Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5158 0 пікір 24 Қаңтар, 2013 сағат 15:53

Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» стратегиясын іске асырудың алғашқы 7 бағытын айқындап берді

Кеңес барысында Үкіметтің 2012 жылғы қызметі туралы Премьер-Министр С.Ахметов баяндама жасады. Премьер-Министр «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі Үкімет жұмысының басты мақсаты болатынын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы бағдарламалардың және көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев пен Көлік және коммуникациялар министрі А.Жұмағалиев хабарлама жасады.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономиканың қазіргі жағдайы құлдыраудың жаңа кезеңі болу ықтималдығы жоғары екенін жоққа шығармайтынын атап өтті.

-  Сондықтан «Қазақстан - 2050» Стратегиясының басты принципі -   түгел қамтитын экономикалық прагматизм. Алдағы барлық шешімдер инвестицияның табыстылығы мен қайтарымын, бәсекелестікке қабілеттілікті және Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделерін сақтауды ескере отырып қабылдануға тиіс. Әр қала, аудан, ауыл немесе селодағы экономикалық статистиканың дерексіз цифры емес, нақты өмір сапасы артуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Үкімет пен кез келген мемлекеттік орган «бюджет мәдениеті» мен қаржы үнемдеуді ескере отырып, алға қойылған міндеттерді іске асыруға ынталылықпен және жауапкершілікпен қарауға тиіс екендігіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев жұмысқа жауапсыз қараудың нақты мысалдарын келтірді.

Кеңес барысында Үкіметтің 2012 жылғы қызметі туралы Премьер-Министр С.Ахметов баяндама жасады. Премьер-Министр «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі Үкімет жұмысының басты мақсаты болатынын атап өтті. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы бағдарламалардың және көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы туралы Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев пен Көлік және коммуникациялар министрі А.Жұмағалиев хабарлама жасады.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономиканың қазіргі жағдайы құлдыраудың жаңа кезеңі болу ықтималдығы жоғары екенін жоққа шығармайтынын атап өтті.

-  Сондықтан «Қазақстан - 2050» Стратегиясының басты принципі -   түгел қамтитын экономикалық прагматизм. Алдағы барлық шешімдер инвестицияның табыстылығы мен қайтарымын, бәсекелестікке қабілеттілікті және Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделерін сақтауды ескере отырып қабылдануға тиіс. Әр қала, аудан, ауыл немесе селодағы экономикалық статистиканың дерексіз цифры емес, нақты өмір сапасы артуға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Үкімет пен кез келген мемлекеттік орган «бюджет мәдениеті» мен қаржы үнемдеуді ескере отырып, алға қойылған міндеттерді іске асыруға ынталылықпен және жауапкершілікпен қарауға тиіс екендігіне тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев жұмысқа жауапсыз қараудың нақты мысалдарын келтірді.

- Өткен жылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Әкімдіктер игере алмаған қаржының көлемі 2,5 миллиард теңгеге жуық.  Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша игерілмеген қаржы көлемі 21 пайыз.  Бұл уақыт ішінде жоспарланған көппәтерлі үйлердің 70 пайызы ғана жөндеуден өтті. Сонда не болды? Ақша бар, бірақ соны игере алмай жатыр. Жалға берілетін тұрғын үйге кезек бар, бірақ оның жоспарланған құрылысы жүрмей жатыр. Неге бұлай болып жатыр? Бұл сұраққа кім жауап береді? Аймақтардың әкімдері мен бұрынғы  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі жұмысты аяғына дейін жеткізе алмады, ал жұрт зардап шегеді. Бұл жерде дағдарыстың ешқандай қатысы жоқ. Нақты бір шенеуніктердің жауапсыздығы мен сылбырлығынан болып отыр. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, - Өңірлік даму министрі Б.Сағынтаевқа бір ай мерзімде бұл проблеманы тексеріп, анықтауды және қабылданған шаралар жөнінде маған баяндауды жеке тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қаржыны табыспен игеріп жатқан аймақтарға қайта бөлу қажеттігін де атап өтті.

