Әміре кесенесінің тарихы

Терең тамырлы мәдени өмірімізде әншілер мен күйшілер, жыршы термешілер, шашасына шаң жұқпаған небір ақындар өткені белгілі. Сол халық өнерпаздары ішінен бір де бірегейі ретінде Әміре Қашаубайұлының есімі ерекше аталады. Қазақта өлең атасы – Абай, күй атасы – Құрманғазы десе, ән атасы – Әміре деп кесіп айтуға болады. Әсілі адам баласының әрекетіне үлкен баға беруші қасиетті ұғымды – халық деп атайды. Халық – қалып айтпайтын, жағымпаздануды білмейтін ұлы сипат. «Қазақ өнері» деген әр азаматтың ішінде Әміреге деген ерекше сезім бар. Қашаубайдың Әміресіне «Ән атасы» деген атақты бергеніне қарағанда ол бір тылсым дарынның иесі іспеттес. Иә, Әміре Қашаубайұлы – қазақ музыка мәдениетінің тарихында айрықша орын алатын тұлға. Ол өзінің қайталанбас орындаушылық шеберлігімен қазақ ән өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық музыканың жауһарларын дүниежүзілік аренаға алып шықты. Әміре – халық әндерін орындаушы ғана емес, қазақ халқының рухани мұрасын сақтаушы, ұлт мәдениетінің жарқын өкілі ретінде танымал тұлға. Оның шығармашылығы ұлттық өнердің терең тамырын ашып, қазақ мәдениетіндегі эстетикалық ұғымдарды байыта түсті.
Ән атасы – Әміре 1888 жылы Дегелең болысына қарасты Матай адырында дүниеге келген. Әміренің туған елі тарақты. Тегінде Матай адырындағы Ақбұлақ кеңшарының барлық жері – қыстақтары мен жайлауы болған кең атырап бағзы уақытта төрт старшын ел болып (ту бастапқыда бұл атырап Тарақты болысы атанған) қаулап өскен Тарақты руына құтты қоныс болған. Тарақты руының тарихы, Кіші ордадағы жеті ру сияқты, Орта ордадағы Уақ-Керей бірлестігіне де Тәуке хан үш руды топтастырған, өйткені бұл рулар Орта ордада барлық рулардан әлсіз болса да, олар бәрінен де бай, дәулетті болған. Ол бірлестікті кұраған рулар: Уақ, Керей, Тарақты. Бұл үш рудың билеушісі — Әбілқайыр ханның ұлы Ерәлі (Ералы) сұлтан, ол кезінде аманатқа алынған; жоғарыда аталған әлгі рулық бірлестікке Төлеңгіт деп аталып, бір ру өз еркімен қосылған, ал төлеңгіт дегеніміз — «хан сарайының қызметшілері».
Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінің көшбасшысы – Әміре жайлы кім жазса да, қашан және қанша жазса да аздық етпейді. Әлі де зерттеледі, әлі де жазылады. Әуелі оның өмір жолы мен әншілік өрлеу кезеңін үшке бөлелік. Әуелгісі, ол дүниеге келген 1888 жылдан – 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі аралық. Екінші, 1917-1925 жылдар аралығындағы Семей қаласындағы өнерге қалыптасу кезеңдері. Үшіншісі – 1925 жылдан Әміренің дүниеден өткен 1934 жылдар аралығындағы өмір кезеңдері, соқпақ жолы. Осы аталған үш кезеңдегі бар өмірінде оның бойында айнымас екі қасиеті сақталған екен. Алғашқысы – бойына біткен әншілік өнерінің күннен-күнге, жылдан-жылға өрлеу үстінде қалықтап ұшуы. Тоқтаусыз шырқау биікке көтерілгені. Екіншісі – оның мінезінің мейлiнше қарапайымдылығы. Оған «Әміре қай әнді айтса да, өзінше кестелеп, қошқар мүйіз салып, үкі маржан тағып алады. Осы бағыты дұрыс, жақсы бағыт дейміз», – деп жазған Мұхтар Әуезовтың пікірі, немесе «Өңге өнер білімнен осыншама мақұрым боп туған Әміреге табиғаттың тамаша биік, тамаша таза, тамаша өрнекті өлшеусіз бере салуы - адам қайран қаларлық көрініс», – деген Сәбит Мұқановтың жазғаны дәлел емеспе?!
