Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4332 0 пікір 20 Қаңтар, 2013 сағат 16:06

Ауыт Мұқибек. ЕСЕНҒАЛИДЫҢ ЕЛУ ҚОЙЫ

Суретте солдан оңға қарай: Білісбек Әбдразақ, Есенғали Раушанов, Ауыт Мұқибек.

(«Қазақстан-2050 » Стратегиясына орай)

Салмай жортқан жігіттен,

салмай құлындаған бие артық!

Халық мақалы

Есенғали - кәдімгі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік силығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов.

«Жазушы» баспасының Абай мен Гагарин даңғылдарының қилысында орналасқан «Баспалар үйінің» бесінші қабатында екенін елдің бәрі біледі. Осы қабаттың шығыс жақ басында Есағам отырса, батыс түкпіріне «Балдырған» журналының редакциясы қоныс тепкен. Сол балалар басылымында жұмыс істеп жүргенімде бір байқағаным, алыс-жақын шетелден, өте-мөте Шығыс Түркістаннан Алматыға атбасын тіреген үлкенді-кішілі қаламгер ағайындардың ең көп іздейтін, кездескісі келетін екі адамы болды. Оның бірі, әрине, менің Тұмағам - Тұманбай Молдағалиев та, екіншісі осы Есенғали Раушанов.

Суретте солдан оңға қарай: Білісбек Әбдразақ, Есенғали Раушанов, Ауыт Мұқибек.

(«Қазақстан-2050 » Стратегиясына орай)

Салмай жортқан жігіттен,

салмай құлындаған бие артық!

Халық мақалы

Есенғали - кәдімгі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік силығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов.

«Жазушы» баспасының Абай мен Гагарин даңғылдарының қилысында орналасқан «Баспалар үйінің» бесінші қабатында екенін елдің бәрі біледі. Осы қабаттың шығыс жақ басында Есағам отырса, батыс түкпіріне «Балдырған» журналының редакциясы қоныс тепкен. Сол балалар басылымында жұмыс істеп жүргенімде бір байқағаным, алыс-жақын шетелден, өте-мөте Шығыс Түркістаннан Алматыға атбасын тіреген үлкенді-кішілі қаламгер ағайындардың ең көп іздейтін, кездескісі келетін екі адамы болды. Оның бірі, әрине, менің Тұмағам - Тұманбай Молдағалиев та, екіншісі осы Есенғали Раушанов.

Бір қызығы, Есенғали Әбдіжаппарұлы бір орында байыздап көп отырмайтын, ары-бері жүрісі көп, қимылы тез, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін жан. Мен де солаймын, өз бөлмемнен Тұмағаның кәбинетіне жиі қатынап жүрем. Жұмыс күндері Есағаңмен залда әлденеше рет ұшырасып қалып жатамыз. Қанша кездессем, сонша мәрте «Ауытпысың, қыздарға қауіппісің?» деп анадайдан өлеңдетеді. Кейде біздің бөлімге салып ұрып, өзі жетіп келетіні бар. Ал, өз кәбинетіне кіре қалсаң болды, қызметкер қызына шай алдырып, дәм татырмай шығармайды. Сіз оны айтасыз, ақын ағамыз қолы қалт ете қалса болғаны, шетелдерге де тартып отырады. Телефон соқсаң, бірде Түркияда, енді бірде Қытайда, кейде Германияда жүрмін дейді аман-сәлеміңді алмай жатып...

Қазақша мен орысша өз тілі ғой, жасы елуден асқанда ағылшыншаны да біліп алған ағамыз. Баспалар үйінде жүретін кениялық  жігітпен мүдірмей сөйлесе береді. Сондықтан «әлемнің қай түкпіріне барсам да, тілден «грамм» қиналмаймын қазір» деп қояды. Міне, орта жастың ортасынан ауғанда «Үш тұғырлы тілдің» қызығын көріп жүрген бір қазақ ақыны болса, ол - осы Есенғали көкем!

Өткен жылы, Мұқағалидың сексен жылдығының қарсаңында Құлжадан Білісбек Әбдразақ келе қалды. Бітәй ағам ақын тойында өтетін мүшайрадан екінші орынды жеңіп алған болатын. Сол марапатын алуға келген беті еді. Дәстүр бойынша Тұмағаға сәлем берген соң, Білісбек те Есенғали ағасына кездесе кеткісі келетінін аңғартты.

Қанша кіріп-шығып жүрмін, ақын бола тұра, Есағамыз әдебиет, өлең жөнінде өмірі тіс жармайды. Есесіне арғы бетте қалған ағайынның жағдайын, көшіп келген қандастардың күн көрісінің не болып жатқанын көбірек сұрайды. Бір емес, бірнеше қайталап сұрайды. Қанша кездессең, сонша рет сұрайды. Одан қала берді, төрт түлік мал жайлы әңгіменің майын тамызады да отырады. Адайдың тегін, ары кеткенде, жеті атаға шейін ғана тарата алатын болуы мүмкін. Ал, құстардың қай түріне салыңыз, түп-тұқиянынан қазіргісіне дейін жаңылмай жіпке тізіп айтып береді. Ары қарай жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт, сұлу қызға кетеді дейсің көсілтіп...