- Мен өңірлерде болғанда бәрінің мәдениет, білім және денсаулық сақтау саласындағы қымбатқа түсетін ірі нысандарға қайта әуес бола бастағанын байқадым. Менің ескі құрылыс нормалары мен ережелерді  және жобаларды қайта қарау туралы тапсырмам орындалған жоқ. Осы кезеңде 2012 жылдың қорытындысында жергілікті бюджетте 100 миллиард теңгеге жуық қаржы игерілмей қалды. Бізде 189 мектеп, 68 денсаулық сақтау нысаны әлі апатты жағдайда қалып отыр. 92 мектептегі 33 мың бала үш ауысымда оқуға мәжбүр.  Құрылысын бюджеттен толық қаржыландырып отырған күннің өзінде Қызылорда облысындағы перинатальдық орталық, Жамбыл және Ақмола облыстарындағы емханалар мерзімінде тапсырылған жоқ. Ал бюджеттік шығындарды шектеуге тура келсе,  біз барлық жаңа нысандарды тоқтатып, құрылысты орта жолда қалдыруға мәжбүр боламыз. Сондықтан жаңа нысандардың құрылысын бастамауды тапсырамын. Биылдан бастап бөлінген қаражат пен қолдағы ресурстарды әлеуметтік нысандарды күрделі және ағымдық жөндеуге, үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешуге бағыттау керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жаһандық баяулаудың ықтимал әсеріне дайын болу қажеттігін атап өтті.

- Мұндай ахуал 2008-2009 жылдарда болды және дағдарысқа қарсы тұрудың жақсы тәжірибесі жинақталды. Үкімет пен әкімдердің барлық жұмысында екі нақты және маңызды мақсат айқындалуы керек. Бұл - біріншіден, дағдарыс жағдайында жұмыспен қамтуды, екіншіден, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың бүкіл жұмысы осымен ұштастырылып, жоспарлар мен міндеттерді іске асыру сол арқылы жүруге тиіс. С.Ахметовке  өткендегідей жаңа Жол картасын әзірлеуді жеке тапсырамын. Бұл міндетті іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін есептеп, олардың көзін анықтап, ақпан айында маған баяндау керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өзі жариялаған Жаңа саяси бағыт аясында бәрі де жаңаша, жоғары нәтижелілікпен, бастамамен және қайтарыммен жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.

- Қарқынды өсіп келе жатқан инновациялық индустрияландыру - «Қазақстан - 2050» Стратегиясының басты мазмұны осы.  Тек индустрияландыру ғана әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруімізді қамтамасыз етеді.  Зерттеуге сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдегі мамандар тапшылығы 40 миллиондай адамды құрайтын болады. Сондықтан елімізге тек шетел инвестициясын ғана емес, басқа елдерден мейлінше талантты менеджерлерді де тарту керек. Біздің Эйр Астананы және Назарбаев университетін басқару жөнінде тәжірибеміз бар. Бұл туралы бұрын да айтылды. С.Ахметов пен Ө.Шөкеев бір ай мерзім ішінде ұсыныс енгізсін, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев материалдық активке инвестицияның айтарлықтай мөлшері бөлініп жатқанын атап өтті.

- Бірақ өнімділігі жоғары өндірістер құру үшін жаңа менеджмент керек. «Самұрық-Қазынаның» міндеті - корпаративтік басқаруды жетілдіру және жаңа стратегия құру. Үкіметке, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне  қысқа мерзімде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуді және бизнес ахуалын жақсартудың осындай жолдарын одан әрі үздіксіз іздестіруді тапсырамын. Индустрияландырудың әрі қарай табысты болуы үшін біз зияткерлік меншікті де қорғауымыз керек. Үкіметке өнертапқыштық пен патенттерді тіркеу рәсімдерін жеңілдетуді және осы көрсеткіш бойынша ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жетуді тапсырамын. Мен индустрияландыру негізі екінші буынның кластерлері болуы қажеттігін бұрын да айттым. Осыған байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Қ.Келімбетовке биылғы алғашқы жартыжылдықта Болашағы бар ұлттық кластерлер қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Осындай ауқымды үдерістерге жәрдемдесу үшін даму институттары құрылды. Өкінішке қарай, «Самұрық-Қазына» холдингінің құрамында ауқымы тар салалардың инвестицияларына әуестік байқалып отыр. Үкіметке құрамына бүгінгі барлық мемлекеттік даму институттары мен қаржы ұйымдары енетін  «Ұлттық даму агенттігі» АҚ құруды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жер қойнауын пайдалану саласында оларға кен орнына мораторийді алып тастау жөнінде тапсырма берілгенін еске салды.

