Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 5456 4 пікір 6 Қазан, 2022 сағат 12:11

Мұхаң, Сәбең һәм Әрхам

(өткен ғасырдың орта тұсында қалыптасқан ахуалға қатысты бірер сөз)

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Кеңес Одағында билік бір-ақ кісінің қолына түсті. Диктаторлық жүйенің дамуы шырқау шегіне жетті. Сталин ақ десе алғыс, қара десе қарғыс, болды, бітті. Қызыл империя көлеміндегі ахуал, әрине, осы жүйеге сәйкес қалыптасты. 1949 жылы қабылданған Мәскеудің «Космополитизм туралы» деген Қаулысы иялы қауым басына репрессияның қара бұлтын қайтадан үйірді. Осы айтылған ахуалдың тамшыдай мысалы қазақтың қос классик жазушы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов (1900-1973) арасына жарықшақ түсуі. Төмендегі сөзіміз сол жайлы болмақ.

Қазақ әдебиеті қос алыбының арасы 1950 жылдан беріде жақсы бола қоймады. Ал оған дейін ше? Әуелі осы алдыңғы кезеңге көз салайық.

Екі жазушының таныс-білістігі 1933 жылға дейін сырттай ғана  бопты. Оның себептері баршылық. Мәселен, 1931 жылы Мұхаң қамауға алынып, прокурор 1932 жылы 20 сәуірде 3 жылға соттап, жазасын шартты түрде атқаруға кеседі. 22 мамырда Алматы түрмесінен босатылған-ды. Ұстараның жүзіндей қауіпті тұста жазушының отбасы Ленинград қаласына көшіп барып, пана іздеуге мәжбүр болған-ды.

Сәбеңнің жұбайы Мәриям Қожахметқызы Мұхаң мен Сәбеңнің алғаш рет қандай жағдайда жақын танысқаны жайлы былай деп дерек береді: «1933 жылдың көктеміне қарай Сәбитке Мұхтар Ленинградтан «жанұямды көшіріп әкеле жатырмын» деп телеграмма берді. Қарсы алып, жатақханамызға қондырдық. Тамақ ішкеннен кейін Сәбит пен Мұхтар екеуі ас бөлмеге кіріп алып, түні бойы сөйлесті. Көз шырымын алдырмай, таңертең Алматыға шығарып салдық».

Сәбиттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев Сәбит пен Мұхтар арасындағы тату-тәтті қарым-қатынас талай жылға созылған дейді. Оған дәлелдер бар. Мұхаңның «Ескілік көлеңкесінде» атты сонау 20-жылдардағы әңгімелер жинағына жарық көру мүмкіндігі туғанда, оған 1935 жылы Сәбең редактор болып, қысқаша алғысөз жазады. Қол ұшын беру деген осы емес пе. Онан соң екі жазушы бірлесе отырып, Ақан сері туралы опера либереттосын жазады, аты «Ақан».  Алғашқы әңгімесі «Қорғансыздың күнінен» бастап «Мұхтар еуропалық мәдениет деңгейінде шығарма берді» дегенді айтқан да Сәбит Мұқанов еді дейді профессор Т. Кәкішев.

Сондай-ақ, 1941 жылы «Абай жолы» романын қолжазбадан оқыған соң-ақ Сәбең: «О романе «Абай» я высокого мнения. Стоит на уровне романов настоящих мастеров прозы Европы» деп ақжарма пікірін білдіреді. Өз кезегінде Мұхаң да қарызды боп қалмаған. Мәселен, 1946 жылғы «Жолы кең жазушы» атты мақаласында: «Сәбиттің аты қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі. Оның аты бүкіл Одақ елінің оқушысына да мәлім» деп әріптесі шығармашылығына шынайы да әділ бағасын береді. Расында да, бұл кездерде Сәбеңнің «Сұлушаш», «Адасқандар», «Жұмбақ жалау» атты кітаптарын исі қазақ сүйсіне оқыды һәм олар өзге тілдерге аударылып жатты.

