Елеужан Серімов. Сот шешендігінің айтары
Қоғам жаңғырғанда қоғамдық жүйелердің бүкіл саласы түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қоғам өміріндегі ерен құбылыстарды жаңаша пайым, таным-түсінкпен бағалау қажеттілігі туды. Заң саласының келелі бөлігін құрайтын сот билігі де бұдан сырт қалған жоқ-ты. Болмысымыз момын болғандықтан ба, сот дегенде ат үріккендей шошына қарайтынымыз жасырын емес. Зәуде бір заңға томпақ келіп қалып, әпселеңге түскен кезіңде, иманың мен ар-ожданың, исхатың мен кісілігің сыналып, біліп-білмей істеген әрекетіңнің ар-қарасына қарай қылдай мойныңа зілдей қамыт кигізуге үкім шығарылатын бірден бір орын - сот. Тегеуіріндіден тепкі жеп, күштіден тар қыспақ көрген, әділет іздеп, төрелік сұраушылардың жүгінері мен сүйенері - қашан да осы сот.
Қоғам жаңғырғанда қоғамдық жүйелердің бүкіл саласы түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қоғам өміріндегі ерен құбылыстарды жаңаша пайым, таным-түсінкпен бағалау қажеттілігі туды. Заң саласының келелі бөлігін құрайтын сот билігі де бұдан сырт қалған жоқ-ты. Болмысымыз момын болғандықтан ба, сот дегенде ат үріккендей шошына қарайтынымыз жасырын емес. Зәуде бір заңға томпақ келіп қалып, әпселеңге түскен кезіңде, иманың мен ар-ожданың, исхатың мен кісілігің сыналып, біліп-білмей істеген әрекетіңнің ар-қарасына қарай қылдай мойныңа зілдей қамыт кигізуге үкім шығарылатын бірден бір орын - сот. Тегеуіріндіден тепкі жеп, күштіден тар қыспақ көрген, әділет іздеп, төрелік сұраушылардың жүгінері мен сүйенері - қашан да осы сот.
Сот үдерісіне (процесіне) қатысушы судья, айыптаушы мен қорғаушы күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiнде әрдайым адамдармен қарым-қатынас жасайды, көпшiлiктiң алдында, қалың ортасында жүредi. Сот мекемелерiнде заң атынан сөйлеп, заң кодекстерiнiң баптарына сүйене отыра, тiлдiң көмегiмен кiнәлiнi иландырады, көндiредi, мойындатады, қылмысына қарай үкiм шығарады, не үкiмдi жеңiлдетедi, не жазықсызды ақтап алады. Осылайша судья да, прокурор да, адвокат та қызмет бабымен сот төрiнде көпшiлiк алдында сөйлеуге мәжбүр болады. Ал қызметтiк мiндетпен сот үдерісінде алқалы топтың алдында сөйлеу үшiн оларға не айтуды ғана емес, қалай айтуды да бiлу шарт, яғни сөз сөйлеуде жұртқа ықпал етудiң түрлi ерекшелiктерiн дұрыс меңгерген жөн. Әйтсе де бабаларымыздан қалған кесім-билік айтар билерге тән шешендік дәстүр қазіргі күні сақталған ба десек, оған біржақты жауап беру қиын-ақ. „Арнасы бар да өзі жоқ, баяғы боран айқайдың" деп қартайған шақтағы Нартай ақын айтқанындай болып тұр.
Дiттеген деңгейде сөйлей бiлу шеберлiгiн керек ететiн сот үдерісі дауласқан екi жақтың жасындай жарқылдаған пiкiр-таластарынан, қисынды дәлелдерден, нақ та дәл, ұтымды да, ұтысты сөйлеуден тұратын кеңiстiк. Мұндағы төрелiк айтар дiлмарлықтың мазмұны мен түрлерiнiң негiзгi өзегi - орын алған қылмыстық жағдайды тәпiштей анықтау, екi ұдай пiкiр туғызбайтын дәлелдер келтiру, ойды бейнелеп жеткiзер амал-тәсiлдердi қолдану арқылы белгiлi бiр ақиқатқа көз жеткiзiп, көпшiлiктi иландыра алу секiлдi қисындардан тұрады.
