Мұхтар мен Ілиястің рухтас болуы Абайдан
(қос дарынның Абай мұрасын сақтап қалған еңбегі жайында)
Қазақ әдебиетінің қос құлагері – Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіров тығыз шығармашылық һәм достық қарым-қатынаста болғаны аян. Дей тұрсақ та, бұл әлі күнге жетер жеріне жете зерттеліп-зерделенбеген тақырыптың бірі. Себебі, 1926-1937-ші жылдар аралығы шытырман оқиғаларға толы күрделі уақыт. Сол заман панорамасына көз тіге отырып, күңгірт тартқан көкжиектен дәйек-деректерді суыртпақтап, оқырман назарына ұсынбақпын.
Анығы, І.Жансүгіров – нағыз абайшыл ақын болған. Ол абайтану мәселесін әрдәйім күн тәртібіне қойып, бұл саланың дамуына белсене атсалысып, шынайы жанашырлық көрсетіп отырды. Осыған тәнті боласыз. Ілиястің «Тілші» (қазіргі «Жетісу») газетінде 1923 жылдың 8 майында басылған «Абай кітабы» атты мақаласы соның алғашқы көрінісі. Онда мақала авторы 1922-1923 жж. екі қалада (Қазан және Ташкент) қатар басылып шыққан Абай кітабында орын алған ағаттықтарды талқыға салады. Ол аздай, келешекте Абай сөзін түгел жинап, толық етіп бастыру ісін алғаш рет көтереді. Қысқасы, осы тұңғыш мақаланың (қос жинаққа рецензия ретінде жазылған) өзі-ақ Ілекеңді Абай поэзиясының білгірі деп мойындатты. Айта өтері, шағын мақала көлемінде мазмұнға «ұрланып» кіріп алған бақандай 21 қатені атап-атап таңбалап береді. «Мен бұл жерде баспа жаңылысын қоя тұрып, жорамалмен кеткен жаңсақтарынан мысал көрсетейін» дей келе, автор өлеңнің ішкі мазмұнына терең бойлап, өзін емін-еркін сезінеді. Міне, абайтану саласындағы текстологиялық түзетулердің күллісі осы мақаладан бастау алды. Сөйтіп, Ілекең көрсеткен жөн-жобадан соң ғана мәтінді дұрыстап беруді басылымдар қатты қадағалайтын болды.
Абайсүйер Ілияс Жансүгіров пен абайтанушы Мұхтар Әуезов қалай табысып, қайтіп достасты? Енді осыған келейік. Жаңағы 1923 жылғы мақаласында көрнекті ақын: «Түркістан білім комиссиясы әм талап ұйымының істейтін кезектегі жемісті, негізді жұмысының біреуі – осы «Абайды» толығырақ қылып шығару болуы керек. ...Абайды жете білетін Шәкерім, Мұхтар, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек» дейді. Міне, осы жазбасына үш жыл өткенде Мұхаңмен алғаш рет жүзбе-жүз кездескен еді (олардың жұбы бұдан соң ажыраған емес, әсіресе, «Абайды толығырақ қылып шығару» ісінде «тандем»-ге айналғаны анық).
Сонымен, тағдыр сыйлаған алғашқы кездесу қай жерде, қалай өтті?
1926 жылдың жазы. Студент Мұхтар Лениградтан Семейге демалысқа қайтады. Сабақты ине сәтімен дегендей, осы жолда Ілиясты кездестірген. Сарқант өңіріндегі Көксу деген жердің тумасы – сөзі де мәрт, өзі де мәрт (қабағы қалың, қоңқақ мұрын, кең иықты) Ілияс Мұхаң көзіне баяғының батырын елестеткен секілді. Әйтеуір, өзінен үш жас үлкен жігітке ұйып, кеңесін алады. Сонау шалғайдан туған елге асыққан студент аяқ астынан Жетісу жерінде қалып, 1916 жылғы көтеріліске қатысты деректерді жинастыруға кіріседі. Неге? Жаңа таныстың ықпалы демеске лажымыз жоқ.
Өзі туралы:
Мен өзім тауда өсіп, тасында өстім,
Жасымнан мұз төсеніп, қарды кештім.