Сөйтсек, оның біз білмейтін өзіндік мәні бар екен.

Сол кездесуде Есенғали Раушанов мына бір әңгімесімен Білісбек екеуміздің көзімізге жас үйірді. Істің ұзын-ырғасы былай болған:

Осыдан біраз жыл бұрын ақын ағамыз Қытайдан көшіп келген Серік атты жігітпен танысады. Серік шиеттей үш баланың әкесі екен. Әйелімен бір отбасында бес-ақ жан. Қойшылықты арғы аталарынан бері жалғастырып келе жатқан қаратабанның өзі болып шығады. Ақын ағасы өз әдетімен қандасының хал-жағдайын сұрай кетеді. Сөйтсе, Серік баһадүріңіз арғы беттегі азын-аулақ малын, баспанасын, тиесілі жерін сатқан да, Қазақстаным қайдасың деп тартып отырған. Келгесін Алматының маңайындағы ауылдардың бірінен қолда бар қаражатына мал қамайтын қора-қопсысы бар үш бөлмелі жер үй сатып алады. Көші-қон жағынан беретін квотасын әперем деген делдалдар мың долларын алып, алдап кетеді. Ары қарайғы жерде тіршілігінің тұралаңқырап тұрғанын айтады. Сөзі пысық, жанары от шашқан, еңсегей бойлы жігітке қарап, жаны ашыңқыраса керек, Есенғали аға бүй дейді.

- Серік батыр, сен саспа, былай істе: мен саған елу бас қазақы саулық алып берейін. Сен соны бақ, тудыр. Үш жылдан кейін сол елу қойымның басын дін-аман өзіме қайтарсаң болғаны. Ал, осы аралықта өсетін төлін өзің пайдалан. Жақсы бақсаң, бір қора қой айдап шыға келесің әлі-ақ!

Есептеп көрсе, елу қойдың құны Есенғали ағаның шетелге, айлап жүргеннің өзінде, екі-ақ рет шығып келуіне кететін сома екен.

Уәде орындалады. Аяқ астынан елу қойлы болған Серік екі нәсілді қошқар сатып алады. Келесі көктемде елу саулық жалқылатып, егіздетіп түгел қозылайды. Еркегінің бәрін сатып, сойып, тұрмысытық қажетіне жұмсайды. Асқан тиын-тебеніне аналық алып, қорасына қосады. Екінші жылы 70-80 бас төлдейді. Соңғы жылы жүздің үстінде саулық қозы ертеді. Кәнігі малшы мал басын үйреншікті әдіспен реттеп отырады... Осылайша, үш жыл өткен соң, дәл қоңыр күзде інісі Есағасына:

- Аға, келіп қойларыңызды алып кетіңіз. - деп телефон соғады.

Есенғали барса, бір ту қойдың басы кесіліп, қазанға былқытып ет асылған. Сол маңдағы көрші-қолаң тайыл-таяғы қалмай түгел жиналған. Есік алдындағы ағаш көлеңкесіне кілем жайылып, көрпе төселіп, қос-қостан құс жастық қойылған. Ат шаптырым етіліп, аспа-төк дастарқан жайылған...

Қараса, Есенғалиға деп бөлінген малдың қарасы елу тұяқтан әлдеқайда көп. Көрсең, көзің тұнатын кілең бір арқардай  саулықтар, еліктей тоқтылар. Маңына жуытпай, аспанға секіреді.

Сөйтсе, Серігің де ағасына тартқан ердің ері екен. Әр жылы туған төлден он бесін арнайы іріктеп алып, бөлек ен салып, Есағасы берген елу қойға қосып отырған. Сөйтіп, Есенғалидың елу қойы межелі мезгілде тоқсан бес бас болып қайтарылмақшы екен.

Дәл осы тұста Серіктің үйіндегі Есағаңның келіні тұрып:

- Әй, Серік, біле білсең, Есенғали аға бізге Атажұртта Алла жолықтырған Қыдыр баба болды ғой! Ол кісі Нұрмұхамет деген жиен ұлым бар деген өткенде. Соған атап тағы бес тоқтыға ен сал. Сонымен дөңгелек жүз бас етіп, рахметімізді айтып, қайтарайық ағаға. Өз малымыз да, Құдайға шүкір, жүзден асып жығылды ғой, әне!» -  депті.

Міне, қызық! «Алаған қолым - береген», «Біреудің жаясын жесең, өзіңнің ұшаңды сайла» дегенді зердесіне тоқып өскен нағыз қазақ осындай болады!

Қожайынның артық мал алмаймын деп азар да, безер болғанына қойшы жігіт тіпті көнбейді.

Қандасының қорасына мал сап берем деп жүргенде, Есенғали Раушановтың өзі, ойламаған жерден, 100 қойды айдап шыға келеді.