Әсiлiнде, сот үдерісiнде сөйленер сөздiң мақсаты мен қисынын бажайлауға, ойын дәл, нақты етiп жеткiзуге баулуға, көптiң алдына шығып сөз сөйлер шешеннiң өзiне тән ерекшелiгiн көрсете алу мәселелерiне арналған ғылыми еңбектер бiздiң топырақта жоқтың қасы. Ұлттық мәдениетiмiздiң тұтас бiр бөлiгiн құрайтын шешендiк өнерден арна тартып жатқан төрелiк айтар соттағы дiлмарлықты, тiл мәдениетiн үнемi назардан тыс қалдырмайтын көкiрегi ояу, көзi ашық зиялы қауым қашан да жоғары бағалаған. Сот мiнбесi - тарихтың өзi көрсеткендей, талай ғасырдан берi әрi қазiрдiң өзiнде де идеологиялық, адамдық, құқықтық ықпал ету құралы болып келедi. Сондықтан қазiргi кезде өзіне тән ой кешу үрдiсi бар, сөз қадiрiн бiлер сот шешендерiне үлкен талаптар қойып отыр.
Сот шешендігі - прокурорлық, адвокаттық қызметтiң алтын дiңгегi. Олай дейтiнiмiз сот төрелiгiн жүзеге асыруда сот жүйесі, прокуратура, адвокатура органдары маңызды орын алады. Олар сот қарастыратын қылмыстық және азаматтық iстерге тiкелей араласуға құқылы. Қылмыстық iстi тергегендегi прокуратураның мiндетi: айғақтардың дәлдiгiн, қылмыстың жасалуын, объективтiк негiздер бойынша сотталушының кiнәлiлiгiн дәлелдеуге келiп сайса, адвокат қызметiнiң негiзгi арқауы: қылмыстық жауаптылыққа тартылған кiсiге оның азаматтық құқығын қорғау үшiн заң тұрғысынан қолдау көрсету, бiлiктi ақыл-кеңес беруден тұрады. Екеуi де өздерiнiң көзқарастарын сот алдында ауызша сөйлеу түрiнде жалпыға паш етедi. Адам тағдыры таразыға салынар жүргiзiлiп жатқан сот үдерісiнде бұл бөлiктiң қылмыстық iстi қарап, шешiм шығарардағы алатын орны алабөтен ерекше.
Өз сөйлеуiнде айыптаушы мен қорғаушы қылмысты жан-жақты тексерiп, оның қоғамға қаншалықты қауiптiлiгiн анықтап, күнәкерге тиiстi бағасын айтуы тиiс. Сайып келгенде мұның сотталушыға да, сот залындағы қатысып отырған халыққа да тәрбиелiк мәнiн жоққа шығаруға болмайды. Сотта сөйлеудiң маңызы мұнымен ғана шектелмесе керек.
Сөз жоқ, биік талап деңгейiнен шыға бiлген айыптаушының не қорғаушының сөзi - Қазақстан заңнамасын насихаттауда, мәртебесiн көтерудегi қуатты қарудың бiрi. Әйтсе де сот шешендерi сөздерiнiң көбі дерлiк тап-тұйнақтай мiнсiз шыққан iнжу-маржан десек, қателескен болар едiк. Солардың iшiндегi сүбесi сере шығатыны - нақты бiр жүйеге құрылған, уәжді, мән-мазмұнға бай, сауатты шыққан сөз ғана сот үкімінің мейлiнше әдiл шығарылуына кепiл бола алатыны анық.
Қазiрде халық арасында прокурордың сөзiн алдағы сот шығарар үкiмнiң әуелгi негiзгi үлгі-жобасы санайтын жаңсақ пікір қалыптасқан. Прокурор болашақ үкiм жобасын емес, қылмыстық iске деген өзiнiң ой-шешiмiн ғана айтады. Шынтуайтында, заң бойынша прокурор былай тұрсын судьяның өзі де сот үдерісіндегі жарыссөзден кейiн кеңесу бөлмесiнде болмаса, алдын ала үкiм шығаруға құқысы жоқ.
Прокурор көпшiлiк алдына шыққан кезде өзiн заңның сақшысы, әдiлдiктiң жаршысы, мәмiлеге келе бермейтiн тұлға, сөзi мен iсiне табанды жан екенiн сезінуі қажет. Әйгiлi адвокат А. Ф. Конидің: «Қорғау кезiнде тасып сөйлеудi кешiруге болады, ал айыптау iсiнде таусыла сөйлеудi кешiруге әсте болмайды" дейтіні бар.
