Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 4972 56 пікір 5 Қазан, 2022 сағат 12:17

Украина Елшісін елден шығару - Ресейге тәуелділіктің көрінісі!

Осыдан біраз уақыт бұрын, тамыз айының аяқ шенінде Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский қазақ блогеріне екі ауыз сөзбен сұхбат беріп, оған ел шу ете қалды.

Төтенше және Өкілетті елші деген атағы бар, өз елінің мүддесін мұрат қылған дипломат Врублевский, сөзбе-сөз: «Стараемся убить как можно их больше. Чем больше мы убьем русских сейчас, тем меньше придется им убивать наших детей. Вот и все!» - деген еді. Қазақшаға қотарсақ: «Оларды көбірек өлтіруге тырысамыз. Біз қазір орыстарды қаншалықты көп өлтірсек, олар біздің балаларымызды соғұрлым аз өлтіреді. Бары осы», - деді.

Елші Врублевскийдің осы айтқандары Қазақстан қоғамында қызу талқы тудырды. Ресей билігінің агрессиясына қарсы халық Елшіні жақтады. Ал әншейінде бар-жоғы белгісіз жататын, ел ішіндегі ұлтаралық кикілжіңдерге қатысты «ләм-мим» деп жақ ашпайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы дейтін әйдік ұйым бірінші болып бас көтерді.

«Елші Врублевский ел ішіне іріткі салуда. Сондықтан оны елден шығарайық», - деп үндеу жасады. Ой, пәлі... Ассамблеяның апыл-ғұпыл жасаған үндеуіне Қазақстанның есті жұрты наразылық танытты. Тіпті, Ассамблеяны тарату туралы арнайы петиция да жариялады.

Онан соң, Қазақстандағы сойы орыс бірлі-жарым белсенді де бұлқан-талқан болды. Артынан ҚР Сыртқы істер министрлігі Елші Врублевскийді шақырып алып, ескерту жасады. Елші: «Мақұл көндім», - дегендей болды. Осымен гу-гу гәп тәмам болуы керек еді.

Жоқ. Іске Ресей араласты. «Украинаның Қазақстандағы елшісін Қазақстан билігі елден қуып шығуы керек», - деп талап қойды. Бұйырып сөйледі. Осыдан соң, Елші Врублевский Киевке қайта оралғаны белгілі болды. Ресми түрде: «Елші еңбек демалысына кетті», - деді.

Кеше сол Елші Врублевский Қазақстанға қайтып оралды. Астанаға, өзінің жұмыс орнына қайтып келді. Осы ақпарат жарыққа шыға салысымен, Ресей тағы шулады. «Орыстарды қыру керек» деген Врублевскийді Қазақстан неге қайта алдыртты?», - деп шулады. Ресейдің пропогандалық арналарындағы көбік ауыз көп саясаткерсымақтар ғана емес, РФ Сыртқы істер министрлігінің өзі комментарий берді. РФ СІМ-інің арнайы өкілі Мария Захарова: «Өте өкінішті. Астананың «мынау «бандералық эмиссардың» Қазақстанға қайта оралмайды», - деген уәдесі орындалған жоқ. Бұл аам Қазақстан астанасына қайтып оралды. Жай ғана, киім-кешегін жинап кету үшін оралмағаны түсінікті. Ол дипмиссия басшысы ретінде жұмыстарын жалғастыруда», - деп сөйледі.

Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаевты РФ СІМ-іне арнайы шақыртып, ескерту жасады. «Ресей Федерациясы мұндай жағдайға алаңдаулы», - деді, жұмсартып айтсақ.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің бұл әрекеттеріне Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де жауап қатты.

ҚР СІМ мәлімдемесі:

«РФ СІМ-інің ресми өкілі Мария Захарованың пікіріне қатысты айтарымыз, Украинаның Қазақстандағы елшісін елден шығару туралы мәлімдемесі һәм сөйлеу мәнері Қазақстан мен Ресей арасындағы тең құқылы әріптестік, одақтастық қарым-қатынастар сипатына қайшы.

Украина тарабына да, Қазақстан қоғамына да Елші Врублевскийдің сөздеріне қатысты Қазақстанның ресми позициясы түсіндірілген. Елші Врублевскийдің сөздері Қазақстандағы этникалық орыстарға жағымсыз әсер еткені айтылды. Украина тарабы да Елшінің бұл сөздері дипломатиялық қателік болғанын айтты», - деді.

Бұл ҚР СІМ-інің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөздері. Смадияров мырза Украинамен келіссөз өткенін, Украина тарабы жағдайды түсінгенін және Елші Врублевскийді қызметінен босататын болып уағдаласқанын айтты.

«Украина Сыртқы істер министрлігі тарабынан Қазақстанға жаңа Елші тағайындау туралы ұсыныс түсті. Біз бұл мәселеде Украинамен толық келісіп, жұмыс істеп жатырмыз. Елші Врублевскийдің теріс репутациясы қалыптасты. Сондықтан ҚР СІМ-інде онымен ешқандай кездесу жоспарланбаған», - депті.

Ресей елшісін шақыртып, ескерту жасалады

Ресейдің Қазақстандағы Елшісі ҚР СІМ-іне шақыртылды. Оған кешегі Мария Захарованың сөздеріне қатысты ескерту жасалады.

«Ресей Елшісін шақырттық. Басты талқы – РФ СІМ-інің ресми өкілі Мария Захарованың мәлімдемесі. Мария Захарованың сөйлеу мәнері – екі ел арасындағы тең құқылы әріптестік байланыстар принципіне қайшы келеді», - депті Смадияров мырза.

Жалпы, Елші Врублевскийдің әрекетіне баға әділ берілуі керек. Ресей билігі бұйырды, Ассамблея айтты екен деп, Елшіні елден шығару – саяси тәуілділіктің белгісі!

Рас, «Мұндай іс-әрекет мемлекеттер арасындағы достық мәмілеге кедергісін тигізбеуі тиіс» (СІМ-нің мәлімдемесінен). Дипломатиялық қызметтің ережесі мен этикасы солай. Дауымыз жоқ.

Мәселе мүлде басқада. Ресейдің оккупант әскері жүздеген, мыңдаған бейбіт халықты қынадай қырып, миллиондарды үй-жайын тастап, бостырып жіберген, әскери емес нысандарға, тұрғын-жайларға күн демей, түн демей зымыран жаудырып жатқан қанішер тірлікке Елші не деуі керек еді? Дүниежүзінің есті жұрты айыптаған алапат соғыста орыстың оғынан қырылып жатқан украиналықтардың өлгені дұрыс болды деуі керек пе?

Рас, «убьем русских» дегені доғалдау сөз. Тұтас халықты ғайбаттау – дипломаттың тіліне жат. Әсілі, бұны Елшіден гөрі, өз елінің патриоты, жанкешті азаматы еріксіз эмоцияға беріліп айтқан сөз деп бағалау керек.

ҚР Сыртқы істер министрлігі шақыртып, ескерту жасалды ма? Жасалды! Осымен гәп тәмам болуы керек еді. Ал оны елден шығару – Ресей билігіне тәуелділіктің нақты көрінісі! Басқа сөз жоқ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

56 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5331