- Бұл жаңа кен орындарын барлауға инвестиция тарту үшін керек. Қазақстан қазір бұл көрсеткіш бойынша соңғы орындардың бірінде тұр. Бір шаршы шақырымға жылына 20 долларға жуық жұмсалады. КХР-да 45 доллар, Австралияда - 167 доллар, Канадада - 203 доллар. Барлау жұмысына басынан бастап ондаған миллион доллар инвестиция салуға дайын әлемдік деңгейдегі Рио-Тинто компаниясы әр мекемені екі жыл бойы жағалап, ештеңе шығара алмады. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде  келісім-шарттар әлі де 2-3 жыл рәсімделеді. Менің тапсырмам бойынша 2009 жылы құрылған «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Үш жылда 4 келісімшарт! Бұл неге жарайды? Менің тағы бір тапсырмам - «Қазгеология». Компанияның стратегия әзірлеп жатқанына үшінші жыл.  Ә.Исекешовке 3 ай мерзім ішінде саладағы ахуалды түбегейлі жолға қою жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жер қойнауын пайдалану құқын рәсімдеуді заңнамалық тұрғыдан оңайлатып, регламентерді халықаралық нормалармен  сәйкестендіру керек. Биылғы жылдың ортасында геологиялық барлау жұмыстарының практикалық нәтижелері туралы маған баяндауды сұраймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ биыл Үкіметтің «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асырудың бастапқы кезеңінің бірқатар міндеттерін шешу қажеттігіне тоқталды.

- Қараңыздаршы, жайлы және сапалы жолдары жоқ елдерде - дамыған бәсекелестікке қабілетті өндірістік база да жоқ, келешегі бар ғылыми технология да жоқ, тұрғындарының жоғары өмір сүру деңгейі де жоқ. Егер жақсы жолдар салуға үйренбейтін болсақ, онда өзіміздің стратегиялық мақсатымыздың бірде-біріне жете алмаймыз. Бұдан 10 жыл бұрын Алматы-Астана магистралы жаңғыртылды. Қазір қандай жағдайда? Сапасы қандай? Тағы да бәрі «жамаулы» күйде. Сондықтан автокөлік инфрақұрылымын дамытудың ауқымды жобасына кірісу керек. Астанамен  ірі орталықтар - Алматы, Ақтау және Өскеменнің арасын қосу үшін заманауи жол салу аса қажет. Теміржол магистральдары желісін кеңейтуді қатар жүргізу керек. Биыл Жезқазған-Бейнеу мен Арқалық-Шұбаркөл тармағының құрылысын бастау аса маңызды. Тағы бір ірі жоба, Астана - Алматы жүрдек пойыздарына арналған теміржол құрылысы айналма емес, тіке Балқаш көліндегі көпір арқылы болуы мүмкін. Бұл жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Балқаш туристік кластерін дамытуға серпін береді. Үкіметке осы жобаларды биылғы бірінші жартыжылдықтан кешіктірмей, жедел әзірлеуді және ұсыныс енгізуді тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта Ақтау теңіз порты жобалық қуаты шегінде жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

- Үкіметке Ақтау портын кеңейту жобасының екінші және үшінші кезеңдерінің жобасын іске асыруды жеделдетуді тапсырамын. Ақтау мен Баку арасындағы паром паркін және тасымалды ұлғайтуды ойластыру қажет. Көлік инфрақұрылымын дамытудың жеке жауапкершілігін Премьер-Министр С.Ахметовке, Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиевке, «Қазақстан темір жолының» басшысы А.Маминге жүктеймін. Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарын дамыту газ өңдеуді арттырады. Осыған байланысты магистральдық құбыр жолдары мен газ тарату желілерінің құрылысын жеделдету аса маңызды. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Ө.Шөкеевке қолда бар ресурстар есебінен биыл Тобыл-Көкшетау-Астана газ құбыры құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөнінде бірқатар шара қабылдаудың маңызды екеніне тоқталды.