Амал қанша, тату-тәтті қарым-қатынас 1950 жылдардың басында нілдей бұзыла бастаған. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, оған Мәскеудің «Космополитизм туралы» қаулысы себепкер болды.

1951 жылы маусым айында «Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс» деп аталған мәжіліс өтті. Текетірес көкесі сонан басталған. Сол жолы С. Мұқанов доклад жасап, Мұхаң басына қара бұлтты үйіріп бақты. Құр сөз болмауы үшін көлемді баяндамадан бірер мысал. «Қайым Мұхаметхановтың биыл Алматы қаласында қорғаған «Абайдың әдебиеттік мектебі» деген диссертациясы қорғалғанда, –  дейді Сәбең, – оппоненттің бірі боп Әуезов жолдас оны мақтайды, ал «Абай шәкірттері» тізімінде халыққа жат элемент Тұрағұл да жүреді».

Әбіш Жиреншиннің «Абайдың орыс достары» деген зерттеу еңбегіне де соқтығады Сәбең.  «Бұл диссертацияның да тең жартысы Әуезов атап жүрген «Абай шәкірттері» дегендерді мақтауға құрылған» деп бәле жабады («Әдебиет және искусство» журналы, 1951 жыл, № 7,  64-75 бб.).

Бір сөзбен айтқанда, аталған мәжіліс «ғылыми» айтыс болмай,  Мұхтар Әуезовке соққы беруге бағытталды. Мәжіліс көздеген мақсатына жетті. Енді «Ақын аға» романының авторы Мұхтар Әуезов   Мәскеу қаласына барып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Шәкірті Қайым аға халық жауы ретінде тұтқынға алынып, 25 жылға сотталды. Партияның қаһары доцент Әбіш Жиреншинді де айналып өтпеді. Ол Орталық мұражай директорлығынан босатылды, партиядан шығарылып, жер аударылды.

Бақталастық дерті, яки қос жазушының бірін бірі қажауы мен мұқатуы жалғаса берді. Сәбең Мұхаң жайлы өсек сөздің шоғын дәйім үрлей берді, Мұхаң да қарап қалмай, Сәбеңнің осал тұстарын тауып, ащы тілмен аямай осып отырды (екі қаламгердің бірі - біріне кінә артқан  хаттары Тұрсын Жұртбайдың «Талқы» атты роман-эссесінде жарияланған).

Саяси қыспақтан құтылу үшін Мұхаң 1953 жылдың 18 майында «Литературная газетаға» ақталып, «қателерін» мойындап «Ашық хат» жазды. Соған қарамастан сойылдың ұшы шығармашылығына тиді. «Абай жолы» эпопеясында Шәкерім бейнесін, өзге де кейіпкерлерді шынайы сомдауға жол жабылды. Мұхаң, әрине,  тығырықтан шығудың айла, амалын іздестірді.  Мәселен, қазақ кейіпкерлері түгіл, өзге ұлт өкілдері есімі де өзгертілді. Е.П. Михаэлис Михайлов, ал Н.Долгополов Павлов делінді дегендей. Тарихи нақтылықты бәрінен жоғары қоятын жазушыға бұл, әрине, ауыр жаза. Сол сияқты Абайдың досы болған атасы Әуездің эпопеяға мүлдем енбей қалғаны айта қаларлық өкініш. Жағдайды «Абай» романын даттаған мәскеулік А.Марченко дегеннің мақаласы да ауырлата түсті.

Осы айтылғандар айтыс-тартыс зардабы  қымбатқа түскенін аңдауға жеткілікті сияқты. Өстіп Мұхаң мен Сәбең арасы суыды, оған Кремльдің идеологиялық ұстанымы басты себепкер. Осы пайымға дәлелдер алайық.