Асқаралы Аршалыға қозы жайып,
Бұлттың аспандағы қасында өстім.
Аспанда ақиығы шаңқылдаған,
Құздардың құламалы астында өстім, –
деген жігерлі жігіт Ілиястің жетегіне ереді (Мұхаңның «Қилы заман» атты алғашқы көлемді шығармасы жазылуына себепкер адам Ілияс екенін кейінгі тың мағлұматтар нақты бекітіп отыр).
Әуезовтің биографы, мәскеулік жазушы Н.Анастасьев қос дарынның Жетісу жерінде табысуын былайша жеткізеді: «...Пребывающий дома на каникулах студент целыми днями почтительно прислушивается к новому знакомцу, который, впрочем, всего тремя годами его старше. Да и было что слушать» (Трагедия триумфатора. – Москва, 2006. – 163 б.). Сол күндері Ілияс – айтушы, Мұхтар – тыңдаушы. Бірі – ақын, бірі – жазушы не жайында көп сырласты, нені кеңеске салды?
Көтерілген мәселе екеу (1916 жылғы көтеріліс пен Абай тақырыбы) деп топшылаймыз. Абайды зерттеуге құлшыныс 1924 жылдан Мұхаңның жүрегінде берік орын алғаны белгілі, Ілекеңнің де: «Абайдың басылмаған шашау жүрген сөздерін жиып, оларға сын беріп, түтпелеп, өмірін толық жинақтап жемісті қылып шығару кезек күттірмейтін мәселе» деп баспасөз бетінде жар салып жүрген шағы. Сөйтіп, 1926 жылғы тарихи кездесуде екі тұлға, сірә да, ұлы Абайға біріге қызмет қылуға уеде байласқан. Жазмыш дегені болар, Анастасьев жаңағы баяндауын: «Наверное, был какой-то высший смысл во встрече двух этих людей – Ильяса Джансугурова и Мухтара Ауэзова» деп қорытындылапты. Қалай деген күнде де, олардың 1933 жылы Абайдың тұңғыш Толық жинағын бірлесе отырып, баспадан шығаруы қазақ мәдениеті үшін орны бөлек оқиға! Кездейсоқтық емес.
«Абай» журналының бас редакторы болған Рысхан Мұсаұлы ағамыз «Тұңғыш толық жинақ» атты мақаласында: «Абай шығармаларының 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан жеке кітап болып шығуы – сайын сахараны дүр сілкіндірген дүбірлі оқиғаның бірі еді», – деп жазады. Дүбірлі оқиға болатыны – Абай кітабы алғаш рет қазақтың өз топырағында, өз баспаханасында дүниеге келді, бұрынғы кітаптардан көлемі екі еседей өсті, бұл жинақты Мұхаң өзі әзірлеп, Абай өлеңдерін жариялау жүйесін өзгертті әрі Абайдың ғылыми өмірбаянын бірге жариялады, Көкбай мен Тұрағұлдың естеліктерін берді деп сараптап береді.
Біз жинақтың бұлардан басқа ерекшеліктеріне тоқталайық. Қылышынан қан тамған қаһарлы уақыт Мұхаңды сауысқандай сақтыққа үйретті. Сол 1932 жылдың көктемінде ғана түрмеден босап шықты. Қайтіп? Ахмет Байтұрсыновтың кеңесімен «айыбын мойындаған» ашық хат жазып, әупірімдеп әрең құтылғанын білеміз. Бірақ бұл толық ақталды деген сөз емес. Қызыл көз тергеушілер үшін нағыз тап жауы, күдікті, сезікті тип болып қала бергені сөзсіз. Мұны жақсы білген Мұхаң мен Ілияс буржуазияның өкілі «феодал ақын» Абай кітабын шығару үшін көп ойланып-толғанып, алуан айла-амалдарға барды, әрине.