Жә, оқырман әңгіме сол дүлдүл, сол бұлбұл – Әміренің зираты хақында болмақ. Әміренің Парижден кейінгі соқпақ жолы жөнінде осының алды аз-кем тоқталған болатынмын. Сол кезде Әміренің жынды суға жақындығы сияқты жалған айыптардың көбейгенін жазғанбыз. Әміре 6 жаста, боз бала шағында ауыл-аймағын, 12 жаста Семей қаласы жұртшылығын таңдандырып, орда бұзар 30 жасында «Ес аймақ» қоғамында орындаушылық, актерлік өнер жолын бастап, 37 жасында Орынбор мен Қызылордада, Мәскеу мен Парижде ән салып, қырықтың тізгініне жетпей Германия жұртшылығын таңдандырды. Сәбит Мұқанов Әміре жайлы, «ертеден шапса – кешке озған, ылдидан шапса – төске озған дегендей, ертеден қара кешке дейін үздіксіз ән шырқаса да айнымай, әрбір әні әнді жаңа ғана бастағандай мүлтіксіз естіледі», – деп жазғаны да Әншiнiң әншiлiгiне деген қасиеттiлiгiн танытатын пiкiрдi ұштай түседi. Сол айтылғандай Әміренің дауысы өмірінің соңына дейін күмістей тазалығымен, мұқалмас күштілігімен тыңдаушысын таңдандырып өтті. Тоқ етерін айтқанда, Әміре 46 жасында бұл дүниеден жұлдыздай ағып өтті. Бір қыңжылтатыны жер үстіндегі Әмірені әбігерге салған топ мүшелері, кейін жер астындағы ыстық үйінде де тыныштық бермегені.
Әміренің зиратын тұрғызу барысы сөз болғанда, әнші Кенжегүл Сыздыққызының еңбегіне қайран қаламыз. Бұл туралы Жарқын Шәкәрім: «Кенжегүл ел аралап жүрiп менiң есiмiмдi көбiрек естiп, құнттайды екен. Күндердің бiр күнi теледидарға менiң жұмыс бөлмеме келдi, жездемiз Дмитрий екеуi.
– Жарқын сен бе?
– Мен!
– Олай болса мә, - деп едәуiр қомпиған дорбаны менiң алдыма ысыра тастады.
– Бұ не апай?
– Ақша. Әмiреге құлпытас орнатамыз.
Осының бәрiне де кiнәлiсiң дегендей, үнi қатқыл естiлдi. – Жамбасы жерге тигенiне, мiне, жарты ғасырдан асты.
Басында белгi жоқ не зират ол. Давай кеттiк. Көрсет, Әмiре жерленген жердi. Мәрмәр тастан құлпытас орнатамыз, – деп менi алдына салып, дорбасын Дмитрийге ұстатып, Ташкент көшесiндегi Әмiре жерленген жерге апарып, өзi құран бағыштады. Осыдан жиырма жыл бұрын көз көргендердiң қолымен құлпытас қойылса екен деп жоғарыға жазған хатымыздан ешбiр нәтиже шықпаған. Одан бұрын да белгiсiз жатқан ғой. Кенжегүлдiң жанын жегiдей жегенi – ұлы әншiнiң қабiрi басында әлi күнге дейiн белгiнiң қойылмауы, “мына жерде жерленген адам Әмiре Қашаубайұлы” деген сөздiң жоқтығы едi. Жаз бойы ел аралап концерт қойып жүрiп, тапқан-таянған 60 мың рублін Әмiре қабiрiнiң басына құлпытас қоюға арнапты. (Ол кезде 60 мың рубль үй тұрғызуға жетерлiк мол ақша саналатын).
Әлгi қомпиған дорбадағы сол ақша. Сонымен Кенжегүл зират қарауылшыларынан рұқсат алып, менiң: “Мiне тап осы жерде Әмiре атамыз жерленген”, – деп көрсеткен жердi қоршауға алып, Ұлы әншiнiң жамбасы жерге тиген 58 жылдан соң құлпытас тұрғызуға кiрiстi. Жұмыс iстемей жүргенiмiз жоқ. Iстеп-ақ жатырмыз.
Кенжегүл жалдаған тас қашаушыға Әмiренiң бет әлпетiн түсiндiрiп, фотосуретiн бердiм. Ол өзiнше жұмысқа кiрiстi. Дмитрий көбiнесе Кенжегүлден сәл кейiнiрек, бастық тәрiздi қарап тұрады. Кеңесшi мен емес сол тәрiздi. Әйтеуiр артық кетпей, Кенжегүлдiң соңында бұқпантайлап жүремiз.