Адвокат алдын ала тергеу қорытындысының қателiктерiне, кемшiлiктерiне көзi әбден жетiп тұрса да, тек заңға жүгiнiп, содан өзiне iлiк, жақтас iздейдi, өзiнiң ой кешу үрдiсiнiң темiрқазық логикасына, сондай-ақ қарастырылар iс материалдарының жеке-жеке детальдарына ғана сүйенiп, тұңғиықтан алып шығар жiңiшке сүрлеулi жолын iздейдi. Осындай шынайы қорғаушының күш-қайратының арқасында ғана әдiлеттiлiктiң туы желбiреп, кiнәсiз адам қамаудан босатылады. Былайғы жұрттың ұғымында егер адам қылмыс жасаған болса, ол тек жазалануға тиiстi, оны заң алдында ақтау қажетсiз деп бiледi. Қате пiкiр. Адамды қылмыскер ретiнде танымас бұрын, мiндеттi түрде, бұл қылмысты нақ соның жасағанын дәлелдеп алу керек. Ол көптеген факторларды қажет етеді. Адвокат мiндетi адамның жауапкершiлiгiн жеңiлдететiн қиыннан қиыстырылған дәлелдемелер табумен өлшенедi. Жасырары жоқ, кейде еш кiнәсiз адам да белгiлi бiр себептермен жауапқа тартылатыны кездеседі немесе оған жасаған қылмыстан артық жауапкершiлiк жүктеледi. Адвокат еңбегiнiң, шарықтау шыңы, шабыттың ақ тұлпарын ерттеуi осы жерде паш етiлiп, жарқыл қағады. Адам сот алдында тағылған айып бойынша емес, жасаған қылмысы бойынша ғана жазаға кесілуі шарт.
Қазақ халқы тарих сахнасынан кетпей, шешендiк сөз өнерi өлмек емес. Ақиқат, шындық көзiне бiрден-бiр тiктеп қарайтын сот төрелiгiнің дiлмарлығы қазақтың шешендiк көкжиегiнiң бояуын бiр ашық сүйемге де кемiтпейдi, қайта әр қосады, шырай бередi, нәр құяды. Дәлелді ой иiрiмiне әдемi сiңген келiстi сөздерден тұратын айыптаушылық, қорғаушылық сөйлеулер - екпінді тегеуіріні мен iшкi ырғағы тыңдарманды бей-жай қалдырмайтын айдарлы да айбарлы өнер. Бұл - дертке дауа сөз өнерiнiң қайранды тұнбасы. Келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сот шешендігінің тіл шеберлігі жетiлмеген бүгiнгi сот жүйесіндегі тұлғаларды кәсіби ұштаудағы үлесi шексiз. Сондықтан шын өнерге уақыт сарапшы демей, бағзы бiр заманнан атадан балаға мирас боп келе жатқан айбарлы өнерiмізді кәрi тарихтың еншiсiне қалдырып, мансұқ етпей, сот саласындағы ұлттық дәстүр жалғастығына сай қайта жандануы керек. Зады, келер күнге қажетi - осы. Таңдай қақтыра тамсандырар, тағдыр тәлкегiнде сүйеушi, тiреушi болар сот үдерісінде сөз қадiрiне иек артқан талай дарынды прокурорлар мен адвокаттардың маңдайы мен талайы жарқырап шығар күнi әлi алда; сөз қасиетiн бойына мол сiңiрген бiрегей таланттардың дүниеге келерi хақ. Сондықтан соттағы шешендiк өнер - өмiршең деген байлам түйдік. Тек бабадан қалған дәстүр талабынан шығатын болайық.
Ресей телеарналарындағы «Федеральная судья», «Час суда» аталатын хабарлар тақылеттес, төл телеарналарымызда қазақша сипаттағы хабарлар ұйымдастырылған ләзім. Сот жүйесіндегі озық тұс пен осал жақты танитын уақыт жеткенін тағы бір айтып өткізіміз келеді.
Сөз өнерiн шебер пайдалануды қажет етпейтiн мамандық бүгiнде жоқтың қасы. Тiптi адам қызметiнiң кейбiр салаларында сөйлей бiлу шеберлiгiн меңгермей жұмыс iстеу әсте де мүмкiн емес. Соның бірі - құқық қорғау органдары десек, асыра айтпаймыз. Ресейлік „Улица разбитых фонарей" сериалындағы кейіпкер-Лариннің „Тергеушінің басты қаруы - қалам" деуінде көп мағына бар. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің де барлық амал-әрекеттері қалам арқылы жүзеге асады, іс-әрекеті құжатта айғақталмаса, онысы заңзыздық болып есептеледі. Кейбір ағайындардың полиция қызметкерлерінің қалам ұстауын ерсі көретін мінездері бар, жазу-сызуды „менттерге" жат деп біледі. Қазіргі қоғамымызда қалыптасқан осы бір қасаң түсінікті өзгерткеніміз жөн-ау, ағайын.
Abai.kz