Содан не істеді дейсіз ғой?

Есағам басқа батаны жасайды. Еттен асайды. Ерсілі-қарсылы ыстық лебіздер, ақ тілектер айтылады. Сосын сол Серікке берген шартпен 100 бас қойын сонда көшіп келген екі қандасына елу-елуден тағы бөліп береді де, Алматыға қайтады. Арада зымырап және үш жыл өте шығады. Бұл жолы барса, баяғыдай емес, екі жерде қазан асылып, екі төрде дастарқан жасалған. Қойшылардың қорасында Есенғалиға деп бөліп қойған екі жүз тұяқ тұр дейді маңырасып.

Енді не істеді дейсіз ғой Есаға?

Енді 200 қойды елу-елуден төртке бөліп, баяғы әдіспен жаңа көшіп келген төрт отбасына санап өткізеді де, бұйырған дәмнен ауыз тиіп, жолға түседі...

- Жақында барып, көріп келдім. Келесі жылы, Алла аманшылығын берсе, сол екі жүз саулық төрт жүз болып қайтқалы тұр. Мен ол малды қайда апарам, қидым сол ағайындарға. Басқасын қойшы, шеттен келетін туыстардың еңбеккерлігі, төзімділігі өз алдына, адалдығына, кісілігіне, жомарттығына дән риза болдым. Малшыны және тауып қойдым, енді сегіз отбасыға тағы бөліп берем сол төрт жүзді. Бағам десеңдер, Ауытжан, мына Білісбек екеуіңе де елуден қой берейін. -дейді Есағам екі езуі құлағына жете күліп...

- Мұндай көмекті Үкімет екеш Үкімет те жасаған жоқ шеттен келген қандастарына. Мынауыңыз тура мемлекет өзі қолға алып, кешенді бағдарлама етіп, ұзақ мерзімге жалғастыратын шаруа ғой!.. - деймін мен таң қалып.

- Рас, Есенғали аға, ерлеген екенсіз! - дейді Білісбек досым да жасты көзін сүртіп жатып.-Бізге бермей-ақ қойыңыз, сол ауылдан келетін отбасыларға көмектескеніңізге рахмет!!!

Ақын ағамызбен естелікке фотоға түсіп, бетінен сүйдік. Қоштасып, далаға шықтық. Абай даңғылының арғы бетіндегі аялдамаға қарай аяңдап барамыз, есептеп барамыз:

- Сегізден кейін, он алты.

- Он алтыдан кейін, отыз екі.

- Одан ары алпыс төрт.

- Бір жүз жиырма сегіз.

- Екі жүз елу алты.

- Бес жүз он екі...

- Қысқасы, отыз жылда «Есенғалидың елу қойы» тұп-тура 51200 басқа жетеді. Қазақ көші осы беті тоқтап қалмаса, 1024 отбасы қорасынан елуден «Шопан ата» түлігін өргізеді деген сөз, Білісбек!..

Ал, отыз жылда қандастарымыздың қорасында өсімнен қалған  қойдың саны қанша басқа жететінін есептеуге Білісбек екеуміздің шолақ арфиметикамыз, шыны керек, жетіңкіремеді. Бірақ, түгін тартсаң, майы шығатын Жетісудың сай-саласы қалайда мыңғырған малға толары даусыз. Бұдан артық не керек алыстан келген ағайынға!!!

Аман болса, Есағам сексен алты жасқа келеді екен ол кезде. Я, квота болса тоқтатылды. Оралман бауырлар, енді не істейді, әзірше сол Есенғалидың елу қойымен  ілдалдалай тұрсын. Міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясы жасалды ғой жақында, еліміз сонау екі мың елуінші жылға қарап отырмай, отыз-ақ жылда дамыған отыз елдің болмаса да, отыз бір не отыз екі елдің қатарына қосылады. Өйткені Қазақстанның даму қарқынының ұшқан құстан да тез екенін кешегі «Қазақстан-2030» шындап дәлелдеп берген жоқ па?! Сөйтіп,  Есенғали ағам тоқсанға таяғанда Үкіметіміз де ес-ақылын жиып, оң-солын танып, шетте де қазақтарымыз бар еді-ау деп көз қырын бір салатын шығар!? Басын бастап, осынау жерге дейін әкелген, жемісін берген Есенғали кәрияның дайын «бағдарламасын» Қазақ үкіметі ептеп өз қолына ала бастайтын болар. Алла соған аман жеткізсін!

Не керек, баяғы көсемдердің кезі болса, нағыз «мың-мың жаса!» дейтін кісің осы Есенғали Раушанов еді. Ол заман келмеске кеткелі қашан!? Әзір де ептеп айтуға болатын шығар. Бірақ, одан гөрі, өзіміздің Жәкем - Жамбыл атамыздың жасына келіңіз деген әлдеқайда қисынды, жөн емес пе!

Тоқсан тоғыз емес, жүз жасаңыз, Есенғали көке!!!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338