- Біріншіден, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін Орталық-Батыс электрмен жабдықтау жүйесінің «сақиналау» мәселесін шешу қажет. Екіншіден, Үкімет биылғы 1 шілдеге дейін энергобаланс және «Энергияны сақтау-2020» арнаулы бағдарламаларын әзірлеп, бекіту керек. Жылу мен энергияны сақтауда әлемдік тәжірибені ескере отырып, ғимараттар құрылысының жаңа стандарттарын әзірлеуді және енгізуді қарастырудың маңызы зор. Таяу үш жылда электр энергиясын тұтынуды жыл сайын 10 пайыздық үнемдеуді қамтамасыз еткен жөн. Енді Премьер-Министрге бірінші жартыжылдықта атом электр стансасы құрылысының орны мен конфигурациясы туралы шешімнің жобасын енгізуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық жүргізу инновациялық экономиканы дамытудың аса маңызды катализаторына айналуы қажеттігін атап көрсетті.

- Біз Астананы таза, энергияны тұтыну жағынан тиімді, «жасыл» қалаға айналдыруға тиіспіз. Елордамыз өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс. Үкіметке және «Самұрық-Қазына» қорына баламалы энергия көздері есебінен көрмені энергиямен жабдықтау нысандарымен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Мысалы, мұны «Ерейментау» жел паркінің күшімен, нысандарға күн батареяларын орналастыру және энергетикаға өзге инновацияны пайдалану арқылы жасауға болады. «Самұрық-Қазына» қоры мен Астана әкімдігі биылғы 1 шілдеге дейін елордада «Жасыл орам» құрылысының пилоттық жобасын әзірлеуі және ұсынуы қажет. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен Астана әкімдігі ақпанда көрме кешенінің архитектуралық дизайны мен шеберлік жоспарын әзірлеу жөнінде халықаралық конкурс өткізуі тиіс. Астананың ребрендинг бағдарламасын да әзірлеп, кәсіби және маркетингтік науқан ұйымдастыру қажет. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу тұжырымдамасының жобасын биылғы екінші тоқсаннан кешіктірмей әзірлеуді және Мемлекеттік комиссияның бекітуіне енгізуді тапсырамын. Осы мәселенің бәрі Көрмені өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бақылауында болуы қажет. Барлық облыс және Алматы мен Астана қалаларының әкімдеріне Өңірлік инновациялық жүйе құру жоспарын әзірлеуді және іске асыруды тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне де назар аударды. Мемлекет басшысы 2011 жылы бидайдың түсімі орташа алғанда гектарына 16,6 центнер болғанын айтып өтті.

- Мұндай астық түсімі біз үшін рекорд болды. Қуаңшылық жылдары бұл көрсеткіш гектарына 7 центнерге дейін төмендеп кетеді. Астықтың түсімі жақсы болған жылы біз дара дақылды шаруашылық жүргізудің бұрыннан белгілі қауіп-қатерімен бетпе-бет келдік. Қандай қорытынды жасадыңыздар? Канада мен америкалық Солтүстік Дакотада, Қытай Халық Республикасында - климаттық жағдайлары дәл біздегідей өңірлерде астықтың түсімі гектарына 25 центнерден асады. Бұл - орташа цифр! Олардан неге үйренбейміз? Тәжірибесін неге енгізбейміз? Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Б.Сағынтаевқа ылғал және ресурстар сақтау технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығын тыңайтқыштармен және өсімдікті қорғау құралдарымен қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауға алуды тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті жайылымдық мал шаруашылығын, атап айтқанда, қой шаруашылығын қалпына келтіру және жайылымды кеңейту жөніндегі тапсырмасының екінші жылға созылып бара жатқанын атап өтті.

- Менің тапсырмам: құдықтарды қалпына келтіріп, олардың құрылысын,  жайылымды суландыру инфрақұрылымын жаңғыртуды шындап қолға алыңыздар. Бүгінде мұны ешкім жасап отырған жоқ. Министр А.Мамытбековке бір ай мерзімінде осы мәселе туралы есеп дайындап, биылғы және келесі жылдары жайылымдық мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы Үкіметке нақты ұсыныс енгізуді тапсырамын. Егер осындай өте маңызды мәселені шешпейтін болсақ, біз өз халқымызды қалай асыраймыз және өзге елдерге өнімімізді қалай сатамыз? Бас прокуратура ауыл шаруашылығын қаржыландыруда тәртіп бұзушылықтың саны арта түскенін анықтап отыр. Бюджет қаражаты ысырап болып, кредиттер негізсіз берілген. Азық-түлік корпорациясындағы мемлекет астығының жетіспейтін сомасы жарты миллиард теңгені құрайды. Премьер-Министр С.Ахметовке Бас прокуратурамен бірлесіп мұқият тексеріс жүргізуді арнайы тапсырамын. Мемлекет мүддесін қалпына келтіруді, кінәлілерді жазалап, жүйелі шара қабылдауды талап етемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлі де іске аспаған аграрлық секторды несиелендірудің тиімді және қолжетімді жүйесін қалыптастыру жөніндегі міндетті шешу және іске асыру қажеттігіне тоқталды.