Кенжегүлдiң жұмыс iстеу тәсiлiнде екi қасиет бар екен. Бiрiншiсi – жалықпайтыны. Екiншiсi – сөзiн өткiзе алатыны. Таңғы бестен түн ортасына дейiнгi аралық – Кенжегүлдiң күнделiктi жұмыс уақыты. Күлiп барады. Күлiп қайтады. Риза болмаса айғайға басады. Кенжегүлдiң айғайы орысша. Конкретно. Соның арасында тiгiнен қоятыны бар, жатқызатыны бар, гранит тастар да түсiрiлдi. Қабiрдiң басы тегiстелiп, айнала цементпен бекiтiлдi. Бәрi жақсы көрiнгенмен, титыққа тигендерi де болмай қалған жоқ. Қабiр басындағы жалданған төрт орыс жұмысшы нағыз көкжалқаудың өзi болып шықты. Iшкiлiкке жақын адамдар. Жалқаулыққа басатынын бiлiп, Кенжегүл олардың “дәм-тұзын” сөмкеге сап, күнделiктi әкеледi. “Талас”, “Солнцедар”, “Кагор” деген қызыл шөлмектiлерiңдi тамақтан өткiзiп алған соң шып-шып терлеп, қара күшке басады-ақ сабаздар. «–Зират басында бұ қалай өзi?» – десем,
“Бұлар зират талғамайды ғой, өз күнәләрi өзiнде”, – дейдi Кенжегүл. Бойларынан шараптың күшi кете бастап, тағы да керек қылған рай бiлдiрсе, Кенжегүл қолына шыбық алып шылпылдатады. – Әйдә, жұмысқа кiрiсiңдер, әйтпесе мына шыбықпен сабап тастаймын, - дейдi.
Орысшалап небiр қорқынышты сөздер айта ма, әлде қорқа ма, “мына адуынды әйелге жалданған не сорымыз” едi дегендей, аналар Кенжегүлдiң қаҺарлы болмысынан шыж-быж безек қағады. Мұндайда Кенжегүл өршелене түсiп, жұмысты зорлатып iстеткiзедi. Өзi де жiгерлендiру үшiн етек-жеңдi түрiп тастап, ер адамша қолына күрек ұстап кiрiседi.
Осылайша араға ай салып Кенжегүл мен Дмитрий жездемiз Әмiре қабiрiнiң басына құлпытас орнатумен күндерiн өткiздi. Әмiренiң бет жүзi қашалған тас тiкесiнен тұрғызылды. Жазуы бар тас көлденең жатқызылды. Айнала әдемiленiп қоршалды. Әмiре зираты – халқының алғаш рет Әмiренiң аруақ рухына құран бағыштауына, ашылуға дайын тұрды. Әмiре атамыз 1934 жылдың 6 қараша күнi қайтыс болған ғой. Ендi, мiне, зираттың ашылуы 1992 жылдың 6 қарашасына белгiленген едi. Құлпытасты ашуға дәл бiр апта қалған. Тосын жағдай болды.
“Зират басына шұғыл жет, не болғанын өзiң көресiң”, - деп Дмитрий телефон соқты жұмысқа. Тосын телефон, жұмбақ сөз, не болдыға басып алып-ұшып жеттiм. Әмiре қабiрiнiң басына тақай бере Кенжегүл маған бұрылып: « – Мiне, қара не болды», - дедi. Көз алдыма кәдуiлгi минамен жарып, танкiмен таптағандай көрiнiс келдi. Жұртшылықтың көремiз деп ашылуға дайын тұрған Әмiре зираты жермен-жексен етiп қиратылған. Алатын өшi бардай-ақ бiрнеше адам “кубалдамен” тайпаған тәрiздi. Дәу-дәу гранит тастардың өзi үгiтiлiп қалған. Анадай жерге ұшып түскен Әмiренiң жарты бетi қалған тас қиыршық жарықшағын Кенжегүл кеудесiне қысып алыпты. – Ескерткiш болады, сақтаймын үйде, - дейдi. Ұрланып келетiн қара түн жамылғысы болса екен- ау, өлi адамның қабiрiне шабуыл әрекетi тал түс әлетiнде болғанға ұқсайды. Әлгi жұмысшылар да аң-таң. Еңбектерi еш кеткен соң жыларман күйге түсiптi. «Бiр сағатқа ғана кетiп қала қойып едiк», – дейдi орыс тiлiнде. Қиратқандарды арғы атасынан сiлейте сөйлейдi. Бетiмiз бүлкiлдеп, ернiмiз күбiрлеп, сөйлеуге сөз таппай, басымыз тасқа соғылғандай Дмитрий екеуiмiз тұрмыз. Кенжегүлдiң: "Идиоты, кто победит, кто побеждает, посмотрим еще”, - деген сөзi есiмде қалыпты. Осыны айтты да жерге тiзерлей, Әмiре қабiрiнiң топырағын сипай: “Аруағыңнан айналайын, қайран Әмiре. Көмiлгенiңе 58 жыл болса да, үстiң тақыр жер. Басыңа белгi қойып, көсегеңдi көгертейiк деген ем. Онымызды бiреу ерсi көрдi. Кеш, ата, кеш. Сенiң еш кiнәң жоқ, кеш,” -деп тебiренген сөзiн жалғай түстi. – Жүрегiм соғып тұрғанда, денiм сауда басыңа белгi қоймай тынбаймын, жаның жәннатта болғыр, қайран ата, жатқан жерiңдi күмбездеп, халқың құран бағыштайтындай етермiн, – дедi де ернi күбiрлеп, құран бағыштады.