Мұқановтың баяндамасы баспасөз бетінде жарияланған соң, «партиялық сын айту» деген кеңестік идеология талабына орай, С. Нұрышев пен М. Ғабдуллин де мақала жазып, М.Әуезовтің артына шырақ алып түскені бар. Сол қысылтаяңда Мұхаңа қарсы мақала жазғанның бірі – белгілі сөз зергері Ғабит Мүсірепов еді. Ол Мұхаңның «Хан кене» пьесасын сынап-мінеп, тізеге салды. Қаламгерлерді бір-біріне айдап салған мұндай мысалдар баршылық. Айтпақшы, Ғабең Әуезовті жерлеуге арналған қаралы жиында: «Өмір күнде ойын, күнде той емес. Аңдаусызда ренжіткен жеріміз болса кеш, Мұқа! Ат тұяғын тай басар деген сөз саған жүрмейді. Сенің орының ойсырап тұр...» деп қабырғасы қайыса сөйлеген екен. Жаңағы әділетсіз сыны есіне түсті ме, кім білсін...

Классик тұлғалардың пенделік мінезі, онан да жаманы, сатқындығы туралы жас әдебиетшілер айтқанын естіп қаламыз кей-кейде. Бүйтіп «шындықты» бетке ұрып, «жаңалық» ашу орынды ма? Байыппен қарасақ, мәселе пендешілікте емес. Тағы бір айтайық, «Бақсам бақа екен» демекші, келіспеушіліктер төркіні 1949 жылғы зілді Қаулыға тіреледі. Қаулы кіші ұлттар мәдениетіне соққы беруді көздеген-ді. Панисламизм, пантюркизм дейтін тың тоқпақтар шықты. Екі жазушы арасындағы болар-болмас, қалжыңнан басталған жарықшақ шоғын қызыл идеология серкелері  өшіре салудың орнына, отқа май құюменен айналысты. Бұл – диктаторлық жүйенің қалауы еді. Тұтас халық бұрыннан қанаушы және қаналушы деген екі тапқа бөлініп келсе, енді ұлттық өркениетті (тіл, мәдениет, тарих, дін, салт-дәстүр, жер-су аттары)   өшіріп-сөндіруді мақсат етілді. Мінеки, жас қазақ әдебиеті өкілдерінің әуезовшілдер және мұқановшылдар деп екіге бөлінуі осы айтылған рухани-саяси ахуалмен өз түсінігін табады деген ойдамын.

Сәбеңе қайтып оралайық. Ол өзі туралы: «Мен ол кезде (1925-1929 жылдар аралығы - А.О.) идеологиялық майданда «солақай» аталатын адамның бірі болатынмын» деп мойындаған адам. Мінін атап көрсеткен,  қысылмаған. Бірақ қатеден арыла алмаған. Неге?  Себебі, 1930 жылы Мәскеудегі Марр атындағы Тіл білімі институтында ізденуші, ал 1931-1935 жж. Мәскеудің Қызыл профессорлар институтында студент болған Сәбең санасы тап күресі идеясымен әбден уланған еді. Кедейшіл, сол кездің тілімен айтқанда, тапшыл болып қалыптасты. Мұхаңды «ұлтшыл», «байшыл», «қанаушы тап» өкілі деп түсінгені содан.  Мәселен, ол 1932 жылы жазылған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген еңбегінің 418-бетінде былай дейді: «Байшыл жазушылардың ішінде байлар табының таптық кескінін оның кейіпкері арқылы көрсету ретінде Мұхтардан асқаны жоқ. Жазуға шеберлік жағынан пролетариат жазушыларына Мұхтардан үйренетін нәрсе көп. Мұхтардың байдың айқын кейіпкерін шығара білгеніндей, пролетариат жазушылары пролетариат кейіпкерін шығара білсе бұл үлкен олжа».

Қарт Шәкәрімнің «Ардақты Сәбит бауырым» деп басталатын Сәбит Мұқановқа жолдаған хаты бар. 1931 жылдың 3 ақпанында елсіздегі Саят қорада жазған хатында «1930 жылдың желтоқсанында жазған хатыңызды жақында ғана алдым» дейді Шәкәрім. Демек, әуелі С.Мұқанов хат жазған. Не туралы жазды екен? Бәлкім, Шәкәрім мұрасына тіл маманы, ізденуші ғалым ретінде қызыққан болар. Ал Шәкәрімнің хаты жайында Сәбең былай дейді: «Шәкерім бір қазаққа хат жазған жоқ, маған ғана бір хат жазған еді, сол хаты менде бар, сонда барлық пікірін жазған. Қандай принцип ұстанған, не істеп жатыр, шығармасы қашан жазылған, осылары бар. Осы хатта біраз мән бар. Хаты жазушылық жолының есебі сияқты» (Шәкерім. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1988. – 560 б.). Айтса айтқандай, Шәкәрімнің хаты құнды мағлұматқа толы.