Алдымен оған кітаптың «Алғысөзі» бұлтартпас дәлел. Бұл Ілияс қол қойған біртүрлі «қызық» алғысөз. Өзі ащы ішектей 62 бетке созылған. Ішкі мазмұны қарама-қайшылыққа толы. Әр бөлімге: «Абайдың қайшылықтары», «Ұлтшыл Абай», «Бекшіл-байшыл Абай», «Діншіл Абай» деген секілді айғайлаған «жаушапты» тақырыптар қойылған. Ол ол ма, «Алғысөз» соңы: «...Біздің кешегі жалшы, бүгінгі Қалмақан ақынымыз Абайдан озық... Абай сөзі – бізге ескі, кешегі көшкен жұрттағы қалған қойма сықылды қазан. Абай өз заманына қанша жаңалық айтса да, қаншалық маңызды келешекті мегзесе де – оның барлығы да бізге ескі. Бізге кертартпа» деген үкіммен түйінделген.
Көрдіңіз бе, «Алғысөзден» сол заманның исі аңқиды, оған толық үндес, сәйкес жазылған. Екі қаламгер шаш ал десе бас алатын тыңшылардың «ұлтшыл», «байшыл», «діншіл-исламшыл» деген өз қаруларын пайдаға асырған, олар қара күйе мен жаланы жаба алмай қалуы үшін.
Оқырман назарын аудармағым бұл емес, мынадай проблема. Осы 1933 жылғы толық жинақта Абайдың қарасөздері алғаш рет жарық көрді. Бірақ цензураға байланысты олардың рет саны мүлде басқаша ретпен, өзгертіліп берілді. Түпнұсқа саналатын Мүрсейіт көшірмесіне сәйкес емес. Мәселен, Абайдың «Ғақлиат-тасдиқат» атты діни-теологиялық трактатын «38-ші қарасөз» деп жарияланды. Оған цензурадан өзге ешбір себеп жоқ еді. Толық жинақты құрастырушы достар, сөз жоқ, бұл қадамға мәжбүрлікпен барды. Қазіргі күні тәуелсіз елміз. Енді қарасөздердің Мүрсейіт көшірмесіндегі рет санын қалпына келтірмей болмайды! Сонда ғана Абайдың қарасөздер мұрасын жүйелі түрде оқып, қабылдауға мүмкіндік туады. Әйтпесе жоқ. Бұл менің абайтанушы ретінде талайдан айтып-жазып келе жатқан пікірім.
Сонымен, саяси қыспақтың кесірінен 1933 жылғы Толық жинақта орын алған зор кемшілікті түзету – абайтану ғылымының бүгінгі күнгі ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оны түзетпеу – ұлы Абайға зор жаза!
Енді «Абайдан Қалмақан озық» деген езуге күлкі үйіретін жеңіл әзілге қайта оралайық. Апырай, Абайдан озық делінген ақын кім? Ол Қалқаман Әбдіқадіров деген 1932-37 жылдары Жазушылар одағы партия ұйымының хатшысы болған, батрақтан шыққан ақын. Абай кім, Қалқаман кім екені, бұл сын шын емес, жорта айтқандық екені көзі қарақты зиялыға сол күндерде-ақ жақсы мәлімтұғын. Алғысөз соңына І.Жансүгіров жалғыз қол қойған. Бірақ оған бас кеңесшісі М.Әуезов болғаны шүбәсіз. Жазушы түрмеден енді ғана босап, әдеби-саяси конспирацияны жіті меңгеріп шықты дедік ілкіде.
Араға бір жыл өтер-өтпестен Ілекең «Абайдың сөз өрнегі» атты мақаласын жария еткен. Онда әйгілі «Құлагер» поэмасының авторы Абайдың ақындық құдіретіне таңдай қағып, сүйіне сөйлейді: «Абай жазба әдебиеттің – сырлы әдебиеттің басы. Абайдың тілі бай, Абай – қазақ ұғымындағы сөздің сабазы... Оның өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сөздері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай – өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын». Көрдіңіз бе, бір жыл бұрын өзінің «Абайдан Қалқаман озық» дегенін тас-талқан етеді.
