Жексенбі, 13 Сәуір 2025
Тарих 1104 0 пікір 9 Сәуір, 2025 сағат 13:51

Өспен-Нілдінің қазақтары мен ағылшындар

Суреттер: Ж.Артықбаевтың желідегі парақшасынан алынды.

Қызықты тақырыбым - Көкше-Бурабай маңындағы алтын өндірісінің тарихын жазамын деп ХХ ғасыр басында Орталық Қазақстанда қызмет қылған ағылшындардың жазбаларына кірістім. Екі үлкен мақаланы шет елге қарай жібердік, енді үшіншісі бастадық. Пенсияға шыққанда шет тілдерден өшімді аламын деп жүр едім, жақсы болды. Көңіл бөлмей жүр екенбіз, бұл жазбаларда қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты ғажап деректер бар. Біздің жас кезімізде «ағылшынның наны қандай еді, шіркін!» деп отыратын, сол заманды көрген шалдар болды. Бұл әңгімелерді әсіресе Өспен-Нілді, Қарқаралы, Баянаула қазақтары білуші еді. Қазір енді ағылшындардың өздерінің күнделік жазбаларынан басқа дерек қалмады.

Ал жазбалар қызық. «Спасск акционерлік қоғамының» зертханасын басқарған Frank Vans Agnew «Life with the Kirghiz, 1903-1906» күнделік жазбаларында Жакен Мұстафин деген қазақ азаматы ( оны Frank «magistrate» деп атайды, не болыс, не би болуы керек) Сарысу бойындағы «мына көне қорған-қорымдарды қазып, ішінде алтын болса неге алмайсыздар» деген сұрағыма «Өлгендердің сүйегін қопарып, (Аруаққа) тиісуге болмайды» деп қатаң жауап берді дейді: «Djakin told me there was, no doubt, gold in the graves, ornaments and weapons, but when I asked him why he did not dig them out, he said, simply and inexorably, that it was impossible to disturb the bones of the dead». Бұл қазіргі уақытта тиын-тебен үшін аруақтан тайынбай, көр қазуға кірісіп кеткен қазақ үшін сабақ боларлық әңгіме.

Екінші бір қызық әңгіме Ысқақ Жамантіковке қатысты. Ол да Жакен сияқты Өспен-Нілді маңындағы қазақтың белгілі азаматы. Frank Ысқақтың (Eeskok- деп жазады) баламды Өспен руднигіне алып, ағылшынша оқытып бер, қаражатын өзім төлеймін деген өтініші туралы жазады. Ысқақтың ағылшынша оқытамын деп әрекет жасап жүрген баласы жеті жаста: «He promptly asked me if I would take his son at the Uspensky mine and teach him English ways at his expense». Ағылшын тілінің керек болатынын қазақ байғұс сонау ХХ ғасыр басында білген болды. Ол баланың тағдыры не болды екен?

Міне, осындай әңгімелер, сіздерге қызық па білмедім, мен үшін қызық. Спасскінің қазақша атауы Ақ бұйрат адыр екенін қарағандылықтар біледі ме екен? Өспен деп жүргеніміз –Успенское, байырғы қазақша атауы –Нілді. Бұл атауды жергілікті ел ағылшынның Нелля деген қызының атына қойылған дейді. Ағылшындар өз балаларын алып келгені рас, Оливия, Марианна деген қыздары болған, бірақ Нелля жоқ. Ніл дегенің мыстың тотығы (колчедан деп те атайды), тастың бетіне жабысып жап-жасыл (ертеде көк деуші еді) болып тұрады, яғни Нілді қазақтың ата-бабаларының ертеден мыс өндірген жері.

*Төмендегі суреттерде - Жәңгір төре (қыстауы Қарабастан әрі Қарамұрын маңы). Менің әкем осы Жәңгір төренің баласымен жолдас болдым деп, шамасы лагерьде жүрген кезінде-ау, Жәңгірдің шүлен таратқан әңгімесін айтып еді. Екінші суретте сол жақтан -Ысқақ Жамантіков, Жакен Мұстафин және атқосшысы. Үшінші суретте біздің Қарағанды маңының қазақтары, мүмкін біреуін танып қаларсыздар.

Проф. Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1846
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4655
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3699