұл сөзді естіген жолбарыс қорқып, зәресі ұшады. Шегіншектеп, бұрыла салып, алды-артына қарамастан қашады. Ол орманды қақ жара жүгіріп келе жатқанда, алдынан аю шығады.

– Достым! Анау бір іннің ішінде жатқан, жолбарыстың қос көзін асап жейтін қай аң болды екен? О жағынан хабарың бар ма? – деп сұрайды, жыртқыш.

– Білмедім! – дейді аю басын қасып.

– Жүрші, барып көрелік! – дейді жолбарыс.

Аю оған былай дейді:

– Мен – қорқам!

– Онда былай істейік, – дейді жолбарыс. – Құйрықтарымызды бірге байлап-матап тастайық. Егер де, тосын жағдай болса, бір-бірімізді жау қолында қалдырмаспыз.

Сөйтіп, олар құйрықтарын байлап, канчиль жатқан інге жақындайды. Бағанағы батылдық жоқ, бойларында. Сонда да бір-біріне дем беріп келеді.

Канчиль олардың қорқып келе жатқанын аңғарып, мейлінше айғай салады:

– Пәлесін қарай гөр, мына оңбаған жолбарыстың! Әкесі маған ақ аю берем деп еді, ұлы қарасын сүйреп әкеліпті. Ай-ай-ай!

Бұны естіген аюдың зәре-иманы ұша қорықты, өлердей қорықты.

«А-а-а, қу мысық! Ол мені алдап соққан екен ғой. Тарғылың сұмпайы әкесінің қарызын өтеу үшін мені құрбандыққа шалып, аңның алдына тастамақшы ғой» деп ойлады, ол.

Аю бір жаққа, жолбарыс екінші жаққа аласұра қашады. Сол кезде аюдың құйрығы жұлынып кетеді. Міне, осы уақиғадан кейін аюдың құйрығы шолақ деседі, жұрт...

Ал, ақылды, алғыр канчиль қуанып жүрді, өйткені жолбарыстан аман-сау қалды!

*Канчиль – түрі бұғыға ұқсас, Азияның Оңтүстік-Шығысында мекен ететін әлемдегі тұрқы ең шап-шағын ашатұяқты. Оны кіші бұғы, тышқантекті бұғы, явалық кіші канчиль, явалық бұғы деп те атайды. Канчильдің ұзындығы – 45-55 см., биіктігі – 20-25 см., салмағы – 1,5-2,5 кг., ол аузы сүйірлене біткен, көздері – үлкен, мұрны – қара, денесі – домалақтау келген сүтқоректі жануар.


 Африка халықтарының ертегілері

ЕКІ КЕДЕЙ

(хауса ертегісі)

Есте жоқ ескі заманда бір адам тіршілік кешіпті. Онда тамақ та, киім де болмапты, жалғыз қуанышы – белге орайтын таңғышы. Күндердің бір күнінде әлгі адам патшаға барып, былай деп өкпесін айтады:

– Бүйтіп өмір сүргенше – өлгенім артық, бәрінен шаршадым. Ішіп тамаққа, киіп киімге жарымай-ақ қойдым. Тұрмысымның оңалар түрі жоқ. Көңілге демеу боларлық жалғыз нәрсе – белге орайтын мына таңғышым ғана. Маңдайымның соры – бес елі! Қырық қырсық жабысқан сор қасқамын!

– Мақұл! – дейді патша. Сөйтіп, құлдарына оны ұстап алып, азаптап өлтіруге тапсырма береді.

Дәл сол кезде тағы бір тақыр кедей, маңдайында түгі жоқ жарлы, тыржалаң адам өтіп бара жатып бүйдейді:

– Бір ғана өтінішім бар! Сіз мына кісіні өлтірген соң, беліндегі таңғышын алсам бола ма екен?..

Бұны естіген бірінші кедей:

– Тоқтаңыздар! Өлтірмеңіздер! Мені қайтадан патшаға алып барсаңыздар екен. Айтар бірауыз сөзім бар еді, – деп жалынады.

Құлдар манағы жарлыны патшаның алдына әкеледі.

– Аман қалдырыңыз, мәртебелім! – дейді ол патшаға. – Бүгін менен өткен кедейді көрдім. Әбден ойландым, өлгім келмейді!

– Олай болса, келген ізіңмен қайт. Жортқанда жолың болсын, – дейді сонда патша, ерекше мейірленіп. – Өзіңнен өткен қайыршыны көргеніңе тәубе қыл, тағдырыңа шүкір ет.

Осымен, ертегі – тамам.

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019