Бала бағып баюға бола ма?
Жекеменшік балабақшаларға мемлекет оң көзқарас танытпай келеді
«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей». Адам баласының кейін қандай тұлға болып қалыптасатыны, оның мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады екен. Бұл ретте ата-анасы күні бойы жұмыстан босамайтын, үйдегі теледидардан көретін құбыжық кейіпкерлерге толы мультфильмдерге қарап өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі туралы оптимистік тұрғыда ойлаудың өзі пессимизмге жетелейтін сынды. Ата-әже институты өткен заманның еншісінде қалып бара жатқан тұста Елбасының «Балапан» бағдарламасын енгізгені игілікті қадам болды. Әсіресе сәбиіне жеке күтуші жалдауды қалтасы көтермейтін, мемлекеттік балабақшалардағы ұзын сонар кезекке жетуді арман қылған ата-аналар үшін бұл ақжолтай жаңалық еді. «Балапанның» арқасында бастау алған жекеменшік балабақшалар саны Атырауда 11-ге жетті. Басқа өңірлермен салыстырғанда аз, әрине, бірақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлағатты орынның санынан бұрын сапасы маңызды.
Лицензиясы жоқ сала
Жекеменшік балабақшаларға мемлекет оң көзқарас танытпай келеді
«Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей». Адам баласының кейін қандай тұлға болып қалыптасатыны, оның мінез-құлқы мен өмірге бейімділігі 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне байланысты болады екен. Бұл ретте ата-анасы күні бойы жұмыстан босамайтын, үйдегі теледидардан көретін құбыжық кейіпкерлерге толы мультфильмдерге қарап өсіп келе жатқан бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңі туралы оптимистік тұрғыда ойлаудың өзі пессимизмге жетелейтін сынды. Ата-әже институты өткен заманның еншісінде қалып бара жатқан тұста Елбасының «Балапан» бағдарламасын енгізгені игілікті қадам болды. Әсіресе сәбиіне жеке күтуші жалдауды қалтасы көтермейтін, мемлекеттік балабақшалардағы ұзын сонар кезекке жетуді арман қылған ата-аналар үшін бұл ақжолтай жаңалық еді. «Балапанның» арқасында бастау алған жекеменшік балабақшалар саны Атырауда 11-ге жетті. Басқа өңірлермен салыстырғанда аз, әрине, бірақ ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлағатты орынның санынан бұрын сапасы маңызды.
Лицензиясы жоқ сала
Бизнес бала тәрбиесіне де келіп жетті. Қалтасы қалыңдау отбасылардың балаларын жинап алып, білім мен тәрбиеге баулимын десеңіз де, ешкім қолыңыздан қақпайды. Тіпті мемлекеттік бағдарламаның аясында біраз көмекке де ие бола аласыз. Мысалы, қазір жекеменшік балабақшаларға бұрынғыдай лицензия алып жұмысты бастау міндетті болмай қалды. Яғни ешқандай лицензиясыз жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркеліп, жұмыс істей беруге мүмкіндік бар. Бұл - мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің санын көбейту мақсатында жасалған жеңілдіктің бірі. Енді жекеменшіктегі балабақшаларға аттестациядан өту, мемлекеттік аккредитация алу, жоғары санатты педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етілу де міндетті емес. Елбасының «2020 жылдарға қарай елде балабақшамен қамтылмаған бірде-бір бала болмауы тиіс» деген сөзінен кейін жолға қойылған бұл мәселелердің пайдалы тұстары бар да шығар. Бірақ, біздің ойымызша, әңгіменің төркіні ұрпақ тәрбиесіне келіп тірелетін тұста осынша жеңілдіктің ауыр салдары болуы ықтимал. Мұны Атырауда алғаш болып жеке балабақша ашқан Сәуле Отарбаева да айтады. «Балабақша - қасиетті орын, - дейді ол. - Өйткені бұл жерде елдің ертеңі тәрбиеленеді. Жекеменшік балабақшаларды лицензиялаудың жойылуы кәсіпкерлікке кең өріс береді дегенімізбен, ұрпақ тәрбиесіне кім болса соның араласып кету қаупін де туғызады. Біздің балабақшада қазір үш топта 64 бала тәрбиеленіп жатыр. Қызмет көрсетудің айлық құны 50 мың теңгені құрайды. Бірақ түптеп келгенде, түскен қаржы қызметкерлердің жалақысына, баланың тамағына, коммуналдық қызметтерге, материалдық базамен қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондықтан пәлендей пайда көріп отырмын дей алмаймын».
Мектепке дейінгі білім беру саласына енгізілген бұл жаңалықтың көлеңкелі тұсы қайбір жылы Астанада мұсылман балабақшасының бой көтергенінен көрінді. Құзырлы органдардың араласуымен ғана жұмысын тоқтатқан мұндай балабақшалардың басқа жерлерде де жасырын жұмыс істеп жатуы әбден мүмкін. Сондықтан да лицензиялау ісіне жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бұл - мемлекеттік деңгейде қайта талқылануы тиіс мәселе.
«Мектепке дейінгі мекемелерді лицензиялау тоқтатылғанымен, олар меншік түріне және ведомстволық бағынуына қарамастан, бес жылда бір рет аттестациядан өтіп тұрады, - деп түсінік берді облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиев. - Ал қайтадан ашылған балабақшаларды аттестациядан өткізу үш жылдан кейін жүргізіледі».
Субсидия беру шешілсе...
Мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесінде мемлекеттің қолдауы болуы - маңызды шарт. «Балапан» бағдарламасының аясында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту жолға қойылды. Республикалық бюджеттен жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жүзеге аса бастады. Бірақ бұл ретте Атырау облысының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. «Балапан» бағдарламасының орындалысына барлау жасаған облыс прокурорының аға көмекшісі Ләззат Нұрмағамбетова жекеменшіктегі балабақшаларға мемлекеттік білім тапсырысын орналастыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен бір тиын да қаржы қарастырылмағанын айтады. Мұндай тапсырысты қабылдау комиссиялары тек Құрманғазы, Исатай аудандарында құрылған. Ел Үкіметінің жекеменшік балабақшаларға субсидия беру туралы қаулысы қараусыз қалып келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің шеңберінде ай сайын балабақша төлемінің бір бөлігін ата-ана төлесе, қалған бөлігін жергілікті әкімдіктер өз мойындарына алуы тиіс. Егер бұл жағдай тұрақты үрдіске айналса, балаларын жекеменшіктегі балабақшаларға бергісі келетін, бірақ материалдық жағдайы мүмкіндік бермейтін отбасыларға жол ашылар еді.
Балабақша ашамын десеңіз...
Жекеменшіктегі балабақшалар желісінің қатарын көбейткісі келетіндерге «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының аясында жеңілдіктер қарастырылғанын жоғарыда атап өттік. Әсіресе шағын бизнеспен айналысуды арман қылған ауыл тұрғындары үшін біраз басымдықтар қарастырылған. «Даму» қорының бас менеджері Рүстем Тұяқовтың айтуынша, бүгінде жекеменшік балабақша ашуға қатысты «Таза бұлақ» ЖШС мен «Хан Шатыр» ЖК-лерінің бизнес жобалары қаралу үстінде екен. Олар «Альянс Банк», «Халық банкі» АҚ-тарынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алу үшін несие комитетінің шешімін күтуде. «Даму» қорының бұл қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлер несиелерінің белгілі бір пайыздық бөлігіне жеңілдік ала алады. Рүстем Тұяқов сондай-ақ облыстық білім беру басқармасына жекеменшік балабақшалар ашу жөнінде бизнес-жобаларды қарауға және қолдау көрсетуге дайын екендері жайында хат жолдағандарын да айтады. «Балапанның» бұл «базарлығы» қалтасынан бұрын ұрпақ қамын күйттейтін ізгі адамдардың бизнес әлеміне енуіне де түрткі болары анық. Шыны керек, бүгінге дейін ашылған облыстағы 11 жеке балабақша жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалып келді. «Мемлекеттік мекемелердің тарапынан бізге деген басқаша көзқарастың бары менің көңіліме қаяу түсіреді, - дейді аты-жөнін айтуды қаламаған жеке балабақшаның иесі, - біз тек тексерулер кезінде ғана еске түсеміз. Меншік түріміз бөлек болғанымен, «илегеніміз бір терінің пұшпағы». Сондықтан да әкімшілік кедергілердің болмауын қалаймыз».
Аудандарда неге жеке балабақша жоқ?
Бұрын мемлекеттік балабақшаларда коммерциялық топтар жұмыс істеді. Бұл топқа баласын берген ата-ана тамақтан бөлек, қосымша қызметтер үшін ақы төлеп отырды. Ел Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсанда бекітілген №1355 қаулысына сәйкес, коммерциялық топтар жабылды.
Жекеменшік балабақшаға қатысты өңірде қалыптасқан бір жайт - мұндай нысандардың тек облыс орталығында ғана жұмыс істейтіндігі. Аудандардың бірде-бірінде меншік иесі жеке тұлға болып табылатын балабақша жоқ. Ал ауылдарда балабақшаға баруды армандаған балалардың көп екені белгілі. Аудандардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етілу деңгейі көтерілмей келеді. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан Есенғалиев Мақат ауданынан ғана бір ұсыныстың болғанын айтады. Мақаттық жеке кәсіпкер К.Алдияров аудандық білім бөлімі мен экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жеке балабақшасына мемлекеттік тапсырыс орналастыру жөнінде өтініш жазған. Оған аталған бөлімдер бұл мақсатта арнайы комиссия құрылатыны туралы жауап бергенімен, кәсіпкер әзірге құжаттарын тапсырмапты.
- Ауылдық жерден жеке балабақша ашу қиын деп ойлау қате, - дейді Сатқан Ыбырайұлы, - тек кәсіпкерлердің тәуекелі жетпей отыр. Мемлекеттік тапсырыс алудан қорықпау керек. Жергілікті әкімдік жанындағы арнайы комиссияға қажетті құжаттарды тапсырсаңыз және бұл іске бел шешіп кіріссеңіз, алынбайтын қамал жоқ.
Алайда билік тарапынан әлі де қолдау мен көмектің болмай отырғанын айтқан жөн.
Жекеменшікте болсын, мемлекеттің қадағалауында болсын балабақшаның міндеті біреу - ұлттың ұрпағына ұлағат нәрін сіңіру. Бесіктен енді шыққан сәбидің санасына ізгілік нұрын құю. Жаңа заманның жасампаз жетістіктерімен тәрбиелеу. Бала бағып баюға мүмкін, болар, мүмкін, болмас. Мәселе онда емес. Мәселе - елдің ертеңі, бүгінгі бүлдіршіннің қандай ортада, қандай үлгі көріп өсетіндігінде. Осы орайда, жекеменшік балабақша иелері байлыққа белшеден батуды көздегендер деп емес, кемел елдің келешегін тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүргендер деген көзқараста қарайтын уақыт жеткен сынды...
Автор: Бақытгүл БАБАШ, Атырау
"Алаш айнасы" газеті