-Ей Алла, бәле жаладан, шайтанның әрекетiнен сақтай гөр, - деген сөзi құлағыма шалынды. Осыны айтты да Кенжегүл орнынан тұрып, бойына бiр күш бiткендей: “Әй Дмитрий, мелшимей ана мәшинеңе от алдыр”, – кеттiк дедi, жұлып алғандай кейiппен. Дмитрийден қалмай мен де жармаса кiрдiм. Жолдан жұмысқа қалдым. Олар мәшинелерiнiң басын қалалық әкiмшiлiкке әкеп тiредi. Жандарында тұрмаған соң, құлақ естiмеген соң, әкiмшiлiк ғимараты iшiнде Кенжегүлдiң кiмге не дегенiн бiлмеймiн. Ол кездегi қала әкiмi кiм екенi де есiмде жоқ. Анық есте қалғаны Әмiре зиратының қиратылғаны туралы “Кощунство на кладбище” деген мақаланы оқығаным (газета “Вечерняя Алма-ата”, 29 октября, 1992 год, 227) және Кенжегүлдiң өз эскизi бойынша дәл сол қалпында айна қатесiз қайтадан бес күн iшiнде жасалып шыққаны. Басы-қасында Кекжегүлдiң өзi жүрдi.
1992 жылдың 6 қарашасы күнi Алматы жұртшылығы Әмiре зираты басына шақырылып, тұңғыш рет көпшiлiк құран бағыштап, Алладан медет тiледi.
Осылайша Дмитрий мен Кенжегүл Әмiре атамыздың жерленген қабiрiне құлпытас қойды. Ендiгi бағытымыз Керекудегi Майра Уәлиқызына бағыштасақ деп жүрушi едi. Бiрақ тұрлаусыз дүние қойсын ба, алдағы мақсаттарына жете алмай, уақыты жетiп, әуелi Дмитрий, араға бiрер жыл салып, Кенжегүл де аттанды о дүниеге».
Міне, зираттың тарихы осындай жаға ұстатарлық. Кенжегүл Сыдыққызының еңбегіне таң қаласың. Нағыз күрескер тұлға. Құдай қасындағы серігінде дәл берген екен. Тұтас 62 жылдан кейін Әміренің зираты осылайша қалпына келеді. Жә, тарихтың бір мәні сабақ алу, қатені түзету. 2021 жылдың 7 қараша күні Әміре Қашаубайұлының мәңгілік мекені, қабірінің басы жаңартылып, белгі тас орнату шарасы өткен еді. Бұл игі істің идеялық бастамашысы «ән атасының» есімін иеленген ШҚО Мәдениет басқармасына қарасты филармонияның директоры, күйші-композитор Бекбосынов Айбек Серікболсынұлы болса, қаржылық демеу білдірген «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры, атап айтқанда «Ақшың» корпорациясының директоры, қор төрағасы Құрманбаев Марат Серікжанұлы, Сәтбек Кәрібжанов, Әнуарбек Бимурзин сынды ел азаматтары, қор мүшелері бар. Бұдан алған тағы бір сабағымыз Әміренің мазарының жалпы халыққа жария болуынан қорқатындардың арамызда әліде бар екені.
Әміренің мәңгілік меккені: Райымбек батыр даңғылы (Ташкент көшесі) орналасқан, орталық қабірстанда Әміремен қатар қазақтың бетке ұстар қаймақтары: Қаныш Сәтпаев, Дина Нұрпейісова, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Қалибек Қуанышбаев, Әмина Өмірзақова тағы да басқа 1970 жылдарға дейінгі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің мәңгілік мекені де осы жерде.
Өлі разы болмай тірі байымайды.
Нұртөлеуов Сұлтанбейбарыс Талғатұлы
Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университеттің студенті
Abai.kz