Енді Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов жайлы бірер сөз. Оның «Абайдың өмір жолы» атты естелік кітабы кезінде жарыққа шықпай қалған еді (1995 жылы ғана алғаш рет баспа бетін көрді). Кітаптың шықпай қалуына Мұхаң рұқсат бермегені себепкер делінеді. Осының мән-жайын анықтап алған жөн. Мінәш Әрхамқызы (1926-2008) өзінің «Әкем туралы естелік» атты еңбегінде бұл болжамды толықтай жоққа шығарады. Уақиға былай болған. 1960 жылдың соңы. Әрхам сырқаттанып қалған қызы Мінәшті дәрігерлерге қаратуға Алматыға келіп, күйеу баласы Әбіш Жиреншиннің (белгілі абайтанушы ғалым, мемлекет қайраткері) үйіне түседі. Со жолы Мінәшті М.Әуезовтің жаңа үйіне апарады. Жаңағы қолжазба кітабына пікір алмақшы ғой. Жеке сөйлесу үшін екі дос Мінәшқа «20-30 минуттай үйді аралап көре бер» дейді. «Осындай уақыт өткенде Мұхтар ағаның «Кейін, кейін дедім ғой, Әрхам аға!» деген дауысын естіп, – дейді Мінәш апай, – аяғымды тездетіп басып қастарына таяғанда әкем: «...Айтқаным айтқан, сенен «пікір» алмай кетпеймін. Не деп жазсаң да жазып, 2-3 күннен қалдырмай бер!» – деп қасарыса орнынан тұрды. Ағаға мен де басымды иіп қоштастып шығуға айналғанымда арқамнан қағып «тез сауық, тілектеспін» деді. Бірақ өңі бір түрлі болып тұрды. Әкем тездеп басып қақпаға таяғанда артына бұрылды, мен де қарасам, Мұхтар аға екі қолын екі жаққа жайып, өте жайсыз күйде тұр екен. Әкем тездеп барды да, екеуі құшақтаса кетті. Өңдері жылып, біріне-бірі «жолың болсын» десіп, дұрыс қоштасты».

Мұхаң үйінен біраз ұзаған соң: «Мұхтар қатты сырқат екен, сол үшін Мәскеуге жүрмекші» дей келе, Әрхамның қызына айтқаны мынау: «Мұхтар – өте ақылды, ғалым адам, алдын болжай білетін саясаткер. Өз өмірі қыл үстінде жүріп, маған өлшеусіз қамқорлық жасап, тозақ отынан құтқарған «оқ қағарым» болған, қай түкпірде жүрсем де байланысын үзбеген ақылшым, інім! Менің жазбамды «баспаға ұсынба» десе, оның да бір себебі бар шығар. Осыны Халит бастатқан аға-бауырыңа айтып түсіндір. Осыны саған қатты тапсырамын». Көріп отырмыз, Мұхаң мен Әрхам арасы жылылыққа толы. Шын достықты мойындап, оның құдіретіне бас игеніміз дұрыстық сияқты.

Сонымен, қазақ зиялылары арасына іріткі салған тоталитарлық жүйенің қитұрқы саясаты. Оған біраз мысалдар келтірдік. Қазіргі таңда цензура, қыспақ та жоқ. Ешкімге, ештеңеге қарайламай айтып-жазу мүмкіндігі шексіз. Міне, осыны сезінген кезде, тәуелсіздік деген сөздің қаншалықты қымбат, қаншалықты тәтті екендігі де санаңа жетеді.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338