- «ҚазАгро» ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді бар-жоғы 10 пайыздық жеңілдік кредиттерімен қамтамасыз етеді. Несиелендіру мәселесінде батыл секіріс жасау керек. Сондай-ақ берілген кредит бойынша қаржының қайтарылуын қамтамасыз ету қажет. Бүкіл әлемде кім кредитті қайтармайтын болса, банкрот болады. Ал бізде төлем жылдан-жылға кейінге қалдырыла береді. Бұлай болуға тиіс емес. Бұл - Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстар әкімдіктері, «ҚазАгро» мен «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасы үшін басымдықтағы міндет, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес саласындағы тексерісті қысқарту қажеттігін тағы да еске салып өтті.

- Бұл салада оң нәтижелер бар. Мысалы, соңғы үш жылда салықтық тексеріс саны 4 есе қысқарып, нәтижелілігі 98 пайыз өскен. Алайда бұған мемлекеттік органдардың барлығы бірдей тиісті деңгейде атсалысып отырған жоқ. Мысалы, 2012 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Санитарлық эпидемиологиялық қызмет органдары 260 мың тексеріс жүргізген. Осы орайда, СЭС-ның жоспарлы тексерісі жылына 10 пайызға, ал ТЖМ-нің тексерісі жеті есеге ұлғайған. Олар қаншалықты қажет болды? Нәтижелілігіне кім талдау жасайды? Оңтайландыру және тиімділік жөніндегі ұсыныс қайда? Бас прокуратура тексерісті тіркеу жүйесін жетілдірді. Жақсы мәліметтер бар. Үкіметке бір ай мерзімде Бас прокуратурамен бірлесіп, аталған органдардың тексерісіне ревизия жүргізуді тапсырамын. Бақылаушы органдардың тәуекелін басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тоқтап қалды, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Стратегияда жекешелендірудің екінші толқынын бастау міндеті алға қойылғанын атап көрсетті.

- Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі 243 мың шаршы метрлік бөлмені жалға беріп отыр. Ал бізде балабақшалар мен мектептер жетіспей жатыр, олардың құрылысына біз жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсаудамыз. Тағы мың шаршы метрді әртүрлі республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен ведомстволық акционерлік қоғамдар ұстап отыр. Қаржы министрі Б.Жәмішевке балабақша мен мектепке не беріп, жеке меншік секторға не ұсынуға болатынын анықтап, нақты айтуды тікелей тапсырамын. Үкімет стратегиялық емес кәсіпорындарды жекешелендіруді осы жылдың өзінде-ақ бастап кетуі тиіс. Бұл жұмыс «Атамекен» одағымен бірлесіп атқарылуы керек. Жаңа меншік иелері қазіргі кездегі абырой-беделі жоғары бизнесмендер болуы қажет. Премьер-министр С. Ахметовке осы жұмысқа басшылық жасауды тапсырамын, айқын жол картасы қабылдануы тиіс. Картаның таныстырылымын біз Атамекенмен кезекті кездесуде наурызда көретін боламыз, - деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі мен міндеттерін түбірімен қайта қарау қажет болатынын атап өтті.

- Олар бизнес-бастамаларды қолдауға бағытталған толыққанды өңірлік даму институттарына айналуы қажет. Үкіметке «Самұрық - Қазына» қорымен бірге қатты жынысты пайдалы қазбалардың қай кен орындарын және олар жөнінде жасалған келісімдерді «Таукен-Самұрық» Компаниясына беру, қайсыларын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларда қалдыру туралы бірлескен шешім қабылдауды тапсырамын. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жаңа міндеттерін, жекешелендірудің жаңа толқынын, көші-қон саясатын қайта қарауды ескере отырып, «Бизнес - 2020» жол картасын өзектілендіре түсу керек, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев тікелей өңірлерде орта және шағын бизнесті жаппай дамытудың айрықша маңызы бар екеніне тоқталды.

- Жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қауымдастықтар бұнымен жеткілікті түрде айналыспайды. әрбір жаңа бастаған немесе өскісі келетін кәсіпкер бизнесті дұрыс жүргізу курсына қол жеткізе алуы, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары туралы ақпарат ала алуы керек. Біздің шағын және орта кәсіпорындарымыздың менеджерлерін шетелдік компанияларда оқытуда тәжірибеміз бар. Осы жүйені дамыту керек, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті экономиканың барлық секторын, әсіресе инфрақұрылымды үдемелі дамыту, сонымен қатар кәсіпкерлікті жаппай қолдау үшін «ұзақ» және қымбат емес қаржы ресурстары қажет екенін айтты.

- Бұл үшін зейнетақы жүйесін жетілдіру аясында барлық жекеменшік зейнетақы жинақтау қорының шотын бере отырып, Біртұтас зейнетақы қорын құру қажет. Ұлттық банктің бақылауымен оларды бұлайша біріктіру және басқару азаматтарымыздың жинақтарын әлдеқайда тиімді және қауіпсіз түрде ұйымдастырып басқаруға мүмкіндік береді. Олардың бір бөлігін банктерді нарықтық қорландыру арқылы нақты экономиканы несиелендіруге, индустрияландыру мен кәсіпкерлікті дамытуға көмектесуге бағыттау керек. Дәл осы мақсаттарға құнды қағаздар нарығы арқылы сақтандыру нарығының ресурстарын да тарту керек. Бір ай мерзім ішінде Үкімет пен Ұлттық банктен барлық тараптардың мүдделерін сақтай отырып, аталған тараптарды «жандандыруға» бағытталған нақты ұсыныстар күтемін. Мен Ұлттық банкке екінші деңгейлі банктерді түйткілді кредиттер мен активтерден тазарту жұмысын аяқтауды тапсырдым. Бұл бағытта көп жұмыс жасалды. Енді банктер және жалпы елдің қаржы жүйесі бұдан әрі қалай жұмыс істейтінін шешіп алу керек. Ұлттық банкке ақпанның соңына дейін Үкіметпен және «Самұрық - Қазынамен» бірлесіп келісілген шешім енгізуді тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еңбекпен қамту саласындағы стратегиялық міндет - өзін өзі жұмыспен қамтитын халықты экономиканың нақты секторларына тарту екенін атап өтті.

- Бұл тұста бізде әзірше ілгерілеу шамалы. Осының алдындағы кезеңмен салыстырғанда өзін өзі жұмыспен қамтушылар үлесі тек 1,2 пайызға азайды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Өңірлік даму министрлігімен бірлесіп, осы саладағы ахуалды талдауы және тиімді шешімдер табуы қажет. Ішкі істер министрлігіне заңсыз ішкі көші-қонды бақылау және онымен күресу жұмысын күшейту керек, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды стратегиялық мәселе әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту болып саналатынына тоқталды.

- Жаңа ғана біз Жамбыл облысындағы алапат дауылдың куәсі болдық. Жүздеген жекеменшік тұрғын үй бүлінді. Адамдар зардап шекті. Зардап шеккен барлық жамбылдықтарға терең жанашырлық сөзімді арнаймын. Мемлекет сіздерді қиындықта қалдырмайды, қалпына келтіру жұмыстарына кеңінен көмек көрсетеді және ұйымдастырады. Барлық дамыған елдерде табиғи апаттардан сақтандырудың тиімді жүйесі бар. АҚШ жылына бірнеше дауылды бастан өткереді, бірақ барлық салдары жедел еңсеріледі. Бұл мемлекет қаражатын айтарлықтай шығындамайды, өйткені оларда бірден сақтандыру жүйесі іске қосылады. Осы тәжірибені Қазақстанда қолдануға не кедергі?! Үкіметке бұл мәселенің шешімін тездету, осы жылдың өзінде қажетті шешімдер қабылдау керек. Жұмыстың бұл бағыты үшін жауапкершілікті вице-премьер Е.Орынбаевқа жүктеймін. Әлеуметтік саланы стратегиялық дамытудың барлық жақтары - білім беру, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау қазір әзірленіп жатқан Әлеуметтік дамытудың жалпыұлттық тұжырымдамасында көрініс табуы тиіс. Президент Әкімшілігіне әлеуметтік дамыту мәселелері жөніндегі менің тапсырмаларымның орындалуын бақылауды күшейтуді тапсырамын, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әкімшілік реформасы аясында басқарушылық функцияларын орталықсыздандыру жөнінде жұмыс жүргізу қажеттігін атап айтты.