Реті келген соң айтайық, Ілекең мен Мұхаң, әлбетте, конспирация тәсілімен шүйіркелесіп, сырласуға көшкен екен. Оны әдет, дағды еткенін, мәселен, арқалы музыкант Евгений Брусиловскийдің естелік кітабынан аңдауға болады. Ол 30-шы жылдардың басында М. Әуезов пен І. Жансүгіров жеке отырғанда үстеріне талай рет кіріп келіп, үнемі ыңғайсыз жағдайда қалатынмын дейді. Музыкант сәлемін салғырт бас изеп қана алып, шақырылмаған қонақтай қарағандарын айтады. Жылы шырай танытпай, үн-түнсіз қалады да қояды екен... Бұл, әрине, құпия сырластықтың белгісі.
Енді Ілиястің Шәкәрімге қатысын азғана сөз етейік. Жетісу өлкесінде он жыл бұрын өткен ұлт-азаттық көтеріліске қатысты зерттеу істерін тиянақтаған соң, үшінші курс студенті Мұхаң ақыры туған елге жетіп аунап-қунайды. Сол 1926 жылы Бақанастағы Шәкерімге арнайы барып, жеке-дара жолығады. Көп сырласады. Абай жайлы бүге-шігесіне дейін білетін Шәкәрімнен көп жәйттерге қанығады (бірақ мағлұматтар бергендер арасында «халық жауы» делінген Шәкәрімнің есімі аталмай қалды). Мұхаңа Абайды зерттеу қазақтың ең маңызды мәселесінің бірі деп қақсап айтқан жаңа табысқан досының дос-інісіне: «Шәкәрімге тағы да жолық, қарияның Абай туралы білгенінен қапы қалмайық!» дегені жоққа шығарылмаса керек.
Ғажабы сол, 1988 жылы Шәкерімнің 35 өлеңі топталған қолжазба дәптері Ілияс Жансүгіровтің жеке архивінен табылды. Ақынның өз қолымен жазылған түпнұсқа болғандықтан қолжазба дәптер баға жетпес құнды мұра. Олар Шәкәрімнің соңғы әулиелік шыңында жазылғанын Сәбит Мұқановқа жолдаған хатынан анық білеміз. Философиялық таңдамалы өлеңдер циклі Ілиястің архивінен табылуы кездейсоқтық па? Қашан, қандай жағдайда түсті екен? Кезінде қолжазба дәптер хатпен бірге С. Мұқановқа жолданғаны анық. Бірақ Сәбит 1930-1935 жылдары Мәскеу қаласында оқудатұғын. Ал Қазақстан Жазушылар одағының жетекшісі қызметін Ілияс атқарып тұрды. Демек, ... осы фактіден көп жағдайды аңғаруға болады.
Араб қарпімен жазылған қолжазба дәптерді алғаш зерттеген Қазақ ССР Орталық мемлекеттік архивінің аға ғылыми қызметкері Бейсембай Байғалиев былай дейді: «Біз Шәкерім жыр дәптерінің Ілияс Жансүгіровтің жеке архивіне қашан, қандай жағдайда түскендігі туралы әзірге ешнәрсе айта алмаймыз. Себебі екі саңлақ ақын арасындағы қарым-қатынас, әдеби-творчестволық байланыстар хақында мардымды ешнәрсе білмейміз» («Табылған қолжазба». – «Лениншіл жас» газеті. – 1988. – 27 желтоқсан).
Осымен, Ілиястің Абайдікіне сияқты Шәкәрімнің мұрасын сақтап қалуға да өз септігін тигізгені анықталып отыр. «Халық жауы» делінген кісінің дәптерін зор қауіп-қатерді біле тұра, жеке архивте сақтау – тәуекелділік нышаны, сырға беріктік пен ұлт құндылықтарына адалдық айғағы.
Екі саңлақтың байланыстарын түгендеп білу өз алдына бөлек тақырып. Біздің азды-көпті шолуымыз осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: Абайға қатысты материалдарды жинау мен алғашқы Толық жинақты баспаға даярлау барысында Мұхтар мен Ілияс жақын танысып, түсініскен. Рухтас, оның үстіне мақсаттары һәм ішкі құпиялары ортақ болған. Екеудің қауіпсіздік мәселесін мықтап ескере отырып, бірлесе атқарған еңбектерінің тамаша нәтижесі – Абайдың тұңғыш толық жинағы екені хақ.
Асан Омаров,
зерттеуші ғалым
Abai.kz