- Еңбекақы төлемеу туралы азаматтар арыздары, негізінен, әкімдерге келіп түседі. Олар бұл үшін үшжақты комиссия  шеңберінде жауап береді. Алайда жұмыс берушілерге ықпал етудің заңнамалық тетіктері Еңбек министрлігінің бөлімшелерінде, олардың штаттық саны үш жүз бірліктен асады. Неге бұл ресурсты жергілікті өңірлерге бермеске? Президент Әкімшілігінің Басшысы К.Мәсімов басшылық жасайтын Әкімшілік реформасының мәселелері жөніндегі комиссия бұл мәселегі мұқият ден қою қажет. Орталықсыздандыру мәселелеріне ведомстволық тар түсінік тұрғысынан келу әрекеттерінің жолын батыл кесу керек. Функциялар, штаттар жәнек қаражат әкімдерде болуға тиіс, ал министрліктер олардың барынша әлдеқайда үнемді ресурстармен орындалуын бақылауы қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы биыл Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру басталатынына тоқталды.

- Қажетті заңнамалық база әзірленді. Қазір Қазақстанда 2522 ауылдық әкімдік бар. Олардың ішінен 193-і тікелей аудан орталықтарында немесе аудан орталығына әлде қалаға тақау орналасқан  селоларда. Мұндай жағдайда олардың барлық мәселелерін аудан әкімдіктері сәтті шешіп бере алады. Ондай көшірмеліліктен арылу керек. Сондай-ақ тағы бір жасанды проблеманы да шешу қажет. Бізде 90 ауылдық округ өздері бағынышты қала мен орталықтан өте шалғай орналасқан. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа бір ай мерзім ішінде талдау жүргізіп, тиісті ұсыныстарды Әкімшілік реформа жөніндегі ведомствоаралық комиссия қарауына ұсынуды тапсырамын, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқарудың орталық деңгейін одан әрі институциональдық тұрғыдан нығайту жөніндегі бірқатар шаралар қабылдау қажеттігін де атап өтті.

- Стратегиялық жоспарлау жөніндегі жұмысты күшейту аса маңызды. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік құру мәселесін қарастыру қажет,  - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты  облыс әкімдерімен бірлесіп, «Нұр Отан» партиясының өңірлік бөлімшелері жұмысының тиімділігін түбегейлі жақсартуы қажеттігін атап айтты.

- Кабинеттік жұмыс стилінен арылу керек, адамдардың нақты мәселелерін көтеру, халықтың арасына бару қажет.  Ауыл әкімдерінің алдағы аудандық мәслихат арқылы сайлауын ескере отырып, партияның аудандық филиалдарын соның ішінде материалдық тұрғыдан да  күшейтумен, шындап айналысу қажет. Олардың кейбірінің әлі күнге дейін өз ғимараты жоқ. Әкімдер лайықты өңірлік партияластарын жергілікті органдарға басшылық лауазымына ұсыну жөніндегі жұмысты әлсіз жүргізуде. «Нұр Отан» партиясы билікті халықпен барынша жақындастыруы тиіс. Ол жергілікті жерлердегі істердің нақты жағдайы, азаматтардың өзекті мәселелері және мемлекеттік органдардың жұмысы туралы шынайы ақпараттың тәуелсіз көзіне айналуы тиіс. Партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысына тек Парламент депутаттары ғана емес, министрліктер мен ведомстволар басшылары да қатысуы тиіс. Партияның Саяси кеңесі Бюросының отырыстарында әкімдердің, мемлекеттік органдар басшыларының мемлекеттік бағдарламалар мен Сайлауалды платформаның іске асырылуы туралы есептерін тыңдау тәжірибесін енгізу қажет. Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратына осы мәселелердің шешімін табуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Ал Үкіметке және әкімдерге осы жұмыста көмек көрсетуді тапсырам, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы елдің алдына қойылған биік мақсаттардың табысты  жүзеге асырылатынына сенімін білдірді.

akorda.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270